РАРИТЕТ

Қазақтың көрнекті қаламгері, Президент сыйлығының иегері, ұлттық журналистикамыздың мэтрі Жанболат (Әлиханұлы) Аупбаев мырзамен келісе отырып, «Ашылмаған аралдар» атты арнайы айдар аштық. Жалпы журналистикада араға сан жылдар салып қайыра оқитын өміршең дүниелер жазу кез келген тұлғаның қолынан келе бермейді. Жанболат Әлиханұлы сол қиюы қиын машақатты қисынға әкелген тұлға.
Шағындау ғана қара сөмкесін иығына іліп алып жұмыр жердегі құйқа-тамырыңды шымырлататын алуан түрлі тағдырларды жаяу жүріп зерттеген қаратабан журналист Жанболат Аупбаевты сағынған шығарсыздар. Енді «Ана тілінің» оқырмандары үшін екі аптада бір рет таңғажайып тақырыптарға жазылған тамаша мақалалар тұрақты жарияланып тұрады.

Жанболат АУПБАЕВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

2000 жылдың күзі еді. Редакцияға Михаил Васильевич Мадзигон телефон шалды. Бұл кісіні ҚазМУ-де оқыған филфак пен журфак студенттерінің көбі жақсы білсе керек. Ол өмір бойы Қазақстанда тұрып, еңбек етіп келе жатқан адам. Егер сонау 70-жылдардың басында университетте білім алған біз шетел әдебиеті атты руханият Монбланынан бірдеме білеміз десек, тікелей осы кісіге және оның Морозова, Сагалович, Железнов секілді әріптестеріне қарыздармыз дер едік. Неге десеңіздер, арғы антикалық дәуірді айтпағанда, бергі ренессанс кезеңінен қуат алған ХVІ-ХХ ғасырлардағы бүкіл Батыс Еуропа әдебиетіндегі қазына қақпағын ашқан да, әрі оның озық үлгілерін бойымызға сіңірген, құлағымызға құйып берген де осы педагог-ғалымдар болатын.

Михаил Васильевичтің Астана­дағы бізбен хабарласып, газетке өті­ніш білдірген шаруасы онша бас қатырарлық дүние болмай шықты. Оны тез орындап беруге уәде еттік те қарт ұстаздың содан 29 жыл бұрын айтқан ғажап фактіге толы әңгімесін есіне салдық.
— Иә… иә, ол есімде, — деді Михаил Васильевич. — Оны айтып қана қоймай, өздеріңді кітапханаға ертіп барып көрсеттім де емес пе? Менің түсінбей тұрғаным… Ол неге керек болып қалды сендерге?
— Сол қазынаны елге жария етіп, газетке жазсақ деп едік. Ол үшін оның суреттері керек. Соны кітапханаға барып түсіртіп, бізге салып жіберсеңіз.
— Е, жарайды. Алаңдама. Тапсыр­маң­ды орындасымен хабарласамын.
Сөз осымен бітті. Мен Михаил Васильевичтен 1971 жылғы көктемде, ҚазМУ-дегі лекция үстінде ол кісінің сол кездегі ІІ курс студенті біздерге сыр ғып шерткен әңгімесі бойынша төмендегі жайтты жазуға отырдым.
…1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының от-жалынынан оралғанда біздің кейіпкеріміз 27 жастағы жап-жас жігіт болатын. Алматыға келісімен өзі бір кездері оқуға түсіп, оны аяқтай алмай кеткен ҚазМУ-дегі филология факультетінің ағылшын тілі бөлімін бітіру үшін қайтадан студент партасына отырды. Оны тамамдағаннан кейін ассистент-оқытушылыққа қалдырылды да, Чарльз Диккенс шы­ғар­малары туралы ғылыми жұмысқа бел шеше кірісіп кетті. Михаил Васильевичтің бұл тақырыпты алуының өзі де қызық. Сол кездегі одақтас республикалардағы жоғары оқу орындары бойынша әр он жыл сайын шетел әдебиетінен бір ғылыми жұмыс игеріліп отырылуы керек екен. Бірақ ағылшын, француз, испан тілі мамандарына зәру ҚазМУ-де бұл тапсырма мүлде қолға алынбай, орындалмай келген. Орталыққа берілетін жылдық есепте аталмыш мәселеге байланысты ылғи сөз естіп, одан әбден запы болған университеттің ғылыми кеңесі осы тақырыпты Михаил Васильевич Мадзигонға жүктейді де көңілдерін бір демдейді.
