Аударма – даму кепілі немесе «х» қайдан шықты?

TEDx деген халықаралық жоба бар. Бүкіл әлемдегі жаңа ой, идеяны бөлісетін алаң. TEDx конференцияларын қазақшаға тәржімалау барысында Терри Мурдың «Х неге белгісіздік таңбасы?» деген дәрісін тыңдадым. Шынымен, дүниежүзілік есептеу жүйесінде неліктен белгісіз санды табу үшін х таңбасын қолданамыз? Математикадан «х нешеге тең болады?» деген есептерді шығаруда басымыз қатса да, неліктен дәл осы х-ті іздеуіміз керек деп ойланып көрдік пе? 

Әңгіме былай басталған екен. Батыс ғылымы, математикасы, инженерия­сы біздің заманымыздың алғашқы ғасырларында араб, парсы, түркілердің терминдері не­гізінде жасалғаны бел­гілі. Әл-жәбр () сөзінің арабша­дан ау­дар­ғандағы мағынасы – жеке бөлік­терді салыстыру жүйесі. Ол ағыл­шын тіліне, жалпы өзге тілдердің бар­лығына түпнұсқа тіл­ден еш аударылмай, термин тү­рінде алгебра болып енді. Испандар ХІ-ХІІ ғасырларда алгебра­ның ұғым-түсініктерін өз тілдеріне аудара бастайды. Араб тіліндегі кейбір дыбыстарды еуропалықтар айта алмайтыны белгілі. Кей дыбыстардың таңбасы да Еуропа мемлекеттеріндегі тілдерде кездеспейді. Мәселен, шин (ش) әрпі. Арабтар өз есептерінде белгісіз затты «әлдене» ұғымын білдіретін «әл-шәййун» () сөзі арқылы есептеп шығаратын болған. Формулаларда да белгісіз санды анықтау үшін дәл осы әл-шәййун () сөзін немесе шин (ش) әрпін пайдаланған. Бұл әріп Х ғасырдан бастап математикада белгісіз саны анықтау үшін қолданылып келген еді.
Ал испандарда «ш» әрпі жоқ болатын. Ортағасырлық испан ғалымдары белгісіз санды анықтауға арналған әл-шәййун () сөзін немесе шин (ش) әрпін қалай аударамыз деп бас қатырды. Ойлана келе, ереже ойлап тауып, ч дыбысына жақын келетін, χ (хей) деп таңбаланатын әріпті белгісіз санды табу үшін қолданамыз деп шешті. Еуропа елдері классикалық грек әліп­биінен жаппай латынға көшкен кезде х әрпі «икс» деп дыбыстала бастады.Осылайша, «әлдене» ұғымын білдіретін әл-шәййун () сөзі немесе шин (ش)әрпі х-ке айналып шыға келді. Бүгінгі таңда түпнұсқа терминнің авторы саналатын ұлттың өзі математикада х санын белгісіздік таңбасы ретінде бейнелейді. Демек, аударма кей-кейде түпнұсқадан да кең қолданысқа да ие болатын кездер бар…
Бұл мысалды не үшін келтіріп отырмыз? Бүгінгі мың құбылған әлем үшін ғана емес, ғылым дамуы мен мәдени қарым-қатынастардың да беки түсуі үшін де тіл мен тіл, ұғым мен термин, сөз бен сөйлем бір-бірін жатсынбай, жоқ сөздің орнын жаңа сөз, жаңа термин алмастыра алуы абзал.
Аударма, әсіресе ғалыми оқулықтар тәржімасы әзелден ұлт пен ұлт, ел мен ел арасында бай­ла­ныстырушы тірек – мызғы­мас арқан міндетін атқарған еді. Көр­кемдеп айтсақ, аударма – жаңа әлемге ашылған терезе іспетті. Ке­зіндегі грек қоғамы ғылым мен фило­софияның алтын арқауына қалай айналды дерсіз? Өзге тілдің, діл­дің, дүниетанымның шығарма­ла­рын жатсынбай, өздеріне аударып, сіңіре білу арқылы дамыды! Ислам өркениеті де әлемді «қарудың күшімен емес, қаламның күшімен» жаулауының сырына үңілсеңіз, әлемнің төрт тарабындағы халықтардың тіліне аударылған діни шығармаларға тап болар едіңіз. Түнек ғасырлардың шаң басқан жамылғысын ысырып тастап, жаңа әлемге көз тіккен кәрі құрлық халқы да ғылымын аударма арқылы дамытқаны ешкімге жасырын емес.

