Ғылымдағы жарқын із

Менің кейіпкерімнің шығарма­шылық жолда көтерген тақырыпта­ры­ның бірі – қазақ прозасындағы әзіл мен қалжыңның эстетикалық табиғатын көрсету. Бұл қиын тақырып емес. Бірақ оңай деп те айта алмайсың. Бір қарағанда материал мол тәрізді. Алайда әлем әдебиетінде де мәселелері аз емес. Осы қиын тақырыпқа Алпысбай Мұсаевты оқытып, тәрбиелеп, баптап, алып келген екі ұстаз бар.
Алдымен, М.Тілеужановты ауызға аламыз. Оқу іздеп келген жасқа шу дегенде дәріс оқыған, тәжірибе сабақтарын өткізген, оның бойындағы әзіл мен қалжыңға әуестікті көре алған сол адам. Ұстазының жетекшілімен 1990 жылы «Қазіргі қазақ прозасындағы сатиралық образдың көркемдік ерекшеліктері» атты тақырыптағы кандидаттық диссертация қорғайды. Екінші ұстазы – академик Зейнолла Қабдолов «Мықшеге» атап шығармашылық өмірбаянын жазған Темірбек Қожакеев. Мықшеге деген – басқа материалдарды былай қойғанда темірбетон қабырғаларға дейін кіретін шегенің түрі. «Қазақшасы»– дюбель. Демек, ағашқа қақсаң да майысып жататын көп шегенің бірі емес. А.Мұсаев мықшеге бола алмады, әрине, көп шеге де болған жоқ. Өзінің құдай берген табиғатын сақтап 1999 жылы «Қазақ прозасындағы сатира мен юмор поэ­тикасы (1960-1990 жылдар)» деген тақырыпта әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде докторлық диссертация қорғады. Ғылыми кеңесші – Т.Қожакеев.

А.Мұсаевтың осы жұмысына ті­келей басшы­лық жасамаса да көп кө­мегі тиген, әсіресе әдіс­намалық кеңес берген, оның шығарма­шы­лығы тура­лы пікір айтқан З.Қабдолов болатын.
Алпысбай Мұсаевтың қоғам мен жеке адам «кеселі» жайлы көркем шығармасы жоқ емес. Бірақ, қазақ сатирасы туралы ғылыми мақаладан бастап ірі монографияға дейін жазғандары – қазақ сатирасының көр­кемдігі туралы. Оны шола қа­раудың өзіне уақыт керек. Бұл тақырыпта докторлық диссертация қорғаған ғалымдар арасында санаулылар қатарында. Өйткені сатира туралы ғылыми зерттеу түгіл осы жанрда жазатындар қатары да бүгінде селдір. Себептері көп-ақ, оны оқырман көпшілік біледі.
Алпысбай Мұсаев – қазақ әде­биет­та­нуына абайлап еніп, тиісті орнын алған көрнекті ғалым. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар деген ойдамын. Өйткені 1996 жылы Қазақстан Республикасы Жаратылыс­тану Ғылымдары Академиясының мүше-корреспонденті болып сайланған ғалымның маңызды еңбектерін үш томдық таңдамалы шығармаларынан оп-оңай тауып оқуға болады. («Білім» баспасы, Алматы, 2009 жыл). Соңғы жылдары профессор Алпысбай Мұсаев шет елдердің ғылыми ортасына таныла бастады. ЮНЕСКО орталығында тағылымдамалардан өтіп, Франция, Австрия, Италия университеттерінде дәріс оқып, еңбектері шет ел баспаларында жарияланды.
Ендеше, мұны тізбелеп «анада – анау, мынада – мынау» жазылған деп мазмұндауды уақыт жоғалту деп есептейік те, біз білетін Алпысбайды жеңістеріне бастаған өмірбаяндық деректер мен жақын болған ұстаздарының айтқандарына, жақын жандарының көмектеріне көшейік.
Алдымен, А. Мұсаевтың – сатириктер арасында ерекшелігі де аз емес. Бастысы «сатиралық фельетон болмаса мақала жазып, елді дүрліктірді, биліктілерді (өзіне) шүйліктірді, орынбасарларды үркітті» дегенді естіген емен.