Ағылшын тіліне жетік, шетел қалам­гер­лерінің шығармаларын түпнұсқадан еркін оқи алатын ол алғашында бұл міндетті орындап шығатынына іштей сенімді-тін. Бірақ қиындықтың басқа жақтан бой көрсетпесі бар ма? Ол — сол кездегі Алматы кітапхана­ларындағы ағылшын тілінде басылған шығармалардың мүлдем аздығы және шетел әдебиеті мен тіліне қатысты кафедралардың Қазақстан мен Орта Азия республикалары жоғары оқу орындарында әлі құрыла қоймағандығы себепті бұл бағыттағы диссертациялардың тек Мәскеу мен Тбилисиде ғана қор­ғалатындығы еді. Қарап тұрсақ талабыңды таптап, жігеріңді жасыта­тын-ақ қиындықтар бұлар.


Осыған қарамастан жас ғалым өзіне бекітіліп берілген тақырыпқа ынты-шынтымен кіріседі. Жатпай-тұрмай ізденіп, Алматы кітапханаларын адақтап шығады. Байқап қараса, біраз дүние жинақталып қалғандай. Олар Чарльз Диккенстің «Оливер Твистің басынан кешкендері», «Пиквик клубының жазбалары», «Дэвид Копперфильд» сияқты орыс тіліндегі романдары мен Белинский, Чернышевский, Толстой, Горький, тағы басқа әдебиет өкілдерінің ағылшын жазушысына берген бағалары және Луначарский мен Шордың бірлесіп жазған «Диккенс» атты кітапшасы. Ғажабы сол, Чарльз Диккенс XX ғасырдың алғашқы ширегінен бас­тап, қазақ оқырмандарына да жол тарта бастапты. Оның бұл бағыттағы тұңғыш тәржімешісі Әлкей Марғұлан десе де болғандай. Ол кісі ағылшын қаламгерінің «Бастилия тұтқынын» қазақ тіліне аударып, 1931 жылы жариялатыпты. Михаил Васильевич оны да көрді. Бірақ… иә, бірақ ең басты әрі қажетті нәрсе жоқ. Ол — диссертация объектісі болып табылатын қаламгердің құрығанда ағылшын тілінде шыққан үш немесе бес томдық шығармалар жинағының Алматыда болмауы.
Не істеу керек?
Осы сұрақты өзіне-өзі қайыра қойған жас ғалым «жазған құлда шаршау жоқ» дегендей, Алматыдағы А.С.Пушкин, одан кейін ҚазПИ мен ҚазМУ-дегі кітапханалар сөрелерін тағы бір сүзіп шығуға бел байлайды. Нәтиже жоқ. Бұдан кейін ол қаладағы көптеген ғалым, жазушылардың жеке кітапханаларына сұрау салады. Бос әурешілік. Өстіп жүргенде оған ҚазМУ-дегі өзі білетін библио­граф апай жолығып қалады да таяу­да университет кітапханасына бір жүк машинасына толы кітаптың келіп түскенін, тау-теңіз боп үйіліп жатқан сол басылымдардың ішінде «Диккенс» деп латын әрпімен таңбаланған бес-алты буманың жатқанын айтады. «Диккенс» деген сөзді естігеннен-ақ есі кеткен ол бас корпусқа құстай ұшып жетеді де өз көзіне өзі сенбей тұрып қалады. Дәлізде оның табанынан таусылып іздеген жоғы шашылып жатыр еді. Және білесіздер ме, таза ағылшын тілінде шыққан ол 10 немесе 15 том емес, бақандай 40 том дүние болатын!
— Бұл қайдан келген байлық? Мына… иә, мына кітаптарды қай жерден алып келдіңіздер? — деп сұрады қуанышы қойнына сыймаған жас ғалым тізім жасап отырған қыздан.
— «Букинист» подвалынан, — деді ол. — Дүкен меңгерушісі жылдар бойғы өтпеген кітаптарын сонда апарып үйе беріпті. Таяуда олар бұл басылымдардың бағасын төмендетіп, бізге сатуға шарт жасасқан. Сіздің іздеп жүрген авторыңыздың шығармалары мұнда, міне, осы «Букинист» тауарларымен бірге келіп қалған жайы бар.
Иә, бұл ғажайып рухани қазына болатын. Егер сөз етіп отырған оқиға­мыздан сәл оза отырып баяндасақ, құрметті оқушым, ол дүние жүзінде өте сирек кездесетін, құны тек алтынмен ғана бағаланатын басылым еді. Қолға түскен бұл 40 томның құндылығын мына мысалдардан бағамдап, байқауға болады. Кейін анықталғанындай, Чарльз Диккенстің аталмыш толық шығармалар жинағы сол кездегі кітап қоры ең бай Ленинградтағы Салтыков-Щедрин мен Мәскеудегі В.И.Ленин атындағы кітапханалардың өзінде жоқ болып шығып, шетелдерде ол тек екі-ақ жерде кездескен. Бұлар АҚШ-тағы Конгрестер және Англиядағы ұлы мәртебелі Королева кітапханалары еді.
