ПАРАСАТ ПЕН ҒАРАСАТ

(Жалғасы. Басы өткен санда)

«Абай» аудармасы қалай басталды?

Қазақ суреткеріне алғаш көмек қолын созған ғалым Темірғали Нұртазин болды. Сол уақытқа дейін ол білімді кісі болып есептелетін. Ол Петропавлда татар медресесі мен орыс мектебін тамамдаған еді. Қазақша және орысша екі тілді еркін меңгеріп, сондай-ақ кедей шаруадан шыққандықтан (май айыратын зауытта еңбек етті) партияның Петропавлдағы укомында лауазымы тез көтеріліп, маңызды қызмет атқаруға сұранып тұрған болатын.
Нұртазин мансабының шыңы 1936 жылы жазда Ленинград журналистика институтын бітіріп, Қарағандыдағы қазақ тілінде шығатын облыстық газетке редактор етіп бекіткен кезге сәйкес келеді. Шамамен сол уақытта орыс классикасын аудара бастайды. Бірақ 1937 жылғы 28 тамызда оны әкетуге келді. Нақты не үшін айыпталғанын әлі күнге дейін маған анықтаудың сәті түскен жоқ. Тек, білетінім, Нұртазин 1938 жылы 1 наурызда 10 жылға жазасын лагерьде өтеуге кесілді. Оққағары бар екен, 1942 жылы абақтыдан ерте босап шығады. Алдымен бір ауыл мектебінде ұстаздық етуге рұқсат етті. Одан соң Алматы институтында сабақ беруге де рақым жасалды. Айдаудан шыға салысымен қатты мұқтаждық көрген Нұртазин қандай жұмыспен болсын айналысуға мәжбүр еді. Әуезовтің «Абайын» аударуға шексіз ризалығы түсінікті. Көп ұзамай Нұртазин тоқтап қалды. Жұмысы жүрмеді. Шынтуайтында, істеген жұмысы көңіл көншітпейтін. Нұртазин бар болғаны жолма-жол аударма жасап, толық аударуға шамасы келмеді.

