Еменнің иір бұтағы

Империялық пиғылы асқынған аю мен айдаһар саналатын көршілеріміздің басы қосылып, бодандықтың қайыс ноқтасы есеңгіреткен ұсақ елдерді буржуазиялық, пролетарлық революциялар сүргінінен өткізіп, енді коммунистік езгінің темір ноқтасын басына бекем кигізіп, түбіне жетуді мақсат еткен лас, арамза, зұлмат саясаттың апофеозін біз Тұрлыбек Мәмесейіттің «Таңжарық» роман-дилогиясындағы (Алматы, 2017) тағдыршешті тарихи оқиғалардың телегей толқындарын бастан кеше сезініп, өзек өртеген өрелі сұрақтарға жауап табамыз. Үлкен ақынымыз Дихан Әбілов марқұм: «Өлең жазсаң, мың ыстық қаныңмен жаз, Ақ құстың тәңіріндей арыңмен жаз. Тірілерді жырыңмен бақытты етіп, Өлгендерді тірілтер жаныңмен жаз» депті. Тұрлыбектің кейіпкеріне фәни жалған­нан небәрі 44 жас қана бұйырған, оның өзі тумай жатып қуғын-сүргіннің, езгі мен қорлаудың сыбағасы бұйырып, есі кіре елі шеккен саяси қысым, тозақы өмір санасын ерте оятып, қабырғасы қатпай, бұғанасы бекімей елдің қамын, ұлттың мүддесін қорғауға ниет еткен ақпейіл, ұлт­жан­ды қайсар емендердің ығында жүріп, айтқанына құлағын түріп, ірілігін сезініп, ұлтжанды, жалынды бозбала боп ерте ержетеді, еменнің иір бұ­тағына айналады. Демек, Тұрлыбек Дықаң ағасы өсиет еткендей, кү­рескер-ақын Таңжарық бейнесін «мың ыстық қаны», «арымен», «жанымен» көр­кемдік қалыбынан иін қандыра шығаруға шама-шарқынша еңбек еткен.

Тұрлыбек ес білгеннен Таңжарық жыр­ларын, айтыстарын естіп өскен. «Өмірде тақырыптың да тағдыры болады. Шығар­ма­шылықтың ширықты жолында «мені жаз, мені жаз» деп тұратын тақырып бар да, автордың өзі іздеп табатын тақырып бар. Осы орайдан келгенде, Таңжарық тақы­рыбы Тұрлыбекті өзі іздеп тапқан, авторға өзі жолыққан үлкен олжа дейміз» (Ш.Елеукенов).
Дилогияның бірінші кітабында жас Таңжарықтың әкесі Жолды Күнес еліндегі ежелден ұқым-тұқымымен шынжыр балақ, шұбартөс Нүптібек байдың ауылында малына қарасып күнелтеді. Жас жігіт Таңжарық Нүптібектің жылқысын баға жүріп, бозбалаға жарасқан жеті өнерді меңгеріп, гүл жайнаған Көкмойнақ, Гүлтекше, Талдыкердің құшағында, ай ас­тында кербез сұлудай керіліп, бір қалыпты әуенмен сылдырап ағып жататын Талдыбұлақтың жағасында ән салып, ақындық таланты оянып, серілік құрып, құлжа сақаның оңқайындай үйірілген күндерді басынан өткізді. Кедейдің шаңырағында дүниеге келген асып туған асылдың қасиеті қанша болса, көресі қасіреті де соншалығын ол ерте бастан кешті. Нүптібек, Жайырбек, Еркінбек, Мақсұт сияқты байлар бітімі де келісті, ақыл-ойы да бүтін, жанып тұрған, қай іске жексең, өрге алқынбай шығатын, қолдағы қызыл балақ қыранды Күре қаласындағы қытайша-ұйғырша 3 жылдық мектепте оқытып, сауатын аштырып, сауда-саттығын өрге жүздіретін, істің көзін, қисықтың тезін табатын қолбалаларына айналдыруды көздейді.
Әділін айтқан жөн, Т.Мәмесейіт роман-дилогиясына материал жинау барысында дауылды, бұрқасынды, құйыны ұйтқыған тарихқа бүгінгі парасат биігінен, рухани өміріміздің игі талабынан қарайтын байыпты, сабырлы, салмақты, парасатты, зерделі зерттеуші, көзі өткір, көңілі жүйрік байсалды барлаушы, сақ, әділ сарапшы ретінде танылатын тұстары мол.
