Білімділік белгісі

Қазіргі таңда тек бір тіл меңгеру аздық ететіні туралы мамандар жиі айтып жүр. Бұл шын мәнінде солай. Адам неғұрлым көп тіл білген сайын оның білім дәрежесі де арта түседі.  Еліміздің жағдайында «Тілдердің үштұғырлығы» мәде­ни жобасы қоғамдық өзара келісімді нығайтатын маңызды фактор. Тілдердің үштұғырлығы идеясы Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін құруға және дамытуға бағытталған ұлттық идеологияның бөлігі болып есептелінеді.

Кез келген қоғамда азаматтық пен ұлтжандылыққа тәрбиелеудің негізгі факторлары – өз елінің тіліне деген құрметі. Бала тілді неғұрлым ерте жастан үйренсе, соғұрлым ол оны жеңіл меңгереді.
Орта және жоғары білім беру жүйесінде тәрбие мен оқыту мазмұнын жаңартуға сәйкес студенттердің негізгі құзыреттіліктерін дамытуға және терең білім беруге, соның ішінде үштілділікке үйрету мүмкіндіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылады. Педагогтардың алдына қойылған міндет – тілдің негізгі құндылықтарын меңгерген, ана тілінде және өзге тілде әлеуметтік-мәдени қарым-қатынасқа дайын, сөздік және сөздік емес құралдардың көмегімен қор­шаған ортамен қарым-қатынас жасауға қабілетті көп мәдениетті жеке тұлғаны, Қазақстанның жаңа азаматын тәрбиелеу.
Оқушылардың шетел және басқа тілдерге қызығушылықтарын арттыру, үштілділік арқылы тәрбиелеумен жүзеге асыру керек. Қазақ халқының тәлім-тәрбиелік білім жүйесі ұлан-ғайыр да мәуелі. Бұл салада халқымыздың тәлім-тәрбиенің, білімнің алтын қо­ры­на елеулі үлес қосқан арыстарымыз А.Құнанбаев, Ы.Алтынсарин, М.Жұмабаев, А.Байтұрсынұлы және т.б. Олар­дың тәлім-тәрбиелік өсиеттері талай зерттеулерге арқау болған. Кемеңгер Ахмет Байтұрсынұлының өткен ғасыр басында – «Мектептің жаны мұғалім. Мұғалім қандай болса, мектебі һәм сондай болмақшы…әуелі біз елді түзе­туді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек. Неге ­десек, болыс­тық та, билік те, халықтық та оқумен түзетіледі. Қазақ ісіндегі неше түрлі кемшіліктің көбі түзелгенде, оқумен түзеледі» деген ұлағатты ескерт­песі бүгінгі қазақ мектебінің ұлттық білім стратегиясының тұғыры ре­тінде қабылдануда. Олай болса, көптілді, білімді, білікті маман дайындау – бүгінгі қоғамның сұранысы. Бүгінгі кезеңдегі педагогика өзінің диа­лектикалық, өзгермелі ғылым сипаттарына сай болуымен қарқынды дамуда.Кейінгі он жылдықтарда педагогиканың бірнеше салаларында келелі табыстарға қол жеткізілді. Әсіресе мұндай жетістіктер мектептегі оқудың жаңа технологияларын жасауда көрініс берді. Тәрбие, оқу, білім берудің тиімді ­теориялары мен әдістемелері, жоғары нәтижелері мен жетістіктері, сапалы оқу бағдарламалары мен сабақ үлгілері педагогикалық шеберлікпен қаруланған жаңашыл, жаңа типтегі көптілді кәсіби мамандарды дайындауда маңызы зор.
Үштілділікке үйретудің мақсаты, міндеті, тәсілдері келесідей:
– тіл үйренушілердің оқып жатқан шет тілінің, елінің мәдениет әлеміне енгізу, оны туған мәдениетімен байланыстырып салыстыру;
– шет тіліне деген қызығушылық, ол тілде сөйлеуге ынта таныту;
– ойлауды, зейінді, қабылдауды, ойды, сезімді, бейнелеуді және таным­дық, тілдік қабілеттіліктерді дамыту;