Біздің заманымыздың VІІ-VІІІ ғасырларында Еуропа ғалымдары үнді, парсы, араб ғұламаларының география, математика, астрономия, т.б. ғылым салалары бойынша жазбаларын өз тілдеріне тәржімалап, Шығысқа көз тіккенін кәрі тарихтан сұрасаңыз, тізбелеп айтып береді. ХVІІ ғасырда ІV Мехмед сұлтанның басқаруындағы Осман империясының білгірі Кәтиб Челеби ғұлама түріктерге Еуропа мәдениетінің есігін ашып берген ғалымдар қатарынан саналады. Ол география, философия, жаратылыстану ғылымдары бойынша Еуропа авторларының еңбектерін түрік, парсы және араб тілдеріне аударудың негізін қалап кетті. Осман сұлтандарының баршасына жуығы Еуропа мен Шығыс әдебиеті жауһарлары, ғылыми еңбектер, Аристотельден бастап, күллі грек ойшылдарының шығармалары жергілікті тілге аударылуына мүдделі болды. Не үшін дерсіз? Ғылым мен мәдениеттің дамуы үшін жергілікті ғылым мен білімді дамытып қана қою жеткіліксіз еді. Күллі ғаламның сырын білу мен тереңіне бойлау үшін жан-жақты байланыс, өзгелердің жаңалығы мен ғылымын да оқып-үйрену маңызды.
Иә, бұл өткеннің мысалы. Жалпы, заманауи мемлекеттердің бүгінгі тыныс-тіршілігіне назар салсаңыз, бүгінгі аударма бұрынғыдан өзгерек екеніне көз жетеді. Ғылым мен білімнің дамуы үшін бүгінгі күні аударма кітап не болмаса оқулықты іріктеп алу мен таратудың жаңаша әдіс-тәсілдері қалыптасқан. Ал қазақстандық аударманың жаңа үлгісі – түпнұсқа тілдегі маңызды кітаптарды мың оқулықтың ішінен елеп-екшеп ала білуімізде десек, қателеспейміз.Екіншіден, жүз оқулықты аудару мәселесі – қазақстандық ғылым үшін ғана емес, асқақ биіктен қарасақ, күллі Орталық Азия халқы үшін де маңызды жоба болар деп жорамалдаймыз. Қазақстан аударған жүз жаңа оқулық біздің тіл ұғынықты халықтардың да игілігіне айналып жатса, кім-кімді де ғылымның көкжиегіне көтермей ме?
«Бұл аудармадан жасалған аударма емес. Адамзат санасы тудырған ең таңдаулы туындылар түпнұсқа күйінен алынып отыр. Біз өз тарихымызда бірінші рет шет тілдерден тікелей қазақ тіліне жаппай аударудамыз. Мұндай заман қашан болған?! Біз әрине, әлем тілдерінен орыс тіліне тәржімаланғандарды қазақшалап, көп нәрсеге қол жеткіздік. Оны жоққа шығаруға да болмайды. Бірақ, әр тілге аударған сайын түпнұсқасынан біраз өзгешелігі бәрібір қалыптасады. Ал, осы жоба аясындағы туындылар жастарға гуманитарлық ғалымдар қазынасы арқылы бүкіл әлемнің есігін ашып береді. Бұл ғажайып білім қорын игеріп қана қоймай, іс жүзінде кәдеге жаратуы­мыз керек» деген Президент Н.Ә.Назарбаевтың сөзі оқулықтарды тиімді пайдалану мен сапалы аударма жасаудың міндетін айқындайды.
Иә, аударма саласы қазақ үшін жат емес. Өткен ғасырдың басынан-ақ қазақ тіліне тәржімаланған әдеби шығармаларды есепке алмағанның өзінде, ғы­лыми оқулықтардың өзі ұшан-теңіз. Олар ғылым мен техника жетістіктерін баяндайтын мақа­ла­лар, жазбалар және жеке кітапшалар еді. Иә, ол аудармалардың құндылығына ешкім шәк келтір­мейді. Бірақ олардың кейбірі «аудармадан жасалған аударма» екенін ешкім жоққа шығара қоймас…
Бүгінгі таңда «Жүз жаңа оқулық» жобасы аясында ағылшын, француз тілдерінен тікелей қазақшаға аударылып жатқан кітаптар қазіргі заманғы әлеуметтік-гуманитарлық саладағы өзгерістерді де назардан тыс қалдырмақ емес. «Дүниеде жақсы кітап көп, оның бәрін аударуға біздің күшіміз де кел­мейді және оның қажеті де жоқ» (Жұмағали Сайын) екенін ес­керсек,мыңның ішінен сұрып­­­тап алған бүгінгі «Жүз жаңа оқу­лық­­тың» оқырманға нендей пайда әкелгенін елеп-екшеп отырудың да маңызды­лығын түсінеміз. Осы кезге дейін «Жүз жаңа оқулық» бағдарламасы аясында аударылған кітаптар қазаққа не берді? Қазақ білімінің көкжиегін қалай кеңейтті? Тәржіма оқулықтарды бүгінгі білім беру жүйесінде қолдана отырып, дәріс оқып жүрген мамандар бұл сауалға қалай жауап берер екен?

