Болат Сарыбаевтың мұралары қайда?

Ұлттық музыкалық аспаптар туралы айтқанда Болат Сарыбаевтың есімі ойға оралады. Ол – тарих қойнауында қалған аспаптарды қайта тірілтіп, қатарға қосқан ғалым, аспаптанушы. Жеке коллекциясында 300-ден астам аспап болғандығы жөнінде түрлі дерек бар. Сол аспаптар қазір қайда? Ғалым өмірден өткен соң, олардың тағдыры қандай болды? Қазақтың тұңғыш музыкалық аспаптар музейіне берілмегені рас па? Осы және өзге де сауалдарға жауап беруге тырыстық. Әңгімені әлқиссасынан бастасақ…
Болат Сарыбаевтың өмір жолын таңдауына Құрманғазының шәкірті, атақты домбырашы Дина Нұрпейісова ықпал еткен екен. Дина апа Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде біраз уақыт Сарыбаевтар үйінде тұрған. Сонда Болаттың музыкалық қабілетін байқап, өзінің домбырасын сыйға тартыпты. Дәулескер күйшінің осы бір артқан сенімі қанат бітірсе керек, Болат Шамғалиұлы Алматы консерваториясына оқуға түсіп, Ж.Қаламбаев пен Л.Я.Эдельман сыныбында білім алады. Консерваторияны ойдағыдай аяқтаған соң, өзі білім алған оқу ордасының ұлт-аспаптар кафедрасына қызметке орналасады. Сол жылы Ахмет Жұбанов оған ғылым жолына түсіп, көне аспаптарды зерттеу керек екенін айтыпты. Академиктің бірауыз сөзі Болат Сарыбаевтың зерттеу жұмыстарын бастауына негіз болған екен. Бұл туралы аспаптанушының шәкірті Жарқын Шәкәрім баяндап берді.

Көне аспаптарды жаңғырту

Ж.Шәкәрім 1967 жылы Қарағанды музыка училищесін бітірген. Сол жылы «Лениншіл жас» газетіне «Талғам және осакаровкалық домбыралар» деген мақала жазады. Онда Осакаровка жеріндегі шеберханадан шығатын домбыралардың сапасын сынға алады. Араға он күн салып, осы мақалаға Болат Сарыбаев пікір білдіріп, «Музыкалық аспапты музейден ғана көрмейік» деп жауап жазады. Қос музыкатанушының таныс-білістігі осылай басталады. Кейін 1968 жылы Жарқын Шәкәрім Оразғали Сейтқазин, Базархан Қосбасаровтармен бірге консерваторияның домбыра сыныбына оқуға түсіп, Болат Сарыбаевтың шәкірті атанады. Бұл ғалымның көне музыкалық аспаптарды зерттеуге білек сыбана кіріскен шағы екен.
Жарқын Шәкәрімнің айтуынша, 1968 жылға дейін қазақта тек төрт музыкалық аспаптың атауы белгілі болған. Олар: домбыра, қобыз, дабыл, сыбызғы. Академик Ахмет Жұбанов 1934 жылы Т.Жүргеновтің бұйрығымен КазЦИК атындағы аспаптар оркестрін (қазіргі Құрманғазы оркестрі) құрған кезде оның кем дегенде 20 пайызын баян, пикколо, треугольник, контрабас сынды еуропалық аспаптар құраған. «1968 жылға дейін жетіген, шертер деген аспаптардың болғанын иісі қазақ білмеген. Олар – сонау түркі дүниесінен жеткен аспаптар. Оның бәрін Б.Сарыбаев тірілтті. Сонымен бірге үскірік, сазсырнай, мүйізсырнай, бұғышақ, асатаяқ және т.б. аспаптарды да қатарға қосты» дейді Ж.Шәкәрім.
Болат Сарыбаев аспаптарды қа­зақ даласына сапар шеккен сая­хат­шылардың жазбаларынан тапқан. Ол туралы өзі «Қазақтың му­зы­калық аспаптары» деген кітабында: «Соңғы жылдары ұмыт қалған аспаптарды тауып, оларды қайта жаңғырту жөнінде бірқатар жұмыстар істелді.

Ұлт аспаптары музейінің тұңғыш ғимараты.