Романда Таңжарықтың Іле бойын жайлаған Албандарға Қытай асып келіп сіңіп кетуіне отырса отбасында көсем, көшсе көш басында көсем ел ақсақалдарының қосқан үлесі алабөтен. Солардың бірі жұртты аузына қаратып билік айтып, ызғары еселене түскен жаңа заманның ауа райына бейімделуге шақырып, береке-бірлікке үндейтін көкірегі көмбе Бөрібай қария Албандардың көне көздерінен қалған, сөз ұстаған ұлық кісі саналып, төріне оздырып жүрген ардақтысы, абызы.
Досынан дұшпаны көп, қағынып тұрған заманда Қытай ауып келген, дұшпанпейіл күдікті адам санап, артынан сөз еріп, ізіне тыңшы түспеуінен сақтанып, даңғыл көкірек қария оны көршілес Қалжатта тұратын, Суан ішіне берген бір әпкеміздің баласы дейік деп, бәйбішесі мен Таңжарықты сақтыққа шақырады. Жазушы Бөрібайдың көлденең көк атты емес, бұл төңірекке аса сыйлы, дастарқаны дарқан, төрінен ел елеулілері мен қалаулылары арылмайтын, кісі құрметтеп, өзін де құрметтете білетін танымалдығын таныту үшін жазушы оқырманға оның 8 қанат үйіне назар аудартуы да тегін емес. «Айқыш-ұйқыш қызыл ала басқұрлар. Аппақ киізге қызыл уық та жарастық тапқан. Айнала қызыл ала кілем тұтылған. Күмістенген айналы абдыралардың үстіне жүк жиналыпты. Оң жақта өрнектелген адалбақан. Сол қанатта жүктен кейін кереге басына созылта нән көкжалдың терісі ілінген. Қараған сайын құбылып тұратын сияқты. Өрнектелген шашақты домбыра жүкке сүйеулі тұр».
Кеңес өкіметіне жер ауып келгендегі Таңжарықтың басты арманы – Қытайда үзіліп қалған оқуын жалғастыру болғаны мәлім. Оның ол арманына Бөрібай, Баспақ қариялар қолын жеткізіп, Қаратұмсықтағы орталау мектепке орналастырады. Осы шағын Таңжарық: «Қолым оқуға жетті. Арманның үлкені сол еді ғой. Көп нәрсеге көз ашылды. Ел-жұрттың сый-құрметінің өзі неге тұрады. Құдайға шүкір» деп емірене еске алады. Мұғалімдері сайдың тасындай ғой. Әсіресе, әдебиеттен сабақ беретін Әбдімәлік оқытушысы талай нәрсеге көзін ашқан. Газет-журналдарда басылған Абай, Ілияс, Шәкәрім өлеңдерін әкеп беріп, жазба өлеңдегі Абайдай даналық, жыл құсындай жаңалықты; Ілияс, Шәкәрімдей нені жырласа «тағыны жетіп қайырған» шеберлікті; Мағжан, Міржақыптардай «Алаштың арыстарының таңғы шықтай мөлдір, ұлттық рухқа оранған туындылары жас ақынды жемісі уылжыған баққа енгізіп жібергені анық. Дилогиядағы бөтен елден жаурап, туған елге келгенде салт басты, сабау қамшылы Таңжарықты жатырқамай қабылдап, жылы құшағында аймалаған қариялар, жергілікті жастар, Әбдімәліктей ұстаздар қамқорлығы, «адамды сүйіп, Алланың хикметін сезінуден» ләззат алатын қазақи дәстүрдің кереметтігіне бас идіреді.