Әсипат ӘЛМЕТОВА,
педагогика ғылымының докторы,
профессор:

Оқырманға уақытылы жол тартқан оқулық

– «Жүз жаңа оқулық» жобасы аясында жарық көрген кітаптарға қатысты айтылып жатқан, әлі де айтыла бермек пікірлер легі көп-ақ. Кітаптардың алғашқы легі 2018-2019 жылғы оқу бағдарламасына енгені белгілі. Яғни кітаптардың тікелей «тұты­нушылары» – студенттер мен ұстаз­дар жүз жаңа оқулықты қалай қабылдады?
– «Жүз жаңа оқулық аясында», менің білуімде, 18 оқулық жарық көрді, тағы отызы аударылу үстінде. Осы кітаптардың барлығын қамтып айту мүмкін емес. Менің жұмысыма тікелей қатысты еңбек – Светлана Тер-Минасованың «Тіл және Мәдениетаралық коммуникация» оқулығы жайына аз-кем тоқталып өтейін. Студенттер үшінжәне шетел тілдерін, орыс тілін, қазақ тілін өзге тіл ретінде оқытатын оқытушылар үшін, тіпті кез келген тілші-маман, басқа да сала мамандары үшін бұл оқулықтың мәні аса зор. Себебі оқулық кез келген оқырманды да, мәдениеттер сұхбатына қатысушы белгілі бір мәдениеттің атынан сөйлейтін тілдік тұлғаны да тіл, мәдениет, мәдениетара­лық коммуникация мәселелеріне қатыс­ты беймәлім мәселелерден ха­бардар етіп, олардың ерекшеліктері мен маңызын түсіндіреді. Осы тұрғыдан алғанда, кітапты студенттер мен оқытушы қауым оқу үрдісінде өте жақсы қабылдаған жайы бар.
Оқу орындарында өзге тілді оқытып үйрету сол елдің мәдениетін меңгерту арқылы (сол халық мәдениетінен алынған мәтіндер, мысалдар, деректер, оқиғалар, т.б.) жүзеге асуы тиіс дейтін ұстаным маңызды орынды иеленіп отыр. Өйткені ел мен елдің, халық пен халықтың әртүрлі саладағы қарым-қатынасы саясатқа да, экономикаға да, басқа да толып жатқан мемлекетаралық кедергілерге қарамастан өз жолымен жалғасып, дамып, өрістеу үстінде. Осындай мәселелерді ескере келе, бұл оқулықтың оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттер үшін маңызы аса зор екенін айта кеткім келеді.
– Қазақстан ғылымының қай саласын алып қарасақ та, қалыптасқан, дамыған, әбден орныққан ғылым екеніне көзіміз жете түседі. Ендеше, аталған жүз оқулықтың қазақ ғылымына қосар үлесі қандай? Оқулықтардың әдіснамалық өзегі не?
– Оқу құралының орыс тілін­дегі нұсқасының алғы сөзінде Мәскеу мемлекеттік университетінің рек­торы В.А.Садовничий былай дейді: «Мәскеу университетінің «Классикалық университет оқулығы» сериясымен шыққан «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты оқу құралын мазмұны терең, ұсынылған оқу материалдарының тиімділігімен ерекшеленетін, оқыту әдісі мен әдістемесінің баға жетпес тәжірибесі жинақталған қазіргі заман үшін аса қажет оқу құралы деп тануға болады. Сондықтан бұл оқу құралы – тек Мәскеу университетінің ғана емес, Ресейдің өзге өңірлеріндегі университеттер, тіпті бүкіл дүниежүзі университеттері пайдалануға болатын оқу құралы». Осы пікірге ден қоя отырып, С.Г.Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» атты жоғары оқу орындарының студенттері мен аспиранттарына арналған оқу құралының қазіргі әлем халықтары тығыз араласып, «шекарасыз әлем» жағдайында өмір сүруге ұмтылыс жасап жатқан кезеңінде Қазақстан студенттері үшін де аударылып, ұсынылуын дер кезінде жасалған игі іс деп түсінеміз.
Қазір кез келген тілді өзге тілді дәріс­ханада оқытуда сол тіл иесі халықтың мәдениеті арқылы оқыту бағыты немесе танымдық-лингво­мәдениет­танулық бағыт дейтін оқыту ұстанымы алға шығып отыр. Бұл ұстаным бойын­ша тілді оқыту кезінде пайдаланылатын сөйлеу әрекеті түрлері сол ел мәдениетінен алынған мәтіндерді, деректерді, оқиғаларды, сұхбаттарды, т.б. пайдалану арқылы жүреді. Ал мұндай мәліметтерде міндетті түрде сол халық тіліндегі аялық білім түрлері (реалиялар, логоэпистемалар, лакундар, мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, т.б.), әртүрлі, сол халықтың ұлттық ділінен туындайтын ұғымдар мен түсініктер кездеседі. Аталған мәліметтерді дұрыс түсіну, мағынасына дұрыс интерпретация жасай алу, оларды өз сөзінде дұрыс қолдана алу – мәдениетаралық коммуникацияның дұрыс жүруін қамтамасыз ететін алғы шарттардың ең бастысы. Сондық­тан оқу­­лық мәдениетаралық коммуника­ция­ның дұрыс жүруін қамтамасыз етуге бағытталып, ұғымдар мен түсініктерді жан-жақты, егжей-тегжейлі талдай отырып, орыс тілі мен ағылшын тіліндегі мысалдарды салыстыру жолымен жүйелі баяндау мақсатын көздей келе, өте тиімді әдіс­темелік жол көрсетеді. Бұл жол алдағы уақытта қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту мақсатында жазылатын көптеген әдіс­темелік жұмыстарға арқау болары анық.