Біз саяхатшы-этнографтардың жазбаларын, мұражайларда сақталған аспаптар үлгісін пайдалана отырып, домбыраның бірнеше түрін, соның ішінде үш ішекті домбыраны, шертер мен жетігеннің 5-6 түрін, даңғыра, дабыл, асатаяқтың 8 түрін, қылқобыз, сазсырнай, үскірік, сыбызғы, барлығы 50-ге тарта музыкалық аспаптар жасаттық» деп жазады. Осы ретте аспаптанушыға көмектескен шеберлердің еңбегі орасан екенін айту керек. Олар: Борис және Эммануил Романенколар, Қамар Қасымов, Арыстан Ермеков, Бисенғали Мырзағалиев, Қалмұқан Оңалбаев, Оразғазы Бейсенбаев пен Әбузар Аухадиевтер. Мәселен, Болат Сарыбаев: «1966 жылы Оразғазы Бейсенбаев «Сибирский вестник» журналында 1818 жылы суреттеп жазылуы бойынша жетіген аспабын жасады. Нақ осы жетігеннің бейнесін қайтадан өмірге келтіру – көне аспаптарды қайта жасау ісінің бастамасы болды. Жетігенді қайта жасағанда біз мына жайтқа назар аудардық. Құрылысының негізгі сипаттарын сақтау, диапазонын кеңейту, ішектің санын мүмкіндігінше көбейтпей, хроматикалық дыбыс қата­рына жеткізу, техникалық мүмкіндігін байыта түсу» деп, өзі негіздеген ғылыми тұжырым бойынша жетіген аспабын жасап, іске қосқан Оразғазы Бейсенбаевтың еңбегіне ерекше баға береді. Дәл солай 1968 жылы шебер Әбузар Аухадиев шертер, асатаяқ, екі ішекті және үш ішекті домбыраларды, жетіген аспабын жасауға кіріскенін жазады. Ал шертер Бронислав Залеский деген поляк саяхатшысының жазбасынан табылыпты. Ол кітабында шертердің суретін салып, астына «киргизские инструменты» деп жазған екен.
Осы жерде «Бұл аспаптар қазақта бұрыннан бар болса, неге жоғалып кеткен?» деген сұрақ тууы заңды. Оған Жарқын Шәкәрім былай деп жауап берді: «Бұл аспаптар бізде Түрік қағанаты кезінен бері болған. Кейін Алтын орданың билеушісі Тоқтамыс хан Ақсақ Темірден жеңілгенде орда Қазан, Астрахан, Өзбек және т.б. хандықтарға бөлініп кеткен. 1465 жылы Жәнібек пен Керей Моғолстан ханы Есенбұғаға арқа сүйеп, Өзбек хандығынан бөлініп шығады да, Қазақ хандығын құрады. Байқап қарасақ, жаңағы музыкалық аспаптар Алтын орда ыдырғанда, әр хандықтағы халыққа тараған. Сол себепті де домбыра татарда да, түрікте де – түркітілдес елдердің бәрінде бар. Қырғыздың комузы да домбыра тәрізді. Кейін заманның зұлматты жылдарында, соғыс, жорықтарға байланысты халқымыз олардан мүлдем қол үзіп қалды. Кеңес заманының қазақтары олар туралы тіпті білген де жоқ. Болат аға жетіген мен шертерді тапқанда үлкен жаңалық болды» дейді ол.

Жарқын Шәкәрім мен Болат Сарыбаев, Дели, 1970 ж. 

Болат Сарыбаевтың музыка ғы­лы­мына қосқан тағы бір сүбелі еңбегі – екі ішекті қобызды оралтуы. Консерваторияның сол кездегі ректоры Еркеғали Рахмадиевке айтып, аспаптың осы түрінің оқу орнында оқытылуына қол жеткізеді. Ұстаздық қызметке Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев сияқты ел ішінде жүрген қылқобызшыларды шақыртады. Кеңестік жүйеде бұл қылқобыз бақсылардың аспабы саналып, феодализм сарқыншағы деп қаралғандықтан, консерваторияда оқытпаған екен. Сөйтіп, дәстүрлі өнерді оқытатын оқу ордасы тағы бір мамандықпен толыққан.
Ғалым зерттеу жұмыстарын мұнымен тоқтатпай, көне аспаптардың географиялық картасын сызады; аспаптардың түрлеріне қарай топтастырып, кестесін жасайды; қазақ тарихында бірінші рет көне аспаптар ансамблін құрады. Оны «Отырар сазы» деп атайды. Құрамында Жарқын Шәкәрім, Базархан Қосбасаров, Оразғали Сейтқазин және т.б. өнер көрсетті. Қамыстан жасалған сыбызғылар, үш ішекті домбыра мен шаңқобыз, қобыз бен бұғышақ, қобыз бен сазсырнайды қосып дуэт шығарады. Ансамбль жұмысы сол кездегі Мәдениет министрінің орынбасары Өзбекәлі Жәнібековтің көңілінен шығып, оларды түрлі іссапарлармен шетелге жібереді. 1971 жылдың 21 ақпаны күні Қазақ КСР Мәдениет министрлігінің және «Қазақконцерт» бірлестігінің қолдауымен Абай атындағы опера және балет театрының залында «Қазақтың көне аспаптар оркестрі» деген атаумен концерт берді. Оркестрге белгілі өнер қайраткері Малғаждар Әубәкіров дирижерлік етті.

