Бекжан Тұрыс: Мен сахнаға ғашық адаммын

Бекжан Тұрыс – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында қызмет еткеніне отыз жылдай болған актер осы уақыт аралығында 50-ден астам рөлді сомдады. Жиренше болып төрелік айтып, Қожанасыр болып күлдірді, Біржан, Шәмші болып ән салды. Рөлдерін жай сомдап қана қойған жоқ, көрерменін бір күлдіріп, бір жылатып, жан дүниесіне төңкеріс жасады. Сол арқылы да елдің сүйіктісіне айналды. Қоғамның өзекті мәселелерін сахнадан айтып: «Ұлым, саған айтамын, ұлтым сен тыңда» деді. Көргені мен түйгені көп актермен сұхбаттасып, ел-жұртына айтарын тыңдап қайттық… 

– «Ұлым, саған айтам…» моноспек­такліңіз театрдың репертуарына енгізіліпті. Құтты болсын! Әңгімемізді осы қойылымнан бастасақ…
– Бұл қойылым алғаш сахналанғаннан бері үш жыл өтіпті. Менің 50 жылдық мерей­тойыма орайластырып жасалған шы­ғар­ма­шылық кеш болатын. Ол – көкейім­де жүрген бүгінгі қазақтың хал-жайы, бүгінгі қомағай қоғам, бүгінгі өркениет, бүгінгі шашылған білім, татуың­мен араздасып, жатыңмен жақын болған тасбауырлық, тарихын, дәстүрін бағаламайтын замандас пен кейінгі ұрпаққа деген наз… Осының бәрін сол бір қойылымға сыйдырғанбыз. Есейіп, есің кірген соң қоғамға бейжай қарай алмайсың. Сол іштегі шер-шеменді «Ұлым, саған айтам…» қойылымымен сырт­қа шығарған жайым бар. Үш жыл ішін­де оны бірнеше рет қайтадан сахна­лағымыз келді, бірақ реті болмады. Қазір өз-өзімізден шошып, өз-өзімізден үркіп жүре­тін болдық қой. Десек те, біз ол жерде біреудің жеке басына тиісіп, болмаса, бі­реуді қаралап, біреуді айыптағанымыз жоқ. Кім біледі енді, біреуге тиіп кетеді дей­тін шығар… Бірақ қазақ айтып жүрген нағыз рухани жаңғырудың өзегі осы деп айта аламын. 1 қараша күні театрдың тұрақ­ты қойылымы ретінде тұсаукесері болады.
– Бір сұхбатыңызда Әшірбек Сығайдың сіз туралы: «Бекжан Тұрыс 40-қа жетпей шалдардың рөлін ойнап, шал болып кетті. Қазір Бекжанның сал-серілердің, батырлардың рөлін ойнайтын кезі ғой. Алпысқа келгенде кімді сомдайды екен?» дегенін айтыпсыз. Шынымен, алпысқа келгенде кімді сомдаймын деп ойлайсыз?