Менің білетінім, Алпекең сати­расының сүйегі юморда. Бұл туралы былай айтуға болатын шығар: «өмірдегі күлкілі құбылыстарды зілсіз әжуалайтын, тұспалы бар сатира.»
Бірақ біреулер істеп жатқан «ірі» істерді әжуалауда А.Мұсаев әккі. Басқасын қайдам, дастарқан басындағы әңгімелерде көзі шалған қолапайсыз қимылдар мен оқыс әрекеттерді, жүйесіз айтылған орынсыз сөздерді немесе бір кездерде болған күлкілі жайларды күлкіге айналдыруда шебер-ақ. Ондайда күлкіге қарық боласың. Әсіресе шабытты сәттердегі басқосуларды Алпекең табан астында мерекеге айналдыра алады. Бірақ…
Акадамик З.Қабдолов А.Мұсаев­тың осындай әжуа желілі әзілдерін байқаған ба, бірде ол туралы бізге қызық пікір айтты: «Бұл жігітте үй­ренетін әлдене бар. Әңгіме айтуы қызық, өзіне тән машығы, дауыс ырғағы бар, бет әлпеті де соған сай өзгеріп тұрады, сонда бәрі араласа келгенде қалай болғанда да айтып отырған әңгімесін, пікірін қаласа күлкіге апара алады-ау деймін. Күлкісінің қырлары баршылық көрінеді, бұларды байқатпай абайлап әңгімесіне қосып та отырады, бұл да үлкен өнер ғой. Әсіресе ауызекі әңгімеде. Бірақ көп сөйлеуді ұнатпайтын тәрізді. Алайда тыңдап отыруының өзінде де мән жоқ емес, іштей күліп отыра ма болмаса күлетін әлдене іздеп отыра ма… Бойында талант бар» дейтін.
Бұл сөздерді Ұлы Ұстазымыз туралы жазбала­рымның арасынан кездестірдім. Алпекең туралы осы материалды дайындау барысында бұрын жазған аз-кем жазғандарымды қарап отырып тауып алдым. «Қазақ прозасындағы сатира мен юмор» атты док­торлық диссертациясын жазу, қорғау кезінен есте қалған, жазылған әңгімелердің жалпы сұлбасы ғой.
Оралдан докторлық диссертация қор­ғауға келген бір күндерінде Алпекең Зейнолла Қабдоловты қонаққа шақы­рады. Жатақханаға шақырыпты. Жамбыл, Байтұрсынұлы көшеле­рінің қиылысына жақын жердегі ҚазҰУ философия факуль­теті жанындағы докторанттар мен аспиранттар жатақханасына. Біз сәл таңданып қалдық, «жатақханаға, қалай болар екен?» деп. – Елден алып келген ерекше бір дәм бар соны өзім дайын­даймын, – деп Зекеңе өзім айттым, келісті. Бірақ сендер кешікпей Зекеңді алып келіңдер, маған көмектесіңдер, – деп қайта-қайта ескертті, бізге.
Бардық. Есік алдынан күтіп алды, бірақ әлденеге абыржулы көрінді. Күлген болады, бірақ қабағы өзге бір ішкі беймаза күйді айтып тұрғандай. Кейін білдік қой, дастарқан жаюға келісіп қойған аспирант шәкірттері, қыздар аяқ астынан бір шаруамен ауылдарына кетіп қалған көрінеді. Сонымен, тәуекел етіп, бәрін өзі дайындапты.
Бәрі ойдағыдай болған сияқты.
– Мынау бір тамаша еркек қос болды ғой, – деді ұстазымыз көңілденіп. Алпысбайдың абыржып жүргенін байқаған соң, сірә, қолай­сыздықты жою үшін айтқан шығар деп ойладық
– Темкең, қайда? Келеді деп едің ғой, – деді, Зейнағаң сәл үзіліс­тен кейін, Алпекеңнің ғылыми кеңесшісі профессор Темірбек Қожакеевті іздегендей..