Кеңес өкіметінің елді жұмыспен қамтып, асырап отырған дәулет біткен адамдардың бәрінің ата-бабаларынан бері жинап келген дәулетін сыпырып алып, өздерін қанаушылар ретінде жер аударып, тәркілеуі, ақылға сыймайтын жаза қолдануы ауырлау, адамгершілікке сыймайтын, «өлмесең ома қапқа» жататын фашистік саясат еді. Байларды бұлай қорлау, азаптау қараңғы, «күні туған» кедейлерді есіртіп, ал байлар өз тарапынан тәркілеуге ілінбегендерді қаралап, «жақсы заман» атыс-шабыс, дау-дамай, тыңшылардың күні туған, барар жер, басар тауы қалмаған, өз елі өзіне жау, өз жері табаныңды жалтыратпасаң, суық молаңа айналатын уақыт жетті… Паналап келген Баспақ нағашысын: «Баспақтың әкесі қажыға барған, бай, малын құдасы Берікбайға қосқан, ар жақтан қашып келген Таңжарықты «жиенім» деп жасырып отыр» деп ел тағдырын ойлап, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан қалған әулиепейіл Баспақ қарияға да қара күйе жағылып, жазық­сыз жаза тартатын сағаты соққандай. Сөйтіп, Таңжарықтың Қазақстанға сапа­ры сәтті басталып, оқуын аяқтауға бір жыл қалғанда, туған жері Мәңкүр, Нәң­күр­лер­дің дәурені жүрген бақытсыз мекенге, «алдамшы дүниеге айналғанына» қынжылып:
Болмады бұл заманда ешбір тұрақ,
Күнде жиын, күнде той, күнде сұрақ.
Ғайбат айтпа, адамның ақын жеме,
Білгенге осы сөзім ақылырақ, – деп Кеңес өкіметінен қазақ біткеннің басын шыр көбелек айналдырып, онсыз да «Мың өліп, мың тірілген» халқымызды тағы да бір «өліп-тірілуге» мәжбүрлемеуді өтінеді, амалсыздың күнінен келген жағына сәтімен жетіп алуға асығады…
«Таңжарық» роман-дилогиясының екінші кітабы түгелдей кеңестік Қазақстан­нан білім қорын жиып, ел ішіндегі түрлі саяси, қоғамдық-әлеуметтік, револю­циялық өзгерістер әкелген күрделі құбылыстарды көзімен көріп, әділет, нысап, ұят, рахым, мейірбаншылықтың жетіспеуінен алтыбақан алауыздық жайлаған ортадағы дерттен сауығудың емін парасатпен ойлап шешуге жараған, сөзі сүбелі, ойы зерделі, күш-жігері толысқан, ер тұлғалы, намысты, батыл да жігерлі Таңжарық Қытайға, туған үйіне оралады. Үй шаруашылығына бейімі жоқ ақын Әсейін, Нұрсалбек, Әлекен атты ежелгі достары, сал-серілермен сол ойын-тойы, асты жағалап әнін айтып, қыз-келіншектермен айтысын жалғастырып, өзі жазбақшы, «Ойласам, айғайға ерген мен бір жазған. Мен болдым шайтанға еріп, жолдан азған» «диуаналық дәуреніне» қайта оралып, азаматтық тұлғасына біраз селкеулік түсіріп алады.
Мақсұт куандай өзін жауапты қызметке тартқаннан соң, Таңжарық ел ішіндегі аласапыран оқиғалардың жуан ортасында жүреді. Кеңес өкіметіндегі бітіспес таптық күрес, байларды тап ретінде жою, шағын ұлттарды езіп-жаншудың лас тәсілдерін іске қосу Қытайда да өршіп тұрды. Бодан ұлттардың мекені Шыңжаң билеушісі Жың Шурин сыбайлас жемқорлыққа құнығып кеткеніне қатысты 12 сәуір 1933 жылы Шың Шысай (өлкенің әскери билеушісі) оның тағына отырады. Алым-салық өсті, ел іші қаптаған тыңшы. Ол Шыңжаңдағы өзінің билігін бекемдеуде басты қауіп қазақ диаспорасынан келеді деп күдіктенеді. Сондықтан қазақтардың қолындағы қаруды, мінер атын жиып алып, алым-салықты көбейтті, ел ішіндегі беделді адамдарды тыңшылары арқылы анықтап, түрмеге жауып, зорлықпен бағындырудың амалына көшті. Гоминдаң өкіметі көшпелілер қолындағы қару-жарақты жиып алмаса, ол құралдар