Коллекция қазір қайда?

Б.Сарыбаевтың қорындағы аспап­тардың саны 300-ге жеткен еді. Ол аспаптардың бәрін өзінің үйіне жинаған. Жарқын Шәкәрімнің айтуынша, Асанбай Асқаров облыстың бірінші хатшысы болып тұрған кезде бұл кісіге консерваторияның алдынан төрт бөлмелі үй береді. Болат Сарыбаев соның екі бөлмесінен музей жасаған екен. «1980 жылы Өзбекәлі Жәнібеков Болат Сарыбаевпен музыкалық аспаптар музейін ашу туралы ақылдасты. Оған өзім куәмін. Болат аға келісімін берді. Сөйтіп, Мәдениет министрі Ж.Еркінбековке айтып, ол Д.Қонаевқа хат жазып, соңында музей ашу туралы бұйрық шығарды. Директор ретінде Болат Сарыбаев мені ұсынды. Ағалардың сенім артуымен қазақтың музыкалық аспаптар музейінің тұңғыш директоры атандым. Өзбекәлі ағаның тапсырмасымен музейге ғылыми қызметкерлер алдым. Ішінде Таласбек Әсемқұлов та бар еді. «Сазген» деген ансамбль ұйымдастырдым. Бірақ Болат Сарыбаев музейге аспаптарын бермеді» дейді Ж.Шәкәрім. Бұл жайт туралы Таласбек Әсемқұлов «Алтын орда» газетінде жарияланған «Есте қалған естеліктер» атты жазбасында былай деп еске алады: «Мәдениет министрлігінің сарапшылары Болат Сарыбаевтың үйіне барып, ғалым ағамызбен тіл табыса алмай қайтыпты. Сонымен министрліктің сонша үміт артып отырған коллекциясы музейге берілмейтін болды». Аспаптанушы Зәбира Жәкішева да «Өзбекәлі Жәнібек тағылымы» атты кітабында: «Жарқынның музейден кетуіне бірнеше себептер болды. Біріншіден, ол Өз-аға Жәнібектің алдынан өтпей, келісімін алмастан Б.Сарыбаевты музейге жұмысқа алды. Ол кезде Б.Сарыбаевтың музейге жұмысқа келуіне Өз-аға қарсы болған еді. Оның бірнеше себептері болды. Мәселен, сол тұста музей ашу үшін экспонаттар жетпей жатқанда қоғам қайраткері М.Есенәлиев екеуі Бөкеңе жолығып, үйіндегі жиналған жеке коллекцияларды музейге беруді, сол арқылы Мемлекеттік сыйлықтың иегері болуды және кейінірек музейге атын беру туралы ұсыныстарын айтты.

