«ҚАЗАҚПЫЗ ҒОЙ»

Дәуіржан ТӨЛЕБАЕВ
«Ана тілі»

Осы сөзді өзімізге өзіміз, бірімізге біріміз жиі болмаса да, ара-тұра айтып жүре­ті­німіз бар. Бұл сөздің қашан және қалай пайда болғаны, кім айтқаны белгісіз, әйтеуір, санамыздан берік орын алғаны рас. Бір жерге кешіксек «қазақпыз ғой» дей­міз, ақталып. Әйтеуір, бойымыздағы кемшілік атаулының бәрін осы бір ауыз сөзбен жуып-шайғымыз келіп тұрады. Өкініштісі, кемшілікті өзіміздің іс-әреке­ті­міз­ден, әдетімізден, тәрбиемізден іздемей, «қазақпыз ғой» дей салуды хош көреміз. 

Таяуда бір жиын-тойға бармақшы болып дәл уақытында жету үшін ертерек шығып едім, таныс құрбым басқосудың кеш басталатынын хабарлап, ерте барып қоюымнан сақтандырғандай болды. «Неліктен кеш басталады?» деп едім, «Қазақпыз ғой» деп бір күліп алды. Күн болса жексенбі еді. Ертең жұмыс аптасы. Бәлкім, ел-жұрт ертерек жинала ма дегенім ғой. Құрбымның әлгі сөзіне ойланып қалдым. Сонда қазақ болсақ, баратын жерімізге міндетті түрде кешігіп баруымыз керек пе? Кешігу, уақытымен келмеу жалпы ұлтымызға тән қасиет болғаны ма? Ерте барсақ, қазақ болмай қаламыз ба? Нелік­тен осындай түсінікпен өмір сүріп келеміз, осы жөнінде ойландық па?
Санамызға сіңісті болып кеткен бұл түсінікті өзгерту үшін біз ең алдымен өзгенің де, өзіміздің де уақытымызды қадірлеп үйренуіміз керек. «Қазақпыз ғой» деген сөзді бойымыздағы мінді ақтап алу үшін емес, тек жақсы мағынасында қолдансақ, қанеки. Мысалы, «Қазақпыз ғой, қазақша сөйлесейік» десек, әбден жарасымды болар еді. Қазақ болсақ, салт-дәстүрімізді білейік, ұлтымыздың рухани байлығын игерейік, бір сөзбен айтқанда жақсы қасиеттерді бойымызға сіңірейік. Сондықтан пендешілікпен жасалатын қылықтарды ұлтпен байланыстырып «қазақпыз ғой» деп ақтап алуға тырысу — жараспас. «Қазақпыз ғой» деп, баратын жерімізге кешігу – ұлтымыздың емес, өз кемшілігіміз деп қабылдасақ, дұрысы сол болар.
Бәрін осы бір сөзге жаба салу қашанда оңай. Өйткені ол жауапкершіліктен құтылудың бір жолы іспетті. Ал сонда өзіміздің іс-әрекетімізге деген жауап­кер­шілігіміз қайда қалады? Бір ұлт­тың өкілі болғаныңмен бойыңдағы кем­шілік-міндеріңді ұлтыңа тели салу жөн бе? Шынтуайтына келгенде, бір жерге кешігіп бару – әр адамның жеке әдебіне қатысты мәселе емес пе? Бұдан қазақ­тың бәрі сондай екен деген ұғым тумауы керек. Мысалы, арамызда кешігуді біл­мей­тін, уақытпен жүретін қазақтар да бар.
Бүгінде «Қазақпыз ғой» дегеннің өзі ұлттық психологиямыздың бір көрінісіне айналған тәрізді. Өйткені басқа ұлттардан осы тектес сөзді ести қоймасымыз анық. «Орыспыз ғой» немесе «кәріспіз ғой» деген адамды көрдік пе? Сондықтан әр адам өз бойындағы кемшілігін ұлтынан емес, алдымен өзінен іздесе дейсің. Иә, әр ұлттың өзіне тән менталитеті болады. Мұны да есепке алмауға болмас. Бірақ сонда да, алдымен өзіміз түзелсек, өзімізді өзіміз шыңдап жетілдірсек, бойымыздағы міндерімізден бірте-бірте арылсақ, ұлтымыздың ілгері қарай қадам басуына қосқан үлесіміз болмас па?
Қалай болғанда да, біз заман талабына сай өмір сүруді үйренуіміз керек. Өйткені тап осы заман арқаны кеңге салатын заман емес. Бүгінгі заман бәрімізден жинақылықты талап етіп отыр. Жинақы болсақ, уақыты­мыз­ды бағалауды үйренсек, көп мәсе­леде сан соғып қалмасымыз анық. Бай­қасақ, «қазақпыз ғой» деген сөздің өзі көбіне-көп уақытқа байланысты қолда­ны­лады екен. Кешігу, әлдебір шаруаны уақытылы орындамау, уәделескен мер­зімді сақтамау, емханаға дер шағында қаралмау және т.б. өзекті мәселелер аз емес. Бірақ бір ескеретін жайт, бұлардың барлығы тұтас ұлттың емес, әр адамның өз бойындағы мініне баланса керек. Осы тұрғыдан келгенде «қазақпыз ғой» дегеннен гөрі, өз бойымыздағы міндерімізді бір таразылап алсақ артықтық етпес.

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    Келісемін

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.