«Таланттың» қадірін қашырмайық

Жер бетінде сөз қадірін қазақтай білетін халық көп емес шығар, сірә. Біз сөзді – кие, қасиет деп түсінетін елміз. Сөз құдіретіне байланысты мақал-мәтелдерге зер салатын болсақ, «Сөзі ырайлының жүзі шырайлы», «Байламсыз сөз – баусыз шелек», «Өлеңді қосылып айтқан жақсы, сөзді тосып айтқан жақсы», «Жақсының өзі өлсе де, сөзі өлмейді», «Сөз қадірін білмеген, өз қадірін білмейді», «Айтылған сөз – атылған оқ» деп осынау асыл құндылықтың бағасын дәл пайымдаған. 

Ал қазіргі таңда біз сөз қадірін қалай бағалап жүрміз? Әр сөздің парқын білмей, оңды-солды жұмсай беретініміз қалай? Мысалы, «талантты», «дарынды», «ұлы», «біртуар», «текті», «дәулескер», «дауылпаз» деген сияқты сөздерді оған лайық болса да, болмаса да, әйтеуір, екінің біріне айта беретін болдық. Яғни, жүзден бір адамға ғана қолданылатын ұғымдарды сол адамды мақтау-мадақтау, көтермелеу мақсатында ойланбастан қолданамыз. Асылында, бұл сөздердің өзіндік өлшемі, қолданылатын тұсы бар еді ғой. Мәселен, адам қабілетті болуы мүмкін, бірақ ол талантты деген сөз емес. Немесе адам талантты болуы мүмкін, бірақ ол «ұлы» деген ұғымды білдірмейді. Тектілік те солай. Кез келген адам текті бола бермейді. Тектілік – адам бойындағы ерекше қасиет. Бұл негізінен адамның шыққан тегіне, әулетіне, ата-бабасына қатысты қолданылады. «Біртуар», «да­рынды», «дәулескер» деген сөздердің де салмағы бар. Оны да кез келген адамға айта беруге болмайды. Мұндай сөздердің көбіне-көп эстрада әншілеріне, шоу-бизнес өкіл­деріне, өнерпаздарға қатысты қолданылып жүргенін байқаймыз. Кейде әлі үйренері алда, оқып-тоқитын дүниесі көп жастардың өзі таланттылардың қатарына еніп кетіп жатады. Бірақ өнер адамының бәрі бірдей шетінен талантты, дарынды деу қисынға келмейді. Себебі таланттылар, дарындылар өте көп болмайды. Бұл – табиғаттың заңдылығы. Ол біздің ғасырда емес, бағзы замандардан солай. Қазақ тарихында өзіндік орны бар Қазтуған, Бұқар жырау, Қазыбек би, Төле би, Әйтеке би, Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Махамбетті және өзге де осы деңгейдегі тұлғаларды талантты, біртуар, ұлы десе жарасады. Өйткені олар – ұлтымыздың шын мәніндегі ардақ тұтар асылдары.
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» «талант» сөзіне мынадай анықтама берілген: «Талант – ерекше біткен табиғи дарын, асқан қабілеттілік. 2. Ерекше дарынды адам. Сонымен қатар «ұлы» дегенге асқан кемеңгер, данышпан, озық ойлы деген анықтама берілген. Ал осы анықтамаларға толық сай келе бермейтіндерді де ұлы, талантты деп айта беру қаншалықты дұрыс? Мәселенің мәнісі, сөздің салмағында, орынды және орынсыз қолданылуында. Өнер жолын жаңадан бастаған әнші белгілі бір уақыттан кейін «жұлдыз ауруына» шалдықса, оны кінәлап, жазғырамыз. Ал ол әншіні жұлдыз ауруына душар еткен тыңдармандардың өзі емес пе екен? Жаңағыдай сөздерді орынсыз тели берсек, кез келген адам мақтауға сеніп қалады. Өйткені «семіздікті қой ғана көтереді». Әңгімемізге арқау етіп отырған ұғымдардың орынсыз қолданылуын, әсіресе телебағдарлама, концерт жүргізушілер тарапынан жиі байқаймыз. Сондайдың әсерінен хабарға қатысып отырған меймандардың бәрі де талантты, бәрі де дарындыдай көрінеді. Осылайша біз сөз мәдениетіндегі «асыра сілтеушілікке» бой алдырдық. Құрмет көрсетудің өзін басқа да мағыналас сөздермен әдемі жеткізуге болады. Ол жүргізушінің тіл байлығына, қарым-қабілетіне байланысты. Мысалы, «талапты», «болашағы зор» деген сөздер бар емес пе? Әрине, талантты деген сөзді қызғанып отырған жайымыз жоқ. Бар болғаны, шын мәніндегі лайықтысына ғана айтылып, қолданылса дейсің.
Сөз мәдениеті дегеніміздің өзі – үлкен ұғым. Оны адам баласы өмір бойы меңгеріп, үйреніп өтеді. Бүгінгі заман келбетінен байқайтынымыз, адамдар арасында сөзге деген талғам жоғалып бара жатқан сияқты. Оның бір себебі – рухани байлықтың төмендеп кетуі. Бұрынғы уақытпен салыстырғанда қазіргі адамдар кітап, газет-журнал дегенді аз оқитын болды. Театр, музей сынды мәдениет ошақтарына баратындар саны көп емес. Ал онсыз рухани байлыққа қалай қол жеткіземіз?Адамдар бас қосқан жерлерде ұлағатты сөз, ғибратты әңгімелер, келелі кеңестер де көп айтыла бермейді. Әңгімелердің дені – ұсақ-түйек шаруалардан, күнделікті күйбең тірліктен әрі аспай жатады. Сонда бұрынғыдай есті сөз, хикметті сөз, парасатты сөздер қайда? Әр адам осындай ұғымдарды игеруге ұмтылмаса, өзін-өзі шыңдап дамытпаса, ол да жайдан-жай келе салмайды.
Ата-бабаларымыз «тоқсан сөзден тобықтай түйін іздеуді» кейінгі ұрпақтарға аманаттады. Себебі сөзден қадір кетсе, тілден де қадір кетеді. Тілдің негізгі құралы – сөз. Сөзді қалай сөйлесек, қалай айтсақ, ол тыңдаушысына да солай жетеді…

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Мұрат

    Мәселе орынды көтерілген

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.