Тұрымбет жырауды еске алды

Қоңыр күздің шуақты күндерінде белгілі жырау, ақын әрі сазгер Тұрымбет Салқынбайұлының 150 жылдығына арналған іс-шаралар өтті. Ғалымдар мен жазушылар жиналып, жыраудың мол мұрасын талқылап, ұрпаққа қалдырған өнегесін таразылады. Жыраулар сайысы  болды.  Білекті балуандар боз кілемде айқасты. 

Сенбінің кешінде ауыл ақсақал­дары мен жастар жиылып, Мәдениет үйінде бас қосты. Әуелі Тұрымбет Сал­қынбайұлының «Жүйрігі едім халықтың» және жыраудың немересі, ақын Ибрагим Бекмаханұлының «Сырдария-Ұлытау» атты қос кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Содан кейін мектеп оқушылары арасында мүшәйра ұйымдастырылды. Мүшәйра нәтижесі бойынша Нұрымбет Киік­баев бірінші орынды иемденсе, Айда Амангелдиева мен Назира Алмасова екінші және үшінші орындарды еншіледі. Жыр аламанына қатысқан жас ақындардың барлығы қаржылай және заттай сыйға ие болды. №109 мектептегі ақын Ибрагим Бекмаханұлымен болған кездесу де тартымдылықпен есте қалды.


Ертеңіне жырау құрметіне ас берілді. Астың соңы ат бәйгесіне жалғасты. «Тұлпарда да тұлпар бар, қазанаты бір бөлек» дегендей, қарагер «Көзайымды» тізгіндеген бәйгенің ең жас шабандозы Бағдәулет Сейітжаппар мәре сызығын бірінші қиып мерейі тасыды. Олжас Жолаушыбай мінген «Нарқыз» екінші келсе, Нұрхан Мадияров баптаған күрең қасқаны тізгіндеген Ерсайын Рахатов үшінші орыннан көрінді. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» дегендей, нағыз қызық құнан бәйгесінде екен. Мәре басында жеті құнанды тізгіндеп шабандоздар тұр. Төрешінің ысқырығы берілгеннен «Кәусар» атты күрең қасқа ытқи жөнелді. Бұл да тегін емес екен. Ақырында «Кәусардың» жұлдызы жанды.
Аламан бәйгенің көркін он тұлпар кіргізді. Сол ондықтың ішінде тоғызы жарау ат та, біреуі күнделікті міністің тұяқтысы еді. Сағындық Ибраев ауыл намысын қолдан бермес үшін торы төбелін сөреге жетектеп жеткізді. Жеті айналымнан тұратын аламан ә дегеннен қыза түсті. Бастапқы бес айналым қызу өтті. Сол бес айналымның тіресуінде екі тұлпар шыдамай, жарыс жолынан шығып қалды. Әріге сегізі кетті. Аламан басын ­Ержан Шайрах баптаған торы қасқа «Еркетай» ­бастап, соңын Мағжан Сағындық тізгіндеген торы төбел түйіндеп жүрді. Ақыры аламанда Бағдаулет Бақытжанның аты мәреге бірінші келіп, ұйымдастырушылар ұсынған ту биені меншіктеді. Тиісінше екінші болып келген Дидар Төлегенов 200 мың теңгені, үшінші болып келген Бағлан Есенбек тай өгізді, төртінші келген Олжас Жолаушыбай 70 мың теңгені, Ерсайын Рахатов бестікті түйіндеп 50 мың теңгені қанжығаға байлады. Аламанның ең қызығы соңында болды. Тұқымы бөлек, тұрқы басқа тұлпарлардың соңында келсе де, мініс ат болғанына қарамай аламанның көркін кіргізіп, елді сүйсіндірген Сағындық Ибраевтың торы төбеліне де жүлде бұйырды. Елдің сүйсінгенін сезді ме, әлде ауылдың намысы жібермеді ме, әйтеуір «Ақтөбе и К» серіктестігінің басшысы Нұрлан Іздібаев шабандоз Мағжан Сағындыққа «Жеңіске деген жігері» үшін аталымын жариялап, жүлде тапсырды.
«Өлсем де тілеп жатам қабірімде, елімнің бақыты мен болашағын» деп жырлаған жырау Тұрымбет Салқынбайұлына тәу еткен ел осылайша той көркін қыздырды. Ауылдың атқамінер азаматтары жарыстың қаржы қоржынын толтыруға әрқайсысы өзінше үлес қосты. Шара елдің ауызбірлігі мықты екендігін паш етті. Бірі – ұйымдастырушылар қолына жетелеп биесін не тайын әкеп берсе, бірі – қаржылай жүлдесін тағайындады. «Бәрін айт та бірін айт» торқалы той осылайша өз мәресіне жетті.

Дастанбек Садық,
журналист
Қызылорда облысы
Қармақшы ауданы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.