РУХ ЖАУЫНГЕРІ

Әсел САРҚЫТ
«Ана тілі»

Алматыдағы «Цезарь» кинотеатрында белгілі мифолог, өлкетанушы, географ, этнограф-ғалым Серікбол Қондыбайдың 50 жылдығына арналған «Серікбол Қондыбай. Рух жауынгері» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Фильмді Маңғыстау облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша «Қазан» студиясы түсірген. 

Серікбол Қондыбай 1968 жылы 14 нау­рызда Маңғыстаудың Қарақия ауданы Құрық кентінде дүниеге келген. Мектепті Маңғыстау ауданындағы Шетпе ауылында оқыған. 1986 жылы Қазақ мемлекеттік университетінде «географ-геоморфолог» мамандығы бойынша оқып жүргенде Жел­тоқсан оқиғасына қатысып, 10 күн қамауда отырған. 1991 жылы оқу бітірген соң еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған. Кейін аудандық «Білім қоғамында» жауапты хатшы, аудандық байланыс торабында монтер болып қызмет еткен. 25 жасында жол апатына түсіп, мүгедектер арбасына таңылды. Осы оқиғадан кейінгі ғұмырын тек қана ғылыми ізденіске арнады.
«Сол күні Серікбол пойызбен ауылға қайтып бара жатқан. Қатты шаршап, вагонға кірген бетте ұйықтап қалыпты. Түннің ортасында жолсеріктің: «Пойыз қазір жүреді. Тез-тез түсіп, мініңдер» деген дауысынан оянып, Шетпеге келіп тұр деп ойлап, жалма-жан секіріп түсіп қалса, разъезд екен. Тас қараңғы. Сөйтіп «пойыз жолына түсіп алып жүре берсем, ауылға жетіп қалармын» деген оймен рельс бойымен жүре береді. Дәл көпірдің үстінен өтіп бара жатқанда алдынан пойыз шығыпты. Сол кезде аяғы шпалға қыстырылып қалса керек. Оны шығарып болғанша пойыз жақындап қалып, Серікбол көпірден ауып кетіпті. Содан кейін белінен төмен жансызданып қалды… Серікбол бұрын ғылыммен айналысқысы, көптеген тақырыптарды зерттеп жазғысы келетінін, бірақ оған мектептегі сабақтардан қолы босамай жүргенін айтып, шағымданатын. Алла оған жазуға мүмкіндікті осылай берген шығар. Кейде Серікболды солай деп жұбататынмын…» дейді С.Қондыбайдың әпкесі Балсұлу Қондыбаева.
Серікбол Қондыбай осы оқиғадан кейін 9 жыл өмір сүрді. Сол аралықта қазақ мифологиясы тақырыбында байырғы қазақ шежіресі мен әфсана аңыздары, географиясы тұрғысында мағлұматтар жинастырып, 16 том кітап жазып кетті. Ғалымның «Маңғыстау географиясы», «Қазақ мифологиясына кіріспе» (1997), «Маңғыстау мен Үстірттің киелі орындары» (2000), «Есен-қазақ» (2002), «Гиперборея: түс көрген заман шежіресі» (2003), «Арғықазақ мифологиясы» (2004), «Эстетика ландшафтов Мангистау» (2005), «Маңғыстаунама» (2006), «Қазақ даласы және герман тәңірлері» (2006), «Жауынгерлік рух кітабы» (2006) сынды зерттеу еңбектері бар. Ол «Арғықазақ мифологиясы» төрт томдығының қолжазбасында өзі туралы: «Осы кітаптардың авторы – таза мағынасындағы ғалым емес, тек қазақта мифологияны зерттеуге қажетті нендей дүниелердің (мысалдардың, тақы­рып­тардың, идеялардың) бар екендігін бір кітапқа жинақтап, түгендеп, есебін алуды, олармен көпшілікті таныстыруды мақсат қылған, инвентаризация жүргізуші «завхоз» ғана. Мен тек Ұлы мұраның ұлы нобайын ғана көрсете алдым…» деп жазады.

Serikbol Qondybaı
С.Қондыбайдың еңбектері бүгінде орыс және ағылшын тілдеріне аударылып жатыр. Оның туған жері Шетпе ауылында еліміздегі бірінші және бірегей мифология мұражайы ашылды. Қондыбайдың ғы­лыми оқылымдары Ақтау, Алматы, Астана, Қызылорда қалаларында дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Ақтаудағы мектептерінің біріне есімі берілген.
Ғалымның атқарған еңбегіне, өмірі мен шығармашылығына кіріспе түрінде жасалған «Серікбол Қондыбай. Рух жауын­гері» атты деректі фильмнің режиссері – Әсия Байғожина. Көрермендер оны «Хроника необъявленной демонстрации», «Елім-ай», «Сенім жолында» фильм­дері арқылы таниды. Сценарий авторы – әйгілі мәдениеттанушы, редактор, С.Қон­дыбайдың бірнеше кітаптарын орыс тіліне аударып шыққан Зира Наурызбаева.
Фильмде Балсұлу Қондыбай мен Зира Наурызбаевамен қатар, мәдениеттанушы Мұрат Әуез, тарихшылар Марат Сембин және Талас Омарбеков, географ ­Лариса Веселова, тіл зерттеушілері Нұргелді Уәли және Қайрат Жанабаев, драматург Әннес Бағдат, өлкетанушы Мұрат Ақмырзаев, Серікболдың курстастары Қайрат Қортықов, Рыскүл Құдайбергенова, Бекжан Садықов, Салават Дүйсенбаев қатысып, С.Қондыбаевтың мифология тақырыбын зерттеудегі орнын сөз етті.
«Серікболды біз енді танып, түсініп жатырмыз. Фильмде оны ұстазы Шоқан Уәлихановпен теңестірді. Өйткені Шоқанның қайтыс болғанына ғасырдан асып кетсе де, біз оның еңбектерін әлі де зерттеп келеміз. Сол сияқты Серікболды да әлі зерттей түсуіміз керек. Әлі талай ұрпақ ғасырлар бойы, қазақ қазақ болып тұрған кезде Серікболды тани түседі. Серікбол – әмбебап адам. Мифолог, тарихшы, қысқасы, «сегіз қырлы бір сырлы». Бұл фильмнің жалғасы болатын шығар деп ойлаймын. Былтыр халықаралық үлкен конференция мифологтардың форумын өткіздік. Ол әр 3 жыл сайын өтіп тұратын болады. Өйткені мифология – Қазақстанда әлі жер бауырлап жатқан ғылым. Серікбол соның басында тұр. Фильмнің аты дұрыс қойылған. Өйткені Серікболдың бүкіл шығармашылығын қайтадан жаңғыртатын болсақ, рухымыз оянады. Отаршылық кезінде жоғалтып алған рухымызбен қауышамыз» деді «Арыс» баспасының директоры, профессор Ғарифолла Әнес.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.