Сонда аталмыш басылымның осынша­лық сирек кездесіп, аз тара­луының сыры неде? Және бұл еш­кімге таптырмайтын шығармалар жи­нағы, қолға түспес ғажайып қазына қиырдағы Алматыға қалай келіп жүр? Қане, енді осы сауалдарға жауап іздеп көрелікші.
…1906 жыл. Лондон. Осындағы бай әрі беделді «Чепмен және Холл» баспасының алқасы мынадай шешім қабылдайды. Жазушы Чарльз Диккенстің ешкімге ұқсамайтын, бұрынғы шығарылған басылымдарын қайталамайтын мүлдем жаңа сипаттағы полиграфиялық сапаға ие 40 томдық жинағын сувенир ретінде шығару керек. Олардың мұндай ұйғарымға келуіне ұлы қаламгер туындыларының басынан аяғына дейін өздерінде үзбей басылып келе жатқанына 70 жыл толғандығы себеп болған еді. Иә, 1836 жылы есімі әдеби ортаға мүлдем белгісіз Чарльз Диккенс атты бұйрабас бозбала тырнақалды туындысын еш жерге бастыра алмай, «Чепмен және Холл» баспасының есігін келіп қағады. Ондағылар: «Тәуекел!» — деп оның шығармасын жарыққа шығарған кезде бұл кітап оқырмандар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып, банкроттықтың аз-ақ алдында тұрған баспа мол табысқа кенеледі. Содан бастап Чарльз Диккенс өзінің жаңадан жазған роман, повесінің бәрін басқа жерге бермей, тек «Чепмен және Холл» баспасына ғана әкеліп отырған. Ұлы жазушының осындай қасиетіне риза болған әрі оның шығармаларының өтімділігі арқасында тасы өрге домалап, байыған баспа қаламгер рухына тағзым ретінде 1906 жылы оның толық шығармалар жинағын басып шығаруға ұйғарым жасаған.
Содан Лондонда аталмыш 40 томдық 750 дана ғана болып жарық көреді. Оның сапасы, полиграфия­лық тұрғыдағы безендірілуі жұртты таңғалдырады. Мұқабасына: «Тек қана коллекционерлер үшін» деп, белгі соғылған бұл жинақ көзді ашып-жұмғанша сатылып кетеді де уақыт өте келе ешкімге таптырмас өте құнды әрі сирек рухани қазынаға айналады.
Ал ол Алматыға қалай келген дей­­сіздер ғой. 1941-1943 жылдар ара­лы­ғында Ленинград қаласы неміс әскерлерінің құрсауына түскені белгілі. Сол кезде оның тұрғындарының бір бөлігі эвакуациямен Қазақстан астанасы — Алматыға келіп орын тепкен. Олардың арасында ата-бабасынан бері ақсүйектіктің тіні үзілмеген көптеген зиялылар бар еді. Міне, солардың ішіндегі бір орыс әжей тұрмыстан қатты тарыққан болуы керек, Ленинградтан алып келген жоғарыдағы 40 томдықты «Букинистке» 2 мың сомға сатады. Бұл сол кез­дегі бағамен есеп­тегенде 8 бөл­ке нанның құны еді. Ал одан соң ол қазына аталмыш дүкен сөресінде тұрып-тұрып, өтпеген соң подвалға түсіріледі. Кейін жоғарыда баяндағанымыздай, ҚазМУ кітапханасынан келіп бір-ақ шығады.
…Өзінің іздеп жүрген жоғын кез­дейсоқ тапқан Михаил Василье­вич Мадзигон осыдан кейін ғылы­ми тақырыбына керемет бір құлшы­ныспен білек сыбана кіріседі дейсіз. Нәтижесінде канди­даттық диссер­тациясын 1964 жылы Тбилисиде сәтті қорғаған ол құжаттарын ВАК-қа (Жоғары аттестациялық комиссия) жіберіп, уh дейді. Бірақ… Иә, бірақ ондағылар мұның бұл еңбегін мойындамайды. Комиссия отырысында ғалымның көзін бақырайтып қойып: «Қайдағы бір провинциялық қалада тұратын дилетант мұндай тақырыпты қалай бекітіп алып жүр? Бұл Мәскеудің, тек Мәскеу ғалымдарының ғана айналысатын дүниесі емес пе? Қиырда жатқан жабайы Алматыда зерттеліп отырған объектіге қажет оқулық, шығармалар бар ма екен өзі?» деп сілікпесін шығарады.
