Атқарғаны бар
Дені сау болса, киімі көк, тамағы тоқ болса, алпыс жасқа талайлар келетіні талассыз. Бірақ соның көбі артына ой сап, көз сап қараса, қараң-құраң еткен әлденелерді, бірдемелерді көре алмай көзі талар еді. Ал Қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жұрналшылар фәкүлтетінің деканы, ғалым ініміз Сағатбек Медеубекұлы ондай бәтшағарлардың қатарына жатпайды. Ол – елін, жерін, елі мен жерінің тау-тасын, өзен-көлін елеп өскен, арғы-бергі тарихын біліп өскен, білгісі келіп өскен азамат.
1976 жылы Халық артисі, Еңбек Ері Серәлі Қожамқұлов ағамыздан Ереуілтөбе оқиғасын өз аузынан естідім. Жұма сайын М.Әуезов мұражайында өтетін тағылым дәрісте естелік айтып, Қарқара жазығында Ораз Жандосов пен Ыдырыс Көшкінов 1916 жылғы көтеріліс құрбандарына қалай белгі қойғызғанын о кісі тебірене айтып берді. «Жұлдыз» жұрналының бас редакторы Шерхан ағамызға кіріп, сол кісінің айтқанын өз атымен жұрналға әзірлеп берсем деген ойымды айтып ем, бастығым қуана құптады. Серке Қожамқұлов ағамызды редакцияға шақырып, айтқанын жазып алдым, жарияладым. Бірақ он жыл бойы ол мақалаға ешкім айтарлықтай көңіл аудармады. 1986 жылы Шерағаң «Қазақ әдебиеті» гәзетінде бас редактор еді. Енді өзім «Тарихи төбе» деген мақала жазып апардым. Басты. Албан көтерілісінің 70 жылдығы сонымен ғана аталды деп ойладым. Ол кезде Зақаш Камалиденов ағамыздың «Тарих түбіне терең бойлады. Хандар мен билерді, алашордалықтарды мақтады» деген жаласымен жұмыссыз жүргем.
Бір күні үйге Өзбекәлі Жәнібеков телефон соқты. «Ана сенің Ереуілтөбең қайда? Кегеннің адамдары бірде-бір орнын көрсете алмады?» деді өзінің зіркілдеп сөйлейтін әдетімен. «Өзеке, оны өзім де көргем жоқ. Серке Қожамқұлов ағамыздың айтқаны мен Елубай Өмірзақовтың естелігін оқығам, сол бойынша жаздым» деп ем, бұрқ етті де, телефонды тастай салды.
Көп ұзамай Өзекең сол Ереуілтөбенің басында митинг өткізіп, төбені тарихи орынға айналдырды. О кісі ол кезде Алматы обылыстық атқару комитетінің төраға орынбасары болатын.
Сол төбе жайында менен кейін іле-шала Сағатбек Медеубекұлы деген бір азамат «Қазақ әдебиеті» газетінде 1980 жылдың жаз айларында «Мың сыр тұнған бір төбе…» дейтін мақала жариялады. Сол мақаланы оқыдым да, «Е, ел-жұртта ел мен жердің тарихына құлағы елеңдейтін інілеріміз бар екен ғой!» деп, әлгі інімді сырттай еске сақтай қойғам. Кейін өзімен таныстым. «Жақсының жаттығы жоқ» деген, ой өрісі, талабы мен талпынысы өзіме ұнап, үнемі араласып тұратын ағасына айналдым.
Ән айтады екен, ән шығарады екен, ел ішінен ескі әндерді жыйнайды екен. Өнерге құлағы түрік, елгезек, ілім-ғылымға үйірсек болып шықты.
Кеген ауылы мен Кеген өзенінің солтүстік бетінде «Әділбектің Ақшоқысы» дейтін әдемі шоқы бар. Соның шығыс жақ іргесінде Ақтасты аталатын ауыл да, жер де бар. Сол арадан Сағатбек көне тасжазуларды тауып, оған ғалымдарды шақырып, сол арадағы иероглиптерді біраз зерттеп, ол араның ертеде мәдениеті дамыған елді мекен болғанын дәлелдеді. Ежелгі Үйсін мемлекетінің бір жұрнағын жұртқа жария етті.
