Ұлтына ой салған…

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры. Адамдар ығы-жығы. Билет іздеп, ары-бері сабылған жұрт. Мұндай көріністі көптен бері алғаш байқауым. Жастардың қарасы да қалың. Демек, қоғам сұранысына ие қойылымға халық зәру. 

«Ұлым, саған айтам…» моно-спектаклі. Авторы – Бақыт Беделхан. Қоюшы режиссері – Асхат Маемиров. Рөлді сомдаушы – әкелі-балалы Бекжан Тұрыс пен Мағжан Асаубай. Айта кетерлігі, бұл – Мағжанның театрға жұмысқа кіріскелі алғашқы сомдаған рөлі.
Сахна төріне М.Әуезов атындағы театрдың басшысы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров шығып, қойылымның автор, актер және режиссер сынды үш тағаннан құралғанын, дәстүр сабақтастығы мен ұрпақ сабақтастығын жалғастыра отырып, қазақ елінің біртұтастығын, ұлт пен ұлыстың татулығы мен бірлігін көксейтін туынды екенін жеткізді.
– «Ұлым, саған айтам» драмалық қойылымының ұлтқа, елге айтатын сөзі бар. Сонау ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету – мінезден» десе, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Отан үшін, отқа түс – күймейсің» депті. Өткен жылы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» үлкен бағдарламалық мақаласы жарияланды. Сол еңбекте ұлт болып ұйысудың, тарихын, тегін ұмытпаудың өзінің генетикалық кодын сақтаудың, соның нақты құрылымын, механизмін түсіндірді. Ұлы далада мәңгілік ұлт болып қалу үшін ынтымақ пен бірліктің, бейбітшіліктің бесігі сақталуы қажет. Ендеше, қойылым ұлт тұтастығының тұғырын нықтайтын туынды десек қателеспейміз, – деді А.Маемиров.
Жарық сөнді. Тас қараңғы. Залда тыныштық орнаған.
– Бұл тірліктің тартып ауыр азабын,
Көрген талай қорлығы мен мазағын.
Бас орнына күн көтерген бір адам
Өз жерінен таба алмай жүр қазағын.
Сен, қазақпысың?… – деп, қолына шам алып, көрермен арасынан қазағын іздеген, ұлтының жоғын іздеген әке шығады. Шынайы көрініс. Еш жал­ған­дығы жоқ дауыс. Боямасыз өмір. Актердің шеберлігі деп осыны айтса керек.
Актермен бірге күрсініп, бұл өмірдің жалғандығын түсінесің. Тіпті әр сөзі, әр ойы сенің өне бойыңды қарып өткендей сезінесің. Құдды бір қойылым емес, сенің өміріңде де нақты осы жайт орын алып жатқандай сезімге бөленесің. Артыңа өкінішпен қарайсың. Ата-анаңның берген тәрбиесін қаланың қатаң тірлігіне айырбастап алғандай өзіңді кінәлай жөнелесің. Тамағыңа ащы өксік тығылады.
Ал сахнада бүгінгі жастар. Қазақы тілмен айтқанда, жын-ойнақ әуенге елтіген жастар. Дәл бүгінгі қоғамның көрінісі. Арасында Мағжан да бар.
Әкесі үйде тұрған ертоқымын іздеп, ұлынан сұрайды. Ұлы оны айфонға айырбастап жібергенін айтып, телефонның соңғы үлгідегі түрі шыққанын түсіндірмекке ұмтылады. Әкенің шарасыздығын сөзбен айтып жеткізе алмассыз. «Біз қазақ, азаматын ат үстінде таныған елміз. Алты жасында ашамайға отырғызып, …алпысында азаматын аттан түсірмеген аталарым-ай! Ердің құнын ер-тұрманның құнымен өлшеген болатын. Кеше, ел басына күн туғанда елдің рухы болған, сол – ер-тұрманым. Егемендігімізді алғанда елдің құты да болған ер-тұрманым» деп егіледі.
Көкірегін шер кернеген әкесін көрген ұлы енді қарсы сөйлей бастайды. «Жалғыз ұлыңнан сол ертоқымды артық көрсең, тауып беремін. Ескі-құсқы дүниені жинап, сол арқылы ақыл айтқаннан адам боп кеткен ешкімді көрген жоқпын. Сонша жүйкеңді жұқартқан ер-тұрманыңыз мына балаң – менен қымбат па?». Бұл – бір ғана мысал. Қойылым ба­ры­­сындағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынастың алшақтығы, өзара түсі­ністіктің болмауы, ұрпақ сабақ­тас­тығына төнген қауіп… бәрі-бәрі шынайы.
Сахна төрінен ұлтына еңбегі сіңген Асқар Тоқпанов, Қанабек Байсейітов, Шолпан Жандарбекова, Сәбира Майқанова, Әмина Өмірзақова және т.б. ұлы тұлғалардың бейнесінің көрсетілуі де қойылымның бағасын одан сайын арттырып тұр.
Көрерменнің көңілін көншіткен жай – қойылымның сәтті аяқталуы. Жас артист Мағжан әкесінің бойын­дағы шерді шығару үшін, қазақтай дарқан халықтың өр рухы үшін осындай қадамға барғанын, болашақтың тақымында тақтан да қымбат ер-тұрман тұруы керегін айтып, әкесіне тосын сый ретінде ат мінгізеді.
Әке мен бала арасындағы түсіністік. Әдемі жарасымдылық. Ұрпақтар сабақ­тастығы.
…Замандардың керуен-керуен
көшінде,
Көне сарын көңіліме көшуде.
Мұңлы күннің мұң мен зары естілген,
Ескен желдей есіл заман есімде.
Бәрі есімде, бәрі, бәрі есімде,
Енді менің арманымды жалғасын,
Мәңгілік ел ұлы дала төсінде, – деген әке баласы мінгізген атқа мініп, әндете кері қайтады.
Бір сөзбен айтқанда, «Ұлым, саған айтам…» – көрерменге ой салатын туын­ды. Ал сахнадағы әке рөлін сомдаған Бекжан Тұрысты – ұлтының нағыз жоқшысы деп бағалауға болады.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.