– Қолым тимейді, жұмысым көп дейді – деді ол күмілжіп..
– Ім.., солай де, біз жұмысымыз жоқ болған соң келіп қалдық-ау, шамасы, – дей түсті де Зейнағаң Алпыс­бай­дың қысылған түрін көріп оның жұмысы жайына ауысты. Темкең туралы да сұралды. Бірте-бірте Алпекең шешілейін деді, әңгімелер айта бастады.
Зейнағаң сатира мен юмор туралы біраз әңгі­мелер қозғады. Замандас қаламгер туралы айтқан әңгі­мелері қаншама, бастан кешкен күлкілі жайлар туралы хикая­лар. Көңілді кездерінде айтылатын әзілдер қосылған әңгімелер. Көзімізден жас аққанша күлдік.
– Мына дастарқанның бәрін өзім дайындадым, – деді сондай бір сәттерде.
– Дастарқан көріп жүрміз ғой, – деді ұстазымыз. Бет әлпеті нұр­ланып, езуіне жұмсақ күлкі үйіріле бастаған үй иесіне ойлана қарап: – Сені ыңғайсыз жағдайға қалдырған қыздармен кейін өзің сөйле­серсің, шырағым, бірақ бәрі дұрыс болды…
Жақсы іс басынан байқалады дегендей, бәрі мынау асқа дейін жөнді болды, Зейнағаң алдымыздағы табақты нұсқап: «Шынында мынаның дәмі де өзге екен, өзің айтқандай, бәрі табиғи дәмдер ғой деймін, елдің иісі бұрқырап тұр ғой. Мұндай отырыстар сирек болады, сирек қолға түседі. Көңіл дегенің сұмдық ащы сатираны да оп-оңай юморға айналдыра алады және керісінше, артында зілі жоқ кездейсоқ уақиғаны да ащы сатираға апарады… Бәрі көңілде… «Көңіл деген көк дөнен» деп неге айтты дейсің.
Мұндай да өнерің бар екен. Бір қа­рағанда көптің бірі сияқтысың, бірақ жөнің бөлек-ау деймін. Бұл әзілді қайдан алды деп жүрсем, бұл да талант­тың бір қыры шығар…» деді.
Ұстаз нені меңзеп айтқанын, дәл сол кезде түсінген тәрізді едік. Кейін ұмытып қалдық па, есіме түсіре алмай біраз әуре болдым. Сондағы айтылған қарапайым сөздерде ғажап бір күрделі ойлар тұрғандай көрінген. Мәні неде болды екен деп ойланамын қазір.
Алпысбай Мұсаев докторлық диссерта­ция­сының кеңесшісі, профессор Темірбек Қожакеевтің мұндай зерттеулерге талабы қатал болатын. Соның ішінде өз шәкірттеріне. Дайын жұмыстарын асықпай қарап, апталап, айлап оқитын. Келіспейтін ой, мысалдар болса көрсететін, түзеттіретін. Қалай түзеу керек екенін де айтып бағыттайтын кездері аз болмайтын. Ең бастысы, орындадың ба, жоқ па… тексеретін.
Алпысбайға осы тұстар қиындау соқты-ау деймін. Ең бастысы – қазақ сатирасын зерттеуші екі оқы­­мыстының өзара келіспейтін тұстарын ретін тауып үндестікке келтіру. Әсіресе дайын тәрізді жұ­мысты қайта қарау, жаңа қаламгерлер шығар­маларын қосу. Бұл Алпекеңнің қатты қиналған жерлері. Абыржып жиі-жиі маған келді. Ол кездерде мен диссер­тациялық кеңестің ғалым хатшысы едім.
– Енді не істесем екен? – дейді өңі қашып, тіпті сасқалақтағандай кейіпте. Әншейінде әзіл-қал­жыңға дайын тұратын жайдары түрі ғайып болған…
– Түзе, – деймін ғой, ойланып. – Тем­­кең, әйт­песе, сені қорғауға жібер­мей­ді. Қалайда түзе, онда тұрған не бар, екі ұстазыңа ортақ желілерді, ойларды тап.