Екіншіден, оқу құралының құндылығы оның тек қана сабақ үстіндегі әдістемелік мақсатты шешу үшін ғана емес немесе тілді өзге ұлттың өкіліне оқытып-үйрету мақсатын қанағаттандыру үшін ғана емес, тілдің қыр-сырын, сөз мағынасын өз ұлтымыздың қазіргі балаларына түсіндіру үшін де қажет екендігінде.Бұлай дейтін себебіміз оқу құралы – шетел тілдерін оқып-үйренудегі әлеуметтік фактордың рөліне аса мән беріп, айрықша ықылас тоқтатады.Бұл тұста автордың әлеуметтік мәдени комментарийді мәдениеттер арасындағы тартысты (культурный конфликт) шешу жолындағы ерекше бір тәсіл ретінде қарастырғаны байқалады.Сөйтіп келіп, әлеуметтік комментарийдің түрлері айтылады. Әлеуметтік мәдени аспектінің аясында көркем әдебиетті түсіну мәселесі де сөз болып, бұл салаға арнайы тарау бөлінеді.Тарау «Қоғам мәдениетінің өзгеруі мен дамуының тілдегі көрінісі» деп аталады. Мұндағы «Көркем әдебиетті түсіну мәселелері. Әлеуметтік комментарий арқылы мәдени шиеленістерді шешу» дейтін тақырыпшаларда айтылатын мәселелердің өзі-ақ көп нәрсені аңғартады.
Мысалы, «…Қоғамның дамуына сәйкес орын алатын мәдениеттегі қарама-қайшылық, оның мәдени қақтығыстары тек өзге мәдениет өкілдері арасында ғана емес. Халық өміріндегі әлеуметтік өзгерістердің тереңдеуі соншалық, өз ата-баба­ларының мәдениеті мен дүниета­нымын мүлде білмейтін белгілі бір мәдениетті ұстанушы халық өмірінде қарама-қайшылық пайда болады. Классикалық әдеби шығармаларға берілетін комментарийлер қазіргі және өткен кезеңді сипаттайтын тұңғиық терең су үстіндегі көпірдің немесе бүгінгі оқырманға өткен дәуірдің детальдарын көру мүмкіндігін беретін сиқырлы көзілдіріктің қызметін атқарады» дей келіп, «Орыс классиктерінің шығар­маларында Ресейдің төңкеріске дейінгі тұрмыстық өмірін бейнелейтін жүздеген ұғым-түсініктердің кездесуі қазіргі оқырман қауымына «кедергі келтіретін тас сияқты», не мүлдем түсініксіз, не мүлде керісінше ұғынылады» деген филолог Юрий Федосюктің сөзін береді. Бұл ойға мысал ретінде қазіргі орыс тілінде мағынасы өзгеріске түскен сөздерді келтіреді. Мұндай мысалдарды, келтірілген дәйектерді оқыған кезде, бұл сияқты ұғымдар мен түсініктер, сөздер қазақ тілінде де, қазақ жазушыларының ертеректе жазылған шығармаларында да ұшырасады ғой, сондықтан тілді өзге ұлттың өкіліне ғана емес, өз ұлтымыздың қазіргі балаларына да түсіндіру қажет қой деген ойға қаласың. Осы себептерден кейін бұл оқу құралының қазақ тіліне аударылуы осы бағыттағы қазақ тіліндегі еңбектердің, атап айтқанда оқулықтардың, монографиялардың, диссертациялардың жазылуына да түрткі боларына сене бастайсың. Аударылған басқа ғылым салаларына қатысты да осыны айтуға болады. Ол оқу құралдарында да қазақ қоғамына қатысты, қазақ қоғамының сол ғылым саласына қатысты мәселелерін көтеретін монографиялар, диссертациялар, оқу құралдарын жазуға аударылған кез келген оқулықтардың ой салары анық.
– Осы күнгі әлем күн санап емес, сағат санап өзгереді деген пікірді айтатындар көп. Жаңа оқулықтар өзгермелі әлемдегі қазақстандық ғылымның бет-бейнесін, бағыт-бағдарын қай бағытқа өзгертпек? Бұл өзгерістер бізге не береді?
– Аударылған жаңа оқулықтар бүгінгі қазақ ғылымының әлемдік ғылымның даму бағытына сәйкес болуына, өсіп келе жатқан ұрпақтың әлемдік ғылым жаңалықтарына еркін араласуына, әлемдік деңгейде ойлауына мүмкіндік беріп, жол ашады. Бұған дейін орыс тіліндегі еңбектерді аударумен, орыс тіліндегі ғылыми еңбектерге иек артумен келсек, бұдан былай кез келген ғылым саласында бірден қазақ топырағына тән, қазақша ойлау жүйесіне негізделген, қазақ қоғамының бүгінгі мәселелерін әлемдік деңгейде сөйлете алатын ғылыми еңбектердің өмірге келетініне, осындай еңбектерді жазатын және өз жазғанын әлемнің кез келген мінберінде қорғай алатын ұрпақтың тәрбиеленетініне сенуге болады.
