Өңірдің өркендеуіне мүмкіндік мол

Елбасының сындарлы шешімімен құрылған Түркістан облысы дамудың жаңа кезеңіне жол тартты. Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімдігі аймақты өркендетудің қамына кірісіп, игі бастамаларды қолға алуда. Бәрі де кезең-кезеңімен іске асатын болса, өңірдің келешегі жарқын болары айқын. 

Мәселен, тарих ғылымының кандидаты, доцент Ұлан Үмітқалиев Түр­кістанның облыс орталығына айналуы жақын болашақта атқары­латын жұмыстардың бастамасы екенін айтады. Сонымен қатар аймақ­тағы тарихи-мәдени, рухани ескерткіштерді барша жаһанға насихаттау мәселесіне де баса мән берілуі қажеттігін алға тартты.
– Жалпы айтқанда, республи­кадағы облыстардың басым көпшілігі шаруашылық деңгейінде дамитын болса, Түркістан облысының туризм бағытында дамуына мүмкіндігі зор және жаңа әлеуетті облыс деңгейіне көтерілуіне де негіз бар. Түркістан жалпы қазақ елінің елдігін құруда аса маңызды рөл атқарған өңір. Егер біз осы саланы зерттеп, зерделейтін болсақ талай құнды нысандарды ашуға қол жеткіземіз. Ал қазіргі туризм­нің ерекше бағыты – тарихи туризм болып табылады. Қазір әлемді аралушы сапаршылардың дені тарихи орындарға қызығады. Осы орайда Түркістан түркі жұртына ғана емес, түгел жер шарына жаңғырық болуы әбден ықтимал. Бұл өңірде зауыттар ашу секілді экономикалық маңызды қадамдар жасап жатқанда, туризмді де кенжелетіп алмағанымыз абзал, – дейді Ұ.Үмітқалиев.
Тарихшы маман Ноян Еділов Түркістанды облыс деңгейінде әрі жеке қала деңгейінде дамыту бұл елімізді барша түркі әлемімен байланыстырады деген пікірде. Өйткені сонау ғасырлардан бері Түркістан тек қазақ халқы үшін ғана емес, өзге де түркі халықтары үшін де қасиетті ұғым саналды.
Елбасының Түркістанға облыс мәртебесін беру туралы шешімі өз кезегінде өңірдің қайта түлеуіне жол ашқаны сөзсіз. Бұл орайда С.Демирел университетінің әлеуметтану ғы­лым­дары кафедрасының ассистент профессоры Аслан Тұрлыбек Түркі­стан­ның жаңа сипат алып, дамудың тың кезеңіне қадам басуы өңірдің әрі қарай өрлеуіне жақсы мүмкіндік дейді.
– Бұған дейін Шымкент қаласы облыс орталығы болып, үлкен же­тіс­тіктерге қол жеткізді. Бүгінде мил­лиондаған тұрғыны бар еліміздегі үшінші мегаполиске айналды. Түр­кістан қаласы өз кезегінде, егемендік алып, тәуелсіздікке нық қадам бас­қан күннен бастап, өңірдің эко­но­микалық, әлеуметтік дамуына өз үлесін қосты. Ал енді Түркістанның облыс орталығына айналып, қайта түлеуі халқымыздың руханиятының жаң­ғыруының, экономикасының әрі қарай қарқынды дамуының кепілі, – дейді тарихшы.
Сарапшы Ерке Қартабаева Түр­кістанда мәңгілік мекен тапқан тұлғалардың өмір тарихын тереңнен зерделеу, зерттеу қажет екенін айтады. Сондай-ақ киелі орындар мен тарихи ескерткіштердің мәнін танытатын жарнамалық кітапшалар кеңі­нен таралуы керек. «Аймақтың инфрақұрылымы дамып, тарихи ескерт­кіштер мен киелі орындарға халық­тың, шетелдік қонақтардың сая­хат жасауына кеңінен мүмкіндіктер туса нұр үстіне нұр болар еді» дейді.
Белгілі тарихшы Берекет Кәрібаев облыс орталығы болғаннан кейін қа­лада жаңадан тұрғызылатын ғима­раттар Түркістанның ХХІ ға­сыр­ға лайық бейнесін үстей түседі деген сенімін білдірді.
– Алдағы 15-20 жылда Түркістан та­рихи, рухани, мәдени, т.б. тұрғыда өзге де сәулетті қалалармен тең деңгейде иық теңестіре алады. Батыста зауыт болған жерде міндетті түрде қала пайда болады, ал зауыт жабылса, қала да құлдырап кетеді. Ал шығыста ру­ханилық басым. Мысалы, бізге дейінгі өткен ғасырларда рухани ірі дін басылары, рухани көсемдер жерленген қалалар орта ғасырда да құрымай, біздің кезеңге жетіп отыр. Ол – Сайрам, Созақ, Түркістан. Түркістан ежелден рухани орталық болды, әлі де сол мәнін жоғалтпай келеді. Керісінше, қазіргі ХХІ ғасырда Түркістанның рухани орталық статусы дами түскен. Қала өркендеуінің маңызды фактор осы, – дейді Б.Кәрібаев.

Қайрат Сейтқазы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.