Арыс Әнуарбекұлы:Менің де диктор болғым келген…

«Қазақтың Левитаны» атанған атақты радио жүргізушісі, Қазақстанның халық артисі Әнуарбек Байжанбаевтың туғанына биыл – 95 жыл. 66 жасында өмірден озған Әнуарбек Нығметжанұлы бар өмірін Қазақ радиосына арнады. 4 бала тәрбиелеп, халқына адал қызмет етер ұрпақ өсірді.
Төрт балалы отбасынан шықса да, 21 жасына дейін жалғыз ұл болып өскен Арыс Әнуарбекұлының анасы «тиф» ауруымен ауырып, бала небәрі төрт айлығында нағашыларының қолына өтеді. Тіпті фамилиясы да нағашыларының тегіне ауысып Байқұлов болады. Демалыста ғана үйіне қыдырып келетін Арыс ағамыз әкесін «Байжеке», анасын «Орынтаева» деп атайды. Ағамыздың өміріндегі астан-кестен өзгерістер 21 жасында орын алды. «Ол әскерден келген кезім еді» деп бастады Арыс Әнуарбекұлы әңгімесін.

Сыр сақтаған ауыл

Атам ауылдағы ақсақалдардың басын қосып, малын сойып, «баламды енді әке-шешесіне тапсырамын» деді. Бөрітеп ауданы Лепсі станциясында нағашы ата-әжемнің қолында өскем ғой, ауылды бес саусағымдай білемін. «Жоқ та жоқ» деп айнала қаштым. Сол кезде менің жүрегімдегі алай-дүлейді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. «Бармаймын» деп, үйден қашып кеттім. Үйге үш күн қонбадым. «Алматыға бармаймын, әке-шешем – сендерсіңдер» деп жыларман болып жүрдім. Үш күннен кейін мені пойызға отырғызып, Алматыға апарып таныстырды. Бірақ мен: «Әке деп айта алмаймын» дедім. Әнекең қарсы болмады. Дегенмен, өзі бауыр еті баласын бауырына басып, жақын тартты, ал шешем, жарықтық, мені сол күйі қабылдай алмады. Марқұм шешем Ғайни Орынтаева қатал болатын, Шұбартау ауданындағы Бейсенбай деген байдың қызы еді.
Ауылда қанша түтін, қанша адам болса да, бәрінің осынша уақыт сыр сақтағанына таңғалам. Осы жасқа дейін маған ешкімнің тіс жарып айтпағанына өзім де қайранмын. Ол кезде ауыл-аймақ та үлкен кісілердің көңіліне қараған шығар деп те ойлаймын. Бұл қазақ деген халықтың көңілі осындай дарқан. Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсете біледі. «Сен қалаға барып жүрген Әнуарбек ағаң емес, әкең» деп ешкім де айтпады. Бір кездері ғана мектепте «Дауысың гүрілдеп Байжанбаевқа ұқсап барады, әкеңнен бір нәрсе дарыған шығар» деген әңгімені естіп, атама айтып келгем. Ол күлді де, «Қалжыңдаған ғой, ағаң болған соң ұқсайсың да» деп жұбатты. Бұл ғана емес, мен мектепке ба­ратын жылы қалаға келдім. Әнуарбек Нығ­метжанұлы мен Ғайни шешеміз мені дүкен аралап киіндірді. Мектепке керек-жарағымды алып берді. Ол кезде мен сап-сары, таза орыстың баласы сияқты едім. Бір күні Әнекең мені радиода жетектеп жүрсе, Мұқаң (Мұқағали Мақатаев – ред) «Әй, Әнуарбек, мұныңыз не? Мына сары орыстың баласын жетектеп жүргеніңіз қалай?» деді. Сонда Байжеке «Қой, Мұқа, олай деме, бұл менің ауылдағы ұлым ғой, үшінші балам» деді. Мұны да ауылға айтып жылап барғам, атам тағы жұбатып, өз дегеніне сендірген. Сөйтіп, алты жасымда Мұқағали Мақатаевпен танысып, мектепке барар алдында батасын алғам. Мектепте оқып жүргенде «Байжанбаев – менің ағам» деп радиодан дауысын тыңдап, соған еліктеп жүрдім. Концерттерді жүргізіп, мәнерлеп оқу байқауларына қатысып, белсенділік танытатынмын. Сонда кішкентайымнан әке ықпалымен өсіп жатқанымды сезбеген екенмін ғой.