«Мен Мәскеуді бірінші рет көріп тұрғаным жоқ, — дейді өзіне сөз берілгенде Мәскеу, Мәскеу деген даурықпадан шаршаған Михаил Васильевич. — 1941 жылы сіздер қайта-қайта айта беретін осы Мәскеуді мен қанымды төгіп корғағанмын. Енді арада 23 жыл өткенде сол Мәскеуден қорғанып тұрмын. Бұл — бір. Екінші, Алматыда Чарльз Диккенс шығармашылығына қатысты материалдар жоқ-жоқ дейсіздер. Оны сіздерге кім айтты? Біле білсеңіздер ең сирек, ең қасиетті дүниелер сонда. Мәселен, өзіміз сөз етіп отырған жазушының 1906 жылы Лондоннан шыққан 40 томдығының құнының қандай екенін сіздер менен жақсы білесіздер. Ленинград пен Мәс­кеуде, Киев­те жоқ сол жинақ сіздер про­вин­ция­лық қала деп баға берген Ал­матыда тұр. Құ­дайшылық­та­рыңыз­ды ай­тыңыз­­­дар­шы, ол мұнда бар ма? Жоқ. Мен, міне, осы қазы­наны пайдаландым».
Алматылық ғалымның мына сөзін естігенде ВАК-та отырған Батыс Еуропа әдебиетінің білгірлері М.Е.Елизарова, А.А.Елис­тра­това сияқты ғалымдардың өзі сылқ ете түседі. Өйткені бұл кісілер өзіміз сөз етіп отырған жинақтың құны мен бағасын да, қадір-қасиетін де өзгелерден артық білетін. Сөйтіп, олардың пікірлерінің өзгеруі біздің кейіпкерімізге жеңіс әкеледі. Михаил Васильевич Мадзигон Мәскеуден Алматыға филология ғылымының кандидаты деген атақты қанжығасына бөктеріп қайтады.
…1971 жылдың көктеміндегі лекция үстінде айтылған осы әңгімеден кейін мен Михаил Васильевичке ілесіп барып, ҚазМУ кітапханасынан сол рухани қазынаны көрген едім. Ол кезде 19 жастағы бала кезім. Мектепте оқып, университетте жалғастырған немісшеден басқа шетел тілін білмейтін уақытым. Сондықтан ағылшынша шыққан атақты 40 томдыққа сырттай қызыға қарап, ары-бері аударыстырдым да қойдым. Есімде ерекше сақталып қалғаны — әр кітаптың әр парағының арасына жеке-жеке салынған жұқа үлбірек қағаздар болды. Бұл жинақ беттеріндегі әріптер үйкеліп, тозбауы үшін жасалған әдіс болуы керек. Содан кейін сувенир үшін коллекционерлерге ғана шығарылған бұл 40 томдықтық 38 томы Чарльз Диккенстің тікелей өз шығармалары екен де, ал қалған 2 томы Форстер деген ғалым ба, сыншы ма, әйтеуір сол кісінің ұлы жазушының, яғни автордың өмірбаяны мен шығармашылығын бүге-шігесіне дейін қалдырмай, талдап тұрып жазған дүниесі екен.
…Жоғарыдағы жайттың бәрін есіме түсіріп, жазып болған соң Алматыға, Михаил Васильевичтің үйіне телефон соқтым. Ойым — ҚазМУ кітап­ханасындағы қазынаны суретке тү­сіртіп, ол фотоларды газетке осы мақа­ламен қоса жариялау еді.
— Өкінішке қарай, — деді ауызекі аман-саулықтан соң қарт ұстаз наза­ланған үнмен, — тапсырмаңды орындай алмадым.
— Неге?
— Кітаптар орнында жоқ. Қанша іздестірсем де таба алмадым.
— Мүмкін оны біреулер оқуға алған шығар… Немесе орны ауысып, басқа сөрелерде тұруы да…
— Жоқ. Қолды болып кеткен сияқты.
— Қызық екен… Сонда оны кім алуы мүмкін?
— Құнын білген адам да. Өзім де оңбаймын. Қырық жыл бойы оны кім көрінгенге айта бердім емес пе? Солардың ішіндегі пысықай біреуі мына нарық заманында бизнес жа­самақ болып «жекешелендіріп» алды да.
— Соңғы рет ол шығармалар жи­нағын кітапханадан қашан барып көрген едіңіз?
