Бағдарлама аясы кең

ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаевтың Алматы облысына жұмыс сапары барысында Үкімет басшысына өңірдің экономикалық, әлеуметтік даму көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан ірі жобалар таныстырылды. Сонымен қатар Елбасы тапсырмасына сай агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Нұрлы жол», «7-20-25» бағдарламаларының орындалу жайына, жатақхана салу мәселелеріне назар аударды. Бұдан соң жетісулық кәсіпкерлермен кездесу болды. Оның барысында жергілікті жердегі кәсіпкерлікті дамыту, жеке бастамаларды қолдау жайы сөз болды.

Сапар барысында ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Талдықорған қала­сын­дағы 7-шағынауданда орналасқан № 28 IT мектеп-лицейінде болып, білім саласына жауапты қызметкерлер мен ұстаздар және ата-аналар қоғамдас­тығының өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында Үкімет басшысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақ­стандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауында білім саласы бойынша көтерген мәселелерді қозғап, оны жүзеге асыру жайын жан-жақты талқылады.
– Талдықорған қаласына келіп, мұндағы тың жаңалықтармен танысып жатырмыз. Шаһарларыңыз гүлденіп, айтарлықтай өзгеріпті. Көптеген жаңа нысандар мен көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерген. Солардың бірі – заман талабына сай салынған IT мектеп-лицейіне келіп отырмыз, – деп сөз бастаған Бақытжан Әбдірұлы бұдан әрі әңгіме ауанын Елбасы Жолдауында білім саласына байланысты айтылған мәселелерге бұрды. Үкімет басшысы өз сөзінде елімізде мектеп­тердің құрылысына деп бөлініп жатқан қаражаттың аз еместігін, білім саласы бойын­ша мемлекеттік жекеменшік әріптестік негізінде де көптеген жұмыстың жүріп жат­қанын әңгімеледі. Сондай-ақ ҚР Премьер-министрі балалар мен студенттерге заман тала­бына сай жоғары деңгейде білім беру, үш ауысымды мектептерді болдырмау, сапалы білім ошақтарын салу, оқу-тәрбиелік үрдістерді цифрландыру, халық көп шоғырланған жерлерге бейнебақылау камераларын орнату, ұстаздар мәртебесі мен жалақысын көтеру, жастарды жұмысқа орналастыру сынды мәселелерге ерекше ден қойды. Сонымен бірге жасөспірімдер арасында суицидті болдырмау және оның алдын алуда қазіргі кезде психолог мамандардың қызметінің атқаратын рөлінің жоғары екені айтылды. Бұған қоса, мектеп түлектерінің заман талабына сәйкес мамандықты таңдауға баса көңіл бөлу, осы бағытта колледждердің жұмысын күшейтуге атсалысу, студенттерге арналған жатақханаларды көптеп салуға мән беру қажет екендігі де жан-жақты сөз етілді.
Кездесу барысында Бақытжан Әбдірұлы мен ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұстаздар қауымы мен ата-аналар кеңесі мүшелерінің пікіріне де құлақ асып, көкейлеріндегі ойларын тыңдады. Олардың тарапынан қойылған сұрақтарға тұшымды жауап қайтарды.
Жиын соңында лауазымды тұлғалар сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу, сол арқылы еліміздің өсіп, өркендеп, гүлденуіне үлес қосу – азаматтық борышымыздың бірі екенін және осы бағытта Елбасы берген тапсырмаларды бірлесе атқаруға күш салу қажет екенін айтып, тарқасты. Айта кетейік, заман талабына сай бой көтерген жаңа мектеп қыркүйек айында пайдалануға берілді. Үш қабаттан тұратын білім ошағы 1200 орынға арналған. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен де толық жарақтандырылған. Онда елу тоғыз оқу кабинеті, үш шеберхана, екі спортзал, акт залы, кітапхана, асхана, медициналық кабинеттер бар. Мұнда негізінен 6-7 шағынаудандарда тұратын балалар оқиды. Дәл қазіргі уақытта мыңнан аса бала білім алуда.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.