Қызымыз қылықты, ұлымыз ұлықты болғай…

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Ана тілі аруы және Жігіт сұлтаны — 2018» байқауы өтті. Үш кезеңді қамтыған байқауда алғашқыда 500-ге жуық қыз-жігіттер өтініш білдірсе, оның 50-і екінші кезеңде бақ сынады. Екінші кезеңде арулар өз қолдарынан қазақтың ұлттық тағамдарын әзірлеп, жәрмеңке өткізді. Жиналған қаржы жетім балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған қайырымдылық іс-шараларына жұмсалды. Ал жігіттер жағы қол күрес, арқан тарту сияқты спорт сайыстарына қатысып, өздерінің күш-жігерлерін танытты.

Ақтық сында 15 факультеттен 7 ару мен 7 сұлтан сайысқа түсті. Қатысушылардың бар­лығы да ұлттық құндылықтарымызды дәріп­тей­тін, хал­қымыздың дәстүрін, тарихы мен мәде­ниетін жақсы білетінін және ардақ тұтатынын аңғартты.
Соңғы кезеңде бақ сынаған қыз-жігіттер тағы да сәлемдесу, сұрақ-жауап кезеңі, өнер сайы­сы және сән байқауы сынды үш ­аталымнан өтті.
ҚазҰУ Тәрбие бөлімі департаментінің директоры Жұлдыз Есімова Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында өткізілген бұл сайыстың жастарға берер маңызы мен өнегесі мол екенін айтты. Бай­қауды ұйымдастыру барысында жастарға қолдау көрсетіп, олардың талмай-тынбай еңбектеніп, нәтижелі іс атқаруына оқу орны барын салатынын, олардың елімізге белгілі азамат болуы үшін бойларындағы жалын-жігер­лерін одан ары шыңдай түсуі үшін әлі де талай жобалардың ұйымдастырылатынын жеткізді.


«Бұл байқау университетімізде респуб­ликалық «Ана тілі» газетінің қолдауы­мен 2000 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанұлы қоғамдағы жастар белсенділігін үнемі қолдап, студент­тердің білім-білігін, рухани өресін, танымдық деңгейін көрсететін мұндай іс-шараларға үнемі қолдау жасайды. Байқау жастар қауымының бойына ұлағат пен өнегені сіңіре отырып, ұлтжандылық қасиеттерін айқындай алған бірден-бір жарыс болды. Екі айға жуық үлкен дайындықтың нәтижесінде жастар өз таланттарын университет сахнасында жан-жақты танытып, «Рухани жаңғыру» негізінде ұлы тұлғаларымызды, олардың есімдерін дәріптеп, көрерменнің назарына түрлі қойылымдар мен мюзиклдарды ұсынды» деді Ж.Есімова.
Аталмыш байқауға бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, «Ана тілі» республикалық газеті бас редакторының бірінші орынбасары Нұрперзент Домбай, «Қазақстан» ұлттық арнасының продюсері Жаңыл Асылбекова, сазгер Марат Омаров, кәсіпкер «DANA NABI» сән үйінің директоры Дана Наби, спикер, Қазақстандық ең жас миллионер Аманжол Рысмендиев және басқалар қазылық жасады.
Жастардың талантына сүйсінген қазылар алқасы да өз пікірлерімен бөлісті. Ермахан Ибраимов «Мен өз басым ешқайсысына да «3» деген баға қоймадым» десе, Жаңыл ­Асылбекова «Кеш бойы ақтық сындағы жастардың өнеріне тәнті болып, рухани байып қалдым» деп ризашылығын білдірді.


Қазылар алқасының құрамында болған белгілі әнші Марат Омаров «Жастар арасында бәсекелестікті дамыту үшін осындай шаралар жиі болып тұруы керек. Мыңның арасынан ысылып, жеке өнер көрсету өте күрделі. Осы орайда мен қатысушылардың арасынан ән айтқандардың кәсіби әншілерден асып түспесе кем емес екендігін аңғардым. Өз басым мұндай байқаулардың жиі болғанын қалаймын» деп өз ойымен бөлісті.


Өнер сайысы бойынша атақты жазушымыз Шерхан Мұртаза рухына өз туындысын арнаған халықаралық қатынастар факультетінің студенті Гүлдана Молдаштың «Сен мұңыңды бер маған» мюзиклі, тарих, археология және этнология факультетінің студенті Шымыр Райымбергеновтың «Жұмыр қылыш» қойылымы, журналистика факультетінің студенті Нұртілеу Маликұлының тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлының қатысуымен өткен «Біз Мағжан сенген жастармыз» қойылымы, физика-техника факультетінің студенті Аида Серікованың «Қазақстаным, алға» әні көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Осылайша, қазылар алқасының шешімімен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, бабы мен бағы қатар шапқан тарих, археология және этнология факультетінің студенті ­Шымыр Райымбергенов «Жігіт сұлтаны» атанса, «Ана тілі аруы» атағына физика-техни­калық факуль­тетінің студенті Аида Серікова лайық деп танылды. Жеңімпаздарға «Limon.kz» ком­паниясының арнайы жүлдесі – Қазақ­стан­ның киелі жерлеріне жолдама сыйға тартылды.

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.