«Шәкәрім. Жолсыз жаза»

Шәкәрім – өте күрделі тұлға. Оның өмірі мен шығармашылығын көркем шығармаға айналдыру, оның ішінде сахнаға алып шығып көрерменге ұсыну аса жауапты. Сахна тілінде сөйлете білу, әрбір сөзді «жүрекке жылы тиетіндей» етіп беру еріккеннің ермегі болмаса керек-ті. Жә, айтарымыздан алыстамай негізгі әңгімеге көше берсек болады.

Таяуда Семей қаласындағы Абай театрында Шығыс Қазақстан облыстық «Дариға-ай» жастар театры көрермен көңілінің кілтін тапқан, сазымен сөзі, сөзімен сазы жымдасқан ойлы да оқшау қойылым «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклінің тұсауын кесті.
Аты жастар театры болғанымен, затында кәсіби әрі тәжірибелі актерлер топтасқан «Дариға-ай» шығармашылық ұжымы кейінгі жылдарда сәтті эксперименттерге барып, қиыннан жол тауып жүр. Жаңа ізденіске толы елеулі еңбектері көпшілікті қуантып, актерлерге шабыт сыйлағаны да ақиқат. Былтырғы жылғы жастар театрының заманауи форматтағы «Ричард-3» театр­ландырылған қойылымы – осы бір сөзіміздің дәйекті дәлелі. Асылы, тарихи тақырып, онысымен қоймай Шәкәрім философиясы мен идеясы – экспериментке келмейтін айтулы дүние. Жақында ғана көрерменге жол тартқан жаңа форматта сахналанған «Шәкәрім. Жолсыз жаза» эксперимент емес, кәсібиліктің жоғарғы деңгейі екенін көрсетеді.
Кез келген театрландырылған қойы­лым­ның, шығармашылық жұмыс­тың жарқырап шығуы еткен еңбегіңе, жаныңның ауырғанына байла­нысты. Аталған спектакльді бастан аяқ тамашалау арқылы режисер Жұлдыз­бек Жұманбайдың, қойылымның театрлан­ды­рылған нұсқасын әзірлеген Амангелді Бахтиновтың еңбегі толық ақталды деп сенеміз. Негізгі және қосалқы рөлдердегі актерлердің ізденісі және Шәкәрім тақырыбын жүрегімен сезінгені жұртшылықты баурап, талантына тәнті еткені айқын аңғарылды. Шәкәрімнің образы (Еркебұлан Нұғыманов) соншалық жатық, соншалық жақын, кәрі Шыңғысты мәңгілік биігінде қалдыру үшін актердің (Естай Шәріпұлы) ерекше ізденгені, Шәкәрімнің өмірлік жолдасы, сенімді серігі Әупіштің (Ғалымбет Тасболатов) сахнадағы жүрісі-тұрысы нанымды көрінді.
Айтылған сөзді көрерменнің жетесіне жеткізу арқылы әр оқиғамен татымды ойдан кейін жоғарғы дайындықтағы билер мен Шәкәрімнің музыкалық мұраларының ұтымды пайдаланылуы данышпан ақынды даралап, әр эпизод сайын белгілі бір ойды тамаша түйіндеп отырды. Ақынның өлеңі – оның тап өзі, шырқырағын жаны, тобырдан зәбір көрген, жапа шеккен ақын – біртұтас ұғым. Шығармашылық топтың Ш.Құдайбердіұлының «Мұтылғанның өмірі» поэмасын негізге ала отырып, сонымен қатар ақынның басқа да туындыларына терең бойлауы, тарихи деректерді темірқазық етіп алуы «Шәкәрім. Жолсыз жаза» қойылымының ауқымын кеңітіп, мазмұнын тіптен байытып жібергені менмұндалап тұрды.
Спектакльдің шарықтау шегіндегі дала данышпаны Абайдың қазасы залда отырған көрерменнің, барша қазақтың Абайдай алып тұлғасын жоғалтқандағы үлкен өкінішін, Шәкәрімнің өмір бойғы жолдасы болған Әупішпен жолы екіге бөлінгендегі кемеңгердің ауыр қайғысы, Абай ағасының қамқорында болып білім-ғылымға қол созған талапшыл жастың күйініші көрермен көңілінің кілтін тапқан секілді. НКВД түрмесінде қызылдардың қыспағынан өз-өзіне қол салған баласы Ғафурдың сахнаға бассыз шығуы, немересі Баязиттің мойнындағы қыл арқан – барлығы да Шәкәрім ұрпақтарының Кеңес үкіметі тарапынан аяусыз қудалауға түскенінен хабар беріп, тарихи оқиғалармен тамырласып шыға келді.