– Әшірбек ағамыз «шал болып кетті» деп айтқан жоқ. «Бекжан, сенің қазір Ричардты, Сырымды, Ақанды ойнайтын кезің. Сондықтан шалдарға көп ұрына бермесеңші» деп ескерту жасаған болатын. Әрине, ол кісі жанашырлықпен айтты. «Сен сахнаға шыққанда бейнебір қазақ даласы көшіп келгендей күйде боламын» дейтін. Ол кісі мені жақсы көрді, жасырмаймын. Кітабына да енгізді. Десек те, ондай рөлді кім сомдағысы келмейді? Сондай рөл ойнаймын деп жүріп, рөл ойнамай кеткен адамдар бар. Сондықтан мен өзіме сеніп тапсырылған рөлдердің бәріне жауапкершілікпен қарадым. Театрға «ананы ойнаймын, мынаны ойнаймын» деп келгенім жоқ, жұмыс істеу үшін келдім. Ұстаздарым мені оқытқан кезде де рөлдің кішкентайы болмайтынын ұқтырды. Қариялардың образын аша алғандығымнан шығар, осындай рөлдер жиі бұйырады. Онымен шал болып қалдым деп айтпаймын. Әрине, «штампқа ұрынып кетпесек екен» деген қорқыныш та болды. Дегенмен, менің әр жасаған образым театр­ды сүйетін қауымның ойында деп ойлаймын. Елдің есінде қалатындай, сапалы дүние жасадым. Мен мамандығымды жан-тәніммен сүйетін, сахнаға ғашық адаммын. Ешқашан рөлден қашқан емеспін. Балуанға оң-солы бірдей. Менің бітірген мамандығым – осы. Әрине, жас кезімде аша алмай қалған образдарым болмады емес, болған да шығар. Бірақ менің сәтті шыққан рөлім өте көп. Ол театрға келіп жүрген адамдардың есінде. Өйткені бір кездері репертуардан белгісіз себептермен шығып қалған қойылымды осы күнге дейін сұрайтын театрдың нағыз жанашыр көрермендері бар. Оның үстінде көптеген қойылымда басты рөлді жалғыз ойнаймын, екінші құрамда ауыстырып ойнайтын актер жоқ. Көрермен үзілген емес. Қазір қандай да бір дәрежеге жетіп, сыйым артып отырса, ол көрермендерімнің арқасы.
– Әлеуметтік желідегі жазбаларыңызға қарасам, көрермен мәдениетіне көңіліңіз толмайтын сияқты…
– Ол – рас. Кейде біз білімнің толық­тығын айтамыз. Мәселе – білімнің толықтығында емес, сананың толық­тығында. Мәдениеттің ар жағы сол сананың толықтығында жатыр емес пе? Мешітке кірудің қандай да бір әдебі болса, театр да – сондай қасиетті орын. Оның да өз әдебі бар. Кейде сол әдепті білмейтін көрермендер болады. Олар өз еріктерімен мәдениеттен сусындауға келді ме, әлде біреулер күштеп әкеле ме, ол жағын білмедім. «Сахна – кие» деп жиі айтамыз. Сол киелі сахнада жан-тәнімен рөлін сомдап жатқан актерге көрерменнің тарапынан құрмет болуы керек. Баяғыда қалай еді? Біздің жас кезімізде осы театрға ер-азаматтар міндетті түрде костюм-шалбарын киіп, галстугын тағып, қыз-келіншектер әдемі көйлектерін киіп, жарқырап келетін. Мейлі, қазір галстук тақпаса да, дұрыс киініп келуге болады ғой. Жоқ, қалай болса солай, көшеде күнделікті киіп жүретін спорттық киімімен келе салады. Соған қарамастан алдыңғы қатарда отырады. Әрбір образ актердің жұдырықтай жүрегінен туады. Сол жұдырықтай нәзік жүрегіңнің елегінен өткен дүниені – бұлқынысты жеткізуге ұмтылып барыңды салып ойнап жатқанда, көрерменің дәл алдыңда екі аяғын созып жіберіп, қорылдап тұрып ұйықтап отыруы мүмкін. Кез келген актер мұндайды байқағанда жүрегіне әдейілеп қанжар сұғып алғандай, аза бойы қаза болады. Болмаса, иен далада жалғыз жүргендей дауысын басып қоюды ұмытқан телефонын құлағына апарып: «Мен театрдамын, кейін барамын» деп айғайлап сөйлесіп отырады. Адамның өзінің ішкі мәдениеті мен әдебі болуы керек. Олар кішкентай бала емес, театр қызметкері әрқайсының артынан жүгіріп жүріп ескерте алмайды. Бұл көпке топырақ шашу емес, бірақ осындай жағдай жиі кездеседі.
– Қалай ойлайсыз, біз қазір жаһандануды желеу ету арқылы өзімізге беймәлім бағытқа бет алып бара жатқан жоқпыз ба?
