Түркістан қайта түлейді

Таяу жылдары Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын тұста амфитеатр, су бұрқақтары, мәдени демалыс орындары, визит орталығы және ашық аспан астындағы мұражай ғимараттары бой көтеретін болады. Оның биіктігі Қ.А.Ясауи кесенесінен биік болмауы тиіс. Құрылыс жұмыстарын реттеу аймағына «Қазақ хандары, билері» орталығы, Шығыс моншасы, «Ұлы дала елі» орталығы, Түркі әлемінің орталығы, Қ.А. Ясауи орталығы, Астана саябағы, бейнелеу-өнер мұрайжайдың құрылысы және Тарихи-мәдени орындар орталығы ғимараттары салынады. Қазіргі таңда инженерлік-инфрақұрылымын жүргізу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. 

Түркі әлемінің ошағы

Бұл жөнінде Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Орталық коммуникациялар қызметінің Түркістан қаласында өткізген көшпелі баспасөз конференциясында мәлімдеді. «Елбасы Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру және Түркістан қаласын дамыту барысы» тақырыбындағы ОКҚ көшпелі баспасөз конференциясы жаңа форматта өтті. Қ.А. Ясауи кесенесі алдында өткен көшпелі отырыста облыс әкімі Ж.Түймебаев осындай керемет бастаманы қолдап, іске асырған Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне және Орталық коммуникациялар қызметіне шынайы алғысын білдірді. Облыстың экономикалық-әлеуметтік ахуалына кеңінен тоқталды. Түркістанның ертеңі бойынша жоспарланған іс-шаралармен бөлісті. «Елбасы қыркүйектің соңында облыс орталығында Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамыту жөніндегі бас жоспардың тұжырымдамасын мақұлдау туралы Жарлыққа қол қойған болатын. Осы орайда Түркістан қаласын Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы ретінде дамытудың бас жоспары тұжырымдамасын әзірлеу мақсатында халықаралық конкурс ұйымдастырылып, өткізілді. Оған Түркия елінен – 2, Корея елінен – 2, Өскемен қаласынан – 1, Алматы қаласынан – 6, Астана қаласынан – 6, Шымкент қаласынан – 4, Түркістаннан – 1, барлығы 22 жоба жолданған. «Сондай-ақ Елбасының «Түркістан» еркін экономикалық аймағын құру туралы Жарлығы да Түркістанның дамуына тың серпін береді. Осы орайда 1 380 гектар аумақта орналасқан экономикалық аймақта өндіріс орындары ашылады. Тұжырымдамаға сәйкес, халық санының өсуіне байланысты 3 жобалық кезеңдер қабылданды» деді Ж.Түймебаев. Яғни жобалық кезеңдер қазіргі 161 мың тұрғынның 2035 жылы 350 мыңға, ал 2050 жылы 500 мың адамға өсуі ескеріле жасалған. Бұл орайда қала аумағы ұлғайып, 25 000 гектарға жеткізілмек. Қаланың жаңа құрылысының сәулет стилі жергілікті ұлттық салт-дәстүрге сүйенетін болады.
Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2024 жылға дейінгі кешенді жоспарына сәйкес, 2018-2022 жылдары 170 инвестициялық жобалардың жобалау-сметалық құжатта­малары әзірленуі тиіс. Елбасының Түркіс­­тан облысына іс-сапары барысында, бірқатар ұлттық компанияларға, бизнес өкіл­дері мен шетелдердің инвесторларына 16 нысанды салу бойынша ұсыныстар жасалынған болатын. Сондай-ақ республи­калық маңызы бар қалалардың және облыс әкімдіктерімен 13 құрылыс ныса­нын салу көзделіп отыр. Мысалы, «ERG» компаниясы «Түркі әлемі» орталы­ғын, «Базис – А» холдингі қазақ драма театрын, «SembolConstruction» АҚ туристік бағыттағы колледж, «Қазақмыс корпо­рациясы» ЖШС «Ұлы Дала елі» орталы­ғын салатын болады. Сондай-ақ Астана қаласы әкімдігі «Астана саябағы», Алматы әкімдігі «Медиа орталық», Шымкент қаласы әкімдігі облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана құрылысын іске асырмақ. Түркістан қаласының дамуы бойынша 2018-2021 жылдарға арналған Даму тұжы­рымдамасы жасалынып, қаланы тарихи-киелі, құрылыс салуды реттеу, әкімшілік-іскерлік орталығы сынды 3 аймаққа бөліп, дамыту жұмыстары әзірленуде. Барлық құрылыс жұмыстары басталып, аяқталған соң Түркістан Түркі әлемі және Еуразия құрлығындағы заманауи қалалардың біріне айналады деген сенім мол.