– Онда тұрған не бар дейсің? – дейді ол менің сөздеріме кейігендей.Онда диссертация ойларының көбі Т.Қожакеевтің айтқанындай болып кетпей ме? М.Тілеужановпен ретін тауып тіл табысуға болады. Бірақ Темкең басқа ғой. Менің ойларым мен таңдаған қаламгерлерім, талдаған шығармаларым қайда қалады… Бәрі өзгермей ме? – дейді. Біраз ойланып отырып:
– Зекеңе айтып көрсем қайтеді? – дейді.
– Зейнағаның одан да басқа шаруалары толып жатыр ғой, мені тыңдасаң олай етпе. Әрі Темкеңді қатты сыйлайды, сірә, бұл араға кіріспейді.
Алпысбай Мұсаев қорғау қар­саңын­да дағ­дарысқа ұшырағандай біраз қи­налып жүрді. Ақыры бір келісімін тапты-ау деймін…
Жаңа, ХХІ ғасырды А. Мұсаев ғылым докторы болып бастады. Бас­ты зерттеуінде ХХ ғасырдың соңғы 40 жылында жазылған прозалық туындылардағы сатира мен юмор поэтикасына талдау жасады. Бұл – жүйелі тексеру мен түптей талдауды былай қойғанда, түгендеп шығуға да оңайға түспейтін іс. Қоғамның алға басуына кесел болып тұрған «көненің» бәрін болмағанмен бастыларын суреттеуде қаламгерлер қолданған әдіс-тәсілдер де ала-құла. Бірі ащы сатираға көшіп әшкерелей жазса, екіншілері әдемі юмор арқылы күлкіге көшіреді.
Заманға сай даму бағыттарына бейім қаламгерлер басты кейіпкер­лерін поэтикалық өрнектерге бөлейді. Екіншілері қоғам дамуына кереғар өзгерістердің адам бойындағы сан түрлі кейіптерін лиро-аналитикалық, эпико-психологиялық стильдерде сатиралық қалыпта бейнеледі. Ғасыр соңына таман дамуын тездеткен көркем прозаның алуан түрлі жанрлары күн санап көрініс таба бастаған дара құбылыстарды бейнелеуде жаңа тәсілдерді қолданды. Мінез-құлықтағы емеурін мен әрекеттегі сатира, юморлық бейнелер, фабула мен сюжеттерде ала-құла көрініс таба бастады. Өзгерістер кө­бейді. Бұлардың сан түрлі күйге көшуі, жаңа шы­­ғар­­маларда юморлы сатирамен бейнеленуі үдеді.
Бұл бағыттар мен ізденістер А.Мұсаев еңбек­терінде балалар шығармаларындағы сатира мен юмор арқылы да қарастырлады. Балалар күлкі­сінің маңызы, ерекшелігі туралы ойларында қаламгерлерге ой салар үлгі, өнеге боларлық салмақты пікірлер жеткілікті.
Бұл маңызды мәселелердің барлығы қазақ әдебиетіндегі шы­ғар­маларды ғана талдау арқылы сөз болмайды, орыс және шетел әдебиетіндегі ізденістер мен классика әлеміне көз тігу, жемісті шығармаларды салыстырулар арқылы пайымдалады. Ғалымның шетелдік басылымдардағы мақала, зерттеулерінің, біразында объект ретінде сатира мен юмор поэтикасы айтылады. Әсіресе біз үшін маңыздысы, қазақ әдебиетіндегі табыстар мен ізде­ністердің әлемдік әдебиет арналарынан тыс қалмағанын, тіпті қатар синхронды сипатта өтуін көрсетуінде.
Қазақ әдебиетіндегі сатира поэтика­сы­ның кейбір мәселесі, басым бағыттардың бірі ретінде атала бастаса, оның бастауларында М.Тілеужанов, Т.Қожакеевтер тұрды. Бүгінгі таң­да осыны, юмор мен сатира поэтикасын арнайы зерттеген А. Мұсаев «Қазақ прозасындағы са­тира мен юмор поэтикасы» атты еңбегінде жан жақ­ты қарас­тырады. Күрделі мәселені кө­те­руде, зерттеуде ғалымның қосқан үлесі де аз емес.