Әкем Шыңғыстаудың қазағы, әкесі Нығметжан атам Абай Құнанбайұлымен көрші тұрған, дос болған, аздаған ақындығы да болған. Шешесі Фатиха әжем әнші болған деседі. Мен әкемнің қолына келген соң, көп нәрсе білгім келіп сұрасам, айтпайтын. «Оны қайтесің?» деп жылы жауып қоя салатын. Әкемнің үш ұлы, бір қызы болды. Қызы Гауһар 1993 жылы қайтыс болды. Әпкеміз әкемізге сондай жақын еді. «Қыз бала әкеге жақын болады» дейді ғой, әкемнің бір сөзін жерге тастамайтын. Бізді де: «Әкеме олай сөйлеме, бұлай қарама» деп жаны шығып, тәрбиелеп жүретін. Руслан бауырым 2003 жылы қайтыс болды. Мен – ортаншы ұлымын. Кенжеміз Айдар Жамбыл атындағы филармонияда инженер болып қызмет атқарады. Балаларының бәрі орысша өсті, мен ғана таза қазақша тәрбиелендім.
Сөйтіп, қалаға келген соң Әнуарбек Нығметжанұлы мен Ғайни шешемнің үйінде тұрып жаттым. Оқуға тапсырдым. Әнекең ауылдан қалаға келген бар балаға көмектесетін. Оқуға түсуге жағдай жасайтын. Қазақ радиосында жұмыс істеп жүріп, есік алдына серуенге шығады. Сонда басы салбырап, салы суға кеткен бала көрсе, тоқтатып алып, жағдай сұрасады. «Не болды, тұнжырап?» дейді. Әлгі бала «Оқуға түсе алмадым, ауыл шаруашылық институтына тапсырып едім» десе, жетектеп апарып, институт басшысына: «Мына баланы оқытасың, адам қыласың, маман жасап, дипломын қолына беріп аттандырасың. Бұл ауылына барып, жұмыс істейді. Қазір ауылға барса, бұл бала не істемек оқу-білімсіз?» деп қатты сөйлеп, бұйыра тапсырады. Әнекеңнің сөзі көп кісіге өтеді, «Болды, Әнеке, болды» деп алып қалады екен. Міне, әкеміз ауылдан келген талай баланың оқуына ықпал етті. Талай баланың әке-шешесі көмек сұрап келді, бәріне көмек қолын созатын. Ал бізге келгенде «Өз күштеріңмен түсіп оқыңдар, түсе алмасаңдар жұмыс істеңдер, мен араласпаймын» деп айтатын. Бізді шыншылдыққа, тазалыққа үйретті. Ол оқуға түсір деп талай баланы апарған шығар, бірақ «Әнуарбек маған өз баласын әкелді» деп ешкімге айтқызған жоқ. Бізді жетектеп бармады. Сөйтіп, мен оқуға түсе алмадым. 1971 жылы Қазақ радиосының ардагері Мира Сейітова апамыз мені радиоға техник қылып орналастырды. Әнекең екеуіміздің қарым-қатынасымыз жезде мен балдыздай болды. Қалжыңдасып, еркін араластық. Мен концерттік залда істеймін. Онда Қазақстанның барлық әншілерін жазған шығармын. Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Мақпал Жүнісова… бәрін-бәрін жаздым. Ол кезде концерттік зал бірінші қабатта, дикторлық зал екінші қабатта орналасқан. Кейде дәлізде жолығысып қалсақ, ол кісі маған «Ееей, Байқұлов» дейді, мен оған «Ееей, Байжанбаев» деймін, сөйтіп, екеуіміз қол көтеріп амандасып жүрдік. Оның әкелігін 10 жылдан кейін сезіне бастадым. Байжеке үнемі: «Балам, дұрыс өмір сүріңдер, ешкімнің ала жібін аттамаңдар, кез келген кісіге сәлем беріп жүріңдер» деп отыратын. Әкем сондай жақсы кісі еді, ешқашан қабақ шытып, дауыс көтеріп көрген емес. Әкенің қадірін балалы болғанда түсініп, ол кісіге өмір бойы бас иіп келем.
Мені радиоға кіргізген әкем емес, Мира Сейітқызы апамыз. Ал әкем Қазақ радиосына көп еңбек сіңірді. Ермек Серкебаевты да, Мұқағали Мақатаевты да радиоға дикторлыққа шақырған Әнекең еді. Мұқаң 60-шы жылдары көк базарда қаппен ұн сатып тұрса керек. «Ұн сатамын… Нарынқолдың ұны…» деген зор дауысты естіп, әкеміз солай қарай аяңдайды. Сөйтіп, Мұқаңның зор дауысын ұнатып, Қазақ радиосына жетелеп әкеліп, диктор етіп қабылдатқызады. Екеуі бір-бірін өле-өлгенше құрметтеп өтті. Құрманғазы мен Байсейітов көшесінің қиылысында орналасқан қос қабатты үйден әкеміз басқа үйге көшкенде, біздің пәтерімізге Мұқаң көшіп келіп кірген. Екеуінің достығы да ерекше болды.