– Бүгінгі қазақ батыстық талғамды пір тұтуға ден қойып бара жатыр. Түбі солай болатын болса бұған дейінгі бақытсыздық атаулының кез келгенінен ауыр болады. Ұлттың өмір сүруінің кепілі және өмірлік мұраты – ұлттық төлтумалықты сақтау. Телеарналардан тек қана ұлттық төлтума мәдениет, адам­заттық асылдар насиxатталып жатса ғой.. Өкінішке қарай, мүлде басқаша… Қазіргі жәдігөй заманның өтірігі бізді қинап жатыр. Жаһандану адамның бет-бейнесін өзгертіп жіберді. Бір ғасыр бұрын шетел саяxатшылары қазақтың руxани тұтастығына қайран қалса, сол қазақ xалқы қазір бір-біріне жат, бірін-бірі түсінбейтін елге айналды. Қайтсем өзгеден артық ақша табамын деп, артық киінемін деп, артық тамақтанамын деп, артық дүние жинаймын деп, бар арман-аңсарын соған арнайды. Осының өзі адамдар арасындағы мейірімді, тілеулестікті жоғалтып, оның орнына бәсеке-бақталастықты, күншілдікті, қатыгездікті қоздырып отыр. Қазақтың бойында бір керемет тектілік бар еді, біз соны жоғалтып алдық. Шыны керек, шыр-пыр болатынымыз да сол ғой, адамдар жалтақ әрі құбылмалы болып кетті. Кейде мен қолдан жасалған адам мүсіндердің арасында өмір сүріп жүрген тәріздімін. Осының бәрі адамды толғантады. Көңілдің іздейтіні көп, бірақ табары жоқ. Тіпті, қазір әке мен баланың арасы да Ащыкөл мен Тұщыкөлдің арасындай, бір-бірімен қиыспайды. Мысалы, ата – бала – немере үшеуі ошақтың үш бұтындай дейміз. Бірақ үшеуі – үш түрлі кезеңнің өкілі. Бір-бірінің жан дүниесіне үңіліп емес, мал-дүниесімен бөлісіп, әңгімесі де бөлек болып кетті. Қазақ бір-біріне жат болып барады. Ал қазақтың өзінің болмысы, бет-бейнесі қалыптасқан еді ғой. Әсілінде, қазақтай тектілік сақтап, дүниенің сырын дәл ұққан халық жоқ. Басы барды идірген, тізесі барды бүктірген, ашты тоқ қылған, кедейді бай қылған қазақ едік қой біз? Сол қазақтың бойындағы ұлттық һәм тектік қасиеттің жоғалып бара жатқанына үрейленемін. Кейде ащылау айтатыным бар, оным кей адамдарға ұнамай да жатады. Біз сынды айта алмағанымыздан немесе дұрыс айтылғанды қабылдай алмағанымыздан ұрынып жатырмыз. Қазақ жайлы жүрегіммен сүйіп, жаманына жаным күйіп, қасиетіне басымды иіп, қасіретіне көз жасымды құйып айтатын кездерім болады. «Ұлым, саған айтамда» да кейбір мәселелерді ашына айтып, көрерменіме шер тарқатқан болатынмын. Бүгінде жат болып бара жатырмыз. Қалай айтсам екен, татулықты қатулықпен ірітіп алған мүлде басқа мәдениетті көшірушіге, басқа өркениетті орнатушы құлға айналдық. Өзінің ұлтына, тарихына, тегіне, әдебиеті мен мәдениетіне деген құрметі басқа, жаны жаттанған ұрпақ өсіп келе жатыр. Ішінде естілері де бар, бірақ санаулы ғана. Ал қазір естілер кейін қалып, есерлер алға озған біртүрлі заман екенін ескерсек… Сондықтан да ертеңім үшін алаңдайтыным рас. Біздің болашақ бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Қазір, шыны керек, ары өшіп, азғындай бастаған ұрпақтың сұм-сұрқия тірліктерін көрген кезде жаның түршігеді. Қазақы ибалық пен адами имандылық жалаңаштанып бара жатқанын көргенде жаның ауырады. Алаңдайсың бұған. Қорқасың. Өзімнің де балам өсіп жатыр… Қанша дегенмен орта бөлек қой. Мен үйде былай үйреткеніммен, ортасы басқа болуы мүмкін. Ұрпағымның келешегі үшін алаңдайтыным рас…
