Балаға мейірім сыйла!

Еліміз бойынша өткен республикалық «Мектепке жол» іс-шарасына Алматы қаласындағы М.Дулатов атындағы № 136 мектеп-гимназиясы атсалысты.

Сонымен қатар мектебімізде «Балаға мейірім сыйла!» тақырыбы бойынша ұйымдастырылған шара ата-аналар мен мұғалімдер арасында қолдау тапты. «Қайы­рымдылық – жүректен» демекші, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылардың балаларына қамқорлық көрсету – сауабы мол жақсы дәстүр. Осы акцияның ойдағыдай өтуіне мектеп-гимназия директоры Анас Батырбаев тікелей басшылық жасап отырды. Ұжым мүшелері игілікті істің жалғасын табатынына сенімді. Ендігі кезекте олар кәсіпкерлердің көмегімен жағдайы төмен отбасыларды киім-кешекпен қамтамасыз етудің жолдарын қарастыруда.
Айта кетейік, мектеп-гимназиямызда «Қайырымдылық» қоры жыл бойына өз жұмысын жүргізеді. Бұл – біз үшін қалыптасқан жұмыс. Көптеген іс-шаралар өткізіп, көп балалы аналар мен жағдайы төмен отбасыларына, рет-ретімен қолымыздан келгенше көмектесіп тұрамыз.
Атап айтқанда, Астана қаласында өткізілген «ЭКСПО – 2017» көрмесіне Сабет Ержігіт пен Әлен Искаков сынды екі оқушымыз барып қайтты. Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға Зере, Айша, Ернұр, Аманжол есімді шәкірттер барды. Сонымен қатар отбасылық жағдайларына байланыс­ты 50 оқушымыз ыстық тамақпен қамтамасыз етілді.
Осы тізімде қамқорлыққа алынған 3 «б» сынып оқушысы Алтынай Аренова да бар. Ол Елбасының Жаңа жылдық шыршасына, сондай-ақ аудан әкімінің шыршасына да қатысып келді. Ал биыл қала әкімінің ұйымдастыруымен өткізілетін жаңа жылдық шыршасына қатысуына сұраныс бердік.
Мектебіміздің «Қайырымдылық» қоры әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан кез келген оқушыға көмек қолын созуға әрқашанда дайын. Себебі келешек ұрпақтың жан-жақты білімді, парасатты, ден-саулығы мықты азамат болып өсуінен үмітті. Тәуелсіз Қазақстанның болашағы, гүлденіп өсіп-өркендеуі осы жастардың қолында.

Г.Құрманалиева,
М.Дулатов атындағы
№136 мектеп-гимназиясының
әлеуметтік педагогы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.