Шың Шысай өкіметіне қауіп төндіретінінен қорықты. Осындай айып-күдікпен Іле аймақтық қазақ-қырғыз мәдени ағарту Үйшұмасының бастығы Мақсұт бастаған, ішінде Әуелқан гүң, Айса төре, Тұрдыақынбай, Жабықбай, Әлімжан ақалақшалар, елге беделді 50-60 адам Үрімжі абақтысына қамалды. Аңдыған ежелгі жау алмай қоймасы белгілі, жай сақшыдан тергеушілікке көтерілген, жүзіктің көзінен өтетін пысық жігіт Асқар «саяси ісімізді былғады», «өкімет кадрларына жала жауып, қастандық ұйымдастырды», «ұлтшыл Мақсұттың сыбайласы», «үйінен Кеңес Одағындағы Алаш ордашылардың кітаптары табылды» деген дәлел-дәйектерді бекемдеп, Таңжарықты да абақтыға жапты. Бірлі-жарым емес, бүкіл елге салды құрықты. Айса төре бастаған 50 адам, Сұлтан төре бастаған 80 адам, Іле-Күнестен Мақсұтты бас қылып 70 адамды бір түнде ұстап, түрмеге тоғытты. Ауылда бас көтерер адам қалмады. Тағатын күнәсі: «Сендер ұлтшылдықты қоздырып, Үкіметке, заңға қарсы іс қылып отырсыңдар!» деп қаһарын төкті. Таңжарықтың өлең дәптерін тауып алып, қытайы, қазағы, орыс, ұйғыры бар сұрақшылар онан:
Жазып тастап кетейін,
Белгі қалсын артыма.
Арманым көп әлемде,
Бас көтерсін сәлемде.
Қайғыда жүрген қараңғы,
Қазақ, қырғыз халқыма.
Ескерілмей қалмасын,
Оған да айт сартыма, – деген жолдарын ызғар­лана қайта-қайта оқып, ауыздарынан көбігін шашып: «Үгіт емей бұл не? Жұртты өкіметке қарсы көтеріліске ашық үгіттеп тұрсың ғой!» деп жеті басты жалмауызды көргендей зәрелері ұшып, орындары­нан тік көтеріліп, күншіл, жағымпаз, ман­сапқор, имансыз, маргинал, ұлтын сатқан безер, қатыгез қазақ тергеушіге қал­дырады. Ол Таңжарыққа сұсты жүзін бұрып: «Сен күн сайын ажалыңа жақындап келесің!» деп қытайша балдыр-бұлдыр сөйлеп, тұтқынды бақайынан арқанмен байлап, басын салақтатып асып кетеді. Бұл – тергеуші қазақ Мұқанбаевтың сүйікті тәсілі болса, 1937-1938 жылдардағы Совет өкіметіндегідей «тазарту» саясатын жүргізбекші Шыңжаң билеушісі Шың Шысайға оның «Шыңжаңды жаңа құру» жоспарын жоғарғы деңгейге жеткізе орындауға өлшеусіз үлес қосқан кеңестік тергеушілер Уголин мен Фалинов кеңестік асыра сілтеу саясатынан шошынып, шекара асып келген қазақтар мен басқа да ұлт өкіледеріне қырғидай тиіп, садизмнің қазанында қуырады. Мәселен, Уголин мен Фалинов таққан кінәсін мойындамай, ырқына көнбеген Таңжарықтың «басына темірден құрсау, қолына кісен салдырды. Аузы-мұрнынан бірдей қан бұрқ етті. Шегелі орындыққа отырғызды. Екі көзі кеткен салбырап. Бас та бос бұлғақтайды. Тырнақтың көбесіне ине сұғып шырқыратады. Түрі тірі аруақ. Баяғы екі иығына екі кісі мінгендей, нарттай қып-қызыл жігіттен жұрнақ жоқ. Тұла бойында сау-тамтық қалмаған. «Құйрық жағы қасқыр тартқандай дал-дұл…» деп Тұрлыбек қорғансыз шағын ұлттардың зәресін ұшырып, шовинистік, фашистік идеология талабына көзсіз табына бас ұруға мәжбүрлеген зұлым тергеушілердің айуандық астамшылығын қаз-қалпында бейнелеген. Қанша айтқанмен, шоң балға­мен соға берсең темір де сынады, болат та майырылады, Таңжарық адамды сындыру, қорлап аяғына жығу мақсатымен ет пен сүйектен жаралған жанның мүмкін­дігінен неше есе артық қинауды басынан өткеріп, бір айдан астам ес-түстен айырылып, зорға өзіне-өзі келеді. Осындай қарғыс атқан халді 7 жыл бастан кешіп, Күнестегі еліне оралып, бала-шағасымен қауышады.