«Абайдың» қазақшасы  немесе Мәскеудің тоңтерістігі

«Абайдың» бірінші кітабы ана тілінде 1942 жылы жарық көрді. Оның бір данасын әдеби шенеу­нік­тердің біреуі Мәс­кеудегі Жазушылар одағына жіберуге асық­ты. Десе де, ондағы әдебисардарлар қа­зақша қақ­пайтын. Ішкі тұтынуға пай­да­лануға Разия Файызоваға пікір айтуға берді. Ол әйелдің тағдыры оңай емес еді. Ол ерте күйеуге шықты. Оның таңдауы әзер­байжан әдебиеттанушысы Мамед Кязим Алекбероғлы Алекберуге түскен болатын. Бұл оқымысты Мәскеудегі қызыл профессура институтын бітірген соң Әзербайжан Жазушылар одағын басқарып, соңынан Бакудағы көптеген басылымға редактор болып, 1938 жылы қуғындалып, атылып кеткен еді. Сол кезде Файызованы кім құтқарғанын анықтау әзірше мүм­­кін бол­май тұр. Тек, белгілісі, кейбір сурет­тер­де татар әдебиетінің тәржімашысы бол­ғысы келіп, Ғалымжан Ибрагимов пен Гумер Баширов романдарын қотаруға күш салды.
«Абайдың» бірінші тарауын оқып, Файызова Әуезов көп жағдайда тарихи ақи­қат­тан аулақ кеткен деген қорытындыға келді. Өз рецензиясында ол былай деп тұжырды:
«Абайдың орыс мәдениетін қабыл­дауына айнала қоршаған ақиқат, тарихи мүмкіндік емес, түйсік итер­мелейді. Автордың басты кемшілігі осында, сол себепті Абай бейнесі ойдан құрастырылып, боскетік болып шық­қан» (РГАЛИ, ф.631, оп.д. 820, д.5).
Файызованың пікірінше, Әуезов­тің романы сәтсіз. «Роман, – деп жазды ол, – өмірбаяндық сипат алады және де ол қамтыған сол кездің айқын әлеуметтік-тарихи суреттері жоқ» (РГАЛИ. 631 ф. оп.6, д.820, 8 б.).
Файызованың тоқтамы мынадай:
«Роман әлі аяқталған жоқ. Әуезов екінші кітабын жазу үстінде. Бәлкім, онда Абай бұдан да сәтті шығатын шығар. Бірінші бөлімде оның бейнесі біршама нығайды, бірақ қан жүгірмей тұр» (РГАЛИ. 631 ф. оп.6, д.820, 8 б).
Алайда Әуезовтің отанында Абайды басқаша бағалады. Қаңтарда өткен Қазақстан Жазушылар одағының пленумында бұл романды осы заманғы қазақ әдебиетінде бірінші орынға қойды. Әуезовтің туындысы республика ОК, сонымен қатар Қазақ КСР Кеңхалқомында да құпталды. Жергілікті басшылардың Әуезовті Сталиндік сыйлыққа ұсыну ойы пайда болғаны жайдан-жай емес. Рас, Сталиндік сыйлық бойынша комитеттің әдебиет секциясы (онда сол кезде А.Н.Толстой, А.Е.Корнейчук пен А.С.Гурвич бар еді) 1943 жылы 2 наурызда өткен оты­рыста проза, роман саласында қазақ авто­рының кандидатурасын шығарманың төменгі көркемдік деңгейі мен идеялық әлсіздігі үшін емес, пәруайсыздық салдарынан ысырып тастады.
Секцияның қарарында: «…Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы мен Айбектің «Науайы» романы танысу үшін Сталин сый­лығы комитетіне дер кезінде берілмеді» деп келтірді (РГАЛИ, ф.2073, оп.1, д.7, 78 б.). Сөйтсе де, егер «Абайды» ұсынғандар жағы дер уақытында көрсетілген мерзімге үлгергенмен Әуезовтің Сталиндік сыйлық алуға шын мәнінде мүмкіндігі жоқ еді. Сол сәтте де, одан кейін де бәрі аударманың жоқтығына тірелер еді.

