Қисаның көпірі

Қазақ – текті халық. Бар жақсылығын бойына жинаған текті елдің ұрпағы қай қиырда жүрсе де Қазақ елінің мақтанышы. Күні кеше Қытайда әлемдегі ең ұзын шыны көпір ресми түрде ашылып, іске қосылғанынан оқырман хабардар. Сол көпірдің жер сілкінісі секілді тербеліс күшіне төтеп беретін және басқа да табиғи апаттарға қарсы тұратын жобасын бауырымыз Өрлеухан Қиса жасапты. Мұны естігенде кеудемізді қуаныш кернеп, марқайған жайымыз бар.

Өрлеухан Қиса Шыңжаңдағы Іле қазақ облысы Алтай аймағында өмірге келген. Гуанчжоу университеті Жер сілкінісіне қарсы төзімділікті зерттеу орталығының бас инженері. Сейсмикалық оқшаулау, конструкцияларды зерттеу және жобалау ісімен айналысады. 1989 жылы Далянь жаратылыстану ғылымдары университетінде магистратураны бітірген. 1996 жылы Жапонияның Шығыс-солтүстік университетінде сәулет-құрылыс мамандығы бойынша білім алып, 2000 жылы Жапонияда докторлық диссертация қорғаған. Шиань мемлекеттік мұражайында оннан астам мемлекеттік қорғаудағы мәдени мұраны сақтау жобасын сәтті аяқтаған. Қытайдың мәдени ескерткіштер мен ұлттық мұраларды қорғау технологиясының жаңа әдісін тауып, ежелгі мәдени реликвиялық оқшаулаудың алғашқы зерттеу жобасын жасаған ғалым. Қазір Қытайда тарихи ескерткіштер мен адамзат өркениетінің мұрасын тиімді қорғауға елеулі үлес қосқан білікті маман ретінде зор құрметке ие ғалымдардың бірі.
Өрлеухан Қиса жобасын жасаған бұл көпір ұзындығы бойынша әлемде төртінші орынға ие. Дүниежүзіндегі ең ұзын үш көпір де Қытайда орналасқан. Бірінші орында – 2011 жылы Шығыс Қытайда салынған, ұзындығы 164,8 шақырым, оның тек 9 шақырымы ғана судың үстінен өтетін Даньян-Куньшан болса, екінші орында ұзындығы – 113,7 шақырымды алатын Тяньцзинь көпірі. Бұл екі көпір де Пекин-Шанхай жылдамдықты теміржолының бөлігі болып есептеледі. Үшіншісі – 79,7 шақырымдық Вэй көпірі.
Ал Хунань провинциясындағы Гранд-Каньон ұлттық паркінің үстінде орналасқан Гонконг-Чжухай-Макао көпіріне келетін болсақ, ұзындығы 55 шақырым көпір биіктігі жағынан да рекорд орнатып отыр. Ол жерден 275 метр биікте орналасқан. Үш қабатты 99 қатты панельден тұрады. Ұзындығы жеті шақырым бола­тын су асты туннелі мен жасанды аралдар салынған көпірді салуға сегіз жылдан астам уақыт кетіпті. Маман­дар көпір сегіз балдық жер сілкінісіне төтеп беріп, кемінде 120 жыл пайдалануға жарайды деп болжайды. Жобаның құны – 20 миллиард доллар. Көпірмен автобус пен коммер­циялық көліктер ғана жүретіні, жергілікті таксилердің жүруіне тыйым салынғаны белгілі болды. Ақпарат көздерінің хабарлауын­ша, көпірмен жүріп өту үшін де алдын ала билет сатып алу қажет.
Айта кетерлігі, көпірдің салтанатты түрде ашылу рәсіміне ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Гонконг әкімшілігінің басшысы Кэрри Лам, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хань Чжэн және т.б. 700-ге жуық қонақ қатысқан.
Біздің айтарымыз – қайда жүрсе де қазақтың беделі үстем болғай!

Бағдагүл Балаубаева

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.