Халыққа қырғидай тиіп, сталиндік зұлматты Шыңжанда жүзеге асырған нағыз қанішер, зұлым, жендет Шың Шысайдың саясатына қарсы тұтанған партизандық сұрапыл өртті тұншықтыру үшін Қытай өкіметі оны орнынан алып, төрағалыққа У Жұң Шинді тағайындайды. Шыңжаң өкіметі тап болған тағдыршешті күйден шығудың амалын ойластырып басы қатқан жаңа төраға аудармашы етіп қасына саяси тұтқындықтан босатып алған, Қытайда туып, Қытайдың тәрбиесін қанына сіңірген Сәліс есімді қазақ жігітін ертіп келіп, тұтқын Таңжарықты бастықпын деп шіренбей, емен-жарқын әңгімеге тартады. Оған себепші камералас Қасым есімді жігіт түрмеден босанғанда, сақтық сақтап, тыңшылардың қолына түсірмес үшін бір топ жырын, «Жәлелханға» деген өлеңін де қоса елге тарату үшін аманат етіп беріп жібереді. Түрмеден шығар жерде қатаң тексеру барысында Қасымнан әлгілерді сыпырып алып, өзін қайта тұтқындайды. Сондағы «Елге сәлем», «Жастар ұйымына!»; «Жәлелханға» атты өлеңдер, әсіресе «Елге сәлемдегі»:
Жабығып қасірет тартқан елге сәлем,
Жамылап ымырт басқан жерге сәлем!
Атойлап қан майданға шықты дейді,
Сол қуат, елім сенен бізге сәлем… – дейтін Шығыс Түркістанды алау өртке тұншық­тырған сұрапыл партизандық май­данның отына май құйып, соны қолдап, азаттық туын көтерген елге жүрек сәлемін жолдап,олардың өзімен, өзінің олармен бірге екенін жеткізген, атом бомбасынан да қауіпті жыр жазған тұтқын-ақынға өзін ел қамын жеген, бейбіт өмірді аңсаған шыншыл, батыл, дербес ойлау жүйесі мығым, қарапайым басшы ретінде көрсетіп, оның осы қуатты талантын керісінше пайдалануға тырысады. «Өткенге де, келешекке де әділеттілік жолымен қарасақ дейміз» дейді ол мұндай кездесуді күтпей, абдыраған ақынға. «Сонда менің сіздерге қандай көмегім тимек?» – деген Таңжарықтың сауалына У Жұң Шин: «Сізді бостандыққа шығарамыз. Бостандыққа шығарсақ ел ішіне барып, жұртты тыныш­тыққа үгіттейсіз. Көмек деген сол» дейді аярлықпен жымиып. Қаласа, қызметке қалдыруға да бар. Таңжарық тұтқынмын деп төменшіктемей, төрағаның жүзіне барлай үңіліп: «Бостандық деген жақсы ғой, Жуши мырза! Бірақ еріксіз бостандықтың абақтыдан айырмашылығы бар ма?» дегенде тек ақындар ғана шындықты айта алатын, күні үшін күлге көмілмейтін, меди­тациялық қуатына тосылып қалады. Дәл осы сәтте, жаңа төрағаға қазақ бола тұра, әзір көтеріліске қатыспай отырған Таңжарық шыққан Күнес елін мақ­тап, партизандардың жуан ортасында кес­кілескен күрестің тайқазанын қайна­тып жүрген Алтай керейлерін У Жұң Шинге ерні ерніне тимей бұзық, қандыбалақ екенін қара бояуын баттас­тыра жағып жаман­дап, өшпенділігін қоздыруға жағымпаздана табанын жалап, құйрығын бұлғаңдатуына бірде семсер, бірде қалқан ірі мінезді, намысқой, от тілді, орақ ауызды ақын қатты қорланып, шиыршық атқан ішкі динамикасын тежей алмай: «Құдай төбеңнен ұрсын сені, Сәліс! Ата-бабаңның аруағы атсын! Осыншалық опасыз, сатқын болармысың!» деп бастығының алдында абыройын айрандай төгеді. Иә, «отаршылдардың тәрбиесінен шық­қан элита – өз халқының ең басты жауы» (Махатма Ганди). У Жұң Шин абақ­тының азабын тартып, әбден қал­жыра­ған ақын-күрескерді түрмеден босатып, «жасаған жақсылығының» есесіне көте­рілген халықты озбыр өкіметтің антиха­лық­тық саясатына қарсы шықпай, жаңа бас­шыны мақтап, көз жұмып соңынан еруге шақыртпақ болған арам пиғылы әдірам қалып, қара тырнағына дейін ұлтжан­ды­лықтың иісі аңқып тұрған Таңжарықпен комформизмге келуден, жартасты балғамен үгітудің оңайлығын сезініп, жасып қайтты.
