Шешендік өнер байқауы

Жуырда Алматы қаласындағы Абай атындағы республикалық тіл-әдебиетіне мамандандырылған мектеп-интернатында тұңғыш рет ұйымдастырылған мектеп оқушылары арасындағы І республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы өз мәресіне жетті. Еліміздің 10 облысы, 3 қаласы мен республикалық мектеп-интернатынан іріктелген 27 қатысушы үш кезең бойынша шешендік шеберліктерін ортаға салды.

Байқауда үкілеген үміткерлердің би-шешендердің дау шешіп, кесім айтудағы кесек ой, көркем тіркестерін, астарлы сөздің мән-мағынасын ашып жеткізудегі тапқырлығы мен білімі сынға түсті. Бұл орайда тұрақты сөз тіркестерін қолдану, ұмыт бола бас­таған ұғымдар мен сөздерден сауатты сөйлем құрау тапсырмасы да берілді.
Нәтижесінде оқыған-тоқығаны мол, сөздік қоры бай, еркін ойлы, тілге шешен шәкірттер мәртебелі мәреден көрінді. Сүбелі сөз сайысында бақ сынаған жүйріктерге белгілі тілші-зерттеушілер, ақын-жазу­шы­лар, қаламгерлер қазылық етті. Жарыс соңында қазылар алқасының мүше­лері – Серік Қалиев, Жанарбек Әшімжан, Береке Жұмақаева, Бақыт Жағыпарұлы, Ботагөз Дәулетханқызы қатысушылардың өнеріне шынайы баға берді.
Бас жүлде мен 50 000 теңге ақ­шалай сыйақыны Жамбыл облысынан келген Әбілда Бегзат еншіледі. 1-орынды (40 000 теңге) Абай атын­дағы республикалық мектеп-интернат оқушысы Айым Айтпанбет жеңіп алды. 2-орынға (30 000 теңге) алматылық Самғат Нұрланұлы мен Шығыс Қазақстан өңірінен келген Баян Тілеухан қол жеткізді. Түркістан облысының атынан қатысқан Аягөз Абудуалиева, маңғыстаулық ­Жанболат Ұзақбаев пен Ақмола облысының үкілеген жүйрігі Аягүл Боранбай 3-ші орынға табан тіреді. Сондай-ақ 5 қатысушы 10 000 теңге мен арнайы жүлделерге ие болды.
Сонымен, шешендік өнерге та­лап­танған оқушылардың өнеріне тәнті болдық. Олар атадан балаға мирас болып келе жатқан ғибратты ой-толғауларды жадымызда тағы бір мәрте жаңғыртып, тіліміздің абыройын асқатата білді. Игі ша­раның көрерменге сыйлаған тағы­лымы ерекше болды. Ұлттың рухани қазынасын ұрпақ санасына көк­теткен байқау «Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының» қар­жы­ландырып ұйымдастыруымен және Абай атындағы республикалық мектеп-интернатының қолдауымен өткізілді.

Жарқын СӘЛЕНҰЛЫ,
ұстаз

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.