Зиялылық өлшемі

«Адам жан сұлулығынан айырыл­ғанда – бәрінен айырылады» дейді ХІХ ғасырдың белгілі ағылшын (Ирландия) жазушысы Оскар Уайльд «Дориан Грей портреті» романында. Жан сұлулығы мен өлермен өктемдік – екеуі бір-біріне кереғар, үйлеспейтін өлшемдер. Жан байлығында салиқалы да көрегендік бекзаттылық бар, ал екіншісі – құлдық жартыкештік психологиядан туындайтын болуы керек. Жаны ізгіден нұр тарайды, оның жанындағылар қанаттанып, биікке самғайды. Ал ақын жанының қайнар бұлағынан атқылап шыққан сәулелі жырдан ел нәрленіп, еңселенеді.

 

Жүзіктің өзінен де көзі қымбат,
Ақынның сыйынан да сөзі қымбат,
Қанша ұзақ жасаса да Ер жігіттің,
Еліне себі тиген кезі қымбат, – деп жыр­­лаған Қазақстанның халық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, бүгінде 95 жылдығы аталып өтіп жатқан Мұзафар Әлімбайдың да туған хал­­қына бергені де, аянбай еткен еңбегі де қыруар.
Жырлар керек, өмірді жырлау керек,
Жырлау үшін желілі жылдар керек,
Ұзата гөр, тағдырым, жылдарымды,
Бермей-ақ қой бақытты мыңнан бөлек, – деп тілеген ақынның ниетін Жаратушы қабыл етіп, ғасырға жуық ке­зең­дегі небір жан түршігерлік зор­лық-зобалаңның қайғы-қасіретін хал­қы­мен бірге бастан кешіп, бүгінгі тәуел­сіздіктің атқан әрбір таңына мінаәжат етіп, туған ел-жұртымен бірге қарсы алған абыз мына өлеңінде:
Мен нұр болсам – күнненмін,
Мен гүл болсам – жерденмін.
Толқын болсам – көңілден,
Мен ұл болсам – елденмін, – деп толғанады.
Бұл жан-тәнімен ел-жұртына ұқса­ған, халқының рухани қазынасымен нәр­­ленген, дарынын да, жалынын да туған жұртына сарқып бере білген ел ұлының көңілінің марқаюы, халқына арқа сүйеуі.
Жастық шақтың уызын Ұлы Отан со­ғысына жұтқызып, көңілдері атқы­лаған оқтан күлдіреп қалса да, аман-есен елге оралып,туғандарымен қауышқан сол ерлердің, миллиондаған қыршын кеткен боздақтардың атқара алмай кеткен міндеттері де өздерінің мойынында екенін сезінуі – олардан мықты болуды талап етті.
Қандай соғыс болмасын, ол ең алдымен, адамның психикасын жаулайды. Бораған оқтың астында шабуыл­ға шыққан бозбалалардың бойындағы қорқыныш, жан дүние­сіндегі қопа­рылыс пен астан-кес­тенді шынайы, ашып жазуға болма­ғандықтан, Кеңес әдебиетіндегі социалистік реализм бағытымен жазылған көптеген шығар­маларда кейіпкерлерді құрыштан құйылғандай, адами, пенделік әлсіздікке бой алдырмайтын етіп көрсетті. Әрине, бұл соғыстағы жеңістің жетістігі әрбір саналы азаматтың өз еліне, ата-ана, бауырларына деген ғасырлар бойы қалыптасқан сүйіспеншілігі мен адал­дық борышында жатқан да шығар, бірақ коммунистік идеалдарға берік тұлғаларды сомдаудағы кеңестік көркем әдебиеттің де атқарған міндеті зор еді ғой.