– Ошақтың үш бұтындай ата – бала – немеренің арасы неге алшақтады? Әшірбек ағаның (Сығай) 70-жылдардың айналасында өмірге келген ұрпақ туралы «жастық шағы Кеңес Одағының ыдыраған тұсына, идеология жоқ кезеңге тап келіп, өзін-өзі жоғалтып алған» дегені есіме түсіп отырғаны…
– Кеңес үкіметі кезінде алдымыз – ор, жолымыз – тар, тіліміз тұсаулы, қиялымыз кісендеулі болған кездегі патриотизм бөлек болатын. Идеология бар еді. Біз сол идеологияны қайдан алдық? Оның түп-төркіні біздің салт-дәстүрімізде еді ғой. Ана баласын емізгенде бесік жырын айтып отыратын. Бала ананың уызына жарып, әлдиіне тербеліп өсетін. Ес білгеннен заманын ойлап бәйек, айтса сөзі дәйек болған қарияларымыздың жыр-дастандарына қанығатын. Кешегі қариялардан жеткен жыр-дастан қандай еді! Алпамыс, Қобыланды, Ер Төстіктей ертегілеріміз… Баршаға мәлім ерлікті, адалдықты, азаматтықты насихаттаған жырларды былай қойғанда, мақал-мәтелдер, дуалы ауыздан шыққан қанатты сөздердің өзі – идеологияның қайнар көзі еді. Онда біздің тариxымыз бен тіліміз жатыр. Соның бәрін баланың миына сіңірген. Эйнштейннің: «Балаң ақылды болсын десең, ертегі оқы» деп айтқаны бар. Ол бекер айтылған жоқ. Мектептерде де октябрят, пионер, комсомолдың Отанды қалай сүю керектігін көрсететін ережелері бар еді. Қазір сондай идеология бар ма? Патриотизмнің негізгі қозғаушы күші де – осындай идеологияда. Идеологиясы жоқ ел құбылнамасы жоқ кемемен, ескегі жоқ қайықпен бірдей. Оның үзіліп қалуының себебі неде? Себебі қария жоқ. Біз бір қарияның кесімді сөзі – еліңді, бір кейуананың кесімді сөзі келінді тәрбиелеген ел болатынбыз. Кезінде аналарымыз бар жылы-жұмсағын әкеміздің аузына тосатын, «әкең келе жатыр, тұр», «әкеңдікі жөн» деп отыратын. Мен осының бәрі әкемнің қасиеті шығар деп ойлайтынмын. Кейін мүлде олай еместігіне көзім жетті. Ол біздің аналарымыздың үлкенді сыйлауды, әкеге деген құрметті көрсететін үлкен әліпбиі екен. Сол кездің өзінде біздің ештеңеміз жоғалған жоқ, сол кездің өзінде аталарымыз намазын оқып, Айт сияқты діни мейрамдарын тойлап жүрген болатын. Керісінше, егемендігімізді алғаннан кейін шекараны келімсектерге ашып қойып, елі­мізге кімдер келді, кімдер кетті, неге келді, неге кетті – ешқандай сұрауы болмады.
Біз ұлттық тәрбиеміздің тізгінін босатып алдық. Бұрын бір ауылды айрандай ұйытып ұстап отыратын ақсақалдар болған. Бүгінде сондай ақсақал жоқ. Кешегі үлкендердің айтары бар еді. Бүгінде айтары бар, сөзі түзу ақсақалдар жоқтың қасы. «Кешегінің арты – бүгінгінің қарты» деп айтатын адамдар санаулы. Содан кейін де шығар Төбе билер төрелік айтатын орынның бәрі төбет үретін жерге айналды. Осының бәрі, айналып келгенде, отбасындағы құндылықты қалыптастыра алмағанымыздан. Бұл – менің ғана ойым. Үш буынның арасы да сол себептен бірікпей жатыр-ау…
– Оған әлеуметтік жағдай да себеп деп ойлайсыз ба? Әке баласын көрместен күндіз-түні жұмыс істейді дегендей…
– Әлеуметтік жағдайдың әсері деп айта алмас едім. Кезінде де солай болды. Одан жаман болғанымыз жоқ, керісінше, пісіп өстік. Қазір де тұрмыстық тапшылық қинайды, дегенмен бәрібір тәрбие бөлек. Отбасының ұстанымы бөлек. Отбасын түзей алмай жатып, Отан туралы бірдеңе айту қисынға келмейді.
