Елдік жаңғыру негізі

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің кестесін жасап, алдағы екі жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуі керектігін айтты.

Бүгінгі таңда бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселелердің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру үрдісі. Себебі жазу – белгілі бір әріптердің жиын­тығы ғана емес, ұлттың өзіндік болмысын таны­­татын таңбалар жүйесі, сол ұлттың тарихы, мәдениетінің таңбаланған жәдігері. Әр халықтың рухани, мәдени өсуін, ғылымы мен білімінің, барлық сала­дағы даму деңгейін көрсететін маңызы зор әлеу­меттік-мәдени құбылыс. Жазу арқылы өткен мен бүгінгі және болашақ өміріміз жалғастық табады. Ол – ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін алтын көпір. Ал жазудың өзгертілуі сол халықтың қоғамдық өмі­рінің барлық саласына, рухани әлемі мен мәдени дең­гейіне, тіпті әлеуметтік психологиясына әсер етеді.
Былтыр Түркия мемлекетінде студенттерге дәріс беріп қайттым. Сондағы байқағаным, түріктермен, ондағы қырғыз, өзбек, әзербайжан ағайындармен аудармашысыз-ақ түсінісіп кетуге болады. Себебі – бәріміздің түбі бір түркі тілінде сөйлейміз. Мені қинағаны – ойларымызды қағаз бетіне түсірсек, кімнің не жазғанын оқи алмай, аман-саулықтың өзін ағылшын тілінде жазуға мәж­бүр болғанымыз. Түркілерге ортақ әліпбидің жоқ­тығы туысқан халықтардың интеграциялануына қаншалықты кедергі болып тұрғанын өз басымнан өткердім десем болады.
Қазіргі заманда әлем бойынша мойындалған және БҰҰ-да тіркелген 6 тіл бар. Олар: ағылшын, француз, араб, қытай, орыс және испан тілдері. Бұл тілдер жер шарының мемлекеттеріне кең таралған.
Бүгінгі күні жаһандану заманында ақпарат алма­судың және технологияның тілі ағылшыншаға басымдық беріліп отыр. Өйткені әлемге кең таралған ағылшын тілі көп қолданысқа ие екендігі белгілі. Яғни, ағылшын тілінің бүкіл әлем бойынша ортақ түсінісетін, ақпарат пен технологияны дамытуда үлкен артықшылығы бар.
Осы ағылшын тілінің өзі түп төркіні және бастау­лары көне грек, римдегі латын әліпбиінен бастау алғаны тарихтан белгілі. Кейін ағылшын тіліндегі әліпби ретінде кеңінен қолданысқа енді.
Бүгінгідей жаһандану жағдайында Қазақстан Республикасы әлемдегі дамыған мемлекеттердің көшінен қалмау үшін және бүкіл дүниежүзілік ақпарат пен технологияның, білім мен ғылымның кеңістігіне енуі үшін аса қажет латын әліпбиін үйрену, меңгеруі және сол әліпбиде жазуға көшуге қадам жасауы заман талабынан туындап отыр.
Қорытындылай айтқанда, әлемдік өркениетті елдер қатарынан қалмау үшін латын әліпбиін үйрену, жаза білу және оқи алу қазақ еліне артық болмайды. Кейінірек біртіндеп үйрену, меңгеру арқылы өзіндік әліпбиін қалыптастыра түседі.
Бірақ латын әліпбиіне көшуде өте асығыстық жасамай, біріншіден әліпбидің ортақ тоқтам жасалған нұсқасын анықтау керек. Екіншіден, оны үйрету мен оқытудың мемлекеттік механизімін жетілдіріп, белгілі бір жүйе қалыптастыру қажет. Мәңгілік ел болу жолында латын әліпбиі жарқын болашаққа жол бастайтын темірқазық болады деген сенімдеміз.

Б.ҚАЙЫРЖАНОВА,
педагогика ғылымының кандидаты

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.