Ал бірінші дүниежүзілік соғысқа қатыс­қан Америка Құрама Штаттары мен Еуропаның әйгілі жазушылары: Э.Хемингуэй, Э.М.Ремарк, Ф.С.Фицдже­ральд, У.Фолкнер, Дж.Дос Пассос, т.б. «біз тоқырауға ұшырап, адасқан ұрпақпыз, себебі соғыс біздің барлық идеалдарымызды күйретті, көңілімізге сенімсіздік ұялатты, біз «өркениетті елдің азаматымыз» деген үгіт-насихатқа алданыппыз» деген сияқты пессимистік көңіл күйлерін, сол 1914-1920 ж.ж. жазған шығармаларында жанайқайын, іштегі күйігін сыртқа шығарып, әлеммен бөлісу арқылы жеңілдеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан (1939-1945 ж.ж.) кейін де АҚШ, Ұлыбритания, Федеративтік Германияның «күйреуге ұшырағандар» әдебиеті дүниені шарлады. Бірақ кеңестік әдебиет пен барлық өнер саласында қоғамымызда ешқандай психологиялық күйреуге де, тоқырауға да ұшыраушылық болмағандай, тек «жағымды, жағымсыз» кейіпкерлерді сомдаумен шектеткізілді.Коммунистік идеалдарға берілген, мінсіз бас кейіпкерге жас буынды еліктеткізіп өсіру де ұлы Отан соғысындағы жеңіске жетуге ықпалын тигізгені анық. Бірақ сұм соғыстан жаны аман қалып, қан кешіп, қандықол болып елге оралған әсіресе, өрімдей жастардың көкірегіндегі шер мен көмейге тығылып қалған өксікті кім көре білді, олардың іштеріндегі іріңдеп жатқан жарасы «еңбек терапиясымен» емделіп кетті ме? Құдайға мұңын шағуға да Үкіметтен қорқатын азаматтардың бойын жайлаған үрей, оларды «сырты бүтін, іші түтін» халде өмір сүруге мәжбүрлеген жоқ па? Атақты батыр, партизан-жазушы Қасым Қайсенов ағамыз жылдар бойы айта алмай, санасын жегідей жеген күйзеліс-үрейін, тәуелсіз халқының алдында, өзі жайлы түсірілген деректі фильмде: «Мен мойныма адам өлімін жүктеген адаммын, қолым қанды, Құдай мені кешірмейтін шығар деп қорқамын» деп ақтарылып, ішін босатқандай болды. Бұл жүрек шері, «арымды күнәдан қалай арылтам» деген жан ышқынысы еді, халқының алдында осылай ағынан жарылу – әркім­нің батылы жете бермейтін алыптық қасиеттің белгісі.
Сол соғыс жарықшақ боп
бойымда жүр,
Қасіреті жүйкені сойылдап жүр.
Күн емес ол еске алып қоя салар,
Көктемеде –жеңістің тойында бір.
Кім ұмытар қасірет тосын келсе,
Оқ пен отқа кеудесін тосып ерше,
Қаңтардан да ызғарлы жер қойнына
Он сегізге толмаған досын берсе?!

Ошағы өртенгенін кім ұмытар?
Досының ерте өлгенін кім ұмытар?
Жүрегі дерттенгенін кім ұмытар?
Халқына шер төнгенін кім ұмытар? – деп риторикалық толғаумен толғанған ақын Мұзафар Әлімбай сияқты ата-ағаларымыздың бойында жарықшақ болып қалған сол соғыс жаңғырығы олардан туған біз сияқты ұрпақтың да бойына өз таңбасын салғаны анық. Ештеңе де ізсіз кетпейді ғой. Өмір жолынан қаланып, моральдық мұрамызға айналған сана жүгі жылдан-жылға ауырламаса, жеңілдемесі хақ. Сол кеңестік тоталитарлық жүйенің темір құрсауында жүріп-ақ, туған ұлтының қадір-қасиетін, жарқын жан дүниесін көркем ойлы шығармалары арқылы көр­сете білген, халқымыздың генетикалық еркіндік кодын сақтап қалуына арқау болған жазушыларымыз жұртымыздың қамқоршысы һәм рухани көшбасшылары бола алды. Мысалы, Мұзағаң «Шегендік Әлен ақын айтыпты» атты поэмасындағы мына шумақта:
Жүректен асқан сандық жоқ,
Ерліктен асқан салдық жоқ.
Елдіктен асқан ерлік жоқ,
Еркіндік алмай теңдік жоқ.
Наданнан асқан кемдік жоқ,
Құлдықтан асқан қорлық жоқ,
Қорлықтан асқан зорлық жоқ, – дегенде, Әлен ақынның аузына салып, өз арман-мүддесін, халықтың көкейіндегісін айтып тұрған жоқ па?