Тоғыз айдағы толымды істер

Айта кетелік, Орталық коммуникациялар қызметінің көшпелі брифингі жаңа форматта өтті. Алдымен облыс әкімі жыл басынан бергі 9 айда атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Өңіріміздің өсуі мен дамуының даңғыл жолы айқын­далған Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған Жолдауы жүктеген міндет­терді жүзеге асыру мақсатында атқарылатын жұмыстар, жоспарланған іс-шаралар да қамтылды. Жолдауда экс­портқа бағытталған индустрияландыру мәселесі экономикалық саясаттың негізгі элементі болуы тиіс екеніне, отандық өндірушілерді қолдау керектігіне ерекше назар аударылған болатын. Бұл орайда 2018 жылдың 9 айы қорытындысымен облыста маңызды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің өсімі сақталған. Аймақта 300-ден астам өнеркәсіп кәсіпорын­дары­мен 323,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Облыста тамақ өнімдерін өндіру 8,0%-ға (69 748,7 млн.теңге), жеңіл өнеркәсіп 28,3%-ға (3 850,3 млн. теңге), химия өнеркәсібі 3,5%-ға (358,2 млн. теңге), басқа да металл емес минералды өнімдерді өндіру 3,8%-ға (8 507,5 млн. теңге), дайын металл бұйымдары 20,5%-ға (10 027,8 млн. теңге), фармацевтика өнеркәсібі 5,3%-ға (318,7 млн. теңге) артты.
Ж.Түймебаевтың мәлімдеуінше, 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының мемлекеттік бағдарламасы аясында 2018 жылы 16,8 млрд. теңгеге 804 жұмыс орнымен 9 жобаның іске асырылуы жоспар­лан­ған. Есепті кезеңде «Green Technology Industries» ЖШС-нің құны 1,3 млрд. теңге болатын жобасының бірінші кезеңі іске қосылды. ПЭТ қалдықтарын өңдеу және штапельді талшықтар өндірісін ұйым­дас­тыруда 60 жұмыс орны ашылды. Заманауи технологиялармен жабдықталған зауыттың жобалық қуаттылығы – жылына 15 мың тонна өнім шығарады. Сондай-ақ жалпы құны 7 млрд. теңгені құрайтын «Golden Camal Group LTD» ЖШС іске қосылып, 144 жаңа жұмыс орны ашылады. «Елбасы Жолдауында: «Агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асыру керек. Негізгі міндет — еңбек өнімділігін және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын 2022 жылға қарай 2,5 есе көбейту» деген болатын. Біздің жоспарымыз бойынша Түркістан облысы аграрлық аймақ ретінде қалады және еліміздің ірі қалаларына ауылшаруашылығы өнімдерін жеткізіп беретін азық-түлік базасы болады. Түркістан қаласы маңында 6 000 гектар аумаққа азық-түлік белдеуін құруды жоспарлап отырмыз» деді Ж.Түймебаев. Ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өңірдің экономикалық өсімінің негізгі драйверіне айналады. Бұл орайда облыстың агроөнеркәсіп кешенінің дамуы ауылшаруашылығы өнімдерінің алқабы 2017 жылмен салыстырғанда 55,2 мың гектарға ұлғайтылмақ. Биыл 826,3 мың гектар, ал 2025 жылы 881,5 мың гектарға жетеді. Алдыңғы қатарлы технологияларды ендіру есебінен қарқынды бау алқабы көбейеді. Сондай-ақ етті мал шаруашылығын, қой шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасады. Облыс әкімінің мәлімдеуінше, ауыл шаруашылығын экономикалық дамудың жаңа драйверіне айналдыру жөніндегі Елбасының тапсырмасын орындау нәтижесінде өнім көлемінің өсімі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ды немесе 374 млрд. теңгені құраған. Оның ішінде, мал шаруашылығы – 188 млрд. теңге болып, өткен жылдың сәйкес кезеңінен 5,0% артты. Өсімдік шаруашылығы 184,4 млрд. теңге немесе 102,8%-ға жетті. Жыл басынан бергі 9 айда ірі қара малдың басы 10,7%-ға, қой 4,7%-ға, жылқы 7,9 %-ға артқан. Нәтижесінде ет өндірісі 6,7%-ға артып, 154,7 мың тоннаны құрады. Шетелге 4 600 тонна ет экспортталып, бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы елімізде алдыңғы қатарға шықты. Республика бойынша ауылшаруашылығы өнімінің үлесі 14,1%-ды құрап, бұл көрсеткіш жөнінен облыс 2-орында. Айта кетелік, жыл басынан жаңадан 27 модульді сүт қабылдау бекеттері сатып алынып, жалпы бекеттердің саны 49-ға жеткен. Осы бекеттер есеп беру айында 4860 тонна сүт қабылдады. Жыл басынан жаңадан 10 модульді мал сою бекеттері сатып алынған. Жалпы бекеттердің саны 60-қа жетіп, 5500 тонна бордақыланатын мал қабылдаған. Сонымен қатар 2018-2027 жылдарға арналған ұзақ мерзімді етті мал шаруашылығын дамыту бағдарламасына сәйкес, іс-шаралар жоспары әзірленіп, тиісті министрлікпен бекітілген.

