Жеті қазынаның бірі десек те…

Қазір көшеде немесе саябақта алдыңыздан итіне әңгіме айтып, серуендеп жүрген жандарды көреміз. Иесі оның ақылдылығына масаттанады. Бүгін қандай тамақ беретінін, оның сұлу екенін айтып еркелетеді. Өзара сырласады. Өйткені ит адамның досы ғой…

Менің бір танысымның күшік кезінен үлкен ақшаға сатып алған иті бар. Кешегі күшік бүгін адам бойымен таласа өскен. Сырт адам маңына жолай алмайтын алабай, осы үйдің еркесі. Ол тамақ қалдығын менсінбейді. (Менің түсінігімдегі ит ас қалдығын жеуі тиіс. Ысырап болмауы үшін). Маңғаз. Астың дәмдісін, дұрысы, өзіне арнап дайындалғанына ғана мойын бұрады. Тіпті қала пәтеріндегі шолжаң, сыртқа үлгермей қалған сәттерде нәжісін де еденге жібереді. Оған жиіркенбестен, «ой, ерте айтпайсың ба?» деп назданған үй мүшелері еденді кезек сүртеді…
Табиғаттағы экологиялық тепе-теңдіктің сақталуына иттердің де өз үлесі бар. Бірақ итіне төрден орын беріп, ақ дастарқанында бірге ауқаттанатын кейбір қазақ баласы иттің орны аула, жұмысы күзетшілік екенін ұмытқандай. Керісінше, бөлме ішінен үй жасап айналып-толғанады. Оның тазалыққа сәйкес келмейтіні былай тұрсын, қазіргі дамыған медицина иттен адамға жұғатын бірқатар аурулардың түрлерін де анықтағаны белгілі. Қанша жерден жеке куәлігі, ветеринары, бар қажеттілігі өтелгенімен, әр нәрсе шегінен аспауы керек емес пе? Ақылдысы ақылды, адамға жақындығы көңіл өсіргенімен, ол адам емес, ит – ит болып қалады.
Жеті қазынаның біріне саналған ит – Адам ата мен Хауа ананың алғашқы серігі, досы. Мұндай құрметті орынға ие болғаны да – үлкен еңбегінің арқасы. Ол жайында көне замандағы аңызда былай баяндалған…
Сол бір заманда жерге нөсер жаңбыр жауып, жерді топан су басады. Дүние-мүлік, жер бетіндегі бар байлық, оның ішінде тіршілікке ең қажетті астық та суға кетеді. Сонда ит пісіп тұрған, енді топан суға кетіп бара жатқан астықтың бір уыс масағын тістеп алып шығады. Сол астықты келер жылы Адам ата мен Хауа ана жерге сеуіп өсіріп, азық етіпті. Осылай өз ризығымен бөліскен итті жеті қазынаның біріне санайтын болған…
Табиғаттың бір мүшесі осы жануардың өз иесіне адалдығымен ерекше екені де рас. Бірақ қанша ұнатқанымызбен, Ислам діні итті үйге кіргізуге болмайтынын ескерткен. «Бірде Жәбірейіл (ғ.с.) періште Пайғамбарымызға (с.ғ.с) уағдаласқан мерзімде келмей қалады. Таңырқаған Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мұның себебін ойлана бас­тайды. Содан соң менде бір кемшілік болды ма екен деп, үй ішіндегі жағдайға бір көз жүгіртеді. Үй ішінен немерелері Хасан мен Хұсейіннің кішкентай күшігін байқап қалып, оны сыртқа шығарып жіберген сәтте Жәбірейіл (ғ.с.) де кіріп келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның кешігуінің себебін сұрайды. Сонда Жәбірейіл (ғ.с.) періште: «Періштелер сурет тұрған және ит болған жерге кірмейді…» деп жауап берген еді». Яғни малды, үйді қорғау, аң аулау сияқты нақты қажеттілік болмаса, үйдің ішінде ит асырауға дінімізде тыйым салынған.

Әзілхан Нұршайықов, жазушы:
– Мен ит, мысық дегендерді үйде ешқашан ұстамаймын. Ол тазалыққа жатпайды.

Қайрат Асанов, кәсіпкер:
– Менің алабай итім бар. Оған кез келген адам қызығып қарайды. Сыртта ұстасам, қазір ұры-қары көп. Мен биік үйде тұрамын. Сондықтан үйде ұстаймын. Оның тамағы да, жататын жері де таза. Әр үш күнде арнайы жуындыратын жерге апарамын.

Рамазан Стамғазиев, әнші:
– Үрім-бұтағымызбен үйге ит кіргізіп ұстаған емеспіз. Ит түздің жануары болып жаратылған соң, орны да түзде болуы тиіс. Оны үйге кіргізіп, иісін шығарып, адал тамағыңа араластыруға болмайды. Әрине, ит ұстаймыз, бірақ өз орнында, сыртта.

Жадыра Жексенбиева, балабақша қызметкері:
– Неге үйде ит ұстауға болмайды? Біз жертөледе емес, 9 қабатты үйде тұрамыз. Аула жоқ. Үйдің ішінде болғанымен, ыдысы да, жататын жері де өзінше ыңғайластырылған. Балалар да бір уақ көңілдерін сергітеді. Бір жаққа шығып жатсақ, үйді күзететін осы. Ақылды. Сыртқа шығатын уақытын дер кезінде өзі білдіреді. Мәселен, көршіміз Надя апайда 4 ит бар. Бірақ оларына бір бөлмесі арналған. Үйім кең болса мен де солай істер едім. Одан еш зиян көріп тұрған жоқпын.

Ардақ Қасымбаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Альберт Мурсалимов

    Үйде ит, мысқ ұстау алдымен балалардың денсаулығына қауіпті. Олар ішекқұрттардан басқа, қотыр-қышыма (гриб ауруларын, теміретке секілді),құтырық, тулеремия, лептоспироз, тымау,оба т.б. ауруларды көшеден үйге әкеліп иммунитеті жоқ нәрестеге, денсаулығы нашар қарияларға жұқтырады.Екіншіден аллергия тудырады қылшыққа, сасық терге. Ұшіншіден біздің қалаларымызда ит қыдыртатын арнайы аула жоқ, жұр иттерін тыштыруға шығарады, ол ит үйдің айналасына шөптің үстіне барып тышып кетеді, және боғы қандай сасық, ол жерге барып балалар ойнайды. Көктемде қар ери бастағанда аула иттің боғынан көрінбей тұрады. Сондықтан ит ұстау біздің қалаларда қиын шаруа.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.