Анама сыпыртқы ұстатпаған

Әнекең Шыңғыстауда әке-шешесі қайтыс болған соң, 4 жасынан бастап Ризахмет деген ағасының қолында болады. Ол кісі Қызылорданың станция бастығы болған, кейін осы отбасымен бірге әкеміз Жамбыл облысы Отар станциясындағы Мәтібұлақ деген ауылға келіп, 5-сыныптан бастап осы жерде оқуын бітіреді. Осы кезде Алматыға келіп, курьер болып істейді.
Сол кезден бастап С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, С.Сейфул­лин­дердің өлеңдерін, романдарын, прозаларын оқып, өзінің өмірлік жолын осыдан сабақтайды. 1943 жылы соғыстан жараланып оралған соң, Серғазы Оспанов деген сол кездегі төраға радиоға жұмысқа алыпты.
Әнекеңнің анама деген махаббаты ерекше болды. Шешеміз де 1952-1962 жылдары Қазақ радиосында редактор болып қызмет еткен. Кейін әкемнің қалауымен үйде отырды. Бала тәрбиесімен айналысты. Дегенмен, әкемнің көзқарасы, таным-түсінігі, махаббаты бөлек болса керек. Ғайни шешем өмір бойы сыпыртқы ұстамаған. Ол кезде әкеміз Қазақ радиосында ғана емес, бірнеше жерде жұмыс істейді. «Қазақфильмде» деректі фильм­дер жасайтын. Журналдан орысшадан қазақшаға аударып синхрон оқитын. Телевидениеде қосымша жүрді. Осыншама қауырт тірліктің ортасынан келіп, үйді өзі сыпыратын. Тамақ жасайтын. Етікшілік те өнері бар еді. Әкеміз қайтыс болғанда ғана, Ғайни шешеміз қолына сыпыртқы ұстап, егіліп жылағаны әлі есімде. Анамызға ештеңе істетпейтін. Тіпті қонақ келгенде де өзі ет асып, өзі бар жұмысын істейтін. Мен Байжекеңнен көп нәрсе үйрендім. Тамақты қандай жақсы пісіруші еді. 1971 жылы Өзбекстанға қонаққа бардық. Әнекең өзбек ағайындарға «палауды мен былай істеймін» деп көрсетіп, бүкіл өзбектерді қайран қалдырған. Әкемнің жанына кеш келсем де, қасында көп жүрген баласы мен болдым. Қазір қарап отырсам, әкемдікіндей дауыс ешкімде жоқ екен. Ол кісі ештеңені арнайы оқымаған, тума талант қой.
Осы сөзді дана қазақ қалай тауып айтқан дерсің, иә. Мен көзі тірісінде қанша сұрасам да Әнекең шыққан жері, туған-туысы туралы ашылып айтпайтын. Қайтыс болғанда да мен туысы едім, бауыры едім, ағайыны едім деп келген ешкім болған жоқ. Тек жақын араласқан достары мен әріптестері, сосын бүкіл қазақ даласы күңіренді. Ол кезінде режиссерлермен де көп жұмыс істеп еді. Таңат Досбаев деген ағамыз қазір бар, әкеме бір табан жақын жүрді. Қасымхан Ерсарин де қатар жүруші еді. Үйде Рақымжан Қошқарбаев, Мұқағали Мақатаев, Сырбай Мәуленов, Жаппар Өмірбеков, т.б. көп ақын-жазушылар қонақта болды. Суат Әбусейітов, Әсет Бейсеуов, Шәмші Қалдаяқов, Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Мұқағали Мақатаевтармен қатар жүрді, жақсы дос болды. Ел атынан тіксінетін қайсар батыр Бауыржан Момышұлымен де жақсы қарым-қатынаста болды, ол кісі де ара-тұра үйге келіп тұратын.
Әкем әдеби, музыкалық хабарлар, концерттер, соңғы хабарлар мен жоғары жақтағы басшылардың баяндамаларын оқитын. Өз көзіммен көргенім, Байжекең өте сауатты, сөздің мәнін жақсы білетін, әрбір спектакльдің, әрбір хабардың образына кіріп оқитын.

