Түркістан жаңа ақпараттық кеңістікте

Түркістан қаласында «Түркістан: жаңа ақпараттық кеңістікте» атты халықаралық форумның өткені белгілі. Алқалы жиынға еліміздің және шетелдің БАҚ өкілдері қатысып, өзара пікір алмасты. Басқосудың бас­ты мақсатын ұйымдастырушы тарап Түркістан облысының брендін қалыптастыру, оң имиджін көтеру, сондай-ақ шаһарды түркі әлемінің рухани орталығына айналдыру, өңірдегі игілікті істерді түркітілдес елдердің БАҚ-да тарату және өзге мемлекеттерімен ақпараттық салада ынтымақтастықты арттыру екенін атап өтті. Осы орайда шетелдік БАҚ өкілдерінің форум жайындағы пікірлерін білген едік. 

Туризмнің дамуына септігін тигізеді

Аталмыш халықаралық форум ту­ра­лы ой көп. Біріншіден, бұл – өте игі бас­тама. Меніңше, шара өте жоғары денгейде ұйымдастырылған. Оның үс­тіне қаланың аурасы да жанға өте жылы. Көне әрі түркілік танымға сондай жақын.
Иә, бұл бір күндік дүние емес. Үлкен сапарға бастайтын алғашқы қадам ғана. Бұдан былай мұндай ша­раға қатысушылар қатары одан сайын артады деп ойлаймын.TRT телеарнасы алғашқылардың бірі болып аталмыш конференция барысында меморандумға қол қойғанын баса айтқым келеді. Ендігі кезекте өңірдегі журналистика саласын дамытуға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Оның үстінде аталмыш меморандумның арқасында екі жақ тарап еркін ақ­парат алмаса алады. 1500 жыл тарихы бар қаланың жаңа даму кезеңі үшін бұл жақсы бастама деп білемін. Енді түркі жұрты үшін тарихи маңызы зор қаланың тыныс-тіршілігін түркиялық оқырмандар да аңдай алатын болады.Бұл үрдіс өз кезегінде Түркия мен Қазақстан секілді бауырлас елдердің қарым қатынасын одан әрмен дамыта түспек. Ақиқатына келгенде біздің түп-тамы­рымыз бір, дәстүріміз егіз, тіліміз ұқсас келеді. Сондықтан бауырластық пен тығыз қарым-қатынастың берер игілігі мол деп сенеміз.

Абдулхамит АВШАР,
түркиялық TRT телеарнасының
Қазақстандағы филиалының
директоры

Ынтымағымызды арттырды

Форумды өте жоғары бағалаймын. Ұйымдастыру жағынан көп еңбек жасалған. Аталмыш шараның өзге шаралардан өзгешелігі де бірден көзге түседі. Әуелгісі – ашықтық. Иә, жиын­ға жур­налистика саласындағы майталмандардан бөлек студенттер де жиналған. Бұл – көңіл қуантарлық жағдай. Шара барысында ең ұнағаны – аудиториямен болған әңгіме. Жергі­лік­ті адамдардың диа­логқа деген ұстанымы ерекше екен. Сұрақ қоюдан да, пікір білдіруден де жасқанбайды. Жиналған қауымға бола­шақтағы журналистика саласы­ның дамуы туралы сөз қозғадық. Оның үстіне екі ал арасындағы ақпараттық қаты­настың дамуы­на көп жағдай жасала­ты­ны туралы да пайымдап көрдік. Менің­ше, кел­ген­дегі мақсатымыз жүз пайыз орындалды. Әсер мен пайым осындай. Енді нәтиже мен нақты істерге қарай ойыс­сақ. «Татар информ» алдағы уақыт­та түркі жұртының ортақ мүддесін да­мы­тып, бауырлас елдердің бірлігін ны­ғайту жолында қолынан келгеннің бар­лығын жасайды. Алдағы уақытта тараптар даму үшін өзара тәжірибе алмасатын болады. Бұл біздің де дамуымыз үшін зор үлесін қосады деп сенеміз.