Қарқара жайлауы – қазаққа әйгілі жайлау. Ондағы жыл сайын өтетін жазғы жәрмеңке Арқадағы Қарқаралы жәрмеңкесімен бәсекелес. 1916 жылы Албан көтерілісінің орталығы болған бұл жайлау, тағдыры мен тарихы Ораз Жандосовтың есінен кетпеген, Мұхтар Әуезовтің қаламына іліккен осы жайлаудың тағдыр-тәлейі жайлы, «Қарқара» сөзінің төркіні мен тарихы туралы ол аз қалам тербеген жоқ. Сол араның жер-суын елеп өскен азамат перзенттік парызын шырылдап жүріп өтеді.
Нарынқол, Кеген мен Ақсу-Шарын жұрты «Шәлкөде» атты әдемі бір әнді қырық жыл бойы айтады. Ән «Шәлкөде, мен сенің бел балаң» деген өлеңмен қайырылады. «Апыр-май, бұл өлеңді кім жазды екен?» – деп, бас шайқайтын да қоятынбыз. Ақыры Сағатбек оны да дәлелдеді. Өлең Мұқағалидікі екен, әнді шығарған адам өз аузынан шыққан сөзді бәрімізге жеткізді.
Жоғалды, ұмытылды деп жүрген Шалтабайдың (Ұзақ батырдың әкесі Саурықтың інісі) әнін, Қапездің, Сәдіқожаның, Көдектің шығармалары мен әндерін, Қожекенің күйлерін жарыққа шығаруда бұл Сағатбек біраз шаруа бітірді.
«Әй дүние-ай!» романым, «Кек-намыс» хикаямды жазарда мен ініммен көп сөйлестім, көп көмек сұрадым. Қапез Байғабылұлының мұрағаттан табылған деректерін Сағатбектен алдым.
Мұның бәрі мен білетін еңбектері ғана. Оның мен білмейтін де қыр-сыры көп болар.
Елін, жерін әке-шешенің, ата-бабаның қасиетті мекені деп қастерлей білетін, тарыдай тарихын тәлім үшін пайдалана білетін талантты інімнің 60-қа келуі де айтулы оқыйға. Жасына жас, қосыла берсін! Елін, жерін сүйген жүрегі еліне, жеріне ұзақ қызмет жасасын!
Ағалық ризашылықпен
Бексұлтан НҰРЖЕКЕ-ҰЛЫ
Алдағы сенбі, 3 қараша күні Алматы қаласындағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында белгілі өнер зерттеуші ғалым, ұстаз, ақын-сазгер, журналистика факультетінің деканы Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫНЫҢ «Алатауым менің!» атты шығармашылық кеші өтеді.
Кеште қазақтың тартылмай жүрген күйлері мен айтылмай келген әндері және мерейтой иесінің авторлық туындылары тұңғыш рет орындалады. Концертте:
Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық xалық аспаптары оркестрі, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік xор капелласы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Бейімбет ДЕМЕУОВ, К.Байсейтова атындағы дарынды балаларға арналған РММОМИ xор ұжымы, «ТҰРАН» этно-фольклорлық ансамблі, сондай-ақ Жетісу күй өнерінің қазіргі өкілдерінің бірі, күйші Сауқынбек ШАХАНОВ, ҚР Еңбек сіңірген артисі Рамазан СТАМҒАЗИЕВ, ҚР мәдениет қайраткерлері Еркін ШҮКІМАН, Ерлан СТАМҒАЗИЕВ, Нұржан ЖАНПЕЙІСОВ, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаттары Тілеулес ҚҰРМАНҒАЛИЕВ, Шолпан ДАРЖАНОВА, Ержан ЖӘМЕНКЕЕВ, Мақсат МЕДЕУБЕК, Бауыржан БЕКМҰХАНБЕТ, Рауан ӘБІЛБАЕВ,Сәуле ЖҰМАБАЙ сынды дарындар өнер көрсетеді.
Кеш «АЛАТАУ» ДӘСТҮРЛІ ӨНЕР ТЕАТРЫНДА өтеді.
Келемін деушілерге есік ашық!
Мекен-жайы: Алматы қаласы, «Алғабас-І» шағын ауданы.
Басталуы сағат – 15:00-де