Алайда Б.Сарыбаев ағамыз бұл ұсыныстардан бас тартты…» деп жазыпты. Авторлардың келтірген мәліметтеріне сүйенсек, осы жағдайдан соң Өзбекәлі Жәнібеков Дәркембай Шоқпаров деген шеберді шақыртып, музейге қойылатын аспаптарды жасатқан. Ал Б.Сарыбаевтың аспаптары бұрынғыдай өзінде қалған. Бірақ қазіргі Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар музейінің ашылуына Болат Сарыбаев еңбегі түрткі болғанын ұмытпауымыз керек. Өзбекәлі аға ол туралы «Тағдыр тағылымы» кітабында: «Музейдің тақырыптық-экспозициялық жос­парының негізіне Б.Сарыбаевтың Өзбекстанда өткен конгресте жасаған ғылыми баяндамасы алынды» деп жазды. Кейін Б.Сарыбаев филармонияға жұмысқа тұрады. Ансамблі де сонда барады. Аспаптанушы өмірден өтер алдында ағасы Шора Шамғалиұлына: «Мына аспаптардың бәрін Нұрғисаға бер. Менің оркестр жасаймын деген арманымды жалғастырсын» деген екен. Мұны Жарқын Шәкәрімнен естідік…
1984 жылы аспаптанушы өмірден өтті. Осыдан соң жұрт арасында әйгілі коллекция туралы алып-қашпа әңгімелер айтыла бастаған. Бірі «қараусыз қалды» десе, екіншісі «сатылып кетті» дегенге сая­ды. Анығын білу үшін бірінші Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлттық музыкалық аспаптар музейіне хабарластық.Тұтқаны өзін Нұрлы Ғибадуллина деп таныстырған ғылыми қызметкер көтеріп, музейде Б.Сарыбаевтың бірде-бір аспабы жоқ екенін айтты. Кейін осы музейдің алғашқы қызметкерлерінің бірі Сәуле Мерекеевамен хабарласқанымызда, ол кісі Б.Сарыбаев коллекциясының ҚР Ұлттық музейінде екенін жеткізді. Бірден осы музейдің бас қор сақтаушысы Рыскүл Ескендірқызына қоңырау шалдық. Б.Сарыбаев аспаптары осы музейде сақтаулы екен. Мұнда тап болу жолы да ұзақ. 90-жылдары Б.Сарыбаевтың жұбайы мен туыстары аспаптарды Алматы қаласындағы Ықылас атындағы музейге тапсырыпты. Кейін ҚР Мәдениет министрлігінің 2003 жылғы 10 қазандағы №6 арнайы шыққан бұйрығына сәйкес аспаптар ҚР Президенттік мәдениет орталығының музей қорына алынды. Араған 12 жыл салып, Қазақстан Республикасы Ұлттық музейіне ауыс­тырылады. Қазір онда Болат Сарыбаев коллекциясынан 309 аспап тұр. Барлығы да – түпнұсқа.

Орындалмаған арман

Ерен еңбек пен тың ізденістің нәтижесінде қайта тірілген аспаптар осылайша ел игілігіне айналды. Ал әзірге аспаптанушының іске аспаған бір арманы бар. Ол – керней мен ұран аспаптарын қолданысқа енгізу. Ғалым оның ғылыми тұжырымдамасын кітабында жазыпты, ал жасауға жарық дүниедегі уақыты жетпей қалған екен… «Бұл Болат Сарыбаевтың ғана емес, Әлкей Марғұлан, Рахманқұл Бердібаев, Сапарғали Бегалиндердің де арманы еді. Керней аспабы өзбек, әзірбайжан, қырғыз сияқты түркітілдес елдерде бар. Бірақ күні бүгінге дейін біздің ешбір оркестрде пайдаланылмайды. Ол – үрмелі аспап, дауысы қатты шығады. Б.Сарыбаев қайтыс болғалы бері көне аспаптарды зерттеген адам жоқ. Зәбира Жәкішева деген музыкатанушы зерттеді, бірақ Болат аға сияқты аспаптарды халыққа жеткізген жоқ. Керней туралы барлық ақпарат ағаның кітабында бар, соны жасап, жарыққа шығаратын, оркестрге қосатын адам болмай тұр.

«Шертер» ансамблі, Арқалық қаласы, 1972 ж.

Сол себепті де қазақтың оркестрінде жаңалық жоқ. Домбыра, жетігендердің үні нәзік қой, соның ішінде дауысы қаттырақ шығатын, қазақ хандығының жорықтарында қолданған рухты үн жетіспей тұрады. Қазақтар жорықта қалай жеңіске жеткен? Мысалы, Қабанбайдың жасағында 22 дабылшы болған екен. Ол кездегі дабылдардың диаметрі 2 метрге жуық болған. Сиыр не түйенің көн терісінен жасалған. Оны өгіз арбаға байлап қояды. Екі жағынан екі тоқпақшы ұрғанда, күңгірлеген үні 20 шақырым жерге жетеді екен. Сөйтіп, бір-біріне белгі беріп, жауға шапқан. Сонда бірінші дабылдың, сосын ұран аспабының үні естіледі екен. Бұл оркестрлерді сынағаным емес, кернейдің дауысы жетіспей тұрған соң айтып отырмын. Болашақта жастар сол керней, ұран аспаптарын жасап, қатарға қосса деген тілегім бар» деп аяқтады әңгімесін Ж.Шәкәрім.

Сырым Датұлының «Дәурені озса – жасы жеткені болар, қамқа тозса – күтімі кеткені болар» деген сөзі бар. Дәурені озған тұлғаларды тірілте алмаймыз, бірақ олардың артында қалдырған мұрасын қамқадай тоздырып алмасақ екен деген ниет біздікі…

Әсел САРҚЫТ

 

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.