САҒЫЗ саңлақтары

Қазақ халқының тағдыры небір зұлматты жылдарға толы. Зұлым саясаттың ызғары мен зардабын көрді. Адам айтқысыз небір дүрбелеңнің ащы запыранын ішіп, қорғансыздың күнін кешті. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс, Азамат соғысы, 30-шы жылдардағы аштық, қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы сынды қанқұйлы қасірет, бәрі-бәрі көңілде шер болып халықтың жадынан өшкен емес. Иә, осынау қара жер көтере алмайтын қасіретті бастан өткермеген қазақ жанұясы жоқ та шығар-ау. Әйтсе де, ХХ ғасырдағы ұлтымыз тап болған көразапқа халқы үшін басын бәйгеге тігіп, сол жолда жанын пида еткен баһадүр бабаларымыз да жетерлік. Олардың ерлік мұралары кейінгі ұрпаққа өнеге болып жалғасып, есімдерін ұлықтаумен  келеміз. 

Сөзіміздің тұздығы ретінде айта кетейін, Атырау облысындағы ұйым­дастырылған мәдени мереке аясында қоғам қайраткері Тобанияз Әлниязұлы мен ақын, жыршы, әнші, атбегі, қуғын-сүргін құрбаны Зәкәрия Сағындықұлын еске алу шарасының өтуі. Жазықсыз жалалы болған ерлерді ұлықтау рәсімі Былқылдақты елді мекенінде жалғасын тапты.
Қоғалыкөл мен Қоңырсай,
Төңірегі малға жай.
Сол қоныста жүргенде,
Елімнің болды бәрі бай.
Топырақшашты, Наршөккен,
Қонысым еді күл төккен.
Ежелден мекен жер еді,
Ата-бабам белгі еткен.
Ақорда тігіп, ас беріп,
Салтанатты оңды еткен.
Бұрын-соңды байқасам,
Жоқ екен бәйгім құр кеткен, – деп Зәкәрия Тұрниязтегі жырға қосқан бұл киелі топырақта қазақ халқының тәуелсіздігі жолында бар саналы ғұмырын сарп еткен атақты Тобанияз Әлниязұлы, халқына қалтқысыз қызмет етіп, рухани нұрландырған Абдолла Хазірет, өлеңімен елін сусындатып, оның кешегісін, бүгінгісін, болашағын болжаған Абыл, Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керей, Зәкәрия секілді ақындар, елі мен жерін талай шапқыншылықтан қорғаған Қонай, Ер Жанақ, Төлеп, Мырзатай сынды батыр бабалар, т.б. көптеген марқасқалар кіндігін кес­кен. Ал Санкт-Петербург қаласында білім алып, атағы жер жарған ғалымдар Павлов пен Бектереевтің лекциясын тыңдаған, әскери-медицина академиясын үздік бітірген заманының ең сауатты қатарынан ойып тұрып орын алған, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақтың біртуар текті ұлы Халел Досмұхамедовты айтпай кету әсте күпірлік болар.
Сонымен қатар Сағыз атырабының тағы бір ескере кетер тұсы- мыңғыртып мал өсірген. Қора салып, қысқа жем-шөп дайындамайтын халық малдың қамымен Маңғыстаудан көшіп, Ресей аймағындағы Орынбордың Тұздытө­белге дейін шөбі шүйгін, суы тұщы өзен-көлдерді ен жайлау, қыстақ етіп, жыл мезгіліне сәйкес қайта оралып отырған. Бұл дүниедегі көшу бағыты ең ұзақ халық болған деседі.
Айтулы шараға Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау қалаларынан және өңірлерден көптеген танымал азаматтар келді. Осы тақырыпты зерттеп жүрген ақын-жазушылар, Сағыз өңірінен шыққан белгілі тұлғалар Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Тәжібай Жанаев, Қазақстан бизнесінің көшбасшысы, меценат, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Жауғашты Нәбиев, Қазақстанның мәдениет қайраткері Жұмабай Құлиев, жазушы Марат Мәжитов, сондай-ақ осы мақаланың авторы, өлкетанушылар «Тәуелсіздікті аңсаған алаш азаматтары» атты ғылыми конференцияға қатысып, пікірлерін ортаға салды. Жазушы, өлкетанушы Әбілхайыр Спан «Тобанияз қоғам қайраткері», филология ғылымының докторы, прфессор Жұбаназар Асанов «Зәкәрия – халық жыршысы» тақырыбына баяндама жасады. Мұндай межелі басқосуды ұйымдастырып, игі бастамаға мұрындық болып модератор, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе универсиетінің басшысы, философия ғылымының докторы, профессор, Қызылқоға ауданының құрметті азаматы Ахан Бекежан жүрді.
Өткен ғасырдың 20-30 жыл­дардағы реп­рессияда қазақ халқының 110 мыңға жуығы дарға асылды, атылды, айдалды, қорлық-зорлық торына түсті. Ақ бесігі тер­беусіз, адамы жерлеусіз қалған сол бір күнәһар кезеңде Кеңес үкіметі ал­дас­­пандай жарқылдаған, басы ноқтаға сыймаған асылдарымызды жайратып салды емес пе. Олар елдің топ бастар сер­ке­лері еді. Елі үшін, ақиқат үшін күресіп, арпалысып өмірден өткен 26 тұлға­ның құрметіне мемориалдық тақта ашылды.