Екінші бір мәселе, қазіргі Қазақстан жағдайында үш тұғырлы тіл саясатының белең алып тұрған тұсында – қазақ, ағыл­шын, орыс тілдерін қатар оқытумен бай­ланысты бұл оқу құралының маңызы арта түспек. Себебі оқу құралында көтерілген мәселелердің барлығы ағылшын тілін оқытумен байланысты беріледі. Мысал ағылшын тілінен алынып, орыс тілімен салыстырылып отырады. Қазақ тілін өзге ұлт өкілдеріне оқыту үстінде де мұны тиімді пайдалануға болады. Мысалы, ағылшын, орыс тілдеріндегі мысалдың қазақ тіліндегі баламасын беру арқылы немесе берілген материал­ды келтірілген мысалға ұқсас, қазақ тіліндегі мағынасы жақын мысалмен толықтыру арқылы ұсынуға болады. Сонда үш тілдің арасындағы өзгешеліктер салыстырылып, ұқсастықтар көрініп, әр тілдің өзіне тән ерекшелігі сараланып, тілді оңтайлы оқып-үйрену тиімділігі жүзеге асады. Бұл дәйек тілді өзге ұлт өкілдеріне оқытуға арналған деңгейлік оқулықтарға, осы оқулықтар негізінде өтетін практикалық сабақтарға қосымша ретінде ұсынылуға тиіс мәселерге арналып айтылып отырғанын еске салу артық емес.
– Аударма өзегі – тіл. Ал тіл туралы ғылыми кітаптарды аударудың ерекшелігі қандай?
– Аударылған он сегіз оқулықтың екеуі – тілге қатысты оқулық. Олар: «Тіл біліміне кіріспе» және осы біз әңгіме арқауына айналдырып отырған – «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» деп аталатын оқу құралдары. «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы студенттердің лингвистика мәселері туралы білім алуына, олардың маңызды лингвистикалық зерттеулерден хабардар болуына, тіл және оны пайдалануға қатысты өзекті, қажетті мәселелермен таныс болуына көмектеседі. Бұл оқулықты аударудың қажеттілігі бұрынғы «Тіл біліміне кіріспе» оқулықтарымен салыстыра қарағанда ерекше байқалады. Аударма оқулықтың бірнеше артықшылығы бар. Мысалы, біріншіден, бұрынғы оқулықтарда бар дүниелер мұнда жан-жақты толық ашылып қана қоймай, тарқатыла түсіндіріледі. Және бұрынғы оқулықтарда айтылмаған мәселелер де көп. Мысалы, грам­ма­тикаға қатысты: дескриптивті грамматика, прескриптивті грамматика, оқытушы грамматика, әмбебап грамматика, адами емес тіл; ым тіліне қатысты: ым тілінің морфологиясы, ым тілінің синтаксисі; тілдің мағынасына қатысты: импликатура, презумпция дейтін мәселелер; тіл және адам миы дейтін мәселелер бұрынғы оқулықтарда болмаған, айтылмаған мәселелер. Бұлардан өзге де айтылмаған жайлар көп. Содан кейін әлем тілдеріне ортақ болып келетін кейбір заңдылықтар бұрынғы оқулықтарда жалпылама айтылып қана кетсе, бұл оқулықта таратыла баяндалып, ықшам мәтіндерден мысалдар келтіріле отырып, басқа бір тілдегі осы заңдылықпен салыстырыла түсіндіріледі. Тілдік бір категория бір тілде бар, енді бір тілде жоқ болуы мүмкін. Мысалы, орыс тіліндегі род, вид категориясы қазақ тілінде жоқ, т.б. Осындай мәселелер нақты ғылыми дәлелдермен дәйекті түсіндіріледі. Мұндай талдаулар қазақ тіліндегі бұрынғы «Тіл біліміне кіріспе» пәніне арналған оқулықтарда кездеспейтін. Сондықтан қазақ тілі біліміне кіріспе пәнінің оқу құралдарында айтылмаған мұндай тың дүниелердің қазақ филологиясы студенттерінің тілге қатысты теориялық білімдерін кеңейтіп қана қоймай, оларды жаңа ізденістерге жетелей түсері анық. Сонымен бірге осы еңбектегі бір тілге тән ережені басқа тілдің ережелерімен салыстыра отырып түсіндіру, сол арқылы ана тілінің грамматикасын терең игертуге деген талпыныс өз ана тілін өзге тілмен салыстыра отырып меңгеруге дағдыландырады. Сонымен бірге бұл әдіс өзге тілді де тез, жылдам үйреніп, игеруге ықпал етеді. Оқулықта баяндалатын әлем тілдерінің әрқайсысына тән өзіндік табиғаты болатыны, олардың даму заңдылықтары, белгілі бір тіл туралы жасалған қорытындылар мен топшылаулар, ғылыми ой-тұжырымдар қазақ тілінің болашақ мамандарының жаңа бағытта білім алып, қазақтың тіл ғылымы туралы жаңа­ша ойлауларына ықпал етеріне дау жоқ.