Түрмеде азап шегіп жатқан ақынның көсемдер мен шешендер, батырлар мен палуандардың еркіндікте жүріп, үміт еткен елінің көсегесін көгертуге тобанаяқтық жасауына қынжыла, намыстарын оятуы қытайлардың астамшылығы шегіне жетіп, қазақтардың жерін сыпырып алып, ел басшыларын қалдырмай абақтыға жауып, алым-салықты тарихта болмаған деңгейге көтеріп, дініне шабуыл жасап, құран кітаптарын өртеп, құдайын қорлауға жеткен шақта дүр сілкіндірді. Есімхан, Ырысхан батыр, Мұса мерген, Шәріпхан төре, Сүлеймен батырлар онсыз да кекпен арыстандай ыңыранып отырған халықтың басын шапшаң құрап, қытай-орыс басқыншыларының генерал Зубатов, Баненке, Разборов бастаған әскерлерінің тас-талқанын шығарып, генералдар солардың қолынан ажалын табады. Партизандар тобы құрылып, штаб бастығына Фатих, қарулы күрес қолбасшылығына Әкбар, орынбасарлығына Хамит тағайындалып, жойқын жорықтар ұйымдастырады. Партизандар жеңіліс көрмеген, Шың­жанның мұздай қаруланған, айбынды гоминдаңдықтарды 2 рет ойранын шығарып талқандап, қыруар қару-жарағын, жорық аттарын олжалайды. 1949 жылы Гоминдаңның штабын берілуге мәжбүрлеп, Құлжаға басып кіреді. Осы жылы 11 қарашада «Шығыс Түркістан уақытша өкіметі» құрылады. Президенті – Әлихан төре, орынбасары – Хакімбек қожа. Шәуешек, Дөрбілжін, Шағантоғай, Толы толық азат етіледі. Гоминдаң өкіметімен арада келіссөз жүріп, олар амалсыздан күші асқанның талабын орындап: дін еркіндігіне, мектептің ұлттық тілде болуына, ұлттық мәдениет пен көркемөнерді дамытуға, өлкелік өкіметті қайта құруға, ұлттық армия жасақтауға, түрмедегі саяси тұтқындарды босатуға жарлық береді. Бұл – қазақтардың ата жауына танылуының басы, құлақ естіп көрмеген ерлік, қол жеткен артықшылық.
Т.Мәмесейіттің «Таңжарық» роман-дилогиясы күрескер, ақын, қоғам қай­раткері Таңжарықтың қуғын-сүргінде өткен ауыр тағдыры аласапыран уақыттың тозағынан өткен халық тағдырымен бірге өрілетіндіктен, пенделік сана, масылдық сана, таптық сана, бодандық сана, халықтық сана, ұлттық, шовинистік сана иелерінің психологиясын ашуда Тұрлыбек көп тер төккен. Онсыз романның ұлттың ұлы армандарын, асқақ мақсаттарын арқау еткен басты мұраты діттеген биігіне жете алмас еді. Бітіспес қанды шайқас осы саналардың сойылын соғып, жүгін арқалаған кейіпкерлер арасында жүретіні аян. Жазушы, ақын үшін тарих – халықтың адамгершілік, философиялық, күрескерлік тәжірибесі саналатындықтан, соны оқырманға жеткізіп, түрлі сезім күйіне бой алдыртатын тілдің нәрі, сөлі, шырыны, оты, сүмесі, ұлттық бояуы қанық, алымды да шалымды, шешен, бай болуына барын салмақ. Тұрлыбек Мәмесейіттің тілі – құнарлы тіл, не нәр­сені суреттесе де еркін отырады, оны біз Шұбартал, Қарқара, үлкен Қақпақ, Текес өзені, Іле бойы, Айғайтас, Айғыр­жал­дың тұмса, қайталанбас табиғатын сипаттайтын, Балтабай аңшы сызылта ойнаған сыбызғысынан шыққан күй тарихын шертетін тілінің қаймағы – бес елі. Кейіпкер портретін көркем сөзбен келістіре салуда да талабы тамсандыратын тұстары жеткілікті.
