Ұрпаққа үлгі болған Кәмшат
Қазақтың ғажайып қызы, Еңбек ері Кәмшат Дөненбаеваның есімі қалың қазаққа емес, өзге де бауырлас елдерге жақсы мәлім.
Жуырда Қостанай қаласындағы Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда «Қазақтың бір қызы бар Кәмшат деген» атпен еске алу кеші ұйымдастырылды. Оны облыс әкімі Архимед Мұхамбетов ашып, атақты механизатордың өткен өмірі мен мемлекетімізге сіңірген еңбегіне жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар өзі жастайынан көрнекті тұлғаны біліп өскенін, Қостанайға жауапты қызметке келген кезде оның үйіне арнайы барып сәлем бергенін, атақты жанның бойындағы көптеген қырлары жөнінде тебірене сөйледі.
Қазақ халқының аяулы қызының есімі облыс орталығындағы бір көшеге және Меңдіқара селосындағы колледжге берілгендігін айтты. Даңқты апамыздың асыл бейнесі мәңгілік жүрегімізде сақталатындығын жеткізді.
Осы кеште жергілікті талантты журналист Гүлжібек Бекмұхамедованың арнайы жасаған деректі фильмі де жиналған қауымға көрсетілді. Сондай-ақ Кәмшат Байғазықызына арналған «Кәмшат апа», «Тракторшы қарындас», «Қазақтың Кәмшаты» секілді әндер орындалды. Ел құрметіне бөленген тұлға жайлы «Кәмшат» деп аталатын көлемді кітаптың да тұсаукесері өткізілді. Онда Социалистік Еңбек Ері Вера Сидорова мен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин лентаны қиды. Сөздің реті келгенде, осы кітаптың жарық көруіне Кәмшат апамыздың аяулы келіні Ақмаралдың да елеулі еңбек сіңіргендігін айтып өткеніміз абзал. Кештің соңында ұлтымыздың мақтанышы болған механизатордың сүйікті ұлы Сырым Дөненбаев жиналған жұртшылыққа шынайы алғысын білдірді. Осыдан кейін шаһардағы мейрамханада марқұмның аруағына Құран бағышталып, ақ дастарқан жайылды.
Оразалы ЖАҚСАНОВ