– Қай саладағы аударманың да өзіне тән жетістігі мен қиындығы болатыны түсінікті. Әйтсе де, ғылыми аударманың жауапкершілік жүгі тым ауыр сияқты көрінеді. Студенттер, ғылыми қауымдастық «Жүз жаңа оқулық» сериясымен аударылған кітаптарды аударма деп емес, қазақ ғылымына тән еңбектер деп қабылдауы үшін әлі де қандай қадамдар жасалуы керек деп ойлайсыз?
–Көптеген ғылыми теориялар қай саладағы оқулық болсын, тілдік айырмашылыққа қарамастан ортақ мәселелер ғой. Біздің талдау нысанына алып отырғанымыз тіл мәселесіне қатысты екі оқулық болса, оның біріншісі «Тіл біліміне кіріспе» оқулығы – осы дәлелге жауап беретін еңбек. Әрине, өзіндік ерекшеліктері бар, оны жоғарыда айттық. Ал «Тіл және мәдениетаралық коммуникация» оқулығының теориялық мәселелері – қазақ тіл ғылымы үшін жаңа. Себебі мұндай еңбек қазақ тілінде бұған дейін жазылмаған еді. Солай десек те… «оқулықты аударма деп емес, қазақ ғылымына тән еңбек» деп қарау дәл осы оқулыққа қатысты алғанда аса күрделі мәселе де емес, өйткені мәдениетаралық коммуникация – ел мен елдің, тілдердің, мәдениеттердің араласуы – тек орыс халқына, не тек ағылшындарға ғана тән нәрсе емес қой. Әлемдегі барлық халық қазір өте тығыз араласу үстінде немесе «шекарасыз әлем» жағдайында өмір сүруге тырысуда. Сондықтан оқулық көтерген теориялық мәселелер бізге, қазақ қоғамына да жат емес.
Ал теорияны дәлелдеу үшін беріл­ген мысалдар оқулық орыс ті­лінде жазылғандықтан, әрине, орыс өміріне қатысты еңбектерден алынған немесе ағылшын тілінен алынып, сол тілде берілген. Осы мысалдарды қазақ тыныс-тіршілігіне сәйкестендіріп аударса немесе теориялық материалға сәйкес мысалдар қазақ ділі мен қазақ мәдениетінен туындайтын материалдардан алынса және мұны осы оқулық негізінде жасалатын онлайн лекциялық курстардағы әр тараудың соңына жаттығулар түрінде енгізсе немесе лекциялық курстарға қосымша түрінде берсе деген ұсынысымыз бар. Мұндай жаттығуларды прак­тикалық сабақтарда, семинарларда, студенттердің өз бетімен орындайтын өздік жұмыстарында пайдаланып отыру әрі ыңғайлы болар еді, әрі студенттердің сабақты түсініп қабылдауына да жеңіл болар еді. Әрине, бұл пікір орыс тіліндегі мысалдар студенттерге түсініксіз деген сөз емес.Орыс тілі қазіргі қазақ қоғамында, әсіресе, студент жастар үшін аса күрделі қиындық туғызатын тіл емес екені де баршаға аян. Сөйтсе де, ана тілінен алынған мысалдар тақырыптың түсінікті болуы үшін де, оқулықты аударма деп емес, қазақ ғылымына тән еңбек деп қабылдау үшін де тиімді болар ма еді деген пікір ғана. Әрине, мұны тек лекциялық курстарға ғана енгізуді ұсыныс түрінде ғана меңзейміз. Және осы ұсыныс аударылған басқа оқулықтарды да аударма деп қабылдамау үшін тиімді болар ма еді деген ойдамыз.
Оқулықта көптеген терминдер (мә­дениеттер қақтығысы, мәдениеттер тартысы, мәдени шиеленіс, мәдени есеңгіреу, мәдениеттер соғысы, әлемнің мәдени бейнесі, мәдениеттер тоғысы, мәдениеттер қиылысы, әлеуметтік-мәдени комментарий, т.б.) аталып, дефинициялары беріледі. Бұларды ерекше жаңалық демесек те, қазақ ғылыми тілінің толығуына қосылған сөз тіркестері деп қабылдауға болады.
Адамның әлемді танып білуінен ­туындап, оның таным қалтарыс­тары­ның астарында жасырынып жататын, әр адамның өзіне ғана тән қабілетінің көрінісі болып табылатын оның тілі, жеке тұлға ретінде қалыптасатын мәдениеті, әрине, ешкімге ұқсамауы ықтимал нәрсе. Сондықтан бүгінгідей ұлт пен ұлт, тіл мен тіл, мәдениет пен мәдениет араласы айрықша белең алған заманда, өзге мәдениетке төзімділік көрсете білуге, оған қызығушылық танытып, құрметпен қарауға тәрбиелеу өзекті мәселеге айналып отыруы да уақыт талабы деп түсінуіміз керек. Ал оқулық авторы С.Тер-Минасованың мәдениетаралық коммуникация мәселелеріне назар аударып, оның құпиясын түсіндіруге арнаған бұл іргелі еңбегінің қазақ тіліне аударылуы дер кезінде қолға алынған өте құптарлық жұмыс деп қараймыз.