1992 жылы жарық көрген «Толқын­нан толқын туады» атты қазақ әдебиеті қай­раткерлерінің шығармашылығына арналған зерттеулер, эссе, естеліктер кіта­бындағы ақын Мағжан Жұмабаев жайлы: «Мағжан жырларында мәнсіз­дік, мағынасыздық атымен ұшырас­пайды, жылан салқындық табылмайды, оның сөзі қайнап, бұрқырап тасып жатқан гейзер суындай ыстық! Мағжан жүрегі рентген айнасындағыдай оқырманның көз алдында лүпілдейді, шиыршық атады, атқақтайды, тайша тулайды, кейде ақ қағазға қып-қызыл қанын сорғалатып жатқандай әсер береді… Жұмабаев поэзиясының сарқып құяр сағасы – сахарадағы туған халқына жанашырлық, тарих көшіндегі қозғалысына болысу!» деп жазған ақын-зерттеуші Мұзафар ағамыз қазақтың маңдайына біткен Мағжандай от жүректі ақынның поэзиясының толассыз мұхи­тының тереңіне сәулелі ой-түйсігімен сүңгіп, оның жан тұңғиығындағы маржан­дарының қасиетін аша білген.
Қазақ даналығының келбетіндей арынды жыраулар жырларынан бастау алып, кемеңгер Абайдың ордалы ой дүмпуі­нен қуаттанған, Шәкәрім ақынның Ұлы Ақиқатқа деген риясыз сенімінен туындаған пәлсапасымен нәрленіп, Алаш арыстарының бек­заттық, пассионарлық отына шарпыл­ған туындылары, Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушының дала стихиясын, қазақ­тың рух-болмысын шебер көркем­дікпен адамзатқа жеткізуі – 1950-1980 жылдар аралығындағы бүкіл қазақ қаламгерлерінің қанатын кең жайып, өрістерінің кеңейе түсуіне зор ықпал еткені сөзсіз. Қазақ әдебиетінің май­талмандарының өмірлері мен шығар­ма­ларына арнаған зерттеулері мен эссе­лерінің бірінде Мұзағаң: «Пайғамбар ақындар болмысты, құбылысты, қимылды түгел-толайым тұтас қалпында көңіл экранына түсіре білетін бір сиқыры болса керек! Өйткені олар – үлкен серпінді, кең тынысты поэзия жасаушылар!» деп, ол ақындық болмыстың құпиялылығына тамсана түседі.
Мұзафар ағамыздың Мұхтар Әуезовтей алыптың жанында жүріп, оның айтқан ойларын жазып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізгенінің өзі баға жетпес қазына ғой. Мұзағаң эссесінде ұлы жазушының қаламгерлік жайында айтқан бір ойын келтіреді: «Таяуда бір жас жігіттің повесін оқыдым. Қозғалыс, даму жоқ. Жайлы-жақсы, қоңыр ғана жайлар. Бар қасиетті сыртқа шығармақ керек. Адам тұтанып жанып, тұтанып жанып тұрмас па! Шығарманың оғы, оқ дәрісі бар сияқты, бірақ атылмайды. Пугач боп атылатын да, пушка боп атылатын да адам бар. Адам ішінде ядро қуаты бар. Соны жара біліп, алу керек. Біздің жастардың жазғандарында кейіпкерлер не жыламайды, не құламайды. Адам ата боп қайғырмай ма, ана боп жыламай ма?» деген кемеңгер жазушының дарын қуаттылығы жайында тебіренісін айта келе, Мұзағаң: «Мұхаңның алдында біраз болғанның өзінде кісінің күннен сәулеленген сияқты көңілі нұрланып шыға келер еді, – деп қанаттанады. – Бірде сөзден-сөз туып Мұхаңның: «Өз басым талай ғалымды көріп-біле жүре, солардың өз ұстаған ілімі төңірегінен әрі аса бермейтініне ішімізден қабақ шытып қалатынымыз да бар. Ал Қаныш болса М.Горький сөзімен айтсақ, «бүкіл бір мекеме». Қазақ «сегіз қырлы» дейді ғой. Бәлі, бұл сөз кем соғады. Қаныш басының қадір-қасиеті, дарын-таланты орасан мол. Оған Мәскеу оқымыстылары қандай ден қояды?! Қаныш даңқ-дабыра, ду мен шуды суқаны сүймейді!» деген алып жазушының Қаныш Сәтбаевтың асқарлығы жайлы тамсанысын Мұзафар ағамыз шаттана жазған екен.