«Мақал – сөздің мәйегі» (М.Әлімбаев). Тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінмен-ақ түйіп, күрмеп байлауға құдіреті жеткені – қазақтың кемелдігі мен кемең­гер­­лігінің айғағы. «Таңжарық» роман-дилогия­сындағы: «Ашуланғанда көз қызарады, ашу басылған соң бет қыза­рады»; «Ақсақалдың назасына қалсаң, сақалының ағы ұрады»; «Атасыздың аузы зор»; «Дүниеде өзіңнен шыққан жау жаман»; «Тамам жұлдыз жиы­лып айға жетпес, тамам кедей жиылып байға жетпес»; «Ит құтырса иесін қабады»; «Ерді құдай ұрарда жауға мінер жампозды жабы орнына мінеді, елді құдай ұрарда жатқа бермес жақсысын жалбы орнына көреді»; «Күң құтырса, күл шашады»; «Бұл заманның ісін есті кісі бітірмейді, епті кісі бітіреді»; «Әркім жолдас болады амандықта, бір күн тастап қашады жамандықта»; «Әмірші есірсе, әлеумет сорлайды»; «Тау мен тау қосылмас, ел мен ел қосылар»; «Ат баспаймын деген жерін үш басады, ер жігіт көрмеймін деген жерін үш көреді», т.б. Бір ескерерлігі, Тұрлыбек пай­даланған мақалдар роман-дилогияның мазмұнын ашып, оның құрылысын бекемдеп тұрған берік құрылыс материалдары. Екін­шіден, мақалдан шалқып жатқан өмір­лік оқиғалар өріп шығып, солардың қым-қуыт әрекеттерінің нәтижесі түйінделеді.
Жазушы халық үшін жазады. Халық өзінің ісі, арман, мұраты, бостандығы мен тәуелсіздігі жолында: «Үлкен жер ақиқаты мұндай болды. Бір басқа пәле деген құмдай болды. Кешегі кердеңдеген қайран Тәкең, Бұл күнде жорғалаған құрдай болды… Көр­генім көрмегеннен әлі аз екен, Туралық бұл жерменен араз екен… Ыңырсып бәрі жатыр қараңғы үйде, Өлмес күн өтіп сондай сұмдық күйде…» деп күші басым, айлакер, зұлым жаумен арыстандай айқасып, Үрімжі абақтысында естен тандырған жазалаудың азабын шегіп, «көрмегені көр­генінен асып түсіп», Таңжарықтың «дауыл өлеңінде» түстеп таңбаланған күйді басы­нан өткерген піл сауырлы арыс­тары мен боздақтарын елі ешқашан жады­­нан шығармақ емес. Соның жарқын дәлелі, қуатты партизандық қозғалыстың нәти­­жесінде уақытша құрылған Шығыс Түркі­стан өкіметі абақтыдан бостандыққа шығар­ған Таңжарық ақынын Күнес елі шашу шашып, ақсарбасын сойып, ұлан-асыр той жасап қарсы алады. Тойда домбыра шана­­ғынан күй саулатқан «күй перісі» Әшім күйші күрескер, өлең-жырдың тұл­пары – оған арнаған «Ботам» атты күйін орындайды.