«Абайды» аударудағы Никольскаяның үлесі

1943 жылы Анна Никольскаяның Ал­ма­тыға оралуымен ұзақ шешілмеген «Абай­ды» аудару мәселесі өлі нүктеден қозға­ла бастады.
Еске салайын: Бұл әйел 1937 жылдың аяғынан бастап Солтүстік Оралда жазасын өтеп жатқан болатын. Бес жылдан астам уақытта ол сыр беріп, ажал шыңырауының алдында тұрғандай еді. Оның ауыр хал-жағдайын ескеріп, лагерь басшылары бейшара әйелді мүсіркеп, жазасының қалған мерзімін өтеуге Қазақстанға жібереді. Шынында, Алматыда Никольскаяға ешқандай баспана берілмеді. Ол қала маңына баруға мәжбүр болып, Тастақтағы бір жертөледе пәтерде тұруға мүкіндік алды.
Ескі танысының қайта оралғанын естіп, Әуезов Никольскаяны іздеуге жүгірді. Кешегі тұтқынды Нұртазин аудармасын, «Абайдың» тың тәржімасын қайта қарауға көндіруге ұзақ уақыт кеткен жоқ.
1967 жылдың өзінде Никольская Әуезов кітаптарын аударудағы еңбегі ­туралы айтып берген еді: «Көбірек «алтыншы сезім» деп аталатын ұғымды пайдалануға тура келді, әсіресе ой негізіне және шығарма тұңғиығына бойлап, автор бейнешілдігіне ет үйренгенде нұсқа үстінен түсетін… Бір рет мен де тығырыққа тірелдім. Жолма-жол аудармада: «Оларды ойлағанда (қаршадай немерелер туралы) менің ұйқым шайдай пышырайды» дегенді оқыдым (Түсіндірмеде бұл қазақ тіркесі екені айтылады. Орыс тілінде оған мағыналас сөз табылмады). Дәл бұл күйінде оларды қалдыруға болмайтыны түсінікті. Орыс оқырманына басыбайлы түсінікті болу үшін, мәселен, қатты шайдан кейін ұйқы быт-шыт болды немесе басқаша ұғымды қолдануға тырысамын. Авторға бардым. Ол менің сөйлемдерімді шұбалаңқы әрі теңеуден алыстататын адымдар деп жаратпай тастады. Ақырында ол басқа шайсыз теңеу тауып берді, өйткені ол орыс оқырманына бұрыс жететін еді… …Басқа мысал: жолма-жол аудармада Құнанбай жас әйелінің көзінше ақылды, науша жігіт Базаралыны мақтайды. «Оған көңілі толып, сонымен қоса қызғанғаны көрініп тұр…» Сосын одан әрі : «Нұрғаным (Құнанбайдың әйелі) Құнанбайды ықыластана тыңдады… Ол ыңғайсыздықты сырып тастап, махаббатты қабыл алды».
Автор не айтқысы келді? Алтыншы сезім бұл тұста параллелизм болатынын аңғартады: Құнанбай риза және қызғанышы оянады – екі түсінік. Нұрғаным болса ыңғайсыздықты жеңіп, сүйіспеншілікке ырық берді. Бұл тұста қос сөз ойнауы тиіс екені айқын. Түпнұсқаға жүгіндім. Бір оралымда барлық күрделілікті тілмен айқындап беру маған ауыр екені аян. Мен мейлі әртүрлі грамматикалық пішінде болса да екі рет қайталанатын қос сөзді іздеймін. Табыла кетті: бұл етістіктер қызғану мен қызығу. Бәрі өз орнына қойылды: Құнанбай ырза болды әрі қызғанды: Нұрғаным ыңғайсыздықты қойып, сүйіспеншілікке бет бұрды. Аудармада тек етістіктердің фонетикалық ұқсастығы сақталмағандай… Қазақ тілінде көп мағыналы ауыспалы сөздер көп. Көп жағдайда бұдан құтылуға болады. Жолма-жол аударманы құрастырушы мағыналардың арасында таңдау жасап, қажетті сөз қояды. Ал бір нысанға қатысты сол бір тіркесте бір сөздің екі мағынасы айтылып тұрса қайтеді. Мәселен, жорға сөзі – тайпалма жорға да, сонымен қатар мәмлегер, сөз тапқыш, қуақы адам. Осы қасиеттерге ие Жұмабай жөніндегі тіркес бар, оған әрқашан мәмле жүргізу тапсырылады. Ол осындай тапсырмамен аттанады: «Жорға Жұмабай өз жорғасында қатып қалыпты, онымен тұтасып кеткен сықылды. Иә, Жұмабай нағыз жорға еді!»
Тағы бір мысал: бауыр деген сөз – ет бауыр да, сонымен қатар туыс, бауыр. «Қодар сенің бауырың болса, бауырың күй­сін!» деген тіркес бар. Осындай жағдайды мүм­кіндігінше түпнұсқаның табиғатына орай әркім әрқалай шешеді («Простор», 1967 ж. №7).