Спектакль бойында кәрі Шыңғыс болып Шәкәріммен сырласқан кейіпкер тағы бір қырынан қарағанда кемеңгер ақынның алғыр ойы, ар-ожданы ма деген де ой келді. Санасын сайтан билеген пенде өзінің арының алдында бар күнәсін өтейтіні анық. «Менің осы ісім не?» деп бейнебір екінші адаммен сырласқандай күй кешетініміз бар. Кейіпкердің «кәрі Шыңғыс» аталып, тау дегені өзінің асқаралы биік ойы ма деген пікірге қалдық. Бәлкім ізденіс үстіндегі шығармашылық топ көрерменіне көзбен көру арқылы ойлануға да мүмкіндік берген болар?! Ойшыл Шәкәрімнің ар ілімін ардақтап, алға тартқан актерлердің жаңашылдығы тұрақты қойлымдардан сонысымен ерекше, сонысымен қымбат.
Спектакль мәресінде тау арасында атылған мылтықтың кімдікі екені белгісіз. Үлкен жұмбақтын шешімін көрерменнің өзі іздеп табары сөзсіз. Анығы Шәкәрімді ажал оғына байлаған қандықол қарақшылар – НКВД жендеттері. Абайды сабаған, Абайға қол көтерген ноқай тобыр. Ал Шәкәрімді өлтірген озбырлықтан оқталған мешеуліктің мылтығы – надандық еді. Осы ойды қойылым авторлары ашық айтып, дәл танып, анық жеткізіп отыр.
Сахна безендірудегі декорация үлгісі лайықты таңдалған. Актерлердің киім үлгісі мен жүріс-тұрысына зор маңыз берілген. Қойылым бойы тау, ақынның соңғы күндері өткен тарихи мекен Керегетас, тобыр болып Шәкәрімді келеке қылып тон пішкен алып мүсіннің қас-қағым сәтте Құрқұдыққа айналып шыға келуі – көрермен күтпеген шымыр шешім. Шәкәрім мүрдесінің құрқұдыққа тасталған заматта көрермен жүре­гін селт еткізіп, жүрек шымырлатып әсерге бөлегенін байқа­дық. Режиссердің шын шеберлігіне өн-бойы­мыз шымырлап тұрып қол соғуға мәжбүр болдық.
Шәкәрім Құдайбердіұлының 160 жылдық мерейтойы қарсаңында ойшыл ақынның «Мұтылғанның өмірі» поэма­сының желісі бойынша әзірлен­ген спектакльің режиссері және сценографиялық нұсқасы­ның идея авторы Ж.Жұманбайдың, қойылымның биін дайындаған К.Джиренбаеваның, музыкасын жазған Ғ.Секеевтің, костюм суретшісі Н.Ерчихинаның, «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектаклінің сахналық нұсқасын жасаған әрі театр директоры А.Бахтиновтың, одан бөлек білуге құштар, әр пьеса сайын жаңа қырынан танылып келе жатқан актерлер тобының ерен еңбегін атап айту – парыз.
Сөз соңында «Дариға-ай» жас­тар театрын бастан-аяқ мақтау немесе «Шәкәрім. Жолсыз жаза» спектакліне дуылдата қол соғу емес, тартымды дүниенің сәтті шыққанын жұртшылыққа әйгілеуді мақсат еттік. Бұл шығармашылық ұжымның биік белеске бет алғандағы құтты қадамы боларына сенеміз және алдағы уақытта театрландырылған татымды қойылым күтеміз. Келешекте аталған қойлым еліміздің бас қалаларында Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығын жұршылыққа паш етсе деген арман-ниетіміз бар. Көзі қарақты көрерменнің қалауы осы.

Қуат ҚИЫҚБАЙ,
жазушы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.