Гүлжиһан НҰРЫШЕВА,

философия ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия кафедрасының меңгерушісі:

 

Философиядан жақсы оқулық жазуға болады

«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы еліміздің білім беру жүйесі мен ғылымының дамуы­на елеулі ықпал ететіні сөзсіз. Осы жоба аясында 2017 жылы 18 оқулық ағылшын, француз тілдерінен аударылып, жарыққа шықты, биыл 30 оқулық дайындалуда. Атап өтетін бір нәрсе – 18 оқулықтың төртеуі философия бойынша. Ұлттық аударма бюросының бұл таңдауы қоғамның философия ғылымына деген көзқарасын білдіреді. Әл-Фараби «ғылымдардың ғылымы, даналардың данасы, өнерлердің өнері» деп сипаттаған философияны ҚР Білім және Ғылым министрлігі қолдап, жоғары оқу орындары үшін міндетті пәндер қатарында сақтауы, сонымен қатар «Философия» мамандығы бойын­ша бакалавриат, магистратура және докторантураға гранттар санын күрт арттыруы да мемлекетіміздің философия туралы оң шешімінің көрінісі.
Оқулық мәселесі, соның ішінде философия оқулығы кез келген қоғам үшін қашан да өзекті болды. Иммануил Канттың өзі «философиядан жақсы оқулық жазу мүмкін бе?» деп күмәнданған екен. Тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде жазылған философия оқулықтары баршылық, бірақ шетелдік оқулықтар бізге әлі беймәлім еді. Олар философияның кәсіби әдебиет қорын, жастардың философия туралы білімінің көкжиегін кеңейте түскені сөзсіз. Еліміздің рухани өміріндегі ерекше құбылыс болған «Мәдени мұра» жобасы аясында түпнұсқалар ғана аударылды. Сондықтан шетелдік философиялық оқулықтарды аударуды қолға алу өте маңызды іс болды деп айта аламыз. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында атап көрсеткен «сананың ашықтығы» дегеніміз осы. Бұрынғыдай өз қазаны­мызда өзіміз қайнаудың заманы өтті, жаңаны сараптаудан өткізіп, болашаққа бірге ала баруымыз керек.
Философия бойынша аударылған төрт оқулық – Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін», Энтони Кеннидің «Антика философиясы», «Орта ғасыр философиясы», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» еңбектері еліміздің барлық жоғары оқу орындарының кітапханаларына жетіп, оларды оқытушылар да, студенттер де кеңінен қолдана бастады. Аталған оқулықтар «Философия» пәні бойынша Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің тапсырысымен дайындалған Типтік оқу бағдарламаға енгізілді, ҚазҰУ Философия кафедрасы оларды оқу барысында қолдану туралы әдістемелік нұсқаулықтарды республика оқыту­шыларына қазақ және орыс тілдерінде ұсынды.
Оқулықтар туралы еліміздің жоғары оқу орындарының ұстаздары мен сту­денттері оң пікір білдіруде. Олардың жазылу тәсілдері де қызықты. Шетелдік ғалымдар философия тарихын филосо­фия­лық тұлғалардың – Сократ, Платон, Аристотель, Акуинолық Томас, Декарт, Локк, Кант, Маркс, Ницше, Сартр, Деррида және тағы басқалардың – шығар­ма­шылығын талдау арқылы жеткізген. Бұл – өте қызықты және философия та­­рихын хронологиялық тәсілмен қа­рас­­тыруға дағдыланған біз үшін жаңа әдіс. Шынында да, философия тарихын құрайтын философиялық тұлғалар.Фило­софиялық ой оқырман үшін оны пайым­даған тұлғалар арқылы ғана мәнді, Карл Ясперстің сөзімен айтсақ, «философия кеңістігіндегі субстанциялардың» қайталанбас дүниесіне үңілу, жеке өмірі мен шығармашылығын талдау, тіпті кейбір өмірбаяндық кезеңдеріне назар аудару (бұл Батыста көп қолданылатын ғылыми зерттеу әдісі) танушы субъектінің тұлғалық қалыптасуына маңызды әсер етеді. Ойшылдардың ақиқатқа жету жолын­дағы адами және ғылыми тазалығы, философиялық ізденіске деген құштар­лы­ғы мен құрбандығы жастарға ой салып, олардың тұлғалық келбетінің қалыпта­суына оң әсер ететіні сөзсіз.
Оқулықтарда әрбір философтың өмір шежіресі, ол өмір сүрген кезеңдегі маңызды тарихи оқиғалар туралы мәліметтер берілуі де жастардың қызығушылығын арттырып тұр. Авторлар өз оқырманын үнемі пікірталасқа шақырып, сұрақтар қою арқылы оның өзіндік көзқарасын қалыптастыруға ықпал етуге, сонымен қатар субъективтілікке бой бермеуге ұмтылады. Бұл ерекшелікті біз, әсіресе олардың Карл Маркс философиясын талдауынан байқадық. Шетелдік авторлар ойларын қысқа да нұсқа, қарапайым түрде жеткізеді, осы тұрғыдан алғанда оның баяндау әдісін қазақтың сөз саптауымен салыстыруға болады. Аудармашылардың оқулық тілінің мүмкіндігінше қарапайым, мазмұнының терең болуына ұмтылуы өз нәтижесін бере бастады. Аталған оқулық­тар биылғы оқу жылы басталған екі айдың ішінде «Философияны» міндетті оқу пәні ретінде оқитын студенттер үшін ғана емес, «Философия» мамандығы бойынша арнайы білім алатын жастарымыздың да қолынан түспейтін кітаптарға айналуы осы пікі­рімізге дәлел бола алады. Бұрын фило­софияны тереңдеп зерттеу үшін олар орыс тілдеріндегі кітаптарды іздеуге мәж­бүр болса, қазір бұл іс аударылған осы оқу­лық­тардың арқасында едәуір жеңілдеді.
Жалпы алғанда, «Қазақ тіліндегі 100 оқулық» жобасы бойынша философия оқулықтарын аудару ісі отандық фи­лософиядағы елеулі де пайдалы құбылыс болды және философияның өркендеуіне өзіндік үлес қосқаны сөзсіз.

