«ДОС» СИҚЫ

Оң қолымен мектепке ұстайтын қара сөмкесін қыса ұстап, сол қолын қара көк шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберген Қуаныш бірдеңеден құр қалғандай ентелей басады. Жауар бұлттай түйілген қабағы, өрт сөндіргендей түтіккен өңі ашу-арғы­маққа қамшы басқанын, енді оның тегеурінді арынын тежеуге құлықсыз, дәрменсіз күйін танытқандай. Бойын қазанда сақыр-сұқыр қайнаған қара судай бұрқ-сарқ ыза кернегені рас. Көкірек қуысында құдды от жанып жатқан секілді: ішкі әлемін күйдіріп барады. Сол алапат қызудың жалынына шарпылған жұдырықтай жүрегі бебеу қағып, жанын қоярға жер таптырмай тыпыршытуда.
Қара күшігі құйрығын бұлаңдатып алдынан шыға келгенде ғана үйіне жеткенін біліп, жүрісін тежеді. Бірақ аяғына оралып арсалаңдаған мақұлықты әдеттегісінше арқа, басынан сипалап еркелетуге зауқы соқпады. Зекіп қуып тастауға да қиған жоқ. Күшіктің әр қимылын бағып тұра берді. Үйге қарай жүруге енді ыңғайланғанда қисайып құлауға шақ тұрған қақпа көзіне шалынып, көңілін одан бетер құлазытты.

Бұның төбесі көрінгеннен-ақ анадай­дағы ашық қора жақтан Торқасқа оқы­ранды. Қасына жетіп тоқтаған иесіне мой­нын созып иіскелей бастағаны – шөп сұрағаны. Қазір де сөйтті. «Менің де айдарымнан жел есіп тұрғаны шамалы, жануарым» деді салалы саусақтарымен жалынан тарап тұрып. «Атымтай мақтаншақ бүгін маған тағы да қасақана соқтықты. Математикадан өткен сабақта бестік алғанымды қызғанғаны. Қотыр тайлақтай сүйкенуін қойсашы бір. Ұл біткенді иіріп жуасытқысы келетін әңгүдіктігін еле­мейтінім, доңайбатына қыңбайтыным шымбайына батқаны сондай: ащы тілін жанды жеріме сұққылады-ай, кеп. Бәрінен «Жұртта қалған жетімек»! дегені етімнен өтіп, сүйегіме жетті ғой, Төрқасқа!» Атының жалын құшып өксіп-өксіп егілді.
Ту сыртынан атын атап шақырған дауыс ойын бөлді. Жалт бұрылғаны сол еді, өз көзіне өзі сенбеді. Аппақ тістерін көрсете ыржиып, екі-үш қадамдай жерде Баршын тәтесі тұр.
– Тәте-е-е! – деп оқыс дауыстап жіберген Қуаныш құстай ұшып кеп әпкесінің мойнынан құшақтай алды.
– Айым, Күнім, жал-құйрығым, – деп інісінің бетінен сүймеген жер қалдырмады. Әпкесі бауырына емірене елжіреуін жылаумен ұластырды. Көптен көріспей сағыныса табысқан туыстар көкірекке жиналған зар-запырандарын көз жасымен осылай сыртқа шығарысты.
Ертесінде Баршын туған ауылын­дағы ағайын-туыстарға сәлем беруге кетті. Қуаныш пен Әсел үй тазалауға кірісті. Үй шаруасын тап-тұйнақтай етіп бітіріп, жабдықтарды өз орнына қою үшін сыртқа беттеген Қуаныштың алдынан орта бойлы, қара торы бейтаныс адам ұшыраса кетті.
– Амансың ба, балам? – деді жұмсақ қоңыр үнмен.
– Сәлеметсіз бе?
– Арыстанның ұлы Қуанышсың ғой?
– Иә. Сіз кім боласыз? – деді Қуа­ныш таңырқаған кейіппен.
– Мен – Арыстанның досымын. Есімім – Жұмат.
Осы кез іштен шыға келген Әселге назар аударған бейтаныс адам:
– Сен Әселсің ғой? Солай ма? –деді жымиып.
– Әселмін.
– Сендермен танысқаныма қуаныш­тымын, балалар.
– Үйге кіріңіз, аға, – деді Қуаныш қолындағы заттарды тастай беріп.
– Рақмет, айналайын.