Абайдан ауытқу

Бұл жерде Әуезов көп суреткердей әл­сін-әлсін өзінің басты кітабынан ауыт­қып басқа ойлардың жетегінде жүрді. Кей­де өстіп ол демалатын. Кей кейде бұған қом­пиған мемлекеттік тапсырыс та әсер етті.
Бұндағы қызық не еді? Әуезов басқа тақырыптар мен кейіпкерлерге ауысқанда, ол жаңа жұмысқа Никольская басқа нәр­сеге алаңдамас үшін өзге аудармашыларды іздеді. Мынандай мысал келтірейін. Соғыс жүріп жатқанда Әуезовтың ойына қып­шақ руының жас батыры Қобыланды жөнінде пьеса жазу ойы келді. Нәтижесінде дүниеге сегіз суретті интермедиясымен үлкен драма келді. Бұл жоғарғы орындарды қы­зықтыра бастады. Шынында да, олар ав­тордан айтулы өзгерістер жасауды талап етті.
Сонымен, Әуезов «Қара қыпшақ Қобыландыны» жазу үстінде жаңа жұмысқа Никольскаяны жегуді ойлаған да жоқ. Никольская «Абайдан» басқаға мойын бұрмауы керек еді. Пьесаны аударуды жазушы өзіне Руст атты бүркеншік лайықты көрген ­Екатерина Тарловскаядан өтінді.
«Қымбатты Екатерина Александровна! – деп қиылды Әуезов Тарловскаядан 1944 жылғы 16 ақпанда. – Сізге «Қобыландының» соңғы нұсқасын жіберіп отырмын. Бұнда ОК жасаған бүкіл ескертпелері ескерілген. Бұл соңғы нұсқа Алматыда оқылып, қазіргі күнде қойылымға әзірлену үстінде. Түзету көп болмаса да, айтарлықтай. Сізге бұл түзетулер көп болмағандықтан қосымша істеудің қажеті жоқ, «Сәбитті» Мәскеу кезінде барған бас­паға өткізу үшін оны тез істеу қажет болып тұр. Әрине, мен Сізден Сәбит кеткенше емес, одан әлдеқайда ертерек жасауды өтінер едім. Пьеса біздің онкүндікке дейін жарық көргені абзал. Жылдам баса алар ма екен? Тұсаулау барлық жерде бірдей белгілі. Егер Марк Аркадьевич мүмкіндік тапса, сонда бастырғаны мақұл, бірақ ол жағын шешу (белгісіз) Сізге айқын болғандықтан өз ұй­ғарымыңызға байланысты шығар. Тек шықса болды, оның тоқтап қалуы маған тіре­леді. Ұзақ уақыт түзеуге мойным жар бермеді. Енді, Сәбит Сіздің аударманы аяқ­тауыңыз­бен (белгісіз) сол шешіммен жарық көргізуге міндетті (белгісіз), өйткені бәрі өз қолыңызда. Тек жолма-жол аударманы ғана жібердім. Әлбетте, мәтін Сізде бар. Бір нәрсені ескеріңіз – бұл (белгісіз) жайын­да Сіздің жұмыс басталмай тұрып айтып едім ғой. Театр үшін пьесаның тілі мен жыры жеңіл болуы шарт. Бұндағы орыс театры Сіздің соңғы аудармаңызды күтіп отыр, бітірісімен бір данасын маған салып жібер­сеңіз. Мені Марк Аркадьевичке ай­тыңыз. Үйімде кішкентай бар. В.Н. екінші ұл тап­ты, оның есімі ағасы Елдарға ұқсас – Ернар.
Сізге Валентина Николаевна (белгісіз) сәлем жолдап жатыр. Қолыңызды құшыр­ла­на қысып.
Мұхтар.
Алматы, Калинин 63, пәтер 29.
16/І. 44 ж.» (РГЛИ, ф.2180, оп 1, д. 321, пл. 1, 1 ст).
Қосайын. Әуезов 1944 жылы қаңтардың ая­ғында Ташкентте ашылатын Орта Азия мен Қазақстан Республикаларының музы­калық онкүндігіне орай асықты.

Алексей Толстой неге  Әуезовке қарсы шықты?