– Аға, жаһандану туралы айтып жатырмыз ғой. Қазір ауылды менсінбеушілік бар сияқты. Кинода ауылдан келгендерді мәде­ниетсіз қылып көрсетеді. Ауызекі тілде де бір нәрсе білмей қалған адамды «ой, ауыл­бай» дейді. Бұрын «қазақтың қазыналары ауыл­дан шығады» деп қадір тұтатын. Қазір ше?
– Қазір керісінше деп айта алмаймын. Қазақтың жүрегі қалада емес, далада соғып тұр.Ұлттың өмірін ұзартар жүрегі – ол ауыл. Кіндік қаны тамған жері, темірқазығы ауыл болған кез келген адамның ауыл туралы жаман айтуы мүмкін емес. Ал жаңағыдай айтып қалатын бірді-екілі адамдар болса, олар – асфальт­та өскендер, орысша сөйлеп, орысша түс көретіндер, орысша ойлайтындар, орысша кино түсіретіндер болса керек. Көпке топырақ шашуға болмайды. Біздің ұлыларымыздың кіндігі ауылға байланған. Әрқайсының ауыл туралы, ел туралы өлең-жырлары да, әңгімелері де бар.
– Әлеуметтік желідегі жазбаңызда: «Мейірім деген ұлы ұғымның шырағы сөніп қалған» депсіз. Неге бұлай дедіңіз?
– Рас. Бізде мейірім деген ұлы ұғым бар еді. Сол мейірімнің шырағын сөндіріп алдық. Балам екеуіміздің «Ұлым, саған айтамда» айтатын диалогымыз бар. Мағжан менен: «Махаббат деген не?» деп сұрайды. «Махаббат деген, ол – үйлесім, ұлы күш, ұлылығы – дін мен ділің!» деймін. Сонда ұлым: «Жоқ, әке, қазіргі махаббат ол – зәулім үй, машина, ақша, сосын… Тағы да ақша… Онсыз махаббат та, адамгершілік те, достық та жоқ» дейді. Мен сонда: «Дұрыс айтасың. Мынау қатыгез қоғамда оған қоса, мейірім де жоқ. Мейірім болмаған жерде махаббат қайдан болсын? Бүгінде махаббатқа құлдықтың қамытын кигізіп, ақшаның қолын сүйгізіп, арсыз бен мұңсыздың алдында маңдайын жерге тигізіп қойдық. Есіңде болсын, махаббатты ұмытқан қоғамның ұрпағы – ұрда-жық , ұрды-бердім берекесіз, сосын бақытсыз болады» деп жауап беремін. Сол махаббатты ұмытқан қоғам қазір бақытсыз ұрпақ тәрбиелеп шығарып жатыр ғой. Ал махаббат пен мейірім болған жерде бәрі бар. Бұл екеуі жоқ жерде бауырмалдық та жоқ, басқа да жоқ. Мысалы, біз кішкентайымыздан есейіп кеткенше үлкендердің қойнында жаттық. Үлкеннің қойнында жатқан бала мейірімді болып өседі. Ал бүгін ше? Бүгін қалай? Баланы қырқынан шығарған соң бөлек жатқызамыз. Тіпті Ана сүтінен ерте айырамыз. Уызға жарымаған, бөлек жатқан бала мейірімге қана ма? Қоғамның қатыгезденіп кетуінің де себебі осында шығар, бәлкім…
Жаңа ғана бір жағдайдың куәсі болып келдім. Эпилепсиясы бар бір бала көшеде құлап қалды. Адамдар жанынан өтіп кетіп жатыр. Ешкім қайырылып қарамайды. Әйтеуір, бір-екі адам барып тұрғызып алды. Бұл не сонда? Осындайды көргенде шошисың. Аяқ астынан сүрініп кетіп, далада құлап жатсаң… Қазақ қандай еді баяғыда? Нанның қоқымын жерге тастамайтын. Қазір балаларын лақтырып кетіп жатыр. Рас па? Қазақ ешкімге ұқсамайтын, ұстыны бөлек кең халық болатын. Қазақты кең қылып жаратты, кем қылып жаратқан жоқ. Сол қасиеттің бәрі қайда? Кеше жалғыз баласын фашистермен соғысқа жіберіп, сол жақтан ауып келген немістерге жарты нанын бөліп берген қазақ едік қой. Сол жарлысы мен байы, жабысы мен тайы тел өскен қазақтың қазір байы – менмен, кедейі – кердең. Кейде азаматтық құқығыңды қорғай алмайтын жағдайға жеткен кезде қорынасың, қарның ашады. Қоғамдағы теңсіздіктерді көрген кезде ащы тілің шығады.