Жиналған қауым бұл қадамды өз жұртына жұмыс жасап, еңбегі сіңген ерлерді қадірлеген елдіктің белгісі деп қабылдағаны анық. Расында да елінің азаттығын мойнына бұршақ салып тілеген, қаны мен жанын аямаған текті тұяқ ерлердің рухтарына бас иіп, лайықты құрмет көрсеткенге не жетсін? Осынау ардақтылардың тізімінде Шалбар руынан шыққан, оқыған, мол білімі бар, көзі ашық, көкірегі ояу Мырзағұл да бар еді. Қазақтың белгілі ақыны Шернияздың бейітін тауып беріп, ұлы баба рухын кейінгі ұрпақпен сабақтастыруға мұрындық болған да осы Мырзағұл болатын. Оның артында қалған ұрпақтары әке атын ардақтап, өмір жолынан ғибрат беретін кітап шығарудың қамымен жүргендігі жөніндегі хабар барша жұртшылық үшін жағымды жаңалықтың бірі болды десек артық айтқандық емес.
Шындығы керек, ел мен халық үшін адал қызмет еткендердің есімі ешқашан ұмытылмақ емес. Тарихқа қиянат болмау үшін тағы бір жарқын тұлғаны атап өткенді жөн көріп отырмын.Ол қазақтың маңдайына сыймай кеткен арысы Жанақ Стамғазы Мақатұлы. Ол халыққа қарсы жасалып жатқан қорлық пен зұлымдыққа шыдай алмай намыс пен қайрат отына қақталып, 500 адамнан қол құрап билікке қарсы ұрандаған. Алайда, мұздай қаруланып, әбден әскери дайындықтан өтіп ширыққан, шыныққан, мықты қарумен жасақталған әскерге қарсы тұру оңай деймісің. Ақыры Стамғазы қолы сәтсіздікке ұшырайды. Кейбір дерек көздерінің айтуынша, атақты мұнай кеніші саналатын Мақат теміржол стансасының аты оның әкесімен тығыз байланысты деседі. Айтпақшы, Стамғазы, басқа да көтеріліске шыққандар қатарында Құныскерей Қожахмет те болған. Әупіріммен қуғын-сүргіннен, қысымнан басын аман алып шыққан ол қасиетті ата-баба мекенінен безіп, атын өзгерту арқылы өмір сүруге мәжбүр болған.
Және бір үлкен шаруа Сағыз үлкен теміржол стансасы болып халыққа жұмыс беріп, елге құтты қоныс болғанына 80 жыл толған екен. Осы жылдар әлетінде бұл өңірден атақты, адал азаматтар көптеп шыққан.
Ұлы Отан соғысы жылдары Сағыз елдімекенінің түбіндегі Сарытоғай ауы­лында Әзен атты үлкен жүректі ана тұрған. Ол кісінің алты ұлы майдан даласынан оралмады. Сұм соғыстың зардабы кім-кімге де ес жиғызған жоқ. Он екі мүшесі сау, қарулы деген азаматтар майданға кетсе, ауылда қалған бірлі-жарым шал-шауқан мен әйелдер күні-түні еңбек етті. Сол зұлматты кезеңде елдің ауызбіршілігін сақтап, берекесін келтіріп отыратын көшбастар қариялар болды. Міне, Әзен шешейдің соғыс жылдарында қанатымен су сепкен қарлығаштай әрбір жанұяға қамқор болып, шаңырақтың берекесін келтіруге ұйытқы болғандығын көрген жұрт әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Қиын-қыстау кезеңге қарамастан нардың жүгін көтеріп жетім қалған немерелері мен туған-туыстарының балаларына тәрбиелеп, жеткізіп, қанаттандырған. Өзі де текті жердің қызы еді. Сағыз өңірінде Көкмешіт деп аталатын білім ордасын ашып, халықты сауаттандыруға өлшеусіз еңбек сіңірген атақты Абдолла хазіреттің қарындасы. Хазіреттен алған тәлім-тәрбиесі, имандылығы оны қайырымды, қайсар, өжет, парасатты тұлға болып қалыптасуына зор әсер еткен.