Әкем артист еді ғой…

Бірде әкем жұмыстан түн ортасында қатты шаршап келді. Маған: «Балам, таңғы сағат бес жарымда оятарсың, радиоға эфирге баруым керек» деді. Ол кезде Қа­зақ радиосынан таңғы алты жарымда ауа райы жайында тікелей хабар берілетін. Баламын ғой, ұйықтап кетіппін. Оянсам, сағат алтыдан жиырма минут кетіпті. Ол кезде қазіргі Бөгенбай мен Фурманов көшелерінің қиылысында тұрамыз. Әкем төсектен тұра сала, жүгіріп барып босағада ілулі тұрған пальтосын киді де, далаға атып шығып такси ұстады. Содан радиоға жеткенде таксистке 1 сом 37 тиын төлеу керек болады. Қалтасында 37 тиын жетпей қалады да, таксистке: «Бауырым, мен осында iстеймiн, сен менi күте тұр» деп iшке жүгіріп кiрiп кетедi. Ол кезде дикторлардың бәрi де жанды дауыспен шығады. Қазiргiдей алдын ала оқып қою деген жоқ. Эфир студиясына алқынып жеткен ол, аптығын басып, терең дем алып, қалыпты дауысымен: «Алматы уақыты 6 сағат 30 минут» деудiң орнына: «Алматы уақыты 6 сағат 37 тиын» деп жiберген ғой. Мен үйде ол сөзді радиодан естіп, анама жүгіріп бардым да: «Құрыдық, біттік, әкем Алматы уақытын «37 тиын» деп жіберді» дедім. Дереу үйден қалған киім-кешегін апарып бердім. Сол «37 тиын» үшін 3 айға жуық уақыт дикторлық қызметтен шеттетiлiп, операторларға көмекшi болып жұмыс iстеген. Ал оның сол кезде «Халық артисі» деген атағы болған. Кейін, әкеммен жақсы қарым-қатынаста болған Дінмұхамед Қонаев бір күні телерадио басқармасының төрағасы Хамит Хасеновтен: «Әлгі гүрілдеуік қайда?» деп сұрапты. Төраға болған жайды баяндайды. Қонаев сол арада Әнекеңді қайтадан қызметіне алдырады. Димаш Ахметұлы әкемді ешқашан атымен атаған емес, өмір бойы «гүрілдеуік» деп өтті. Екеуінің сыйластығы бір төбе еді.
Әнекең қызық адам болатын. Қалай қаласа, солай жасауға дайын тұрады. Әуе толқынында аударма жасап оқиды ғой. Сонда орысшадан қазақшаға «нөл градус» дегенді қалай аударарын білмей басы қатып, соңында «О» градус деп берген екен. Бұл үшін де кәдімгідей жазаланды.
Радиоға кірген жылдары дауысым Әнекеңдікіндей болғанға үміттеніп, осы кісінің жолын таңдайын деп ойладым. Диктор болайын деп өзімше біраз дайын­далдым. Ол кезде дикторлардың басшысы Мәмбет Сержанов деген кісі еді. Тік сөйлейтін, мінезді адам болатын. Мен дикторлар конкурсына екі рет қатыстым. Екеуінде де Мәмбет Сержанов «Қазақ радиосында екі Байжанбаев болмайды» деп қабылдамады. Бірақ менің заңды фамилиям Байқұлов қой, ал ол кезде бұл тіпті ескерілмеді. Екі рет өткізбеген соң, мен техникалық оператор болып орналастым. Бүгінде зейнеткерлікке шықсам да осы қара шаңырақта инженер болып қызмет атқарып келемін. 1986 жылы осы радиодан арнайы үй алып, содан бері бөлек тұрамын. Қара шаңырақта бауырым отыр. Қазір әке-шешеден тараған төртеуден екеуіміз ғана бармыз ғой.