«Таңжарық» роман-эпопеясының эпилогі де сәтті шыққан. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өлер» десе де, түрменің аты – түрме, жеті жылдың әр күні естен тандырған жазалау, аштық, жайсыз нарға жатқан күндер түбіне жетіп, 44 жасында бұл фәнимен қоштасады. Оған өкінбейді. Өлер алдында ең аяулы адамдарын есіне түсіріп, рухымен соңғы мәрте тілдесіп, жүрегі шымырлайды. Өзін-өзі жұбатып, «Ақын өлімнен қорқып жатқан жоқ. Қайта итжанды екен, бұл уақытқа жетті. Сау тамтығы қалмай әйтеуір ел шетіне ілінді-ау! Алла тағала осындай тағ­дыр жазса не істей алады. Елі-жұрты аман болсын! Қазақ бар жерде әлі де талай ақын дүниеге келеді» деп күреспен өткен жылдарына, күрестен тапқан ажалына өкінбей, ел-жұртының амандығын тілеп, аман болса, өзі салып кеткен жолы, жаққан оты өшпей, жалғасатынына шүбәланбайды. Таңжарықтың денесі жер қойнына берілген түнде марқұмның тірі кезіндегі өтінішімен досы Әшім оның қабірінің басында өзіне арнап шығарылған «Ботам» күйін боздата орындаса, онымен бірге келген жан достары Әсейін мен Рымбек те онан қалыспай, Әсейін «Аққудың зары» күйін күңірентіп, Рымбек сырнайымен «Жалғыз аққудың» ащы зарын сыңсытты. Тау мен дала, күллі қорым, жыршысынан айырылған Іле, бұлт басып мұңға батқан аспан құлақ түріп мүлги қапты. Әшім енді «Жетім қызды» күңірентті. Ол аяқтай бергенде Әсейін «Ұшардың ұлуын» қобызында аңырата тартып, ет жүректі езсе, Рымбек «Бозторғай» күйін сырнайында сызылтып сай-сүйекті сырқыратқан. «Абай жолы» эпопеясының эпилогында ұлы ақынның денесі жер қойнына берілген күні, жұрт тарап кеткен соң, Әйгерім мен Дәрмен қабір басына келіп, құранның орнына Абайдың өлеңдерін жатқа оқып, салауат айтатыны бар-ды. Философиялық астары тұңғиық деталь. Тұрлыбек Мәмесейіт «Таңжарық» роман-дилогиясының эпилогында халықтың басына түскен ауыртпалықты бірге бөлісіп, қан кешкен аласапыранды, тар заманда жауларымен ымырасыз айқасып, абақтыда жолбарыстай алысып, жалынды, отты өлеңдерімен бостандық, теңдікті жеңіп алуға үндеген ақын, қоғам қайраткерінің тағдырын ескеріп, қандыкөйлек, мұраттас, армандас күрескер-өнерпаз жан достары Әшім, Әсейін, Рымбектер ел тынышталған тымық кеште Таңжарықтың жас қабіріне келіп, құран оқудың орнына ұлттық аспаптарымыз домбыра, қобыз, сырнаймен халықтың күйлерін орындап, ол халықтың сүйікті перзенті екенін, қазақ барда Таңжарық бар, тәні жер қойнына енгенімен, рухы, ісі, өлеңдері мәңгі бірге жасайтынын тұспалдаған.
«Таңжарық» роман-дилогиясы – эпика­­лық табиғаты бар туынды. Онда оқиғалар­дың өрісі барынша шалқар, қазақ, қытай аймағын қамтиды. Миллиондардың тағдыры кеңінен суреттеліп, таптық күрес өршіп, революциялық өзгерістерді жүзеге асыру кезеңіндегі таптық, қоғамдық сананы ояту, қоғамдық пікір тудырып, қоғамдық ой қалыптастыру, қоғамның асқақ мақсаттарын, ұлттық мүдделерді көздеген деңгейде шешу барысындағы жан алып, жан беріскен айқастар көркемдік-эстетикалық, әлеуметтік-философиялық қуатымен баурайды.
Қысқасы, көп қырлы талант өз потенциалын, имиджін тиімді пайдаланып, тағдыры тағылымды күрескер-ақын тұлғасын арзан мадақтау, даурықпа «айқай-ұйқайға» ұрындырмай, шын­шыл­дығымен, сөз кестесінің бояуы ажарлылығымен, көркем, публи­цис­тикалық стилистикасы «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» поэ­тика талабынан табылуымен, қажымас қайрат, қиын еңбек көрігінен шыққан роман-дилогия ретінде жан сүйсіндіріп, тебірентерлік қасиеттерге ие, мазмұны терең, идеялық пафосы салмақты туындымен қауыштырды.

Тұрсын Сыдықов,
филология ғылымының
докторы, профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.