Зерттеуші қазақ прозасындағы сатира мен юмор поэтикасының бас­тауларын фольклорлық дәстүрден алады. Шағын проза-әңгіме жанрындағы сатира туралы талдау­ларда халық ауыз әдебиетіндегі күлкінің эстетикалық рөлінің маңызын атап көрсетеді. Сатира мен юмордың адамзат қоғамымен қабаттаса, қатарласа дамып әлеуметтік өмірдегі кемшілік пен әділетсіздікті, қатыгездік пен екіжүзділікті, өтірік пен аяр­лықты, сараңдық пен сат­қын­дықты әжуалау мен күлкіге айналдыра әшкерелеу бағытында қанаттанғанын көрсетеді.
Дәстүр ретінде бүгінгі әдебие­тімізге көшкен осы үдерістер сан ғасырларды бастан кешіп қазіргі кәсіби өнеріміздің сән-салтанатына үлес қосуда. Өкініш­тісі, жас қалам­герлердің көбі осы дәстүрге жеңіл-желпі қарайды. Бұл құбылыстар өзегіндегі алтын арқауды ажырата алмайды. Астар мен емеурін арқылы бейнеленетін күрделі мәнді мазмұндап түсіндіру қарабайырлыққа апаратынын А.Мұсаев әдеби мысалдар арқылы дәлелдейді.
Кеңес үкіметінің кезінде идеология «үстем тап» күлкісі жәбір, бейнет көріп аяусыз қаналған еңбекшілердің адал, ақжарқын күлкісінен мүлде бөлек» дегенді уағыздап бақты. Оның сан алуан себептері аталып, мысалдары келтірілді, дәлелденді, тіпті теориясы жасалды.
«Нағыз күлкі еңбек адамдарында» деген саясатқа батқан солақай қағидалар – адами күлкілер эстети­ка­сының өзін ала-құлалыққа дейін құлдыратты. Осынау соқыр, «со­лақай» саясатқа сенген­деріміз қан­шама болса, ергендеріміз де соншама. Адам күлкісін тап пен текке бөліп, оның астарынан саясат іздеу соншама оңай нәрсе де емес. Бірақ оны жоқ деуге де бол­майды. Тамағы тоқ еріккен жандардың күлкісі мен тамақ іздеп жүрген кедейлер күл­кісі арасында айырма бар. Және аз да емес.
Алдар Көсе мен Қожанасыр, Тазша балаға қатысты шығармалардан тапқа қатысты саяси мағына іздеп әуре болған кезіміз кеше емес пе еді? Міне, заман өзгерді, заң да басқа. Енді біз де күлкі пәлсапасына өзгеше тереңдей бастадық. Жоғарыда айтылған «теорияларды» талдау кезінде А.Мұсаевтың ғылыми стиліне де юмор мен сатира араласып, оқырман қабылдауында солақай теориясымақтарды күлкіге айналдыра талдайды.
Алайда ғасырлар қойнауынан бүгінге жеткен адами күлкінің ас­тарында біздің осы бейшара тір­ліктеріміздің әзіл мен юморға бөленген, әжуаға, айналған бей­нелері де бар ғой. Адам бойындағы сараңдық пен тоғышарлықтың, суайттық пен сұрқиялықтың, жауыздық пен сатқындықтың, т.б. кесел, кесір мінездердің небір түрлері жойылды деп кім айтар. Ендеше, күлкіге айналған осы құбылыстарды барша адам баласынан еш қинал­май-ақ оңай табуға болады. Бірақ күлкіге апаратын өнер жолы оңай емес. А.Мұсаев зерттеулерінде қиындығы мен қызығы аралас өмір, тіршілік шындықтарын бейнелеуде шебелік танытқан қаламгерлердің шығармалары жан-жақты талданады. Қазақ халық әдебиеті мен кәсіби әдебиет арасындағы осындай жанды, табиғи байланыстарды С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, т.б. қазақ қаламгерлері кеңес үкіметінің қаһарлы заңдарына қарамастан ретін тауып қолданды.
