Омарташылар жағдайын кім ойлайды?

Балдың адам денсаулығына қаншалықты пайдалы екенін бәріміз жақсы білеміз. Ал осы бал өндіру кәсібінің қыр-сырына үңіліп көрдік пе? Байқап қарасақ, мұның өзіне тән мәселелері аз емес екен, әсіресе біздің елімізде. Жуырда Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданына жол түсті. Жалпы бұл өңірде бал өндірісі бар екенін білетінмін. Осы сапарымда үржарлық омарташымен жолшыбай әңгімелесудің сәті туып, бірқатар өзекті мәселелерге қанық болдым. Қайрат есімді азаматтың бұл кәсіппен шұғылданып жүргеніне жиырма жылдай уақыт болыпты. Ол өз қызметін бүге-шігесіне дейін біледі. 

– Біздің елімізде омарташыларға жағдай жасалмаған, – дейді Қайрекең.
– Қалай, сонда? – деймін.
– Мысалы, Грекияда кәсіптің бұл түріне арнайы қаражат бөлінеді. Өндірген балдарын да мемлекет өзі сатып алады. Омарташылар балымызды қалай өткіземіз деп бас қатырмайды. Аталған салаға қызығушылық білдірген жастарды Үкімет өзі қамқорлай­ды. Алдымен оқуына жіберіп, кәсіпке машықтандырады, содан кейін өз ісін бас­тауға қаржылай көмек жасайды. Ал бізде омарташылықпен айналысып жүргендердің көбісі жасы ұлғайып қалған азаматтар. Жас­тар бұл кәсіпке қызықпайды, – дейді.
Оның айтуынша, омар­ташылардың жай-күйіне дұрыс көңіл бөлінуі керек. «Біз өзімізбен-өзіміз жүрген адамдармыз» дейді. Ал атқарып жүрген еңбектері ұшан-теңіз. Араны баптау оңай шаруа емес. Оның өзіне тән қиыншылықтары да бар. Айтпағымыз, бұл кәсіп иелеріне мемлекеттік тұрғыдан тиісті қолдаудың болмай отырғандығы. Мәселені оңтайлы шешу үшін барлық түйткілдерді заң жүзінде қарастырып, шаруа­шылықты дамытуға жеңілдіктер жасалып, субсидия бөлу, тіпті омарташыларға байланыс­ты бағдарлама қабылдау керек. Елімізде жылына бір рет құзырлы министрлік өкілдерінің қатысуымен омарташылар жиы­ны ұйымдастырылса, онда кәсіп иелерінің мұң-мұқтажы, талап-тілегі тыңдалса мұның өзі де аз шаруа емес. Бал өндірісін өркендету – экономикамыздың ілгерлеуіне де септігін тигізеді.
Жалпы бал өндірісі әлем елдерінде жақсы жолға қойылған деуге болады. Олардың арасында осы саланың көшбас­шы­лары да аз емес. Статистикалық деректерге сүйенсек, Қытайда жыл сайын 305000 тонна бал өндіріледі екен. АҚШ-та балдың 300 түрі өндірілсе, Аргентина мемлекеті бал экспорттаудан 100 миллион доллар пайда табатын көрінеді. Түркия елі қарағай балын өндірушілердің көшбасшысы саналады екен. Сонымен қатар Үндістан, Испания мемлекеттері де бал өндірісінен алдыңғы орындарда. Еліміздің табиғи жағдайларын ескерсек, Қазақстанға осы елдердің қатарынан көрінуге зор мүмкіндіктер бар. Бірақ тиісті жағдайдың жасалмай отырғандығынан, аталған сала өз деңгейінде дамымай тұрғаны жан ауыртарлық мәселе.

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.