— Жеті-сегіз жыл шамасы бұрын. Библиограф Даниловтың өтінішімен барып ем. Онда аман-есен тұрған болатын. Ал, кейін… иә, кейін жасымның ұлғайғанын өзің де білесің.
Жүріп-тұру қиындап кетті емес пе?.. Сол себепті ат ізін салмағанмын. Енді айтып тұрмын ғой… Әнеукүні өзіңмен сөйлескен соң барып қарасам, жоқ.
«Апыр-ай, ә, — дедім қарт профессорды аяған мен ішімнен. — Қолда тұрған қымбат қазынадан айырылып қалғанымыз ба сонда?».
Михаил Васильевич артық әңгіме айтып, аңғырт кетпейтін адам. Жасы 82-ге келген қария өтірік айтып не көрініпті?! Демек, оның қаупі дұрыс. Құнды кітаптар қолды болған. Пысы­қай­лар одан коммерция жасаған. Жа­са­ғанда да мықтап асаған. Әттеген-ай…
Коммерция демекші, көлеңкелі кооперативтер қаптап, жабайы бизнес жайлаған 90-шы жылдардың басында «Вечерняя Алматы» газеті мынадай бір хабар жариялады. Сол кездегі Қазақстан астанасында Израильдің өзінде жоқ «Еврей халқының тарихы» атты 12 томдық кітап болған. Міне, осы жәдігердің құнын жақсы білетін біреу оны азын-аулақ тиын-тебенге сатып алып, Тель-Авивке қомақты валютамен асырып жіберген. Бұл, журналист Сауытбек Абдрахмановтың сөзімен айтқанда: «Алматыда бұрын болған жәдігер енді бізде жоқ. Ал Тель-Авивте бұрын болмаған кітап енді оларда бар». Сол сияқты ағылшынның ұлы жазушысы Чарльз Диккенстің АҚШ-тағы Конгрестер, Англиядағы королева және Қазақстандағы ҚазМУ кітапханаларында ғана бар толық шығармалар жинағы таяу және алыс шетелдерде бұрын жоқ еді. Қазір енді бұл құнды рухани қазына оларда бар, бізде жоқ болғаны ма? Парадокс?!
Авторлық анықтама. Біз осыдан кейін Чарльз Диккенс көп томдығының жоғарыдағы тағдыры туралы 2000 жылғы 8 қарашада «Егемен Қазақстанда» мақала жазған болатынбыз. Содан екі апта өткен соң, яғни 23 қараша күні редакцияға ҚазМУ-дың сол кездегі проректоры, экономика ғылымының докторы Е.Б.Жатқанбаевтан хат келді. Онда ол қазіргі уақытта бұл басылым университеттегі ғылыми кітапхананың сирек кездесетін білім қорында тұрғандығын және оқырмандардың пайдалануында екендігін хабарлап, оған айғақ ретінде аталмыш жәдігерді суретке түсіртіп, редакциямызға салып жіберіпті. Біз бұл хатты алысымен бірден Алматыға, Михаил Васильевич Мадзигонға телефон шалдық. «Сенейін бе, сенбейін бе… Мүмкін емес, — деді таңданысын жасыра алмаған қарт профессор. — Айттым ғой, біз Данилов екеуміз (бұл жерде ол кісі белгілі библиограф, атақты кітапқұмар Даниловты айтып отыр — авт.) университет кітапханасы­ның сөрелерін түгел шарлап, оны қанша іздестірдік. Сондағы қанша қызметкерлермен әңгімелестік. Таба алмадық емес пе? Енді келіп… Жо… жоқ. Өз көзіммен барып көрмейінше мен оған сенбеймін».
Екі пікір. Екі түрлі жағдай. Мен не деймін, домбырам не дейдінің кері емес пе бұл? Бірақ біз сөз етіп отырған раритет бар екен! Михаил Васильевич арнайы барып, өз көзіммен көргенін бізге қуана хабарлады. Десек те, ол қалай жоғалып, табылды? Өмір бойы сол рухани қазынаның шырақшысы болып келе жатқан қарт профессор оны кенет… неге таба алмай жаңылды? Ой көп. Ал әзірше.. иә, әзірше… кітап бар екен! Құнды қазына өз орнында тұрған болып шықты. Ең бастысы да, бізге керегі де міне, осы ғой.
Содан бері де, міне, 18 жыл өтіпті. Михаил Васильевич Мадзигон ақсақал қазір бұл өмірде жоқ. Қария 2013 жылы қайтыс болған. Ал ғалым ұстаздың өмірінің мәні болған жоғарыдағы көп томдық ҚазҰУ кітапханасында бар ма екен? «Тұрған шығар» дейміз іштей.

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.