Әкем – диктор ғана емес, таза артист адам еді. Жүрген жерінің бәрін жайнатып жүреді. Осы радиода айлық та, қаламақы да алады. Бірақ ақшасын жақсы жұмсайтын. Ешкімнен аямайды. Біреу сұрай қалса, бере салады. Немесе өзі жан-жаққа таратып, ұсақ-түйекке жаратады. Жинау дегенді білмейтін. Содан бір күні анам: «Айлық алатын күні осы кісіні аңдиық, қалтасындағы ақшаны алып кетейік» деді. Шешемізбен ақылдасып, бәріміз радиоға келдік. Қазіргі күзет бастығы отырған жер ол кезде касса болатын. Содан мен радионың алдына барып отырдым, ағам екінші қабатта дикторлар отыратын жерге жайғасты, анам кассаның алдыңғы жағындағы орындықта отыр. Сонда Әнекең әйелдер әжетханасына кіріп, іштегі әріптесінің киімін өзі киіп алады. Аяғына биік өкшелі аяқ киім киіп алып, басына шляпаны салып, бәрінің көзінше сыртқа шығып кетеді. Ал ол кісіні ешкім байқамаған. Біз бәріміз күтіп отырмыз, ол екінші қабаттан түспейді. «Балам, әкең түскен жоқ қой» дейді шешем, ағам «ол дикторскийдан шықпады әлі» дейді. Бір уақытта Болат Біжібаев деген диктор жігіт сырттан келе жатыр екен, «Бөке, Әнекеңді көрдің бе?» деп сұрадым. «Ой, Әнекең, анда дүкенде лимонад ішіп отыр ғой» деп күледі. Барсақ, дүкенде үстіндегі әйелдер киімімен, әшкиін тағып, шляпасын қисайтып киіп, лимонад ішіп отыр. Ол кісінің қылықты адам екенін дүкендегі сатушылар да біледі. Сыры жұртқа мәлім адам ғой. Біз оның ақшасын алып кетейік деп жан-жақта күтіп отырсақ, Әнекең осылайша радиода істейтін 1200 адаммен қоса, бізге де байқатпай шығып кеткен. Ақшасын кассадан емес, есепшінің өз қолынан алыпты.
Міне, сөйткен Әнекеңді мотоцикл қағып кетіп, ол кісі бауырымен 10 жылдай алысты. Осы уақыт аралығында 96 кг салмақтан 50 кг-ға дейін түсті. Арасында Димаш Ахметұлы дәрі-дәрмегін беріп көмектесіп жүретін. Алайда, ақырында ауру жеңіп кетті. Соңғы бір жылында қатты ауырды, ауырса да жұмыс істеп жүрді. Осы Қазақ радиосында 1989 жылдың 10 қазанына дейін жұмыс істеді. Сосын 17 күннен кейін өзі де мәңгілік мекеніне аттанды.

Жазып алған
Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.