1944 жылдың басында Қазақстан басшылығы Әуезовтің ығына жығылуды ұйғарды. 15 ақпанда республика халық комиссарлар Кеңесі мен Қазақстан большевиктері Компартиясының Орталық Комитеті жазушыны басшылардың пікірінше Лениндік сыйлық алуға лайықты, Қазақстанның өткені туралы монография жазған оқымыстылар тобына қосты. Басшы мекемелер қаулысының жұрнағы сақталыпты. Онда: «Қазақ КСР ертеден бүгінге дейінгі тарихын» құрастыруға белсенді қатысқаны үшін Кеңес Жазушылар одағының мүшесі М.Әуезовті ұсыну туралы хабарланыпты. (РГАЛИ, ф.2073, оп. 3, д.8, 25 б.).
Сонымен бірге Қазақстан шенеуніктері Сталиндік сыйлыққа Әуезовтің «Абай» романын сәл-пәл іркіліп, ұсына жаздады. Дей тұрса да, Мәскеуде оның кандидатурасын Алексей Толстой қоспай тастады.
«Бұны («Абай» романы мағынасында) келер жыл үлесіне қалдыруға шешім қабыл­данды, – деді Толстой әріптес­теріне 1944 жылғы 9 наурызда. – Біздің қолымызда тек екі тараудың жолма-жол аудармасы ғана бар. Егер комитетке бұл кандидатураны ұсынсақ үкіметте: «Аудармасы қайда?» деп сұрамай ма? Біз барлық еңбек­тің тәржімасы жоқ дейміз бе? Бұл дүдәмалдар романды талқылауды келер жылға қалдырып, толық аудармасын талап етуге тура келді» (РГАЛИ, ф.2073, оп. 1, д.75 б).
Мәскеудің әдеби сардарлары «Абай­дың» толық тәржімасын білмеуі кәдік.
Әуезовті Сталиндік сыйлыққа кезекті ұсынудағы бұл сәтсіздік Қазақ­стан шенеуніктерін ойға қалдырды. Олар жалғыз партия қаулы­сының көшірмесімен іс бітпейтінін түсінді. Күшті артдайындық қажет еді. Іле-шала «Абайдың» бірінші кітабын Алматыда кеңінен талқылауды да ұйымдастыруы кездейсоқ емес. Бұл шараға олар партия қолжаулықтарын, министрлерді, академиктерді және әрине, жергілікті әдебиетшілерді шақырды.
1937 жылы қуғындағы Майлинді қорғап шыр-пыр болып, сол үшін қалыс жүрген Ғабит Мүсірепов уәжді жарқын сөздің бірін айтты. Ол: «Абай» шындықты бейнелеген бірінші ұлттық роман және онда қазақ халқының нағыз бейнесі көрінеді» деді (РГАЛИ, ф.2073, оп.3, д.9, 49 б.).
Жұртшылық үшін Анна Никольс­кая­ның сөзі де төбеден түскен жай болды.
«Кітап «Абай» атын алған, – деп атап көрсетті зерттеуші. – Бұл Абайдан да үлкен дер едім. Бұл – нағыз қаны тамып тұрған дәуірнама, ХІХ ғасырдың үшінші жартысындағы Қазақстан туралы кітап, тарихшы мен этнограф және әдебиеттанушы мен психолог қызғылықты мағлұматтар табатын кітап. Оның кіндігінде – өсіп бара жатқан Абай.
Мен сүйікті перзентін сеніп тапсырғаны үшін авторға алғыс айтқым келеді. Кішкентай Кәмшаттың түбіне жететін Бөжей болмаспын. Менің жұмысыма үнемі назар аударып, көмек қолын созғаны және сонымен қатар Қазақстан туралы ғажайып һәм құнды қасиеттер танытқан кітап үшін ризашылығымды білдірсем деймін».
Бұл талқыдан кейін Әуезов КСРО Ғылым академиясы қазақ бөлім­шесінің (КАФН) төрағасы геолог Сәтбаевтың қолдауына дәмеленді. Бұл тұста да оған Никольскаяның көмегі қажет болды.
«Қымбатты Анна Борисовна! — деп жазды Әуезов аудармашысына. – Машинистка Г.Ев.-пен бәрі келісілді, ол ақшаны 29 сенбі күні алған болатын. 2 кг қағаз жіберуді дүйсенбі күні таңертең Өтесов уәде етті. Сізге тексерсеңіз артықтық етпейді. Г.Евг. КФАН-дағы Сауранбаев немесе Сүлейменов төлейді. Басылғаннан кейін бір данасын (ең жақсысын) оған сіздің лебізіңізбен (талқылаудағы сөзіңізбен) тапсыру келісілді. Ол үшін бұнда менің келгенімше романды машинистка теріп үлгерсе, анау Сәтбаевқа беретін бір дананың дұрыс түптелгені жақсы болар еді. Дерматинде түптеуді музейдегі біздің үйде тұратын Жиреншин орындауға уағда берді. Оған дейін, бәлкім, өзім де кіріп қалармын, онда онымен жолықтырамын. Әзірше табыс тілеймін.
Құрметпен Мұхтар Әуезов.