– Әлеуметтік желіде «Өмір естелігімен қымбат» деген жазбаларыңыз бар. Осы жерде сізден бір естелік сұрағым келіп отыр…
– Осы естелік дегендер ойда жүре бермейді. Кейде әңгімеден әңгіме туып, еске түскенде «осы туралы жазу керек екен» деп телефоныма түртіп қоямын. Жақында көкпар туралы бір жазба жазғым келіп жүрген. Өзіме байланысты.
Баяғыда оқуға талпынып, актерлікті оқысам деп жүрген кезім. Арман қанша алға жетелегенімен, ар жағымда «актерге сұлу дене-бітім керек, менің фактурам да келмейді» деген күдік болды. Ол кезде арық һәм әлжуаз сары бала едім. Кейін ержетіп, әскерден келген соң ауылда қой бағып жүргенмін. Сол кезде алға қоятын ең бірінші мақсатымыз – әскерге барып, азаматтық борышымызды өтеу болатын. Оны өтемеген жігіт азамат саналмайтын сияқты көрінетін. Бағанағы айтқан идеологиядан шығады, сол қой бағып жүрген кезімде біздің Ұйғыр ауданына Дінмұхамед Қонаев ағамыз келетіндіктен, аудандық «Арзу» ансамблі концерт қоятын болды. Арасында екі-үш қазақша нөмір жібереді. Ол кезде дәстүрлі әнге ғашық едім. Егер ән қусам, дәстүрлі әнші болып кетер ме едім? Бірақ әннің артынан түспедім. Әйтпесе, домбыраны серік еткен халықпыз ғой. Ән мен қазақ екеуі – егіз. Сөз киесін ұққан адамға әннің де айтары бар. Сөйтіп жүрген кезде ауданның басшысы, ол кезде бірінші хатшы дейміз, ауданда қызмет ететін ағама айтып, мені шақыртыпты. Қарсыласқаныма қарамай, ағамның: «Мені жұмыстан шығарып жібереді» деген сөзінен соң, автоклуб меңгерушісі болып, жұмысқа кірдім. Ол да – қойшылармен байланысты жұмыс. Ол кезде Шелек, Ұйғыр, Нарынқол, Кеген бөлек-бөлек аудан болатын. Сол төрт ауданның қойшыларының үлкен слеті өтетін. Соған мәдениет бөлімінің жұмысшылары концерт беретін болдық. Шопандардың тойы ғажап болып өтетін еді ғой! Шалкөдеден асып, Аршалысайдың бойында ма, Айғайтас жақта ма, есімде жоқ, бір үйге қонуға түстік. Мал сойды. Ол кезде қазақ кең еді ғой… Ертемен жиынға баруымыз керек. Ертеңінде үй иесі оятты. Шай ішіп отырып көзім керегеде ілулі тұрған кимешекке түсті. Өзімде әзіл орындағанда киетін көйлек бар болатын. Қарасам, мәсі де тұр. «Әй, мен бір қызық жасайыншы» дедім де, сыртқа шықтым. Слеттің басталуына әлі уақыт бар. Құжынаған халық көкпардың қызығына кіріп кеткен. Кемпірше киініп алдым да, атқа мініп алып, «Әй, тоқта! Бері тарт!» деп айғайлап, далаңдап шауып келіп, көкпардың ортасына кіріп кеттім. Менің айғайлаған дауысымнан жиынға келіп тұрған жұрттың бәрі бері бұрылды. «Ана кемпірді қара» деп таңғалып тұр. Қөкпардың ішінде мен жүрмін. «Жіберіңдер! Қасиетіңе болайын, шығар бері! Әй, бермен қарай бер» деп айғайлап, лаққа