Сырлы сазгер

Ақтау атырабын әнге бөлеп, қоңыр дала үніне өзіндік сән беріп, тамылжыған даусымен тәнті еткен талант иесі Гүлнар Құлсариеваның шығармашылық кеші көрермен көңіліне жылы шуақ ұялатты. Рухани кеш сәрсенбінің сәтінде филармонияның төрінде өтті. Салтанатты шараға әнші қызын ардақтай, сазгерін құрметтей келген дүйім жұрт жиналды. Олар мөлдір муза әлемінің падишасына айналған өнер иесінің әсем ән-әуендерімен сусындап, кеш иесінің мерейін үстем етті.

Гүлнар Орынқызы 1980 жылы 8-сыныпты тәмамдаған соң, Гурьевтегі музыка училищесіне «музыка-фортепиано» мамандығы бойынша оқуға түсіп, оны 1986 жылы ойдағыдай бітіріп шығады. Бертін келе, Жетібайдағы мектептің музыка сыныбына жас маман ретінде қабылданады. Бүгінде еңбек тәжірибесі 30 жылдан асып жы­ғылады. Оның алғашқы сатысында Ақ­таудағы «Болашақ» балабақшасында музыка сабағы бойынша дәріс берген-ді. Өскелең өрендерге музыка мәдениетінің мәні мен мағынасын ұғындырып, ұлттық әннің әрін ашып жүргендігі – өз алдына бір төбе.
Ал бүлдіршіндер арасында өтетін жыл сайынғы «Жауқазын» фестивалінің ұйымдастырушысы екені ел есінде. Мамандыққа деген шексіз құш­тар­лы­ғының артуына отбасындағы 12 баланың барлығының да өнерге бейжай қарамай, ұлттық құндылықтың құна­рымен сусындап өскені ықпал етті деуге болады. Өзінен кейінгі өкшесін басып келе жатқан Рахила атты сіңлісі Аты­раудағы Дина Нұрпейісова атындағы музыка колледжінде дирижерліктен сабақ беретіндігін де сұxбат барысында Гүлнар апа тілге тиек етті.
Талантты өнерпаздың әкесі, аймаққа әйгілі домбырашы, өнер киесі дарыған қасиет иесі Орын Құлсариев – «Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының еңбегі сіңген қызметкері», Маңғыстау облысының «Құрметті азаматы», «Құрмет» орденінің иегері. Бүкіл ғұмырын осы қасиетті домбыра құдіретіне арнаған Орын ақсақал ұл-қыздарының барлығын да бала күндерінен өнермен сусындатып еді. Солардың ішінде Гүлнардың орны бөлек. Оның таланты сан қырлы: әрі пианино дүлдүлі, әрі ән мен саздың жүйрігі.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдар­ламасы аясында Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойының шеңберінде өткізілген шығармашылық кештің ерек­шелігі де сонда, қаладағы №34 балабақ­шада музыка пәнінен сабақ бере­тін Гүлнардың ерекше қабілетін елге жария етуде болса керек.
Саxна шымылдығы кеш кейіпкерінің сазы мен ақын Ғалым Әріптің сөзіне жазылған «Құтты болсын, тойларыңыз» әнімен ашылды. Кең залда өнер дүлдүлін қошеметтей келгендердің қарасы қалың болды. Сахна төріне көтерілген Гүлнар бала кездегі ескірмейтін естеліктерімен бөлісіп, адам болып қалыптасуына ата-анасының ықпалы зор екендігін айрықша құрметпен жеткізді.
– Бүгін міне сіз бен біз әдемі өнердің құдіреті – ән кешінің қонағы болып отырмыз. Осы кешке жиналып отырғандардың көбі Гүлнар Орынқызының әнмен өрілген, күймен төгілген Маңғыстау мен иісі қазақ жұртына белгілі Орын ағамыздың отбасында дүниеге келгенін біледі. Өнерде өз ынтасымен ұстаздық қызмет етіп, шәкірт тәрбиелеп, өз тыңдармандарын тауып келе жатқан өнер иесі.