Жұмсақ диванға жайғасқан Жұмат әңгіме арқауын ширата түсті:
– Ол кезде аудандағы лауазымды мекемеде екінші бастықпын. Әлдеқандай шаруамен кабинетіме бас сұққан жас маман – Арыстан алғаш тілдескенде-ақ алысқа шапса да алқынбайтын жүйріктей ерекше жан екенін байқатты. Жан-жақты білімдарлығы таңдай қақтырарлықтай еді. Өзі алғыр, өзі зерек әрі көркем жігітті салғаннан ұнатқанымды несіне жасырайын. Бара-бара таныстығымыз достыққа ұласты, сөйтіп, тонның ішкі бауындай боп кеттік. Бір-бірімізді екі-үш күн көрмесек, сағынысып шұрқырай табысатынбыз.
Мен үйлі-барандымын. Әйелім, екі ба­лам бар. Арыстаннан бес-алты жас үлкенмін.
– Сіз папамнан үлкенсіз бе? –деді Қуаныш таңданып.
– Айтып отырмын ғой үлкенмін деп.
– Бірге оқыған достар екен деп ойлаппын.
– Ол әлі бойдақ, – деп жалғастырды әңгі­месін Жұмат. – Жас ерекшелігіміз достық қарым-қатынасымызға титтей де қылау түсірген жоқ. Бір-біріміздің сөзі­мізге, ісімізге күмәндану, сыр бүгу деген біздер үшін жат нәрсе сияқтанатын. Сол көңілімізді кірлетпеген күйде достық атты ғаламат биіктіктің асқар шыңында қалып қойдық деп есептеймін, – деп терең күрсінді. – Кейінгі жылдарда мені алыс ауданға қызметке жіберді де, бір-бірімізден арамыз алшақтап кетті. Жұмыстың қолбайлаулығына қарамастан, анда-санда болса да ат басын бұрып, атаң мен әжеңе сәлем беріп тұруды есімнен шығармаппын. Осы екеуіңнің де мектепке барған тілашар тойларыңда болып қайтқанмын. Одан кейін де екі-үш мәрте соққанмын.
Дәл осы шаңырақта талай-талай асыр салып ойнап, тойлағанбыз. Ата мен әженің көл-көсір, ырғын дастарқанынан қазы-қарта, жал-жаяны қарпи асағанбыз. Ән шырқап, би билеумен талай ақ таңды қарсы алғанбыз. Қазір қайда-а жаныма жақсылығымен майдай жаққан сол адамдар? Қайдасың досым, Арыстан? Кешір мені, достым!
Көздерінен ыршып кеткен жасын сүртуге Жұмат асыққан жоқ. Басы төмен салбырап, екі иығы селкілдеп, ұзақ өксіді ол. Қуаныш пен Әсел де жас төкті. Әселдің «папалап» шырылдап жылағаны Жұматтың есін жиғызды.
Орнынан тұрып кеп:
– Әселжан, қоя ғой, қызым. Тағдырдың жазғанына қарсы тұрар дәрмен бар ма бізде. Жазмыштан озмыш жоқ. Айналайындарым, ойда-жоқта кеп ескі жараларыңның аузын тырнағаным үшін кешіріңдер мені, – деп екі балаға жұбату айтты.
Үшеуі де біраз үнсіз отырып қалды. Жұмат терең күрсініп басқа бір әңгіменің шетін шығарды.
– Өткен жылы әйелім Ұлдан қала базарының бірінен мамаңды Қызғал­дақты көріпті. Атасы мен енесінің бірінен кейін екіншісі бір жылда мәңгілікке аттанғанын естіпті. Қамқор жандардан айрылу кімге жеңіл тисін. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, есепшілік жұмысы қысқарыпты. Тағдыр соққысына ұшыраған әйел-ана әбден жүдеп, тарығып-зарығыпты. Бір отбасының жүгі өз иініне түскендіктен амалсыздан саудаға шыққан жайы бар көрінеді. Күні бойы екі аяғынан тік тұру оңай боп па. Сөйткеніне жараса ісі оңға басып жүріп берсе көңілге медеу ғой. Саудасы жүрмей, ісі кері айналып, әбден титықтатыпты.
Ұлданға сол күні бұйрық бердім: «Қыз­ғал­дақты біздің дүкендердің біріне сатушы етіп ал да, айлығын кө­бейтіп бер». Ұлдан ер­те­сінде-ақ айтқа­нымды бұлжыт­пай орындады.