P.S. Анна Борисовна, менің Сізге үлкен өтінішім бар. Мен Сізге сценарийден екі шағын үзінді қалдырып кеттім: Көкбайдың өлеңдері мен Баймағамбеттің ертегісі. Ғафу етіп, оларды осы жолма-жол ­аудармадан тәржімаласаңыз, әсіресе кино қызметкерлеріне керек болып тұр. Көкбайдың өлеңдері фильмнің соңы: оны ілкіалды натурада түсіреді. Баймағамбеттің ертегісі – ол проза, әрлеуіңізді өтінемін. Олар аяқталып, шығысымен екеуін де Ефим Ефимович Аронға басылып берілсе нұр үстіне нұр.
Оның П.Ж.: Мәдениет үйі, Абай фильмінің тобы, Аронды сұрау керек…»
Айналып келгенде, «Абай» Сәтбаевқа ұнаған. Ықпалды геолог Әуезовке Мәс­кеуде қуатты қолдау ұйымдастыруға уәде етті деседі.

Қазақстан шенеуніктерінің Мәскеуге шабуылы

Күшті артдайындықты кейін, мен 1944 жылғы 15 мамырда өткізілген «Абайдың» Алматыдағы талқылауын айтып отырмын. Қазақстан атқа­мі­нерлері өздеріне сәйкес құ­рылым­дар­дың Әуезовті Сталиндік сый­лыққа ұсыну мәселесіне қайта оралуына сенім артып, Мәскеуге қысым жасай бастады.
1944 жылдың мамыры соңында Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесі төра­ғасының орынбасары И.Тәжиев Сталин сыйлығы бойынша комитеттің төрағасы Москвинге хат жолдады:
«Қазақ КСР Халком кеңесі төрағасы ж.Оңдасынов атына 23 мамыр 1944 жылғы жолдаған Мұхтар Әуезовтің «Абай» романына қатысты Сталин Комитетінің күзді күнгі сессиясының отырысы романның орысша аудармасы жоқтығына ­байланысты кейінге қалдырылуына қосымша роман туралы мәліметтер мен оның авторы жайында тоқетер тұжырыммен қоса ж. Әуезовтің романының аудармасы мен аталмыш шығарманың сипаттамасы жіберіліп отыр» (РГАЛИ, ф.2073, оп. 3, д.15, 15 б).
Тәжиев өз хатына қосып, Әуезов пен оның романы туралы КСРО Ғылым академиясы қазақ бөлімшесінің, Қазақстан Жазу­шылар одағының пікірлерін, Ғабит Мү­сіреповтің толық рецензиясын салып жіберді. «(Әуезов) кітабының көркемдік құндылығы мен тиянақтылығы, – деді КФАН-ның Тіл, әдебиет пен тарих инс­титутының директоры филология ғылы­мының докторы Н.Сауранбаев. – оның түзілісімен баурайды, тіпті ол бөлінетін тараулардың тосындығы да тартымды» (РГАЛИ. ф.2073, оп. 3, д.9, 25 б). «Абай» романының құндылығы тек идеясында емес екеніне Сауранбаев айрықша тоқта­лады. «Кітаптың бір тақырыбы – оның өзекті бөлігінде жатыр, яғни Абайда – маха­батта, бұл тақырыпта романның жоғар­ғы лиризмі, оның жұмсақ романтикасы шоғырланған» (РГАЛИ, ф.2073, оп.3, д.9, 24 б.). Академиялық институт дирек­то­­ры­ның негізгі тұжырымына қарағанда, Әуезов өзінше бір көркем энциклопедия туғызған.
«…Абайдың өмірбаяны өз маңыз­ды­лығымен кітапта басым түсіп жатқан жоқ, – деп баса көрсетті Сауранбаев. – Халық үшін, халық жүрегінде өмір сүрген Абай ел дәуірін бойына сіңіріп, бұл кітапта барынша толығымен дәуір мен халық өзінше көрініс тауып, жүз жылдан кейін оның күндерінің көркемдік шежіресі жасалады. Бұл – ХІХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ даласының шын мәніндегі көркем энциклопедиясы. Зарзаман аталған кезеңнің шығармада халықтың бар тұрмысы, оның кезінде қанды оқиғаларға ұласқан рулық және отбасылық күрделі қарым-қатынасы барынша көрінеді» (РАГЛИ, ф.2073, оп. 3, д.9, 17б).
Өкінішке қарай, мұрағатта Мәскеуге Тәжиев жіберген топтама құжаттар арасында «Абайдың» аудармасы болмай шықты. Сталиндік сыйлық комитетіне Қазақстан шенеуніктері қай нұсқаны ұсынғаны айқындалмай қалды. Никольскаяның мәтіні ме, жоқ басқа аудармашылардың қолжазбасы ма?