таласамын. Көкпаршылар мені кемпір екен деп састы. Көкпарды ала сап қашқан кезде ана жерде тұрған елдің бәрі аңтарылып, таң-тамаша болды да қалды. Соларға қарай шауып келіп, жүз метрдей қалған кезде: «Мына лақты Ұйғыр ауданының әкіміне байладым» деп, лақтырып жіберіп, ары қарай кимешек пен көйлегімді желп-желп еткізіп шауып кеттім. Кейін жиынға түк болмағандай келсем, мұндағы адамдар болған жайды қызық қып айтып отыр екен. «Ой, қызықтан құр қалдыңдар. Жаңа бір кемпір мына жақтан қарауытып шауып келді де, көкпаршылардың арасына кіріп кетіп, жеті-сегіз жігіттің біреуін былай лақтырып, біреуін олай лақтырып, лақты жұлып әкетті» деп қосады. Күлкі қысып мен отырмын. Сондай бір қызық болған. Жас кезімде кемпір мен шалдың дауысын айнытпай салатынмын…
Алла тағала өнерді назары түскен адамға ғана береді. «Алла бізге өнер берген екен, сол өнерге адал қызмет етуіміз керек» деп әріптестеріме де айтып жүремін. Сол себепті де «халтураға» онша көп бармаймын. Театрды осы уақытқа дейін сатып, тойға, болмаса, киноға кеткен емеспін. Киноға түспедім деп айтпаймын, шүкір, түстім, бірақ театрыма қиянат жасап, түсірілімге кетіп қалып, қойылымдағы орныма адам қойып кетіп көрмеппін. Ол – менің өнерге деген адалдығым. Кейде көпіріп көп сөйлейміз, әдемі айтамыз. Қызыл сөзден алдымызға жан салмаймыз. Өнер туралы айтып жатқанда білмейтін адам «мынау не деген адалдық» деп ойлауы мүмкін. Менің осы театрда қызмет етіп жүргеніме 30 жылдай уақыт болған екен. Кейде кей әріптестерімнің сұхбаттарын оқып отырып күлкім келеді. «Апыр-ай, көзіміз кеткен соң осылай айтса екен, тіпті» деймін. Әлден осындай өтірікке барады, ертең қандай болады? Өйткені өнер жолы оңай жол емес. Өнер деген – кесел. Жұрттың көбі өнерді ду қол шапалақтан тұрады деп ойлайды. Олай емес. Атасы – мұң, анасы нұр өнердің. Оның көтертер жүгі, тартқызар тауқыметі көп. Әсіресе, актер деген қауымға… Көрерменді бір күлдіріп, бір жылату үшін өмірдің көп сыбағасынан бас тартасың. Ағайын-туысқа рақмет айтқызары жоқ күрделі кәсіп – бұл. Өзгенің өмірін жаңартам деп жүріп өз өміріңе қауіп тауып алатын ерекше мамандық. «Сахна – киелі мекен» дейміз. Ол мекенде пешенесіне бақытты болу нәсібі бұйырған адам ғана тұрақтай алады. Оның сырын осы сахнаның тозаңын жұтып, шаңына аунаған сарабдал санаткерлер ғана сезе алады. Бұл – тірі өнер. Мұнда ешқандай фонограмма, жалған мимика, болмаса, кинодағыдай жасандылық жоқ. Бұл жерде өтіріктің бәрі көз алдыңда отырған көрерменге көрініп тұрады. Сондықтан актерлік өнер – күндіз-түні ізденуді талап ететін беймаза мамандық.
– Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз бе?
