Уақыт қажеттілігінен туындаған

Латын әрпін жаппай қолдану біздің елімізге ұялы телефондар мен компьютерлік техника келуінен басталды. Компьютерді жаппай қолдану, e-mail пошталардың қолданысқа енуі, интернет үшін латын графикасын үйрену қажеттігін туғызды, бұл да осы алфавиттің халық арасына тез тарауына әсер етті. Алғашқы ұялы телефондарда кирилл әрпінің болмауынан жаппай латын әрпі қолданылды. Орысша және қазақша жазуға, ақпарат беруге телефонда бар латын әрпі жеткілікті болды, әрине олар қазақ тілінің төлтума дыбыстарын беруге жеткіліксіз болғаны белгілі және оның қолданысы қазақ әріптерінің, дыбыстардың қолданыстан шығуына әкелді.

Мысалы, «ң» әрпінің орнына «n», «ө» – «о», ал «ү», «ұ» орында­рына «u» қол­да­нылғаны белгілі. Әрине, бұл әріп­термен-ақ жо­ғарыда айтылғандай ақпараттар беріліп жүрді, әлі беріліп те жүр. Бірақ оның бәрі қазақ төлтума дыбыстарының шет қалуына, ауызша айтылғанмен, жазғанда көптеген бұрмалаушылықтың болуына әкелді. Мысалы, «Бүгін үйде болмаймын, Жеңіс күніне арналған шараға барамын» деген сөйлем былай жазылады: «bugin uide bolmaimyn, zhenis kunine arnalgan charaga baramyn». Сөйлемдегі ақпарат түсінікті болғанымен, айтқанда дұрыс дыбыстағанымызбен, айналып келгенде қазақ тілінің құрылысын толықтай бұзушылық болып шығады.
Міне, сондықтан қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты шаралар осы мәселені шешуге байланысты болып келеді. Бірақ осы тәжірибелердің бәрі еліміздегі ресми болмаса да кириллмен қатар латын әрпінің кең тарауының басы болды.
Осындай жағдай ҚР азаматының жеке куәлігі және халықаралық пас­порт, жүргізуші куәлігі, банк карточкалары сияқты құжаттарда да молынан кездеседі. Жалпы тәуелсіздік жылдары халықаралық коммуникациялық кеңістікке бейімделген латын графикасындағы жазуы бар осы құжаттардың пайда болуы да тек іс қағазы емес қоғамдық санаға, әліпби қолданысына үлкен өзгеріс әкелді, бұл құжаттардың жаппай қолданыста болуының өзі қазіргі болып отырған әліпби ауысуына дайындық сияқты сипат алды. Себебі адамдар өз аты-жөнін болса да латынша оқыды, үйренді, әріпке көз үйретті.
Енді жалпы латын алфавитінің біздегі қоғамдық өмірдегі басқа да қолданысына келер болсақ, бүкіл әлемдегі сияқты Қазақстан Респуб­ликасында көптеген шетелдік компаниялар, фирмалар, инвесторлар қызмет етеді. Ағылшын тілінің іскерлік, экономикалық салада кеңінен тарауы да латын графикасының күнделікті өмірде, әсіресе қалалық лингвистикалық кеңістікте молынан кездесуіне мүмкіндік жасап отыр. Қалалардың өсуіне байланысты урбонимдер де салалық, тілдік бағыт жағынан кеңею үстінде. Солардың ішінде тек қана кирилл әрпіндегі немесе қазақша ғана емес, латын әрпімен жазылған ағылшынша, түрікше және тағы басқа тілдердегі атаулармен қатар латын әрпімен жазылған қазақша және орысша онимдер де жеткілікті. Енді соларға тоқталып өтсек.
Қалалық ономастика кең диапазон­ға ие құбылыс. Оған көше атаулары, шағын аудандар, әлеуметтік-мә­дени құрылымдар (мектеп, аурухана, балабақша және т.б.) атаулары сияқты көп нәрселер енеді. Осының бәрі қалалық әлеуметтік-кеңістіктегі тіл құбылысын қамтиды. Бірақ соның ішінде үлкен құбылыстың бір ғана саласын – қаладағы іскер кәсіпорындар, жалпы экономикалық іскерлікпен, кәсіпкерлікпен байланысты атаулар­дың басым екенін айтқан жөн. Бұл бағыт – қазір «эргоурбонимдер» деген атау алған тілдік, лингвомәдени зерттеу саласы болып табылады. Атау екі сөзден құралады, ол «эрго» – грекше «ergon» – жұмыс және түбірі «қала» сөзінен тараған «урбоним» сөздерінен құралған.
Қаладағы эргоурбонимдерді бірнеше салаға бөлуге болады: сауда-саттық орындар, қызмет көрсету орта­лықтары, фирмалар, кіші кәсіпорындар және т.б. Олардың қалалық тілдік кеңістіктегі орын алу, көріну түрлері: маңдайшалар, жарнамалар, баннерлер және т.б. Жалпы түрде қалалардың эргоурбонимдік номинациялар номенклатурасын мынадай деңгейге бөлуге болады: халықаралық эргоурбонимдер; ТМД көлемінде туындағандар; шығыстық тілдік мәдени сипат­тағылар; қазақстандық немесе автохтондық эргоурбонимдер. Осы­лар­дың көбі дерлік латынға ауыса бастады.
Іскерлік саласында, соның ішінде мұнай өндірісінде, оған қызмет етуші түрік компанияларының да үлесі жоғары, сондықтан түрікше номинациялар да негізінен латын графикасында кездеседі. Қазір елімізде мың жарымнан аса түрік компаниялары бар екен, демек, осыншама латын атаулары бар деген сөз. Мысал үшін мыналарды ғана атап кетуге болады: «Basaran group», KOÇ Holding, YILDIRIM, Yildizlar SSS, KIBAR Holding, Ulker Group, «Turkuaz Group», «YildirimGroup», «YildizHolding», «AkfelHolding», «AselsanElectronic», «Acibadem», «Calik Holding», «Аgrobest Group», «Yildirim Holding», «Yildizlar SSS Holding» және тағы басқа атаулар. Болмаса итальяндық «Saipem International B.V.(ENI Group Company)», қазақстандық ТОО «Magnum Cash&Carry», «Astana», «Dastan Hotel Aktobe» және мыңдаған америкалық, Батыс Еуропа елдері компаниялары бар екенін ескерсек, соның ішінде жүздеген латын әрпімен жазылып жүрген отандық компания, фирмаларды айтуға болады. Айта кету керек, еліміздің көптеген үлкен компаниялары өз атауларын бұрыннан-ақ әлемге ортақ латын алфавитінде жазып келді. Қазірдің өзінде елімізде жаңа қабылданған латын әліпбиінде жазылған мыңдаған атауларды көруге болады. Еліміздегі үш тілде оқыту концепциясын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар, жүздеген ағылшын тілі курстары, алыс шетелмен байланыстың күннен-күнге нығаюы, шетелде оқып және жұмыс істеп жүрген қазақстандықтардың көбеюі, әлемдік интернет, әлеуметтік жүйелердің кеңінен тарауы, міне, осының бәрі еліміздегі латын графикасының барған сайын тарап бара жатқанынан хабар береді. Енді қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі ұлттық тіл деңгейіндегі жазудың жаңа нұсқасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Н.САЙЛАУОВА,
педагогика ғылымының докторы,
Ж.АБДРАХМАНОВА,
филология ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.