«Әр қаламгер, дарын жомарт­ты­ғымен халқын қарық қылушы, дербес бір әлем, жалпақ жиһан. Ұлан-ғайыр сол дүниенің ішіне кіріп, ұңғыл-шұңғылына дейін үңіліп зерттей тану, жанға ләззат алу, белгілі шығарма иесінің стильдік өзгешелігін айы­ра білу, сыншылардың да кез келгеніне оңай асу емес. Оған қапысыз талғам, терең білім, зерттегіштік талант қажет» деп ақын, зерттеуші Мұзафар Әлімбай қаламгерлік пен шығармашылыққа деген өзінің қырағылық, қастерлі көзқарасын танытады. «Ұлы болу – бағыт-бағдар сілтеу» деген екен Австрияның жазушысы Стефан Цвейг. Ұлылардың жан дүниесіне бойлап, шығармаларын тереңінен зерттеу үшін де бойында ұлықтылық пен көрегенділік көкірек көзі бар Мұзафар Әлімбай сияқты жан-жақты дарын иесіне өз заманының әдеби, мәдени, зор тұлғаларымен сырласу, рухани ағайындық қарым-қатынаста болу бақыты бұйырған екен.
Біздің қазақтың тау тұлғалы ұлдарының жастайынан өздерінің халықтың тірегі екенін сезініп, елінің болашағына зор жауапкершілікпен қарайтынының дәле­лін­дей мына жан тебірентер көріністі Мұзафар Әлімбай ағамыз 2002 жылы шыққан «Көзін көрдік жақсы менен жай­саңның» атты естелік кітабында қазақтың марқасқа жазушысы Ғабит Мүсіреповтың айтқанынан келтіреді: «Орынборда Сәбит екеуміз Сейфуллиннің пәтерінде жатып оқыдық. Содан бері білем. Оның бәрін түтінін үзбей айта берсек, ұзақ сонарға түсіп кетерміз. Тоқ етер түйінді бір эпизод соңғы көруімді айтайын… 1937 жылы күзгі айлардың бірінде Жазушылар одағында Сәкен Сейфуллиннің «Қызыл сұңқарлар» пьесасының жаңа редакциясы талқыланды. Шығарманы, шынымды айтып, қатты сынадым. Ол кезде сөз иесіне қарамайды, сөзіне қарай бағалау салт болатын… Көркемдік қуатының солғындығын айттым, тартыс, коллизия бәсеңдігін жасырмадым пьесаның. Сәкен аға айтылған сындарға тіксініп қалғаны бүркеусіз сезілді… Үйді-үйімізге тарттық. Шайымды ішіп болып, кешкіде кабинетте сол күнгі газеттерді ақтара бастағанмын. Біреу сыртқы есікті таяқпен итеріп ашқандай болды. Мен де қарадым – ар жақтан үстіне плащ киген, басында шляпа, Сәкен аға көрінді… Күтпеген келіс! Мен «сілкілеуге келді-ау» дегендей іштей жиырылып қалып, түрегелдім… Қайран қалатыным, жайшылықта жалпақ тілмен, қарапайым қоңыр сөйлейтін Сәкен Сейфуллин біреумен ұрысса, кейіссе, ренжіп мінбеден сөйлесе қайдағы-жайдағы әрі қатқыл, әрі удай ащы атауларды қаптатып, қарсыласын батпандай сөздермен қатты соққылап «жеп» қоятын әдеті… Мен қарсы беттеп, үш-төрт аттадым білем.
– Сәкен ағам ренжіп кетіп, тірескелі келді, – деп тұрсың ғой, ә?! Отыр! Тіксін­бей-ақ қой! Отыр! Әңгіме бар! – деді Сейфуллин. Екеуміз де орындыққа жайғастық. Қолындағы кавказ таяғын тізесіне көлде­нең қойып, сөйлеп кетті.