– Оның жауапкершілігі үлкен. Қазір университетті кеше ғана бітіріп, сол жерде ұстаздық етуге қалып қойған балалар бар. Солар көп болса, менің баламмен жасты. Күлкің келеді. Олар алдына келген студентке не береді? Бізді оқытқан ұстаздарымыз Асқар Тоқпанов, Шолпан Жандарбековалар: «Өнерді өнері зор адамнан үйренеді» деп айтатын еді. Ал олар сахна көрместен сабақ беріп жүр. Бұл – біреудің нанын қызғану емес. Өнер осылай өлшемінен айырылады. Осылай өнерді өлтіріп аламыз. Қазір онсыз да өнерді – қалжаға, білім-ғылымды саудаға айналдырып алған шаян құйрық, сиыр бүйректенгендер көп. Аллаға шүкір, отыз жылдай сахнада жүрдік, оң-солымызды білеміз. Айтатының, көрген-түйгенің бар. Осы жасқа келгеннің өзінде де артыма қарайласам, көп қателік жіберіп алған екенмін. Кейде сөзіңнен, кейде ісіңнен жаңыласың. Қателеспейтін адам болмайды, періште емеспіз ғой. Қазір саралап қарап отырып, енді дәріс беруге болатын уақыт келді деп те ойлаймын кейде. Осыған дейін менің өзіме де ұстаз керек болып жүрді. Осы күнге дейін рөл жасайтын болсам, Төлеубек ағаларымның ақыл-кеңесіне жүгінемін.
Ал қазіргі жастар ондай емес. Сен кемшілігі туралы айтсаң: «Ол өзіңіздің пікіріңіз, аға» деп, басқа біреудің мақта­ғанын айтып шыға келеді. Сын көтере алмайды. «Актердің кемшілігі не?» десе, мен осыны айтар едім. Құлағымыз мақтауға әбден үйреніп алған. Сол мақтау арқылы біреуді – өсіріп, біреуді өшіріп жатқанымызды білмейміз. Әсіремақтау, өсіре мақтау… Өтірікті көп айтамыз. Ал өнерге өтіріктің керегі жоқ. Абай атамыз: «Саф сұлу өнер бықсық ойдан тумайды» демей ме!? Қазір біз бықсып кеткен сияқтымыз, былғанып бара жатырмыз. Өйткені қазір бәрі шоу болып кетті. Өнердің болмысы ұлттың қайнаған тіршілігімен тамырлас болмаса, оны өз басым өнер деп қабылдамаймын. Басқа ұлт өкілін ойнай алмаймын деп айтпаймын, актер болғаннан кейін ойнаймын, бірақ тура солардағыдай жеткізе аламын ба? Маған өтірік мақтаудың керегі жоқ. Ал қазақтың шынайы болмысы менің жүрегіме жақын. Өзге елдікі керек емес деп отырғаным жоқ, керек. Бірақ қайта-қайта ұрына берудің қажеті не?! Біз қазақ екенімізді ұмытпауымыз керек. Жаңашаланамыз деп шетелдің бір нәрселерін көшіріп әкеліп, қойып жатады. Менің жаным да – қазақ, қаным да – қазақ. «Чеxов та өздеріңе, Горькийің де өздеріңе, мен қазақ болып өлейінші» деймін кейде… Шетел классикасынан ойнамадым демеймін. Мәселе онда емес. Мәселе – ұлттық болмысымыз, ұлттық өнер туралы. Біз қазақпыз, бірақ қазақтықтан қашып бара жатқан сияқтымыз. Жап-жас оқыған, білімді жігіттердің көбі орысша сөйлейді, басқаша ойлайды. Біз сияқты өз тілімен өзі күресіп жүрген ел барма екен өзі? Кейде осыны ойлаймын да, «тіл білмейтін кещеге ем болмайды ештеңе» деп, мұның емі табылмайды-ау деп қынжыламын. Шұбар тілді, езбе, ақпақұлақ, бесік көрмеген будандар өсіп-жетіліп, біздің қоғамды басқарып отыр. Шетелден оқып келгенімен, кеудесінде ұлттық рух жоқ. Ал ол болмаған жерде ұлы өнер де, мәдениет те, әдебиет те болмайды.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әсел САРҚЫТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Айнаш

    Осындай қарапайым, өнегелі, тәрбие берер адамдар туралы көбірек жзазып тұрсаңыздар қандай керемет болар еді. Жастарымыз оқып бір түйін жасаса деген ойым бар.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.