Көкөніс шетелдерге экспортталуда

Аймақтың жылыжай, тамшылатып суғару бойынша көш бастап тұрғаны елге мәлім. Мәселен, жылыжай көлемі 1285,4 гектарды құраса, тамшылатып суғару әдісі 6,4 мың гектарға артып, 64,4 мың га болып отыр. Республика бойынша өңірдің жылыжай үлесі – 80%, тамшылатып суғару – 72%-ды құрап отыр. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,7 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 2,5 млн. тонна болған. Оның ішінде, 500 мың тоннаға жуық өнімдер Ресей, Беларусь, Латвия, Германия мемлекеттеріне экспортталса, 1 млн. тоннасы еліміздің солтүстік өңірлеріне жөнелтілді. Қайта өңдеу саласы бойынша облыста 38 ет, 35 сүт, 34 жеміс-көкөніс өңдейтін кіші, орта және ірі кәсіпорындар жұмыс істеуде. Сондай-ақ облыс әкімі өңірде құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын атап өтті. Тоғыз айда құрылыс жұмыстарының көлемі 84,4 млрд. теңгені, өсімі 109%-ды құраған. Пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 325,4 мың шаршы метр болған. Осы арада айта кетелік, журналистердің сұрағына берген жауабында облыс әкімі өңірде 28 мың адам баспана кезегінде тұрғанын айтып өтті. Тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында өңірде 73 көпқабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ аудандарда да көпқабатты үйлер салу қолға алынған. Мысалы Төлеби ауданының орталығында 480 пәтерлі 8 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген. Сарыағашта 13 көпқабатты тұрғын үй салынуда. Ал «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы аясында Түркістан қаласында 336 пәтерлі 6 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Бұл пәтерлер 2019 жылы пайдалануға берілмек. Қараша айында құрылысы аяқталатын 32 пәтерді аталмыш бағдарлама аясында беру қарастырылып отыр.
Елбасы Жолдауында өңірлік және қалалық инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытуды, өңірлердегі өткір проблемаларды шешуге күш жұмылдыруды әкімдердің назарына салған болатын. Бұл орайда Түркістан облысында өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында сумен жабдықтау бойынша 2018 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 83 нысанның құрылысына 9,9 млрд. теңге бөлінген. Оның 17-сі ағымдағы жылы пайдалануға беріледі, ал қалған 66 нысан 2019 жылға өтпелі. Сондай-ақ 2018 жылдың соңында орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету ауылдық елді мекенде – 75,1%-ға (628 елді мекен), қалалық елді мекенде – 95,8%-ға жеткізіледі. Ал газбен жабдықтау бойынша биыл республикалық және облыстық бюджеттен 98 нысанның құрылысына 16,5 млрд. теңге бөлініп, оның 58-і биыл пайдалануға беріледі, ал қалған 40 нысан 2019 жылға өтпелі. Яғни 2018 жылдың қорытындысымен газдандыруды қамтамасыз ету 385 елді мекенді (45,6%) құрайды немесе облыстың 1 056 405 тұрғыны «көгілдір отынды» пайдаланатын болады. Электрмен жабдықтау бойынша 2018 жылы республикалық және облыстық бюджеттен 3,9 млрд. теңге бөлініп, 22 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде биылғы жылы 8 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр, қалған 14 нысан 2019 жылға өтпелі. Демек, 2018 жылдың аяғында 12 елді мекен немесе 21,1 мың адам сапалы электр қуатымен қамтамасыз етілетін болады.