Гүлнар Орынқызы өнер колледжін, одан кейін Атыраудағы педагогикалық институтты бітіргеннен кейін, туған же­ріне оралып, ұстаздық қызмет етті. Өнер­паз шәкірттер тәрбиеледі. Одан кейін сазгерлікпен айналысып, талай кең тыныс­ты және дәстүрлі лирикалық дүниелерді өмірге әкелсе, бүгін тыңдармандарына арнап кеш өткізіп жатыр. Әндеріңіз қалықтап, тыңдармандардың жүрегінен орын алады деп сенім білдіреміз. Шығармашылық шабытыңыз шарықтай берсін, – деп ыстық лебізін жеткізген облыстық мәдениет басқармасының басшысы Пәния Сармурзина өнер иесіне гүл шоқтары мен сый-сыяпат ұсынды.
Ақтау қалалық мәдениет бөлімінің басшысы Гүлжазира Алдашева:
– Бүгінгі кеш – ерекше кеш. Себебі Орын сияқты дарынды ағаның отбасында өскен Гүлнар апамыздың кеші. Апамыз тек талантты сазгер, әнші емес, сонымен бірге өз әндеріне мәтін де жазатын ақын. Ол – біздің үлкен әріптен басталатын ұстаз. Бүлдіршіндердің саз бен әнге деген таза махаббатын бойына қалыптастыру жолында еңбек етуде. Әндері әр тақырыпта. Табиғат та, лирика, махаббат та бар. Махаббаттың ең үлкені – туған жеріне, туған қаласына деген махаббат. Ақтау тақырыбына шығарған көптеген әндерін бүгінгі таңда қала тұр­ғындары сүйіп тыңдайды. Ол осы әнде­­рімен көпшілікке таныс, олардың сүйіс­пен­шілігіне ие, – дей келе, қала әкімі Ғалым­жан Ниязовтың «Алғыс xатын» кеш иесіне табыстады.
Табиғаттың сан түрлі құбылысына қалам тербеп, ішкі жан дүниені нотаға салып тербету – терең толғанысты, тебіреністі қажет ететін, содан ләззат алар шығар­ма­шылық шыңы. Мұндай бағындырған биіктері баршылық автордың кешінде лирикалық, патриоттық әндерден бастап, түрлі жанрды қамтыған ән-әуендер әдемі орындалды. Олардың қатарында Мұрат Өскінбаев атындағы филармонияның өнерпаздары ҚР Мәдениет қайраткері Жоламан Көшкінов, мәдениет сала­сының үздіктері Асқар мен Асанәлі Көше­ровтер, әншілер Нұрияш Оспанова, Аида Бәйгелова, жас таланттар Ақмарал Арғынқызы мен Бердібек Құлғараев, Мерей Жанайбай мен Жұпар Садақбаева, Айнұр Омарова,т.б. сазгер репертуарындағы тың тынысты жаңа дүниелерді нақышына келтіре орындады.
Әсіресе, көп әндер белгілі ақын, марқұм Гүлжауһар Сейтжанның өлеңдеріне жа­зылған. Сазгердің бұл ретте ұлттық дәс­түрге негізделген өлең мәтіндеріне ай­рықша мән беретіндігі аңғарылады. Сонымен қатар Абыл атындағы өнер мектебінің балалар хоры шырқаған тамаша ән де өте әсерлі болды.
Облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы, белгілі ақын Ғалым ағаның біраз өлеңдеріне Гүлнар апа әуенін жазып, бүгінде шығармашылық байланыс орнап келеді. Кеш иесі мен ақынның бірлескен «Ақтауым» әні көрермен тарапынан ерекше қошеметке ие болды. Маңғаз Маңғыстаудың бізге беймәлім сыры мен құпиясын көмкерген тамаша ән көрерменнің ықыласына бөленді. Қос тұлғаның өнер әлеміндегі қолтаңбасы да ерекше. Біріге жазған тың туындылары ұлт руxаниятының музыкалық қазынасына барып қосылып, өнер-өлеңге деген көпшіліктің іңкәрлігін арттырары анық.
Мәдени шара Ақтау тұрғындарына ән мен саздан ерекше күй сыйлап, шабытқа, шаттыққа бөлегендей. «Ел іші – өнер кеніші» демекші, осындай тамаша кештер арқылы табиғи таланттарды танып, оларды бағалай білсек, нұр үстіне нұр. Ал Гүлнар Құлсариева тек ауыл-аймаққа ғана емес, республика өнерсүйер қауымына да жария етуге лайық дарын иесі екендігіне кешке жиналған қауым куә болды.

Зухра ӘБДІСАТТАР

Ақтау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.