Рамис ЛАТИПОВ,
«Татар-информ» АА Бас директорының орынбасары

Ең бастысы – нәтиже

Қазақ пен қырғыз бір туған. Алатау­дың екі баурайына ен жайлап қоныс тепкен бұл екі жұрт арасындағы бауырлық қатынас қаншама ғасырлар бойы сабақтасып келеді. Бұл қуантарлық нәтиже әрі мақтанарлық көрсеткіш деп білемін.Тілі мен ділінде титтей де айырмасы жоқ осы бауыр­лас елдегі жаңғырығы жаһанға тараған журналистер форумына келіп қатысқанымызға ризамыз. Жалпы тәжірибе алмасып, алған-білгеніміз туралы ақпар жетіп-артылады. Бастысы нәтиже бар. Белгілі жоспар құрылды. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыс жасайтын боламыз. Жур­налистер форумына нақтырақ тоқтала кетсем. Ұйымдастыру жағына келгенде сөз жоқ. Өте жоғары деп бағалағым келеді. Форум барысында барлығы сезілді. Қаланың түркі танымына қаншалық жақын екен, қазақ ағайынның бауырмалдылығы, мамандардың кәсібилігі, жастардың жаңашылдықа ұмтылатыны көз қуантады. Форумның арқасында бауырлас түркі жұртының маңдай алды ақпарат агенттіктерінің өкілдерімен де кездестік.
Ендігі кезек ділі мен тілі ұқсас, тамыры бір бауырлас елдер арасындағы ақпараттық байланыс күшейеді деп сенемін.Бұл руханият бесігінің алғашқы әлдиі іспеттес. Нақтылы істерге қарай ойыссақ. Форум барысында екі жақты меморандумге қол қойдық. Сонымен қатар осы саланың қажеттілігіне орай жаңа технология­ларды дамыту туралы ойға баса назар аудардық. Алдағы уақытта бұл да өз жемісін береді деп күтемін.Сөз соңында айтарымыз, бұл бас­тама алдағы уақытта бұдан да көп жақтастарын табады деп сенеміз.

Калнур ЖАНЫБАЕВ,
Қырғызстанның «Кабар»
ұлттық ақпарат агенттігінің
ІТ департаментінің директоры

Тәжірибе алмасудағы маңызды қадам

Сөз басын әріден бастағым келіп отыр. Қазақстан мен Әзірбайжан әуелден бауырлас елдер. Бізді ресми байланыстан бөлек ортақ тамыр біріктіреді емес пе? Біз түбі түркілерміз. Біздің рухани құндылығымыз, мәде­ние­тіміз, көшпенділікке тән болмысымыз бар. Сондықтан түгел түркі жұртына бірдей бағалы, бірдей қадірлі Түркістанда халықаралық журналис­тер форумы болады дегенде қатысуға асықтық. Бұл да игі бастамының бірі ғой. Мұндайда біз бауырластығымызды танытуымыз керек.
Әуелде форумның ұйымдастырылу деңгейінің жоғары болғанын атап өткім келеді. Мұндай шараның жүгі ауыр болса керек. Сондықтан қаншама маңдай тердің жемісі осындай деңгеймен берілді деп ойлаймын.Халықаралық деген мәртебесі болған соң форумға алыс-жақын жерде ту тіккен бауырлас елдің барлығынан белгілі мамандар бас қосты. Мұның өзі – үлкен тәжірибе, үлкен нәтижеге әкелетін ұлы бастама.
Қазақстан мен Әзірбайжанның арасындағы қатынас жайлы айтқызбай-ақ білуге болады. Экономикалық, стратегиялық қатынастан бөлек рухани байланысымыз ешқашан үзілген емес. Ал сол бауыр­лас елдің төрінде іргетасы қаланған ең көне қалалардың бірі – Түркістан қаласы. Форум барысында бұл қаланың түркілік танымға қаншалық жақын екенін толық аңғардық. Иә, мұндай шаралар барлық тарапқа мол тәжірибе сыйлайды. Бұл еңбектің бір шеті ғана. Меніңше, алдағы уақытта түркі жұртының рухани астанасы болып бектілген Түркістанның түркі тамырлы бауырлас елдер арасындағы жаһандық бренді қалыптасады.Біздің тарап бұл бастамаға өз көмегін тартынбай береді. Алдағы уақытта Түркістан облысының тыныс-тіршілігі, даму процесі, оның рухни мол мұрасы туралы ақпарат кеңістігінде мол дүние жариялаймыз.Әзірбайжан тарабы түркі жұртының байланысын арттырып, бауырластығын дамытып, татулығын үстемдете түсуге дайын. Өз тарабымнан ұйымдастырушыларға алғыс айтқым келеді. Бұл даму үшін де, тәжірибе алмасу үшін де жасалған үлкен қадам болды. Алдағы уақытта қатарымыз бұдан да бетер көп болып, үлкен, дербес күшке айналатынымызға кәміл сенемін.

Физули МАЖИДИ,
Әзербайжанның ITV
телерадиокомпаниясының
Қазақстандағы өкілі

Пікірлерді әзірлеген Қайрат СЕЙІТҚАЗЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.