Жалағаштың бастауы – Аламесек

Сыр бойында сонау 1920 жылдан құрыла бастаған болыстықтар, соның негізінде ұйымдастырылған аудандар бірде қосылып, бірде таратылып келген. Солардың бірі – тарихы алыс жылдардан басталатын Аламесек болысы, соның негізінде аудан болған Аламесектің 1939 жылы құрылған Жалағаш ауданының бастауы болғандығы. Сондықтан да Жалағаш ауданының құрылғанын 1939 жылдан емес, 1925 жылдан бастау керектігін айта отырып, оқырмандарға ой тастамақпын.

Кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарында Түркістан Республикасының құрамындағы Сырдария облысына Перовскі және Қазалы уездері қараған-ды. Сырдария облыстық әскери революциялық комитетінің 1920 жылдың 2 қаңтардағы шешімімен уездік, болыстық ревком төрағаларының және 2 шілде 1920 жылғы Перовскі уездік кеңес, жұмысшы, солдат, шаруалар мен мұсылман депутаттарының қаулысымен 24 болыстық құрылады. Қазіргі Қызылорда облысының Жалағаш ауданына катысы бары: Жалағаш, Байзақ, Қаракөл-Қуаңдария, Қостам, Аламесек, Қышбөгет, Шаған, Көткеншек болыстықтары.
1922 жылдың 25 сәуірінде Перовскі уезі Ақмешіт уезі болып аталды. 1924 жылдың 27 қазанында Бүкілодақтық атқару комитетінің шешімімен Орта Азия Республикаларының өзара бөлінісі бекітілді. Осының негізінде Сырдария облысы түгелдей Қазақстанға берілді. Оның ішінде Ақмешіт пен Қазалы уездері де бар. Осы жылдың 12 желтоқсанында Сырдария облысы губернияға айналады.
Осы жылдары Ақмешіт уезіне 27 болыстық қараған, соның 8 болысы қазіргі Жалағаш ауданында құрылған. 1920-1925 жылдары Жалағаш болысының орталығы Жалағаш теміржолы стансасы болды.
1925 жылдың 19 сәуірінде Бүкілодақтық атқару комитетінің қаулысына сәйкес Қызылорда уезі Қызылорда қаласы болып қайта аталады. Осы шешімдердің негізінде Аламесек болыстық атқару комитеті құрылып, оған 44 ауылдық кеңес қараған. 1925 жылдың 15 мамырында Жалағаш, Тереңөзек болыстықтары Қараөзек болыстығына, Жөлек, Сорқұдык, Телікөл Шиелі болыстығына қараса, Қаракөл Қуаңдария, Қостам, Қышбөгет, Көткеншек болыстықтары Аламесек болыстығына қарап, орталығы Аламесек №3 ауылы болып белгіленген.
Аламесек ауданының жер көлемі – 17568 шақырым, халық саны – 19249 адам. Ауыл­шаруа­шы­лығымен 18395 адам, оның 14221-і егін егумен, 4174-і мал шаруашылығымен айналысқан. 7963 адам колхозға біріксе, 10439 адам жеке шаруашылықтарда еңбек еткен.
Аудан жерінен ежелгі Қызылорда-Қарақалпақ (Шымбай) керуен жолы өтеді. Бүкілодақтық атқару комитетінің 1928 жылдың 17 қаңтарында Қызылорда уезі тараты­лып, оның құрамындағы болыстықтар Қызылорда округі болып қайта құрылған. Округте Аламесек болысы – Аламесек ауданы, Қараөзек болысы – Қараөзек ауданы, Қызылорда мен Сұлутөбе болыстықтары Қызылорда ауданы, Шиелі болысы – Шиелі ауданы болып қайта жасақталды.
1930 жылдың 17 желтоқсанда Бүкілодақ­тық атқару комитетінің (23 шілде 1930 жылғы) қаулысы негізінде Қызылорда округі таратылып, Аламесек ауданын Қызылорда ауданына қаратқан. Аламесек ауданы Аламесек ауылы болып аталған. Міне, тарихта болған Аламесек ауданының қысқаша жолы осындай. Осы кезеңде (1926 жылы) көршілес Қараөзек болысы да құрылады. Болыстыққа 21 ауыл қараған. Сол болыстың негізінде осы жылы Қараөзек мал шаруашылығы ауданы кұрылса, 1928 жылдың 23 маусымында Қараөзек ауданы Тереңөзек ауданы деп қайта аталады. 2018 жылы тереңөзектіктер ауданның құрылғанына 90 жыл толуын атап өтті. Ал жалағаштықтар 2019 жылы ауданның 80 жылдығын тойламақшы. Не себепті екені белгісіз бес жыл бойы аудан болған Аламесек ауданы ескерусіз қалып келеді. Мүмкін ел азаматтары Жалағаш ауданының басы – Аламесек екенін, болмаса Аламесек жайлы мәліметтері аз болғандықтан бастауын Аламесектен алмаған болар деп ойлап, осы зерттеуімді қолға алып, мақаламды тікелей Аламесек ауданына арнадым.
