Топағаш

Елімізде киелі жерлер аз емес. Солардың бірі – Жамбыл облысында орналасқан Топағаш деп аталатын шағын ғана орман. Бұл жердің ерекшелігі – мұнда ел арасында киелі деп аталып кеткен ағаштардың өсетіндігі.

Жеті ғасырлық тарихы бар Топағашты жергiлiктi жұрт «Әулиелі өлке» деп те атайды екен. Топталып өсетіндіктен солай аталып кеткенге ұқсайды.
Діңіне бес-алты адамның құшағы әрең жететiн алып ағаштар әлемнiң үш елiнде ғана бар екенін дерек­терден білеміз. Олардың бiрi – Қытайда, бiрi – Меккеде болса, үшiншiсi бiздiң жерге тамыр жайған екен. Қытай елінде өсетін биiктiгi – отыз бес, жуандығы тоғыз метрдi құрайтын киелi фермиан ағашы туралы көп айтылып жүр. Ол аз ғана (0,0087 га) жерді алып жатыр.
Киелі де қасиетті ағаштардан шипалы су ағып тұр. Адамдар түрлі дертіне осы судан шипа табуда. Бұл ғажайып ағашты тамашалау мақсатымен Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресейден де туристер атбасын бұрады. Топағаштың қасында бiр тамырдан нәр алып, топталып үшеуден, төртеуден, бес-бестен өскен ағаштарды көруге болады. Аңыздан қалған дерек бойынша, ол жеті ағайынды-мыс. «Бозбала мен Бойжеткен» деп аталған қос шынар да осы киелi ағаштың ұрпағы саналады. Кешегі нәубет жылдары кезінде НКВД қызметкерлері осы жақын маңда орналасқан жұмыскерлерді түзету колониясының адамдарын жіберіп, орманды отынға пайдаланбақ болыпты. Әулиелі жердің ағашын бұтамақ болғандардың бәрі де тура жолдарынан адасып, тағдырлары талқан болған.
Киелi ағашты қаумалай, қоршай өскен тұтас бір орманның барлығының бастарын батысқа қарай иіп, сәждеге тұрғанын көргенде еріксіз бас шайқайсың. Күніне бірнеше мәрте Құран аяттары оқылып, әулие мекені рухани жаңғырып, тазарып, жанданып отырады.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек. Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі» деп атап көрсетілген. Олай болса, еліміздің киелі жерлерін ардақтап-қастерлеуді, құрмет сезіммен қарауды жас ұрпақтың бойына сіңіре беруіміз керек. Бұл өткенімізді тануға, болашағымызды зерделеуге жол ашады. Жерінің тарихын біліп өскен әрбір жас бала күні ертең елінің де тарихын жете танитын болады.

Ләззат ТЕМІРТАСҚЫЗЫ
Павлодар

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.