Осы заңдылықтардың табиғи қуат-күшін А.Мұсаев «Жанды жүйе» («Білім», 2001) аталатын оқу құралында атап өтеді. Мұнда әдеби дамудың басты заңдылықтарын классик қаламгерлерден алынған мысалдар арқылы талдап, мәңгі үзілмеген байланыстар тінінің дәстүрлі заңдылықтарын көрсетеді. Біздің классик қаламгерлеріміз өмірдің өзі дәлелдеген қарапайым қағидаларды ұлттық рухты шыңдауда сәттілікпен қалай қолданға­нын атап өтеді. Мәселен, орыстарда: Н.Гоголь, А.Чехов, Ю.Трифонов, В.Шукшин, В.Крупин, В.Орлов, А.Вампилов; украиндарда: К.Крапива, Г.Трепольский, А.Ковинки; әзербайжанда: Ш.Гусейнов, ағайынды Ибрагимовтер, Анар, Элчин; өзбектерде: Г.Пулатов А. Якубов; дағыстандық Р.Гамзатов, А.Латип, А.Абу-Бакир, т.б. сатиралық образдардың ұлттық үлгілерін көрсетті.
Сатиралық шығармаларға жатпайтын туындылардағы бүгінде қалың елге ерекше танымал болған, мәселен, Ә.Нұрпейісовтің Сары Шаян, көткеншек Көшен, Судыр Ахмет бейнелерінің эстетикалық әсерінің қуаттылығы халықтық эстетикада екен­дігін тарихи-әдеби талдаулар негізінде атайды.
Әрине, мұндай ойлар сөз арасында баяғыдан айтылып келеді, ал сатира мен юморға арналған А.Мұсаев еңбектерінде зерттеуші классик жазушылар шығармаларынан көптеген мысалдар алып, жүйелі түрде жан-жақты терең талдап заңдылықтарын көрсетеді.
А.Мұсаев әдебиет пен юмор, әзіл тари­хының жарқын жолдарын сәтті жалғастырушы Т.Әлімқұлов, Ә.Тарази, Д.Исабеков, М.Мағауин, Е.Домбаев, Т.Нұрмағанбетов, М.Қаназов,М.Байғұтов, т.б.қалам­герлер шы­ғар­маларындағы күлкі табиға­тының сан алуан қырларын талдап көрсетеді.
Қазақ роман, повестеріндегі сатира мен юмор поэтикасы – әлі зерттеуді қажетсінетін маңызды тақырып­тардың бірі. Ғалым зерттеулерінде 60-90 жылдардағы шығармаларды арнайы сөз ете келе, қоғамдық дамудағы тоқырау, қайта құру, нарық т.б. қазақ құлағына тосындау естіліп, көңіліне жақпайтын құбылыстарға тап болған қазақтар тіршілігін бейнелеген туындыларға тоқталады.
Сонымен, қорыта келгенде А.Мұсаевтың қазақ сатирасы мен юмо­ры­ның поэтикасы туралы зерттеуі қазақ әдебиеттануында ғана емес, көптеген елдер әдебиетінде де аз зерттелген тақырыптарды қозғады. Бұрынғы КСРО елдерінің белгілі қаламгерлері Н.Думбадзе, Э.Ветемаа, Э.Вээкман, П.Куусберг, А.Сулакаури, В.Шукшин, Р.Кереев, т.б. шығармаларындағы көркемдік мәселелерінің қазақ әдебиетінде де синхрондық сипатта көрініс тауып, ара-тұра қозғала, талдана бастағанын көрсетеді.
Сатира мен юмор үндестікте деп айтыл­ғанмен, олардың мақсаты мен көркем құрылымы өзге. Көпке түсінікті жай­ларды жіліктеп жатпайық. Бірде Алпекеңе «Кеше асықпай алпысқа келген Алпысбай бүгін жеделдетіп жетпіске жеткен бе?» деп қалжың, әзіл айтқанмын. «Аман болайықшы, елімізде тыныштық болғай» деді ол күліп.

Зинол-Ғабден БИСЕНҒАЛИ,
әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.