Жезкиік жырдың жампозы

Халқымыз таланты ерек, болмысы бөлек дарындыларға қашан да кенде емес. Әр заманда да ел көшін алға сүйреген ер тұлғалы азаматтар болған. Сондай ерен тұлғаның бірі, қоғам және мемлекет қайраткері, табиғаты ақын, мамандығы тау-кен инженері, 1955 жылы Мәскеудің Түсті металлдар мен алтын институтын бітірген, кезінде ақын-кенші, ақын-инженер, кейінде әкім-ақын атанған Кәкімбек Салықов Үлкен Совет энциклопедиясына енген. Он жылдай СОКП ОК-де істеген. Бес жыл Өзбекстанның Қарақалпақ обкомының бірінші хатшысы болды. Жоғарғы Кеңестің (Кеңес Одағы кезінде) экология бойынша комитет төрағасы болып сайланды. Кәкеңнің басшылығымен Чернобыль АЭС-інде апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету шаралары туралы заң қабылданды. 

Қоғамдық қызметтеріне келсек, Қ.Сәтбаев атындағы халықаралық қордың президенті болды. Арал, Каспий проблемаларын шешуге белсене араласты. ҚР «Экология» академиясының академигі болғандығынан көпшілік хабардар. Ұлттық Кеңес мүшесі ретінде де елеулі еңбек сіңірді.
Сұлу Көкше, Өр Алатау арасы,
Бәрі тұтас қазақтың кең даласы,
Ұлытау қанат жайған жан-жаққа,
Атырау, Алтай жалғасуын қарашы!

Дарқан дала, байтақ атамекенім,
«Ұлы дала» деп мақтанышым етемін.
Сыртқы жаудан, ішкі даудан сақтасын,
Сонда азаттық арманына жетемін.
***
Өр тұлғалы маңғаз, кербез, сымбатты,
Ұларлы жыр баба сырын тыңдатты.
Бар қазаққа орда болған ақжолтай,
Жер табылмас Ұлытаудан қымбатты.
***
Ұлылықты ұғам Ұлытауды көргенде,
Тұрады әркез еңсесі биік өр кеуде.
Ұлытау ұран болыпты бабаларыма,
Екі ұдай дауда даласын жауға бермеуге, – деп елі туралы жырласа,
О, қазағым, кімнен тудық дегенде,
Кезек беріп көңілде көп өлеңге,
«Гуннен тудым,
Күннен тудым» депті дана Мағжан,
Ой жүгіртіп, жері қалың тереңге, – деп Ота­нына адалдығын көрсетсе:
Әлемге әйгілі мұрам бар,
Сенбесең тарихтан сұрандар.
Фараби назын,
Отырар сазын
Жаңғыртар қырдағы құландар, – деп шабыт шақырады.
Рас, достым, біздің үй – кітапхана,
Бар жиһазым, жиғаным кітап қана.
Мәңгі жасыл ағаштай жемісі мол,
Құшақ жайып, қаулады бұтақтана.
Үйге кірсең түңілме мебеліме,
Сансыз кітап қарай қал тебеніне.
Ақ бидайдай жайқалған кең далада,
Қуанарсың көркем сөз егініне.
Абай ашар көркем сөз баспалдағын,
Мағжан, Сәкен, Ілиястай асқарларым.
Үкілі Ыбырай, Біржан Сал, Ақан Сері,
Қанға сіңген дарындар маған тегі.
Бұқар, Дулат, Шортанбай – үркеріме,
Жамбыл ата қасиетті тағына біз
Гималай ғой зор тұтып табынамыз, – деп бар байлығы, рухани байлық – кітапханасын бағалаған, жер дүние ғылымын тәмамдаған, ешкімге кісімшілікпен менсінбей қарамаған, тарих, ән мен жыр, әсем күйді «Аққуымен», «Гәккуімен» саралаған ағамыздың осы бір өлеңінен бар болмысын аңғарсақ, бұл кісінің өмірде қозғамаған тақырыбы жоқ. Қай-қайсысын болса да дәлдік, білгірлікпен анық, айқын, ашық, нәзік, пәк сезіммен жеткізген.
Міне, биыл қазақтың «Жел қанатты жез­киігінің» өмірден өткеніне 5 жылдай болып қалыпты. Осы ұлы тұлғаны елде есте сақтау мақсатында тұрған үйінің жанына белгі қойып, үйінің жанындағы көшеге атын берсе, мем­лекетімізге ризашылық білдірер едік.

Серік ТЛЕУБАЕВ,
Ұлытау ауданының құрметті азаматы,
«Құрмет» орденінің иегері,
ҚР Мәдениет қайраткері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.