– ауызекі сөйлеу курсы (дыбыстар, лексикалық минимум) тыңдап-түсіну мен сөйлеу дағдыларын меңгерту;
– негізгі курс тыңдап-түсіну мен сөйлеу дағдыларын дамыту ғана емес, сонымен бірге тілдік дыбыстарды ­игерту;
– тілдік іс- әрекет (аудиотыңдау және қайталау, монологтік және диалог түріндегі сөйлеу);
– сөйлеу мотивациясы – тілдік-жағдаяттық дәйектемелерді, қатынас құралдарын қолдану; (сөйлеу, лексика, грамматика) және ашық түстегі заттық және бейнелік көрнекілік; ойын жаттығулары; әр түрдегі марапаттау элементтері; танымдық қызығушылық; музыкалық және ритмикалық қимыл-қозғалыстар; жасыру, шешу, іздеу және табу, т.б. тіл дамыту тетіктері арқылы сөйлеу.
Көптілділік – заман талабы болған­дықтан басты мақсат. Мемле­кеттік мәртебе алған ана тіліміздің абыройын асқақтату, әрбір өзге ұлт баласына тіл үйретіп қана қоймай, қазақтың ұлттық құндылықтарымен қатар, барлық ұлттың салт-дәстүрлерін таныту, әр баланы отансүйгіш, елжанды жеке тұлға етіп қалыптастыру.
«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қадыр Мырза Әлі айтқандай, әуелі өз ана тілімізді құрметтеп, оны ардақтап, аялап үйренейік те, өзге тілдің бәрін білуге барынша құлшыныс жасайық. Өз тіліміз өзегіміз, халықтық қасиетімізді айғақтайтын алтын тұғырымыз болсын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы кеңейеді. Сондықтан бүгінгі жастар халық ақынының:
Мейлі сен көп тілді біл
«қой» демес ем!
Пушкин, Байрон,
Шекспир, Гейнеге сен.
Бірақ сені қазақ деп айта алмаймын
Туған ана тіліңде сөйлемесең, – деп басқа тілді біле отырып, өзінің туған ана тілін ұмытпауы керек. Қазақ елінің зия­лы қауым өкілі Х.Досмұхамедов: «Ана тілін білмей тұрып, бөтенше жақсы сөйлесең, ол – күйініш. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу, бұл – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – зор қате» деген.
Елбасы: «Дауға салса алмастай қиған, сезімге салса қырандай қалқыған, ойға салса қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайын­да әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы – Ана тіліміз. Абай әрлеген тіл, Жамбыл жырлаған тіл – қазақ тілі, Мәңгілік елдің Мәңгілік тілі болып қала бермек!» деп айтқандай, ана тілдің терең иірімдеріне бойлай білу – саналы адам болғысы келетін адамның бірінші парызы. Ол – туған жеріңді, еліңді, сүйікті Отаныңды сүйе білу деген сөз. Полиглоттар туралы қызықты деректерде: Ең бастысы – қорықпау керек; Тілді үйрене жүріп, өз ойыңызды сол тілде түсіндіруге тырысу керек; Үйреніп жүрген тілде сұрақ қоя отырып, тіл білетін және өзіңізге көмек көрсете алатын адаммен барынша көбірек сөйлесу керек; Музыканы көбірек тыңдап, есту қабілетіңізді дамыта беру қажет; Жақсы естіп-білу, шет тілін үйренуде жақсы көмекші. Олай болса, көптілді меңгеру үшін Антик философтардың тілді бесіктегі деміңнен, соңғы деміңе дейін үйренсең де аз дегенін ұмытпайық! Түрлі-түрлі байлық бар, солардың таңдауын берсе, мен тіл байлығын таңдар едім. Өйткені тіл байлығы – бәрінен де сенімді байлық екені сөзсіз.

Ж.Қырықбаева,
Х.Досмұхамедов атындағы
Атырау мемлекеттік университетінің оқытушысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.