Бірде кешқұрым дүкенге бас сұқтым. Сатушылардың үшеуі де осында жиналыпты. Бірі – Қызғалдақ. Ана екеуі өзекжарды бір мәселе туралы қызу пікірталастырып тұр. Екеуі кезек сөйлеп, өз ойларын ортаға салуда. Ал Қызғалдақ бүгінгі саудасының есебін шығарып өзімен-өзі. Тіпті бұлардың әңгімесіне құлақ та салмайды.
Мені Қызғалдақтың осы қалпы ойландыра бастады.Осы ойымды Ұлданға айтып көріп ем, ол да Қызғалдақтың оқтау жұтқандай ешкімге иілмейтінін, жақын тартып құшақ ашқанына еміренбейтінін көңіліне сыйдыра алмай жүр екен. Қай­ғының қара батпағына малтыға-малтыға әбден титықтап, құр сүлдері ғана қалған. Одан суырылып шығуға мүлде дәрменсіз.
– Бұл айтқаныңызды қалай түсінуге болады? – деді Қуаныш ақ сары өңі сұрланып.
– Қызғалдақ жүйке дертіне шал­дыққан. Қайғы-қасірет деген түпсіз тұңғиық, ыңғайына берілгендер тереңіне жұтылып кете барады.
– Жоғалып кетерден бір күн бұрын ғана мамам үйден сап-сау кеткен, – деді Қуаныш тағы да Жұматтың сөзін бөліп.
– Оның рас, – деді Жұмат Қуанышқа суық қарап. – Ұлдан апаң дереу қолға алып Қызғалдақтың дәрігерге көрінуіне мұрындық болды емес пе. Бұл әрекеті оң нәтиже беріп, анаң бірте-бірте езу тартатын халге жетті.
«Бала – адамның бауыр еті». Сендерді ойлап, көп қамығатын. Ондайда Ұлдан тәтесі екеуі аз күңкілдесіп, өзара келісімге келетін. «Сен келгенше орныңда мен істей тұрамын. Бара ғой балаларға, олар да сені сағынған шығар» дейтін Ұлдан. «Рақмет, алтын тәтем. Сіз болмасаңыз мен не істер едім» деп Қызғалдақ тәтесін бетінен өбетін де шыға жөнелетін.
Бірде есік сыртында темекі шегіп тұрғанмын. Қызғалдақ пальтосын жүре түймелеп, шығып келе жатты. Көзіне көзім түсе кеткенде жүрегім шым етті. Жанарынан тізбектелген моншақтай мөлдір тамшылар құйылып кетіпті.
– Неге жасыдың, қалқам? – деп едім.
– Ештеңе, – деді де, тез-тез басып жүріп кетті.
«Апырым-ау, Қызғалдаққа не болды екен? Әлде елдегі бала-шағасынан жайсыз хабар естіді ме?» деп ойым онға, санам санға бөлінгені. Кешкісін үйге келген соң, Ұлданға әлгіндегі көргенімді айтып, одан суыртпақтап сыр тарттым. «Біреумен жүз шайысып қалған жоқ па, өзі?»
Ұлдан аз-маз ойланып: «Неге жылады дерің бар ма? Қандай жігіт еді Арыстан? Десе дегендей-ақ еді ғой. Табиғат сұлулықты да, ақылды да, білімді де берген. Сондай өмірлік қосағын ұмыта қояр ма Қызғалдақ. Болмашы нәрсе есіне түсірген болар қосағын.
Жұт жеті ағайынды деген, екі қолты­ғынан сүйеніші, тірегі ата-енесінен бір жылда айрылып қалса, қалай жыламасын? Қас қылғандай заман да өзгеріп сала берді. Осының бәрі ешқандай қиындық көрмеген нәзік жанға оңай соққы деймісің» деп, өзімді жазғырғандай түр танытты.
Шетелге іссапармен кетіп, қайта оралғанда Қызғалдақтың жұмыстан біржола кетіп қалғанын естідім. «Бюджеттік мекемеге өз мамандығым бойынша, яғни экономист болып орналастым. Қиын кезде қол ұшын бергендеріңізге шексіз ризамын. Аға келген соң рақметімді айтармын» депті Ұлданға. Аналарың қайтып төбе көрсеткен жоқ. Сол кеткеннен мол кетті. «Ойпырым-ай, бұнысы несі Қызғалдақтың? Қайырылмай кететіндей не жазығым бар еді?» деп қоям іштей.
Сөйтіп, өкпем қара қазандай боп жүрген күндердің бірінде газеттен Қызғалдақтың жоғалып кеткені туралы іздеуді оқыдым.