Туристер санын 2025 жылы 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр

Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыру шеңберінде облыстағы кәсіпорын басшылары ең төмен жалақыны көтеру мәселесін қолдайтынын білдіріп, іске кіріскен. Бүгінгі таңға облыс аумағында 9 798 кәсіпорын бар. Ең төменгі жалақыны көтеру бойынша жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде әзірге 100-ге жуық кәсіпорын басшысы жалақыны 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап көтеруге келісім беріпті. Түркістан облысы үшін туризм ең маңызды сала. Бұл орайда өңірде туризм саласын дамыту мақсатында 3 қонақүй, 1 хостел, 2 шипажай және 1 туристік ұйым ашылса, жыл соңына дейін 14 туристік нысанды іске қосу жоспарлануда. Туристік инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында маршруттарға алып баратын нысандардың бойына бірыңғай дизайндағы 69 жол көрсеткіш пен 3 тілде 31 нысан төлқұжаты орнатылған. Сондай-ақ облыста «Қасқасу» тау-шаңғы кешені, Сарыағаш курорт аумағын кеңейту, Шардара су қоймасы аумағында жағажай туризмін дамыту, Түркістан қаласын туристік орталық ретінде дамыту сынды бірқатар жобалар қолға алынған. Сонымен қатар анықталған 104 сакралды нысанның 40-ы туристік маршруттарға енгізілген. Облыс әкімдігімен бекітілген жол картасы аясында «ontustiktravel.kz» порталы мен «Ontustik Guide» туристік мобильдік қосымшасында туристік ақпаратты цифр­лау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы арада айта кетелік, күні кеше Түркістанға миллионыншы турист келіп, оған сый-құрмет көрсетілді. Ал 2025 жылға қарай «2019-2025 туристік индустрияны дамыту» бағдарламасы аясында туристер санын 5 миллионға жеткізу көзделіп отыр.