– Мені жуырда әкетеді… Оған шүбәң болмасын! Сендерге тимейді. Әде­­биеттің басында енді сендейлер, сендердің жасыңдағылар қаласыңдар… Ежелден-ақ әдебиет – елдіктің ең бірінші белгісі, халықтың басты қасиетін бойы­на дарытқандар – ақын-жазушылар – ха­лықтың қамқор панасы, дауыл өтіндегі қалқан тауы. Біздің қазақ – қасқыр мінездес халық… Бірін-бірі талаудан тайын­байды. Сендерге аманатым – қазақты біріне-бірін жегізбеңдер, аман-сау алып қалыңдар. Мен осыны ғана айтуға келдім. Көз байланған кез ғой. Көзге түспеген шығармын. Ал, қош, Ғабит! – деп орнынан жылдам тұрды.
– Сәкен аға, ондай үрейлі ойдан аулақ болыңыз. Сізге де тимейді. Елдің алдын­дағы ерен еңбегіңізді қайда қояды?! – дей беріп едім, – мендейлердің нешеуі аман қазір? – деп кесіп тастады. Қолымды қатты қысты да, сыртқа беттеген Сәкен қараң­ғылық қойнына сүңгіп бара жатты… Сәкен ағаны соңғы көруім сол екен! Екі күннен кейін бүкіл қала дүңк ете қалды: – Сәкен Сейфуллинді ұстапты…
Қандай нарлық қасиет! Өзі өлім ауызында тұрса да, туған халқының жағдайын ойлап, ел мүддесін өзінің жеке басынан жоғары қойып, «мен не болсам болайын, сен аман бол, туған ел» деп, жұртына деген шексіз перзенттік махаббаттан жүректері өртенетін арыстарды туғызып, бойларына осыншама ұлы сезімдерді бойлата білген қазақ халқының мықтылығына тәнті боласың! Ғасырлар бойы ұрпағының санасына сіңірген, атадан балаға берілген елдіктің қадір-қасиетін қастерлеу – ақиқат аксиомасы болып қазақтың генетикалық жадында сақталған. «Ер елінің тірегі», «ел баласы бол», «намысыңды сатқанша өлгенің артық» дегендей, көптеген халық даналығымен өрілген мақал-мәтел­дер ұлтымыздың елдік болмысты сақтау кодексі! Ал халқы мен жаны егіз ақын­дарының табиғатын Алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздері тамаша айқындайды: «Ақын елінің тілі ғой, адал туған ұлы ғой, бүлк-бүлк еткен жаны ғой, жанын жеген ары ғой, айта алмай жүрген зары ғой. Жаннан, ардан безбесе ақынын қай ел қастерлемесін». Иә, Сәкен Сейфуллиндей халқымыздың дүлей мінезді, өр тұлға аяулы ұлдары халқына қалқан болып, Кеңес үкіметіне үрей туғызды, сондықтан олардың көзін жойып тынды.
Тумысынан пайым-парасаты биік, хал­қының даналығын бойына сіңірген ақын Мұзафар Әлімбай да өзінің мына өлеңінде:
Ана алдында бала бол,
Аға алдында іні бол,
Іні алдында аға бол,
Көп ішінде бірі бол,
Дау алдында дана бол,
Ескі алдында жаңа бол,
Қиындықта сірі бол!
Қауым үшін тірі бол,
Ел қадірін біліп өл – деп, ежелден ата-анадан ұрпаққа мирас болып келе жатқан өнегелі сөзін айтады. Қазақ халқының ұлан байтақ жерін сақтап келгені – өнеге-тәрбиесінің өміршеңдігінен, құнарлы бас­таулардан нәр алғандығынан. Көне Римде ұлы соғыстан қашып келсе, анасы «елін қорғамаған сатқын менің балам емес!» деп қарғап, үйіне кіргізбей, қуып жібереді екен. Иә, жастайынан ұрпағын еліне адал, жұртына қорғаныш ер етіп өсіре білген халық қана өз жеріне ие бола алады.