Көзім атыздай болды. Сенер-сенбесімді білмедім. Дереу Ұлданаға телефон шалып, суық хабарды жеткіздім. «Бір жерде кездесейік ақылдасатын шаруа бар» дедім. Түсте үйге баратынын айтты. Келсем – Ұлданым көңілсіз. Кірпігінде жас. Оңашада жылап та алғанға ұқсайды.
Екеуміз Қызғалдақты іздеудің жолдарын қарастырдық. Таныстарының аты-жөн­дерін, мекен-жайларын анықтап, іздеуді неден, қалай бастау жоспарын жасадық.
– Мен біреуден күдіктенетін сияқ­тымын, – деді Ұлдан ойланып.
– Кімнен? Тезірек айтшы! – дедім әйелімнің «айтсам ба, айтпасам ба» деген ойын көзінен оқып
– Қызғалдаққа бір ер адамның келіп, тілдескенін көргенім бар. Оның кім екенін сұрағанымда: «Осы біреу ізіме түсіп алды. Өзбекстанда тұратын қазақпын дейді. Бизнеспен айналысатын сияқты. Ташкентке қонаққа шақырады» деген.
– Көрсең таныр ма едің сол жігітті? – деп сұрап едім, Ұлдан жазбай танитынын айтты.
Сөйтіп, іздеуді бастап кеттік. Бұл іске өзіміздің таныстарымыз бен достарымызды да тарттық. Арада екі ай уақыт өткенде, яғни осы жуырда бір дерегін білдім. Араға лауазымы мықты адамдарды салып жатып, тиісті мекен-жайға аналарыңды іздеп бардым.
– Иә, ол қандай дерек? Мамам тірі ме екен, аға? – деді Қуаныш Жұматтың қолынан шап беріп ұстай ап.
– Тезірек айтыңызшы, мамамды қөр­діңіз бе? – деді Әсел де орнынан ұшып тұрып.
– Иә, балалар, мамаларың бар, аман-есен. Бірақ біреудің қолында.
– Қолында?!
– Бұны қалай түсінуге болады?
– Қысқасы, мен сендерді алып кетуге келдім, балалар.
– Қайда? Неге?
– Аналарыңның тілегі – бұл. «Балаларымды бір көрсетіңізші, аға. Беттері­нен өбіп, мауқымды басайын» деген өті­нішін орындауға тиіспін. Қалған әнгі­мені жол-жөнекей жалғастырармын. Тездетіп жиналың­дар, – дегенді айтып ауыз жапқанша сыртқы есік ашылып, әлдекім­дер­дің ішке енген тықыры естілді.
Қуаныш жедел түрегеліп, есікке беттегенде, бейтаныс екі адам табал­ды­рықтан аттап та үлгерді. Еңге­зердей сом денелі, бүркіт қабақтысы бөлменің ортасында талтайып тұра қап:
– Сау-саламатсыз ба, Жұматай мырза! – деп осы үйдің қонағына шүйілді.
– Шүкір. Сіз мені танитын ба едіңіз? – деді қарсы сұрақ беріп.
– О не дегеніңіз! Сіз секілді халықа­ра­лық дәрежедегі бизнесменді танымай не көрініпті? Бетіне мысқыл аралас күлкі табы басылды.
– Бұныңыз әзіліңіз болар?
– Жоқ, шыным. Бизнес әлеміне қосып жүрген сүбелі де қомақты үлесіңіз барынан біз де хабардармыз.
– Ойпырым-ай, ә? – деді көздері айналып, түрі құп-қу боп бозарған Жұмат басын шайқап.
– Шетелдік сыбайластарыңызбен қоян-қолтық жұмыс жасап, жарғақ құла­ғыңыз жастыққа тимей жүрге­ніңізден өзгелер бейхабар деп ойла­саңыз қателе-се-е-сіз, Жұматай мырза.
– Түсінбедім, – деді иығын қиқаң еткізіп.
– Түсінбесеңіз, түсіндіреміз, – деп бо­са­ғада, Жұматтың қимыл-қозғалысын қалт жібермей бағып тұрған әріптесіне ым қаққаны сол еді, осынау көзді ашып-жұмғандай тездікпен кеп, Жұматтың қолына кісен салды.
– Жігіттер, не болса да айтып өл­тір­сеңдерші. Не үшін? – деді жылам­сыра­ғандай діріл араласқан үнмен.
– Өйтіп түк білмегенсіп қайтесіз, – деді бүркіт қабақты.
