Көп тіл білу – жаһандық талап

Көптілділік мәселесі – Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлемнің алдында тұрған көкейкесті мәселелердің бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көптілді білімді дамытуға жіті назар аударып «…еліміздің маңызды құндылықтарының бірі және басты артықшылығы – көпұлттылық пен көптілділік» деп атап көрсеткені белгілі. 

Президент жүктеген тапсырмаларға сәйкес, Тілдерді қолдану мен дамы­тудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен «Тіл­дердің үштұғырлығы» мәдени бағдар­ламасында, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында, 2020 жылға қарай «… барша қазақстандықтар қазақ тілін, орыс тілін – 95% және 25% – ағылшын тілін меңгеруі тиіс» делінген. Көптілді оқыту – білім берудің қоршаған әлемде болып жатқан үдемелі өзгерістерге бейімделгіштігін күшейтетін лингвис­тикалық біліктілігі жоғары дамыған, бәсекеге қабілетті жастардың қалып­тасуына септігін тигізетін жаңа үлгісін құруды көздейді. Осы орайда үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) бірдей оқытуды білдіретін көптілді оқыту бағдарламасының бірегейлігін атап өту керек. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Тілдердің үштұғырлығы» мәдени жобасын кезеңмен іске асыруды қолға алуды ұсынды. «Қазақстан бүкіл әлемде халқы үш тілді пайдаланатын мәдениетті ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі –жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі» атап көрсетілді. Иә, «үштілділік» саясатын қайта қарау қажет деген пікірлер жиі қылаң беріп жүргені жасырын емес. Десек те, Елбасының: «Қазақ тілі үш тілдің біреуі болып қалмайды. Үш тілдің біріншісі, негізгісі, бастысы, маңыздысы бола береді» деп ескерткен. Әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу үшін билік «үш тұғырлы тіл» саясатын қолға алып жатқаны белгілі. Ақпараттық техниканың дамыған заманында тілді үйрену қиындық тудырмайды, қайта көп тіл білгеннің ешбір зияны жоқ. Бірақ қазақ баласы әуелі отбасында қазақы рухпен тыныстап, ана тілінің нәрлі уызына қанып, ұлттық рухани тәрбиенің қайнар бұлағынан сусындап өсуі керек.
Алғашқы тәрбиені ана тілінде қабылдап, қазақы қасиетпен жетілген бала кейін қандай ортада жүріп, қанша тіл үйренсе де, өз тілін ұмытпайтын, ұлттық қасиетінен көз жазып адасып қалмайтын болады. Әлихан Бөкейханов сынды алаш арыстарымыздан бастап, кешегі Абай Құнанбайұлы, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев сияқты талай тарландарымыз орыс тілінде білім алса да, ана тілінің идеологиясы мен мәртебесін ең жоғары орынға қойған. Өйткені олардың бәрінің де тілі қазақша шыққан, бірі ауыл молдасынан хат таныса, енді бірі ана тілінде мұғалімдерден тіл сындырған. Тіл ана тілде сайрап тұрғандықтан, ешкім оған балта да шаба алмаған. Қазақ халқы – табиғатынан еліктегіш, қабылдағыш халық.
Кеңес заманында орыс тілі заманның кілті болды. Бұл – заман талабы еді. Енді алдағы асу – ағылшын тілі. Адам көп тіл білген сайын оның көкірек көзі ашылып, өмірінің көкжиегі кеңіп, өрісі ұлғая түсетін болады. Қазақ халқында «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл», «Бір тіл білген – бір адам, екі тіл білген – екі адам» деген халық қағидаты бар. Шығыс ғұламасы әл-Фараби жетпіске жуық тілді меңгерген. Жазушы-аудармашы Г.Бельгер: «Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы» дейді. Орыстың жазушысы А.Чехов: «Бірер тіл білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді» деген екен. Олай болса, «Полиглот» деп ондаған тілдерді қатар үйренуге қабілетті адамдарды айтады. Сондықтан білім беру жүйесінде үштілділік мәселесі қалай жүзеге асырылып жатыр? Тілдерді оқытудың жаңаша әдістемесі қандай? Педагогикалық әдістемені қалай жетілдіру керек деген сұрақтардың аясында озық идеяларға, озат тәжірибелерге, инновациялық әдіс-тәсілдерге негізделген жаңа типтегі бағдарламаларды оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу – тілшілердің алдында тұрған жауапты іс болып есептелінеді.
Қазіргі заман талабына сай озық әдіспен оқытудың бағдарламасын жасау талабын алға қойған Президент тапсырмасы дәл қазір нақты сипат ала бастағанын аңғарып отырмыз. Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл саясаты» біздің пәнімізде жүзеге асырылады. Білім беру мекемелерінде оқушылар білімді мемлекеттік тілде алса, сонымен қатар орыс, ағылшын, неміс тілдерін де сол деңгейде меңгеруде. Қазіргі таңда шет тілдерін меңгеру – өзекті мәселе. Өйткені Қазақстанда әртүрлі шетел фирмаларының тілді жетік меңгерген мамандарға зәру екендігі анықталған. Осы тұрғыда біз алдымызға мақсат қойып, оқып отырған шет тілін тек оқулықпен оқытуға шектелмей, қазіргі жаңа оқыту технологияларының негізінде интерактивті әдістер арқылы жүзеге асыру қажет. Ел мен ел, халық пен халық жиі араласып, халықаралық қатынастар ерекше көтеріліп жатқан қазіргі таңда дүние жүзінің әлеуметтік мәдени талап-тілегіне орай бірнеше тілді қатысымдық құзыреттілікті дамыту күрделі міндеттердің бірі болып табылады. Адамдар ең бірінші бір-бірімен тіл арқылы қарым-қатынас жасайды дейтін болсақ, сол тіл арқылы түрлі мәдениеттер арасындағы тілдесу диалогпен өркендейді. Тіл – әр ұлттың дәстүрлі мәдениетімен астасатын күрделі қарым-қатынас құралы. Қазіргі заманғы инновациялық технология бүгінгі күні еліміздегі білім беру мекемелерінде білім алып жатқан оқушылардың, тіл үйренушілердің әлем халқы тілдерімен тілдесуіне мүмкіндік беріп отыр. «Адам өмірінің шегі бар, ал білімнің шегі жоқ» деп атап өткен Елбасы оқушы жастарды ғұмыр бойы білімнің тұнғиығына терең үңілуіне шақырды. «Мен бүгінгі ұрпақтың үш тіл білуін қолдаймын. Мемлекетік тіл – мемлекет құрушы ұлт­тың тілі, ал орыс тілін білу – ұлы бай­лық. Ағылшын тілі ілгерілеушілік пен технологиялардың тілі болғандықтан біз оны үйренуге тиіспіз. Ал қазақ тілі барлық Қазақстанды біріктіріп, жа­қын­­дастырып өзара түсіністік пен сүйіс­пен­шілікке жетелейді» деді.
Тілдердің үш тұғырлылығы идеясына Елбасы нақты анықтамасын да береді: қазақ тілі мемлекеттік дәрежесінде мемлекет өмірінің бар саласында «бүкіл қоғамымызды біріктіруші» қызме­тін атқарса, орыс тілі ұлт өкілдері арасын­дағы қарым-қатынастарға қызмет етеді, ал ағылшын тілі әлемдік экономикаға, әлемдік қауымдастыққа кірігуімізге қызмет етеді.

Ж.ҚЫРЫҚБАЕВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.