ЛАТЫН ӘЛІПБИІНІҢ ТАРИХЫ ТЕРЕҢ

Латын әліпбиіне көшу – заман талабы екенін қазіргі ақпараттық-технологиялық салалардың өркендеуіне қарап білуге болады. Қазақ халқы: «Елу жылда ел жаңа» дейді. Осы мақалды тілімізге қатысты қолданар болсақ, кез келген тілге заман талабына сай өзгерістер мен реформалар жасалатыны анық. 

Сонау 1929-1940 жылдары латын әліпбиі Қазақстанда қолданыста болғанын тарихтан жақсы білеміз. Бірақ Кеңес Одағы заманында 1940-1941 жылдары Қазақстан Үкіметі қаулысымен кириллицаға көшті. Кириллицада қазақ халқының мәдениеті, әдебиеті және тарихы жазылды. Бұл өткен тарих, оны ешкім сызып тастай алмайды. Бірақ, енді мынадай мәселелер туындап келе жатқаны белгілі: бұрын кириллицамен жазылған шығармалар қайда қалады? Оларды келешек жас ұрпақ оқи алама? Ол мәселе қазіргі ақпарат заманында техника арқылы жүзеге асуға тиісті.
Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев­ «Үш тұғырлы тіл» сая­саты туралы бастама көтерді. Онда қазақ тілі арқылы ұлт болып сақталу, орыс және ағылшын тілін­де әлемдік кеңістікке, халықаралық байла­ныстарға шығудың мүмкіндіктері ашылатындығы айтылған. Бұл өте дұрыс ұсыныс, заманға лайықты өмір сүруге қажетті жағдайлардан туындаған қадамдар деп ұғуымыз керек.
Латын әліпбиіне көршілес ­Өзбек­стан, Түркіменстан және Әзербай­жан мемлекеттері тәуелсіздік алған уақыттан бастап ерте кірісті. Олар да заман талабына сай даму үшін осы әліпбиді өздеріне қабылдады. Бірақ қай мемлекеттерді алып қарасаңыз да қиындықтар болған. Бұл латын әліпбиіне өту кемінде 10 жылдық процесс екен.
Енді, алдағы уақытта Қазақстан Республикасының латын әліпбиіне өтудің өзіндік қиындықтары болатын­дығы анық. Онда – әліпби ауыстырып, оны үйрену, сауатты жазуды меңгеру, бұрынғы шығармаларды қайта аудару және тағы басқа мәселелер бар. Бірақ қарап отыруға тағы болмайды. Сондықтан, ортақ тоқтам жасалған жаңаша әліпбиді мемлекеттік деңгейде бірнеше нұсқа ішінен таңдап алып, соны ҚР Үкімет қаулысымен бекіту қажет.
Одан кейін сол латын әліпбиін балабақшаларда, орта мектептерде және ЖОО-да үйрету керек. Яғни оны жазу мен оқуды үйретудің бірнеше сатылы мемлекеттік механизмдерін ойластыруы тиіс. Олар қандай деңгейде жұмыс жасау керектігі анықталуы шарт. Осы аталған мәселелерді мемлекет тарапынан қадағалайтын, бақылайтын арнайы мекеме қызметкерлері болуы қажет.
Бұқаралық ақпарат деректеріне сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда . Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білдіреді. Демек, латын әліпбиі Отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз.
Түркітектес халықтар тілінде латын әліпбиі 1926 жылдан бастап қол­данылады. Латын әліпбиін алғаш қол­данысқа енгізгендердің бірі – Түркия мемлекеті. Біздің елде ХХ ғасырдың 20-жылдары қазақ зиялылары латын әліпбиіне көшу мәселесін көтерді. Қазақ тілінің табиғатына сай әліпби үлгісін жасап, қолданысқа енгізген болатын. Қазақ тіл білімінің, әліпбиінің негізін салған бірегей ғалым А.Байтұрсынұлы: «Біздің заманымыз – жазу заманы: жазумен сөйлесу ауызбен сөйлесуден артық дәрежеге жеткен заман. Сондықтан сөйлей білу қандай керек болса, жаза білу керектігі одан да артық» деген болатын. Бұл ХХ ғасырдың басындағы қоғамдағы коммуникациялық үрдістерді зерделеуден туған ой болатын. Қазір адамзат баласы ХХІ ғасырға аяқ басып отыр. Жазудың маңызы бұрынғыдан бірнеше есе өскен заман. Сондықтан әлемдегі елдердің басым бөлігі, соның ішінде туыстас түркі халықтары қол­да­натын латын әліпбиіне көшу – жаһан­дану дәуіріндегі рухани жаңғы­рудың алғашқы да маңызды сатысы болмақ.
Латын әліпбиіне көшкенімізбен оны қолдану мерзімі ұзақ болмағаны тарихтан белгілі. Бұл кешегі кеңестік идеологияның салдары еді. Түркітектес ұлттардың түбі бір түркі екенін, тамырын тереңге жайған түбегейлі тарихы мен мәдениеті бар елдер екенін ұмыттыру үшін жасалған сұрқия саясаттың айла-шарғысы болатын. Ал рухани жаңғыру дәуірінде құлдық санадан арылып, бұрынғы құндылықтарымызды қайта қалпына келтірудің қажеттілігі – өз-өзінен түсінікті жайт.

Б.Қайыржанова
Атырау

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Аноним

    КЕРМЕТ👏😀😊😋

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.