«Абай» аудармасының жаңа редакторларының пайда болуы

1944 жылы көктемнің басында, не аяғында Сталин сыйлығы бойынша ­Комитетке түскен «Абай» аудармасының бұл нұсқасы әлдебір жерінен мәскеуліктерді қанағаттандырмаған шығар дегенге негіз бар. Қазақстан әріптестеріне одан әрі жұмысты аударуға атақты филологтардың бірін тартуға әлдекімнің кеңес беруі де кәдік.
Солай ма, жоқ басқалай ма, көп ұзамай бұрынғы жаңа аудармашылар қол қойған «Абай» аудармасының нұсқасы пайда болды. Рас, әзір мен мұрағаттан әлгі қол­жаз­баның өзін емес, оған жасалған ойқо­суларды таптым. Міне, соның бірінде мы­нандай пікір бар:
«Мұхтар Әуезов. Тарихи роман. І кітап. Аудармашылары Никольская мен Т.Нұртазин. Редакциясын басқарғандар Е.С.Истрина мен Ғ.Мүсірепов. Қолжазбаға Ғылым академиясы қазақ бөлімшесінің (Каз ФИН) тіл мен әдебиет институтының ­сипаттамасы (алғы сөз) тіркелген (593-ХІҮ бет (30 авт. баспатабақ)» (РГАЛИ, ф.631, оп. 6, д.820, 12 б.).
Көріп отырғанымыздай, «Абайды» аудару ісіне Истрина мен Мүсіреповтің қосылғаны байқалады. Бұл кімнің ұсынысы болды екен: Әуезовтің бе, әлде республика басшылығының ба? Әйткенмен, шешімді роман авторы емес, жоғарғы жақ қабылдағандай. Соған ұқсайды. Бұл тарихқа Истрина кездейсоқ тап болды. Ол – ғұмыр бойы орта ғасырдағы орыс тілімен айналысып келе жатқан жан. Соғыс басталғанда оны Қазақстанға қоныс аудартты. Бәлкім, әлдекім Алматыға келген зерттеуші жергілікті жағдайға тастай батып, судай сіңеді деп ойлаған шығар. Егер Истрина бұл салада бір нәрсе тындырса, ол – парызын өтеу мақсатында туған талап. «Абай» аудармасының редакциялануына бар күш-жігерін жұмсамағаны түсінікті. Мүмкін, мәтінде бәзбір тұстарды түзеген болар, нақты ешнәрсені қайта жазып шыққан жоқ.
Мүсіреповтің қайталап айтайын, бұған дейін соңына қалбыр байланып жүрді. «Абайдың» аудармасын редакциялауға оның тартылуы өз бағыт-бағдарын түзеп алу болуы мүмкін. Өйткені Әуезов ол кезде Қазақстан басшылығынан толық қолдау тауып жүр еді. Демек, ол арқылы жағдайын түзеп алуға болатын. Сөйтсе де, Мүсірепов «Абай» аудармасын қалай жақсартып еді, әлі күнге бұл жұмбақ күйі қалып отыр. Бұл тұста мынандай сәт атап өтілуі тиіс. Кейіннен «Абайдың» тәржімашысы ретінде Истрина да, Мүсірепов те аталмайды. Неге? Бұл адамдардың сыпайылығынан ба? Немесе олардың «Абай» аудармасына тікелей қатыспағандығының себебінен шығар. Бәрінен де шенеуніктер 1944 жылы тек қана Истрина мен Мүсірепов есімдерін өз мақсаттарына пайдаланды.

