Астана – бейбіт өмір жаршысы

Елордада екі күнге созылған Астана клубының төртінші отырысы өтті. Жиынның пленарлық мәжілісіне Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Мемлекет басшысы жиында сөйлеген сөзінде жаһандық сын-қатерлерді еңсеруге мүмкіндік беретін шешімдер қалыптастыру және іздестіру үдерісінде Астана клубының мәні мен өзектілігінің зор екенін айтты. 

– Ірі державалар арасындағы қарама-қайшылықтың өршуі қазіргі әлемнің тұрақсыздығын күшейтіп, оқиғаларды болжап-білу мүмкіндігін азайтуда. «Постбиполярлық» деп аталатын әлемдік тәртіп келмеске кетіп барады. Үлкен Еуразия пішіні көз алдымызда қалыптасып келе жатыр, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы геосаяси бақталастықтың өршуі жергілікті дағдарыстардың ауқымы мен оларды уысында ұстау деңгейіне кері әсер еткенін атап өтті. Мемлекет басшысының айтуынша, соның нәтижесінде, ауқымды қақтығыстарға ұласып кетуі мүмкін жағдайлардың болу қаупі бірнеше есе өсті.
– Текетірестің күшеюі жалпы даму мен қауіпсіздікке қатысты жаһандық институттардың тиімділігіне күмән келтіруде. Бүгінгінің басты тренді – стратегиялық тұрақтылықтың негізін «шайқалту». Орта және жақын қашықтықтағы ракеталарды жою жөніндегі уағдаластықтарға қатысты жағдай шарықтау шегіне жетті, – деді Президент.


Сонымен қатар Нұрсұлтан ­Назарбаев қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен халықаралық конференциясы сияқты беделді басқосуларды ұйымдастыру кезіндегі тәжірибені ескере отырып, Астана клубының базасында Еуразиядағы қауіпсіздік жөніндегі конференция өткізуді ұсынды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан ­Назарбаевтан соң кезегімен сөз алған әлемге танымал сарапшылар, саясаткерлер мен дипломаттардың пікірлері бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырудың маңыздылығы тұрғысында өрбіді. «Үлкен Еуразияға апарар жол: ортақ болашақты қалай құрамыз?» тақырыбы бойынша екі күн ойларын ашық айтып, пікірлерін еркін жеткізген спикерлер алдымен осындай саяси алаң ұсынған Қазақстан тарапына ризашылықтарын жеткізді.
Атап айтқанда, 1997-2009 жылдар аралығында МАГАТЭ-нің бас директоры лауазымын атқарған, Нобель сыйлығының бейбітшілік бойынша лауреаты ­Мохаммед Әл-Барадейдің пікірінше, қырғи-қабақ соғыс ширек ғасырдан астам уақыт бұрын аяқталғандығына қарамастан, әлемдік жаңа тәртіп жүйесінде белгілі бір мемлекеттердің іс-қимылдарында прогресс сезілер емес. Қазіргі ахуал кей жағдайларда әлем кері кетіп бара жатқандай әсер қалдырады. Оған қоса халықаралық институттар беделінен айырылып барады. Сондай-ақ М.Әл-Барадей әлемде әлі де 15 мыңдай ядролық оқтұмсық бар екендігіне және олардың екі мыңдайы оқтаулы тұрғандығына тоқталды.
Ал Ауғанстанның бұрынғы президенті Хамид Карзай алдымен Қазақстан Президентіне Ауғанстанға көрсетіп отырған қамқорлығы үшін алғысын білдірді. Оның ішінде ауғанстандық жастарға Қазақстанның оқу орындарында білім алуға бөлінген 1000 стипендия да бар еді. Қазір ол жастардың көбі жоғары оқу орындарын тамамдап, өз елінде қызмет көрсетуде. – Біз көп жағдайда тарихи және географиялық себеп-салдарға тәуелдіміз және оның тұтқынына айналып отырмыз, – деген Х.Карзай өз елінде қалыптасқан ахуалға кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде Түркияның бұрынғы Премьер-министрі Ахмет Давутоғлу сөзін Астана клубында маңызды халықаралық және өңіраралық мәселелердің көтеріл­ген­дігінен бастап әлемдік геосаяси ахуалға шолу жасап өтті.
Жалпы пленарлық отырыстың соңында Мемлекет басшысы болашақ ұрпақ үшін ғаламшарды сақтау жолында барлық күш-жігерді біріктірудің маңыздылығын айтты.
Жалпы Астана клубының отырысына әлемнің 30 елінен 50-ге жуық спикер қатысты. Оның ішінде Аустрия, Ауғанстан, Бельгия, Мысыр, Италия, Польша, Португалия, Ұлыбритания, Үндістан, Индонезия, Иран, Испания, Қытай, Норвегия, Ресей, Хорватия, АҚШ, Швеция және Жапонияның өкілдері болды.

Бота ҚУАТ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.