1925-30 жылдардағы Аламесек ауданына қараған болыстықтар орнындағы ауылдарды атасам: Жалағаш пен Байзақ, Шаған және Көткеншек болыстары кейіннен Тереңөзекке қараса, Қаракөл-Қуаңдария, Аламесек, Қостам, Қышбөгет болыстарының аумағы қазіргі Жалағаш ауданына қарайды. Бұл болыстықтарды тереңірек талдасақ: Қаракөл-Қуаңдария, Қостам болыс­тары негізінде: Аққыр, Жаңаталап, Мәдениет, Мақ­палкөл ауылдары, Қышбөгетке: Ақарық, Жаңа­­дария, Еңбек, Мырзабай, Аққұм ауылдары кірген. Демек, қазіргі (2018 жылғы) Жалағаш ауданындағы 15 ауылдың 9-ы Аламесек ауданына қарағанын ескерер болсақ, Аламесек – Жалағаш ауданының бастауы. Сондықтан ел азаматтары барша жайларды саралап, келешекте Жалағаш ауданының кұрылған уақытын 1925 жылдан бастайды деп есептеймін. 2020 жылы Жалағаш ауданының құрылғанына 95 жыл болмақ.
Жалпы Жалағаш ауданының бүгінгі ауылдары бірде Қызылорда, Тереңөзек, Қармақшы аудандарына қарап, бір қосылып, бір тараған уақыттарын еске алсақ, Жалағаш ауданының толыққанды тарихына селкеу түседі. Аламесек ауданы – бүгінгі Жалағаш ауданының негізі. Ал Жалағаш соның жалғасы. Аталған мақаламды Қызылорда облыстық ҚР Мемлекеттік архиві мен ҚР Президентінің архив қорлары, Бүкілодақтық атқару және ҚазКССР Орталық атқару комитетінің қаулылары және «Кзыл-Ординский и Сырдаринский округа и входяшие в их состав районы» г. Чимкент, 1928 г, «Кзылординский округ и его районы». 1930 г., «Справочник по административно-территориальному деление Казахстана», 1959 г., «Тереңөзек» 1996 ж, «Жаңадария» газеті 1970 ж. тағы басқа да деректерді пайдаландым.
1939 жылдың 17 қазан айында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және Қызылорда облыстық кеңесінің 1939 жылдын 21 қазандағы №56 санды шешімімен Жалағаш ауданы құрылды, 1962 жылдың 24 қазан айында Жалағаш ауданы Қармақшы ауданына қосылды. Ал 1965 жылдың 16 желтоқсанында Қармақшы екі ауданға бөлінді. Бөлініп шыққан Жалағаш ауданына: Ақсу, Аман­гелді, Коммунизм, Қаракеткен, Карл Маркс, 1 Май, Калинин ауылдық кеңестері қарады.
1940-1941 жылдары Жалағаш ауданын, С.Кистанов, Ж.Төлепбергенов, И.Шонин, тағы басқалар басқарған. 1940-1941 жылдардан бастап ауданды басқарған азаматтар жайлы оқырмандар біледі деп есептеп, бүгінгі күнге дейінгі басшылардың тізімін жазбадым. 1934 жылы Қаракеткен МТС-і құрылған. 1935 жылы құрылған Аламесек МТС-не 51 ауыл қараған. Қазіргі Жалаған аудандық газетінің шығуы 10 қаңтар 1934 жылдан басталған. Қаракеткен МТС-і жанынан «Колхозшы» газеті шығып, содан бері әр жылдары аты өзгерсе де Жалағаш аудандық газетіне 2019 жылы 85 жыл толады. Сонда газетке 85 жыл болғанда ауданның құрылуы неге басқа цифрды көрсетеді. Мен де, оқырман да таң.
Қазақ КСР-ының құрылғанына 50 жыл толу қарсаңында көптеген тарихи мақалалар жарық көріп, тіпті «жабық» мәселелер де көтеріле бастады. 1969-1970 жылдары Жалағаш аудандық партия комитетінің тапсырмасымен белгілі тарихшы мұғалім Айтбай Жетібаев аудан тарихын зерттеді. Ол кісі де Жалағаш аудан тарихын Аламесектен бастайды.
А.Жетібаев 1970 жылдың 1 және 3 қыркүйектегі «Жаңадария» газетінде «Аудан орталығы – Аламесек» деп жазған-ды. Бұған қоса ауданның 60 жылдығына орай 1999 жылы баспадан шыққан «Жалағашым – жасыл бағым» және 2009 жылы «Шежірелі Жалағаш» атты кітаптардың алғы сөздерінде: «…1924 жылдың қарашасында Аламесек, Қышбөгет, Қостам, Байзақ, Жалағаш, Ақарық болыстарында советтердің сайлауы болып өтті.
Қызылорда қаласы Республика астанасы болғаннан кейін Аламесек ауданы құрылды. Бұл қазіргі Жалағаш ауданының бастауы болатын» деп тайға таңба басқандай жазылып тұрса да, ауданның 60, 70 жылдық, алдағы уақытта 80 жылдығы аталып өтпек. Мерекелеу дұрыс қой, бірақ тарих таразысына сала отырып, тарихи оқиғаларға сергектікпен қарайық демекпін.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,
жазушы, зерттеуші,
«Құрмет» орденінің иегері

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.