Есіктен енген Баршынды бастап­қыда ешкім байқай қойған жоқ. «Жұртым-ай, бұнда не болып жатыр? Неге жиналдыңдар? Әлде Қызғалда­ғымнан жаман ха-а-бар…» – деп ес­танды халде сылқ етіп есік алдына отыра кетті.
Оны алдымен көрген де сол – бүркіт қабақты.
– Баршын тәте, есіңізді жиыңыз! – деді серейіп қалған әйелдің басын көтеріп. Қуаныш пен Әсел шырылдап кеп, тәте­ле­ріне ұмтылды. Бүркіт қабақтының серігі зып беріп сыртқа шығып кетіп еді, лезде бір дәріні ұстап қайта кірді. Әлгіні дереу иіскеткені сол еді, Баршын есін жиып көзін ашты.
– Баршын тәте, мені таныдыңыз ба? – деді бүркіт қабақты.
– Шырамытатын сияқтымын.
– Сержанмын ғой, Арыстанның курс­тас досы.
– Арыстанның сыңары деуші едік қой сені, – деп кемсеңдеп жылауға көшті әйел.
– Тәте Қызғалдақ табылды, сүйінші! – деді Сержан.
– А-а? Рас па?
– Рас болғанда қандай!
– Қайда?
– Уақытша ауруханаға жатқыздық
– Аға, мамам табылды ма?
– Мамамды көрсетіңізші, аға! – деп шырыл­даған Қуаныш пен Әселге енді ғана көңіл аударған Сержан: – Келші Қуаныш, Әселжан маңдайларыңнан иіскейін, – деп құшақ жая ұмтылды. Екі бала дәл бір әкелерін көргендей қуана кеп, Сержанның құшағына ене берді.
– Жұмат мырза, адам саудасымен айналыс­қаныңыз толығымен расталды. Алдап-арбап шетел асырып жіберген бірнеше Қазақстан азаматтары құлдықтан құ­тылып, елімізге оралды. Солардың ішін­де бір кездегі досыңыз Арыстанның жұ­байы, мына балалардың анасы Қызғалдақ та бар.
Қызғалдақ шетелдегі сыбайлас­тарыңыздың қолынан сондағы бейтаныс қандасымыздың көмегімен қашып құтылып, Ташкент төңіре­гіндегі қазақ ауылдарында көпке дейін бас сауғалауға мәжбүр болады. Суық хабарды естігеннен бері түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылдыңыз. Қалайда Қызғалдақты райы­нан қайтару керек деген берік шешімге тірелдіңіз. Бұл ойыңызды жүзеге асырудың бірден-бір жолы – оның балаларын қолға түсіру деп жоспарладыңыз. Сөйтіп, ауыздарынан ана сүтінің дәмі кетпеген бүлдіршіндерді анасынан айыр­ға­ныңыз аз болғандай, оларды да шетел асыр­мақ ниетіңіз болды. Жүрегіңіз селт ет­пестен қимас досыңыз Арыстанның отбасын ойрандайтындай да себебіңіз бар екен.
Қызғалдаққа жұмыс беріп жақ­сы­лық жасаға­ныңыз шіп-шикі есепке құрылыпты. Оны екінші әйелдікке алуға көңіліңіз ауады. Бірақ Қызғалдақ тарапынан тегеурінді соққыға тап болдыңыз. Сөйтіп, жолын тауып, қулы­ғыңызды асырып, Өзбекстанға өткізіп жібердіңіз. «Аққа құдай жақ» деген. Қызғалдақ құрған торыңыздан дін аман құтылды.
– Жалған! – деді орнынан қарғып тұрған Жұмат! – Бәрі бос сөз!
– Жұмат мырза, сізді бір жыл бойы бақыладық. Жүріс-тұрыс, қимыл- қозғалы­сыңызды, болған орын­да­рыңыз, қарым-қатынас жасасқан адамдарыңызды түгел лентаға түсіріп отырдық. Мойныма алмасам жазадан құтылады екем, – деп ойламаңыз.
– Ал, сау боп тұрыңыздар, біз кеттік, – деп Сержан жүруге ыңғайланды.
– Қазір Қызғалдаққа біз де барамыз, – деді Баршын.
– Міне, Қызғалдақтың мекен-жайы, – деп Сержан Баршынға бүктеулі қағаз ұсынды.
Үйдегілер Сержанның соңынан түгел­дей сыртқа шығып, қол бұлғап қала берді.

Тұрсынхан Шәлдибекқызы,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.