Сыбайлас жемқорлықпен күрес күшейтілді

Елге мәлім өңір табиғи өсім бойынша алда келеді. Яғни әлеуметтік нысандар оның ішінде балабақша, мектеп салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Бұл орайда жыл басынан бергі 9 айда 6 541 орынға 70 жекеменшік балабақша, мемлекеттік-жекеменшік-әріптестік аясында 3 балабақша (600 орындық) және 1 мемлекеттік (140 орындық) балабақша пайдалануға берілген. Сондай-ақ жыл аяғына дейін 35 жекеменшік балабақшаны пайдалануға беру жоспарлануда. Биыл мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне 12 мыңнан астам бала электронды түрде қабылданған. Жалпы білім беру ұйымдарында 60 555 педагог кадрлар қызмет етеді. Елбасы сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша Түркістан облысына қатысты сын айтқан болатын. Әсіресе білім беру саласына байланысты. Осы орайда облыс әкімі көшпелі брифингте сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға да кеңінен тоқталды. Мысалы, облыста мектеп мұғалімдерінің құрамдық сапасын арттыру және жұмысқа қабылдау кезіндегі сыбайлас жемқорлық қаупін жою мақсатында 902 (100%) мектепте jumys.sitcen.kz жүйесі орнатылған. Осылайша жалпы орта білім беру ұйымдары педагогтарын жұмысқа қабылдау және мектеп директорларын конкурстық тағайындау барысы автоматтандырылды. Сонымен қатар білім ұйымдарындағы техникалық қызметкерлердің бос орындары туралы хабарламалар орналастырылады және осы жүйемен қабылданады. Бүгінгі күнге дейін жүйе қызметі арқылы 933 бос жұмыс орны жарияланып, 285 адам жұмысқа орналасқан. Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда, жүйеде 648 бос жұмыс орны туралы хабарлама тұр, 61 373 қолданушы тіркелген, 2 718 өтініш келіп түскен. Айта кетелік, Түркістан облысының білім саласында енгізілген «jumys sitcen.kz» жүйесі ҚР Президенті Әкімшілігімен республикада ең үздік жүйе ретінде таңдалып, қазір басқа өнірлерге тарату мәселесі қолға алынуда. Жаңартылған білім беру мазмұнымен сабақ беретін 32 532 педагогтың айлық жалақысына қосымша 30% қосылған. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың қыркүйек айынан бастап жаңа формат бойынша 4200 педагогтың айлық жалақы санаттарына қарай 30-50 пайыз үстемақы төленуде. Облыстағы 902 мектептің 860-ы (94%) бейнебақылаумен жабдықталған. Сондай-ақ облыс әкімі өз баяндамасында 38 медициналық ұйымның барлығы электронды құжат айналымға қосылғанын, 121 медициналық форманың 74-і электронды форматқа көшкенін атап өтті. Сонымен қатар облыста 1 768 871 электронды денсаулық паспорты құрылған.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының барлық басым бағыттары бойынша өңірде ауқымды жобалар жүзеге асырылды. Бүгінгі таңға облыстық Жобалық кеңсе Түркістан қаласына көшіп келіп, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде орналасқан. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында биыл облыста 46 жоба мен 168 іс-шара белгіленіп, өткізілуде. Мысалы, «Туған жер» арнайы жобасының «Атамекен» кіші бағдарламасы шеңберінде облыста биыл 28 млрд. 156 млн.теңге болатын жобалар, яғни 428 нысан жүзеге асуда, оның ішінде құны 887,2 млн. теңге болатын 23 нысан іске қосылған. Бағдарламада қойылып отырған басты мәселелердің бірі – адамды білімді, әрі рухани бай етіп тәрбиелеу. Осы мақсатқа бағытталған «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында өлкенің тарихын кеңінен тану, зерттеу мақсатында 5-7 сыныптарға арналған «Өлкетану» оқулығын баспадан шығаруға жергілікті бюджеттен 153 млн. теңге қаралып, 50 мың таралыммен шығаруға баспаға жіберілген. Сонымен қатар облыс әкімі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазіргі заманғы қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» арнайы жобалары шеңберінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Түркістандық өнерпаздардың Францияның Париж, Ресей астанасы Мәскеу, Түркия Республикасының Анкара, Стамбул, Сакария, Әзірбайжанның Баку, Глобустан қалаларында өткен 10-нан астам халықаралық конкурстар мен фестивальдарға қатысып, еліміздің мәдениетін танытуда зор үлес қосқанын атап өтті. Ал «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы бойынша облыстың 123 елді мекенінен 2 588 адам «Әр ауылға өз шебері» жобасы аясында арнайы оқудан өткен. Брифинг барысында Түркістан аумағында жүргізілетін археологиялық жұмыстар, жаңадан салынатын спорттық кешендер жөнінде де баяндалды. Сондай-ақ, бұл күні Түркістан қаласында «TÚRKІSTAN MEDIA» халықаралық орталығы мен «TÚRKІSTAN» интеллектуалды клубы ашылды.

Е.ӘБДІЖАППАРҰЛЫ
Түркістан облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

2 Пікір

  1. samal

    После поручения Главы государства было ясно, что в Туркестане начнутся большие перемены в хорошую сторону и город начнет расцветать. Данная новость не может не радовать. 

  2. ainaw

    Түркістан алдағы уақытта гүлдене түсетініне сенімдімін. Жан-жақты, барлық салаларды қамтитын жұмыстар жүргізілетіні қуантарлық жағдай. Түркістаннан кейін басқа қалалар қамтылса нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.