Елім деген Елісхан

Алматыдағы Ғылым ордасында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты және «Ер Жәнібек» халықаралық қорының ұйымдастыруымен Елісхан Әліпұлының 110 жылдығына орай «Азаттық аңсаған қазақ көші және ел бастаған Елісхан» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысына көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, зиялы қауым, Түркия, Германия, Швеция, Қытай, Моңғолия және т.б. алыс-жақын шетелдерден келген арнайы қонақтармен қатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов кіріспе сөз сөйлеп, жиынды өзі жүргізді. Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековтың құттықтау хатын қауымдастықтың Астана қаласы және Ақмола облыстық бөлімшесінің жетекшісі Қарлығаш Қожамұратова оқыды.
Жиын барысында Мемлекеттік тарих институтының директоры, тарих ғылымының докторы Аяған Бүркітбай, «Еуразия» ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Серік Негимов, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнография институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы Ахмет Тоқтабай, сондай-ақ ақын Бақытбек Бәмішұлы, Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, жазушы Шынайы Рахмет, Түркиядан Ибраһим Мұтлы, Шабан Серкан Динчтүрк, Мүбарак Сәдейұлы Шалышхан және т.б. Алтайдан Анадолыға дейінгі қазақ көшінің алғашқы бастаушысы Елісхан Әліпұлының өмірі мен өнегесі жайында ой толғап, пікірлерімен бөлісті.
Жазушы Жәди Шәкенұлы «Ел бастаған Елісхан», Түркияның Анкара қаласындағы Әлеуметтік ғылымдар университеті Саяси ғылымдар факультетінің докторы Мариям Хакім «XX ғасырдағы қазақ көші және оның саяси-әлеуметтік себептері мен ұлттық-халықаралық әсерлері», Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, тарих ғылымының докторы Айжамал Құдайбергенова «Қазақ ғылымының көкжиегін кеңейткен қандастар» атты баяндама жасады.
Шара барысында жазушы Жәди Шәкенұлы мен Шалқар Әбділұлының батырдың 110 жылдығына орай құрастырылған «Ел бастаған Елісхан» атты деректі зерттеулер жинағының таныстырылымы өтті. Конференцияға қатысушылар Елісхан батырдың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында қарар қабылдады. Олардың ішінде: кәсіби тарихшылар назарын Қазақстан тарихының зерттеуден тыс қалған мәселелеріне аударту, осы мақсатпен Елісхан батыр туралы, Алтай-Баркөлден Анадолыға дейін созылған көш тарихы туралы мәліметтерді ғылыми айналымға енгізіп, зерттеу; Елісхан есімін мектеп және жоғары оқу орындарындағы оқу үдерісіне енгізу; батырдың атында халықаралық қор немесе қоғамдық бірлестік құру; ізденуші жастарға стипендия тағайындау; батыр бастаған көштің жолына және оның сүйегі жатқан Пәкістан жеріне экспедиция ұйымдастыру; Елісхан Әліпұлының өмірі туралы деректі фильм түсіру және т.б. мәселелер қарастырылған.

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.