Сұрапыл соғыс уақытында осы аймақ тұрғындарының аш өзегін құмаршық деп аталатын өсімдікпен тамақтандырып, аштан өлуден аман алып қалған да осы Әзен апалар. Тырмысып жүріп майданға кеткен жауынгерлердің отбастарына (халық арасында «әскер семьясы» деп аталып кеткен) қамқорлық жасаған.
Бір күні жетім балалардың несібесі деп аталған құмаршық өсімдігін Кідірген есімді әйелдің сұраусыз жұлып алып жатқанын көріп, қолынан ұстап алып, балалар ырыздығына неге қол сұғасың деп қатты ұрысып, қуып шығыпты. Сонда ауыл адамдары Кідірген Баянқұлдың әйелі болғаны үшін ғана Әзен анамыздың жазасынан аман қалды деп айтып отыратын. Әзен апаға арналып Сағыз мекенінде ескерткіш тақта да орнатылған. Немерелері де бейбіт заманға қолы жетіп жақсы азаматтар болып қалыптасты. Біреуі Сағыз теміржол мектебінің, екіншісі шағын зауыттың директоры, үшіншісі мұқым Қазақстанға танымал кәсіпкер Жауғашты Нәбиев.
Айтулы өңірде өзінің аузынан ақ май ағып отырмаса да, қарны тойып тамақ ішпесе де жетім-жесірге жаны ауырып шырылдаған аяулы аналар тізімін әлі де жалғай беруге болады. Мәселен, былтыр тоқсаннан асып дүние салған Қалнияздың Зершесі, т.б. ондаған аналар дәріптеуге әбден тұрарлық.
Жалпы Сағызда жарғақ құлағы жастыққа тимей, жақсылық жасаудан жалықпай жүрген Зәкәрияның туысы Мұрат Көптілеуовтың еңбегін ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, Былқылдақ ауылында бір гектар жердің аумағын қоршап Зәкәрия саябағын ашып, оны көгалдандырып, ескерткіш қойып, тұрғындардың бірден –бір дем алатын орнына айналдырған жайы бар. Егер Мұрат мырзаның Зәкәрия Тұрниязұлына қай жағынан туыстығын тарқатар болсақ: Тұрнияздың кіндігінен Сағындық, Көптілеу, Сәрсенбай атты үш ұл тараса, Сағындықтан атақты Зәкәрия, Көптілеуден – Баянқұл, Баянқұлдан – осы Мұрат туады.
Әңгіме оның бабалар рухына қызмет етсем деген тілегінде, ынтасында. Осы өлкеден шыққан азаматтардың және бір ерекшелігі осы туып-өскен жері Сағызға қол ұшын созып, қамқорлық жасауға ұмтылуы құптарлық-ақ екен. Мәселен, Жауғашты Нәбиев жерлестеріне мешіт құрылысын салып, тарту етті. Мұрат Көптілеуұлының Былқылдақта қуғын-сүргін құрбандарына арнап салған ескерткіші де сөз жоқ ұлағатты үлгі боларлық шаруаның бірі.
Ал Тастеміров Сағызбай ауылдастарына ауыл орталығынан спортзал салып берді. Осы сияқты ел азаматтары мерекеге қатысқан көп халыққа дастарқан жайып, сыйлық-сыбаға жасауда да ауызбірліктері айқын байқалып тұрды
Аудан әкімі Арман Сырымұлы Баженовтың мұрындық болуының арқасында өткен бұл шара «Рухани жаңғыру» аясында жүзеге асты. Рухани жаңғыру дегеніміздің өзі–ұлтымыздың, барша қазақстандықтардың ғасырлар бойы жинаған рухани құндылықтарын ақпараттық дәуірдің көшіне лайықтап түрлендіру, жаңа серпін беру емес пе? Яғни «Рухани жаңғыру» арқылы адамгершілік құндылықтарды қалып­тастырамыз. Әсемдік, ақиқат, еркіндік, рақымшылдық, кешірімділік сияқты ізгіліктер де өмірге еркін ене бастайды. Міне, біз тілге тиек етіп отырған игі іс осының жарқын көрінісі деп қабылдадық.

Өмірзақ Озғанбаев,
профессор

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.