Базар ХАМЗЕЕВА,
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Дінтану кафедрасының доценті

Заман көшіне ілескен аударма

Антропология ұғымы Қазақстанға кеш келді. Оған дейін этнография, археология деген терминдер қолданылып келген еді. Еліміз тәуелсіздік алған соң, Жоғары оқу орындарында философиялық антропология, мәдени антропология, кейін діни антропология деген пәндер оқытыла бастады. 2013 жылы докторантураға арнайы пән ретінде сол кездегі Нұр-Мүбарак ЕИМУ-нің ректоры, доктор М.Ф.Хижази «Діни антропологияның тарихы мен теориясы» деген пән енгізді. Осылайша, студенттер мен оқытушылар құрамы антропология пәнінің қыр-сырына терең үңіле бастаған еді. Бірақ пәндерге лайық, қазақ тілінде шыққан кітап, оқулық табу мәселесімен бетпе-бет келдік. Ендігі жерде антропология жайлы терең де мазмұнды кітаптарды іріктеп, оны қазақшаға тәржімалап, студенттерге ұғынықты тілде дәріс оқу мәселесімен кезіктік.
Жиырма жылдан астам уақыт бойы адам проблемасымен шұғылданып келе жатқан маман ретінде «Жүз жаңа оқулық» бағдарламасы аясында Алан Барнардтың «Антропологияның тарихы мен теориясы» атты оқулығының оқытушы қауым үшін де, студенттер үшін де маңызы айрықша зор екенін айтқым келеді. Заманауи әлемде антропология жеке пән ретінде тармақ­талып, бірнеше салаға бөлініп кеткен. Ал оның тарихы мен теориясы осы саланың басы-қасында жүрген кез келген маман үшін құнды. Осы орайда, бүгінгі күні студенттер мен оқытушылардың игілігіне айналған оқу құралының бірнеше маңызды тұсын айта кеткім келеді:
1. Аударма өте сәтті шыққан. Тілі жатық. Студент те, оқытушы да кітап­ты емін-еркін оқи, талдай, сараптай алады.
2. Кітап сәтті таңдалған. Алан Бар­нард антропологиядағы тео­рияларға, ондағы теория авторла­рының көзқарасына қыс­қа да нұсқа тоқталып, салыстырып, қо­­ры­тынды жасайды. Бұл біз үшін аса маңызды.
3. Кітапта қозғалып отырған мәсе­лелер қазақстандық жоғары оқу орындары студенттері мен оқыту­шыларына жақсы таныс. Демек, шетелдік ЖОО-ла­рының әдістемесі мен теориясын салыстыра оқуға мүмкіндік мол.
4. Кітаптың соңында екі жүзден аса авторлар мен әдебиеттердің тізімі және глоссарий берілген. Әдебиеттер тізімінің барлығын бірдей оқып тауыса алмасақ та, антро­пологияның мәні мен мазмұнына қатысты негізгі авторлардың не жазып жүргенін, қандай кітаптар арқылы не оқи ала­­тынымызды талдап-таразылауға жол аштық. Ал глоссарий тізімін қарап отырып, студенттер мен оқытушылар осы салаға қажет термин жасау саласын одан әрі терең­дете түсуге мүмкіндік туды деп есептеймін.

Қарагөз СІМӘДІЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.