Тың тұжырымдар

Зады, 1944 жылдың аяғына таман әдеби басшыларға Әуезовтің романына тың тұжырымдар керек болған сыңайлы. Бәлкім, бұл Қазақстан Халкомының әрекетіне қарай жасалғандай. Не болға­нын көкейге түйіңіз. Республикалық Халком кеңесі жылма-жыл Әуезовты Ста­лин­дік сыйлыққа ұсынса да Мәскеу әдеби­сардариаты қазақ жазушысының романы туралы ешнәрсе білген жоқ. Енді, міне, әлдекім соған орай анықтамалар береді.
Мұрағаттан 1944 жылдың соңына қарай «Абайға» жасалған қос пікірді таптым. Бірі С.Евгенов қаламына тән. Евгенов деген кім? Ол – КСРО халық­тар әдебиеті мәселелеріне бас-көз болып, Жазушылар аппаратында ұзақ уақыт қызмет еткен ұсақ әдеби кеңсе шенеунігі. «…Әуезовтің романы – қазақ кеңес әдебиетінің талантты шығармасы» (РГАЛИ, ф.631, оп.6, д.820, 16 б.). Шынын айтқанда, Евгеновтің бірнеше ескертуі бар екен. Екіншісі – аударма сапасы. «Е.С.Истрина мен Г.Мүсіреповтің редакторлық басшылығымен А.Никольская мен Т.Нұртазиннің аудармасы өте-мөте мұқият қосымша редакциялауды қажет етеді, – деп қадалды Евгенов. – Ара-арасында аударма оқырманға түпнұсқадағы ойларды жеткізе алмай тұр» (РГАЛИ, ф.631, оп.6, д.820, 18 б.).
Екінші тұжырымды Евгений Лундберг әзірлепті. Ол, сөз жоқ, кәсіпқой еді. Әлем классикасын тамаша білетін. Оның шым-шытырық шырғалаң шырмаған өзгеше саяси өмірбаяны бар еді. Лундбергті көбісі тұрақты түрде бұрынғы эсерлерге жақын болғандығы үшін күстәналады. 1938 жылы тіпті, эсерлермен бұрынғы байланыстары үшін қамауға да алынды. Дегенмен, әлдекімнің есептеуінше, оның ту сыртында арнайы қызмет орындары тұрғандықтан-мыс оған көп нәрсе кешірілетін. Сонымен, ол қазақ әдебиетімен Алматыда эвакуацияда болғандықтан, кездейсоқ айналысты. Ол Әуезовтің кеңқұлашты әлеміне толыққанды түрде үңіліп, қазақ суреткерінің еңбегін бағалай алатын ба еді? Күмәнданамын.
Лундберг «Абайды» Евгеновтен өзгеше ықылассыз қабылдады. «Әуезов сюжетті меңгере алмаған, – деп мәлімдеді ол. – Бағамдай қарағанда оның романы, тіпті төменгі сатыда тұр» (РГАЛИ, ф.631, оп.6, д.820, 72 б.).
Лундбергтің әділетсіздігі түсінікті.

(Жалғасы келесі санда)

Аударған
Аян НЫСАНАЛИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.