Белгілі орыс жазушысы Н.С.Лесков­тың: «Не могут быть отменно хороши юно­ши, там, где отменно гнусны старцы» дегеніне, қазақтың: «жақсыдан жақсы туар, әке жолын қуар» сынды мақалын антитеза етіп алсақ, Мұзафар ағамыздың да шыққан тегі, тәрбие-тәлім алған ортасы зиялылықтың бастауы екен. Әкесі Айтмағамбет Уфа қаласындағы діни медресені ХХ ғасырдың басында бітіріпті. Елге келіп молдалық құрмай, мұғалімдікпен шұғылданыпты, мектеп ашыпты. «Дін –тәрбие діңгегі» атты мақаласында Мұзафар ағамыз: «Дін – адам арын таза ұстаушы, имандылық екен, дін – адам жанын ғазиздендіруші күш-қуат екен, дін – гуманистік ілім екен! Дінде жанашырлық, мейірбандық, арлылық, жақсылық жасауға құштарлық, жалпы адам ардақтау сияқты асыл да гуманистік мінез-құлықтар мол екен. Иә, дін – тәрбие мектебі екен!» деп, еліміз егемендікке ие бол­ғаннан кейін ата дініміздің қадір-қасиетін айғақтайтын «Мұсылмандық мұраты» атты өлең кітабын жазғанын айтады.
Қарымды қаламгер, Мұзафар Әлімбай­дың шығармаларындағы шұғылалы, шырайлы ой өрнектерінен сөз иесінің өмірге, жерге, елге, адамзатқа деген ақ ниеті мен шынайы сүйіспеншілігінен, нағыз халық ақынына тән кең тынысты, тағылымды ұлағаттылықты ұғасыз. Оның кіршіксіз жан әлемінен туындаған туындылар кіші­нің де, үлкеннің де жанына бірде жыр боп құйылып, бірде пәлсапалық көркем ой шы­рағданын жаққан эссе, естеліктер, зерттеулер мен мақал-мәтелдері арқылы хал­қының санасын сәулелендіріп, қаншама жылдар бойы, рухани азығы болып келеді. Ал ақынның жасөспірімдер жан дүниесін жарқыратып, қиялдарын ұшқыр, жас қанаттарын биікке талпындыратын өлеңдерінің өзі бір әлем!
Жаратушы әр адамға жер бетіндегі міндетін атқару үшін уақытын да белгілеп беретін болуы керек. Мұзафар ағамыз өзінің рух-жігерінің, аянбай, талмай еңбектенуінің, ізденімпаздығының арқасында дарынын дамытып, уақыттың да, өмірдің де, тұлғалылықтың да қадіріне жете білген жан. Туған жұртымен тағдыр­лас абыз ақынның маңдайына қазақтың ғасырлық дарабоз тұлғаларымен бірге сырлас, мұңдас болып әдебиет деген киелі алып кемеде бірге жүзуді жазған екен. Әдебиет, мәдениет, ғылым, өнер саңлақтарының тұлғалық, шығармашылық ерекшеліктерін, жан әлемін тереңінен түсініп, олардың қадір-қасиетін қастерлеп, зерттей білу – зиялылық талғамның, білімдарлықтың белгісі. Мұзағаң көркемдік әлемнің кеңістігінде өз болмысындағы жан жомарттығы, сергек сезімталдығы және кең дүниетанымы арқылы шығармашылық бағыт-бағдарын айқындаған қарымды қалам иесі.
Мұзафар Әлімбай әдебиеттің қырлы да сырлы соқпақтарынан дара жол тартып, жұртының жүрегіне бойлаған, елінің қамын ерте ойлаған, қаламы қолынан бір сәт түспеген, шығармашылық қыруар еңбегін халқының рухани дамуына бағыштаған, елін шексіз сүйетін біртуар дарынды ағаларымыздың қатарынан. 1996 жылы шыққан «Көңіл күнделігі» атты кітабындағы Мұзағаңның өз сөзімен айтқанда: «Жақсылық пен ізгілік, ерлік пен елдік дәстүрі ешқашан үзілмесе екен. Осы дәстүр аға ұрпақтан бала ұрпаққа мирас боп жалғаса, жарқырай берсе екен! Ол үшін аға ұрпақ бала ұрпақ алдында маңдайға ұстап, мақтан тұтар марқасқалардың өшпес өнегесін, өлмес ерлігін дәріптеп, сонымен қабат өздері кешкен опығын да, тіпті қателігін де жасырмай, бүгіп қалмай, әрдайым баяндап отырса екен. Шынайы қаламгер өз творчествосында осындай мұратты көздесе керек!» Бұл халық ақыны, ар-иманын кіршіксіз сақтай білген, ел ұлы Мұзафар Әлімбайдың халқына, шығармашылық иелеріне берген ақ батасы іспеттес.

Жадыра Дәрібаева,
ақын, «Алаш» халықаралық
әдеби сыйлығының иегері,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.