Дәстүрлі әншілерге қолдау бар

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде дәстүрлі ән салу мамандығына айырықша көңіл бөліне бастады. Аталмыш оқу орнында Академиялық ән салу пәндік циклдік комиссиясы (бөлімі) 86 жылдан бері жұмыс істеп тұрса, 2011 жылы дәстүрлі ән салу мамандығы қосылған. «8 жылға жуық  уақыт өткенде бұл бөлім бөлек отау болып отыр» дейді колледж басшылығы.

– Жуырда «Көшпенділер әуені» деген байқау өткізгенбіз. Сонда «Мұхит» деген атаумен үшінші аталым дәстүрлі әнге арналған. Осыдан кейін бұл мамандықта оқитын жастардың саны мен өнеріне қарап, бұл бөлімді бөлу керегін түсіндім. Әріптестер тарапынан қолдау бола кетті. Біздің дәстүрлі өнеріміз Ақан сері, Біржан сал, Мұхиттардан бас­тау алып, кешегі Құрманғазы, Дәулеткерей, Нұрғиса ағаларымызға дейін жалғасқан. Енді осы бөлім арқылы біз дәстүрлі өнерімізді жаңғырта түссек дейміз, – дейді П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің директоры Біржан Хасанғалиев.
Аталмыш бөлімге оқу орнының белді оқытушысы Гүлім Алшынова басшылық етеді. Ал дәстүрлі ән салу мамандығына биыл алты бала оқуға түссе, барлығы 31 студент оқиды. Ұстаздардың айтуынша бұл өте жақсы көрсеткіш екен. Балаларды оқыту жайына бөлім басшысы тоқтала кетті:
– Бізде дәл қазір алты ұстаз бес мектеп бойынша дәріс береді. Оның ішінде Батыс, Жетісу, Арқа мек­тептері бар. Әрбір мектептің өзінің арнайы мамандары бар, олар балаларды өз бағыты бойынша дайындайды. Биыл осы мамандыққа алты бала түссе, алдағы уақытта ол арта түседі деп ойлаймын. Ең бастысы, грант мәселесі оңынан шешілсе екен дейміз, – дейді Г.Алшынова.
Ең басты мәселе, енді аталмыш пәндік циклдік комиссиясына (бөліміне) арнайы кластар, компьютерлер мен құрал жабдықтар, му­зыкалық аспаптар мен оқу құ­ралдарын толтыру маңызды. Осы орайда аға буын өкілдері де жас буынға сәтті қадам тілеп, құттықтай келіпті. Т.Жүргенов атын­дағы Қа­зақ ұлттық өнер акаде­мия­сының Дәстүрлі ән бөлімінің жетекшілері мен оқытушы-ұс­таздары тілектестік білдірді.
– Біздің келу мақсатымыз аға буын ретінде осы бөлімге құтты болсын айтайық, өзіміз­дің білген-түйгенімізді, жазған оқу­лық­тарымызды, осы бөлім басшы­сына, осы үлкен қара шаңы­рақтың иесі Біржан Ескендірұлына табыстауды жөн көрдік. «Қазақ­тың дәстүрлі мың әні» онтологиясын, біздің кафедраның оқыту­шы­ларының хрестоматияларын, оқу құралдарын, біздің профессор-оқы­­тушыларымыздың шығарған кітаптарын алып келдік. Мұның өзі өнер адамын дайындауға өте қажет дүниелер, – деді Қазақ ұлттық өнер академиясының Дәстүрлі ән музыкасы кафедрасының меңгерушісі Рамазан Стамғазиев.
Айта кетейік, аталмыш оқу ор­ны­­ның дәстүрлі ән салу маман­ды­ғына бұрынырақта 1-2 ғана грант бөлінсе, соңғы үш жылда грант саны 4-5-ке артқан. Енді алдағы уақытта бұл мәселе қайта қаралуы мүмкін. Ең бастысы, жас­тардың дәстүрлі өнерге деген сұранысы мен қызы­ғушылығын арттыруға бағытталған игі шаралар жүзеге асып келеді.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.