Үй алудың жаңа мүмкіндігі
Жуырда Талдықорғанда салынып жатқан баспаналармен «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ ұйымдастырған арнайы пресс-тур арқылы танысып шықтық. Кірпіші қаланып, сылақ жұмыстары жүргізіліп жатқан еңсесі биік көпқабатты үйлердің болашақта талай отбасын қуантатынын ойлағанда, көңіл көкжиегіне керемет сезім ұялайды.
Талдықорғанда дәл қазіргі қолданыстағы ең биік тұрғын үй – он екі қабат. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан қаланың оңтүстік-батыс бөлігіндегі ғимарат он алты қабатты құрайды. Демек, қала тұрғындары желтоқсанда еңселі үйдің куәсі болады. Қаз-қатар орналасқан биік үш ғимараттың бірінші қабаты емханамен жалғасады. Мұнда сылау, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін 230 пәтерлі үш үй пайдалануға беріледі. Өтініштерді қарашаның ортасынан бастап қабылдайды. Осыған дейін Талдықорғандағы Оқушылар сарайын, Қаратал шағынауданындағы аурухананы және алтыншы шағынаудандағы жаңа үйлердің іргесін қалаған «Астана Құрылыс Компаниясы» ЖШС өкілі, 2005 жылдан бері аталған мекеменің қызметкері Мырзахмет Шәріпқожаевтың айтуынша, жұмыс аяқталуға жақын және желтоқсанның 20-на дейін пайдалануға беріледі. 240 адам тоғыз бригадаға бөлініп жұмыс істеуде. Көпқабатты үйге екі жыл кепілдік бар. 230 пәтердің 92-сі – бір бөлме, тағы 92-сі – екі бөлме және 46-сы – үш бөлмелі. Осыған дейін биік саналған он екі қабатты үйді де осы «Астана Құрылыс Компания» ЖШС 2014 жылы жеті айда салған болатын. Ал жаңа үйлердің жартысы әкімдікте тұрғын үй кезегінде тұрғандарға, ал келесі жартысы банк салымшыларына беріледі. «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары Жасұлан Құрманғалиев үй алуға пулдың жақын арада жарияланатынын, екі ай ішінде барлық үйдің иесі анықталатындығын жеткізді. Сөз арасында осы бағдарламаға қатысу үшін үй алушының басында пәтердің болмауы керектігі және бастапқы 20 пайыз жарнасын төлеп, қалған бөлігін кепілдік арқылы шешуге болатындығы да айтылды. Бұрын бастапқы жарна 30 пайыз болатын. Бағдарлама арқылы берілетін үйлер «Жергілікті атқарушы органдар арқылы кредиттік тұрғын үй құрылысы» бағыты бойынша салынып жатыр. Таза әрлеудегі пәтерлердің бір шаршы метр бағасы – 140 000 теңге.
– Банктің мақсаты – салымшыларын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бұл жұмысты біз үздіксіз жүргіземіз, ал жергілікті әкімдік пен құрылыс салушылар қолдау білдіруде. Осы жұмыстың нәтижесінде қазір тұтынушыларымызға таза әрлеуден өткен 300 пәтерді ұсынуға әзірміз. Алғашқы 230 пәтер бойынша пулды қараша айында әзірлесек, тағы 60 пәтерге өтініш келесі жылы қабылданатын болады, – деп түсіндірді өз сөзінде «Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ облыстық филиал директоры Ғалымжан Шалғымбаев.
Үй алудың өзіндік шарттары бар. Қазақстанның азаматы немесе оралман мәртебесі болуы керек, өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінде соңғы бес жыл ішінде ел аумағында жекеменшік үйінің болмауы және ең бастысы төлем қабілеттілігін растай алуы керек.
Жалпы «Нұрлы жер» мемлекеттік үй бағдарламасы облыс тұрғындарына қолжетімді шарттармен тұрғын үй сатып алуға үлкен мүмкіндік береді. Былтыр Үкіметтен бөлінген 30 млрд теңгені толық игерді. 3488 отбасы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы төмен бағада үй сатып алған.
«Тұрғын үй жинақ банкі» салымшылары мемлекеттік бағдарламалардан бөлек, «Өз үйім» атты банктің жеке бағдарламасы бойынша да баспана сатып ала алады. Бұл бағыттағы пәтерлердің бір шаршы метрі – 160 000 теңге. Тұрғын үй сатып алуға арналған кепілдік қаржы сомасы 7 пайыздық жылдық мөлшерлемемен беріледі. Бұл бағдарламадағы талап – клиенттің «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшотында үй бағасының 20 пайызға тең бастапқы жарнасы болуы шарт. Ал дәл осы бағдарлама бойынша салынған Талдықорғандағы 72 пәтерден тұратын көпқабатты үй келесі жылы пайдалануға беріледі.
Иә, баспана мәселесі – көптеген азаматтардың өзекті мәселесі екені сөзсіз. Пәтер жалдап, бірді-бірге жалғап жүрген адамдар бір бөлмелі болса да тұрғын үйге ие болу үшін күн-түн демей еңбектенуде.
Бұл түйткілді мәселенің шешімін Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде көрсетті. Ол – «7-20-25» бағдарламасы.
Аталмыш жоба жөнінде естіп, білгендер аз емес. Бағдарламаның бағытын бағдарласақ, баспана алуға берілетін несие өсімінің мөлшерлемесі 14-16 пайыздан 7-ге төмендетіліп, үстеме қаржы көлемі екі есеге азайтылды. Бұл әр қазақстандықтың қалтасына түсер жүктің салмағын кемітті. Сонымен қатар банктер баспана иемденуге бағытталған бастапқы жарнаға үйдің құнының 30-дан 50 пайызын салуды талап етсе, енді осы бағдарлама арқылы алғашқы төлем 20 пайыздан аспайтын болды. Сондай-ақ несие алушының ай сайынғы салым мөлшерін азайту мақсатында қарыз алу мерзімі 10-15-тен 25 жылға дейін ұзартылды.
Серік ҚАНТАЙ
Алматы облысы