ТІЛ АЯСЫН КЕҢЕЙТУГЕ МӘН БЕРЕМІЗ

Қазақстан тәуелсіздігінің төл перзенті саналатын «Теңізшевройл» (бұдан әрі ТШО) кәсіпорны құрылғаннан кейін, көп кешікпей-ақ, ел алдындағы әлеуметтік жауапкершілігінің жоғарылығын нақты істерімен дәлелдеп, көп көңіліндегі күмәнді сейілтті. Республикада шетел инвесторын тартудың тиімділігін алғашқылардың  бірі болып дәлелдеді.  Кәсіпорын құрылған кезде, яғни 1993 жылы мұнай өндірісі 1 млн. тонна болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 28 млн. тоннаға жетті. Ал қазақстандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға жұмсалған 24 миллиард АҚШ долларын қоса есептегенде кәсіпорынның Қазақстан Республикасына тікелей төлемі 125 млрд АҚШ долларынан асты. Арада өткен ширек ғасырда Атырау облысының жұртшылығы мен компания қызметкерлерінің игілігі үшін әлеуметтік жобалар мен бағдарламаларды қаржыландыруға 1,4 миллиардтан астам АҚШ доллары жұмсалды. Бұған ТШО-ның сәтті жүзеге асырып жатқан «Игілік» атты ерікті әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы кіреді. Қазіргі таңда Теңіз жобасы – тек жоғары өндірістік көрсеткіштің ғана емес, Қазақстандағы әлеуметтік серіктестіктің де жарқын мысалы. Ерікті «Игілік» әлеуметтік инфрақұрылым бағдарламасы аймақты жаңғыртудың шынайы факторына айналды. Осы мерзімде Атырау облысында әлеуметтік бағыттағы 130-дан аса ірі жоба жүзеге асты. Кәсіпорынның барлық әлеуметтік жобалары тұрғындарға ұзақ мерзімді, анағұрлым оңды жағдай туғызуға бағытталуымен ерекшеленеді. 

Қазақстан экономикасында осындай орны бар алып кәсіпорын мемлекеттік тіл – қазақ тілінің ұжымдағы қолданылу аясын тарылтпауға ерекше мән береді. Бір қуанарлығы – кәсіпорын қызметкерлерінің дені қазақ тілінде сөйлейді. Өзара іскерлік қарым- қатынасты былай қойғанда, мемлекеттік органдардан, жекелеген адамдардан келген хаттарға да жауап хат тіліне сәйкес қайтарылады. Кәсіпорын ішіндегі ақпарат алмасу қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде жүреді.Қызметкерлердің тіл меңгеруге деген қажеттілігін ескеру де кәсіпорын назарынан тыс қалған емес. Осы ретте, заманауи оқыту әдістемесін басшылыққа ала отырып, тілдерді үйретумен, дамытумен айналысатын арнайы оқу орталығы болуын біз мақтан тұтамыз. Орталық қатысушылардың тілегіне қарай, қазақ, ағылшын, орыс тілдерін оқытады. Кәсіпорынның үш тілде шығатын «ТШО жаңалықтары» газеті тек өз қызметкерлеріне ғана емес, серіктестер мен мүдделі тараптарға да таратылады. ТШО қызметін баяндайтын ақпараттық басылымдар да үш тілде шығады. «Қазақтың киіз үйі», «Қазақ кілемдері мен тоқыма бұйымдары» атты кітаптар да үш тілде шықты. Қазір бұл кітаптар әлемнің көптеген елдерінің кітапханаларында, елшіліктері мен мұра­жайларында тұр. Қазақ халқының салт-дәстүрін, тарихын, ұлттық мәдениеті мен өнерін негізге ала отырып, танымдық күнтізбе шығару да дағдыға айналды.
Иә, әлемдік мұнай бизнесінде өзіндік орны бар Теңіз кенішін игеруге дүниежүзінің түкпір-түкпірінен сан ұлт өкілдері қатысып жатқаны баршаға аян. Қызметкерлерге қазақ тілін оқытып, үйретумен қатар, олардың тәуелсіз Қазақ елі туралы пікірін қалыптастырып, ұлттық салт-дәстүр, әдебиет пен мәдениет туралы кең мағлұмат беру де назардан тыс қалған емес. Теңізге арнайы іссапармен келген шетелдік мамандарға, олардың отбасыларына жергілікті жердің тыныс-тіршілігі туралы ақпаратпен қатар, Қазақстанның экономикасы, әлеуметтік саясаты, салт-дәстүрі де кәсіпорынның оқу орталығы әзірлеген арнайы сценарий негізінде ұсынылады. Бұндай басқосулар өзге ұлт өкілдерінің жергілікті жағдайға тез бейімделіп қана қоймай, қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қарауына жол ашып келеді.
Қазақтың бай тарихын, оның салт-дәстүрі мен әдеби мұрасын мұхит асып келген әріптестерге насихаттауда біршама жұмыстар жүзеге асуда. Оқу орталығы жанында қазақ әдебиетінің классиктері шығармаларынан сыр шертетін стенді­лерден, ұлттық салт-дәстүрден хабар беретін жәдігерлерден тұратын арнайы кабинет бар. Қазақты Абайсыз елестету мүмкін емес. Осы ретте тіл үйрену кур­сына қатысушылар күшімен «Абай – тұтас бір әлем» атты кеш өтті. Абайды ағылшынша сөйлеткен қызметкерлеріміз дана да, дара Абайдың ғұлама бейнесін шебер сомдап, оның қара сөздерімен көпшілікке ой салды.Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейтуде «Қазақша білесің бе? Білсең, досыңды үйрет!», «Тіл экологиясы – құлықтылық экологиясы» атты шаралардың маңызы зор болғандығын атап өткен жөн. Аталған шараларда қазақ тілін білетін және білмейтіндер ауызша, қазақ тілін үйренуді күні кеше бастағандар немесе қазақша қарапайым білігі барлар жазбаша, қазақ тілін жетік білетіндер «Теңіз – менің жетістікке жету жолым» сияқты әңгіме-сайыстар арқылы жарысып, өздерінің тілге, елге деген құрметін көрсете білді. «Қазақстан – мен үшін ғажайып әлем» атты сайыс-презентацияға қатысушылар өз ойларын қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жеткізе білді. Жақында өткен «Тіл экологиясы – құлықтылық экологиясы» атты шарада қонақтар мен қатысушылар өздеріне ыңғайлы, күнде қолданатын тілдеріне қарай қазақ, орыс және ағылшын тілдері топтарына бөлініп, грамматикалық, лексикалық және семантикалық ерекшеліктеріне байланысты сұрақтарға жауап беріп, берілген мәтіндердегі қателерді тауып, олардың дұрыс нұсқаларын ұсынудан сайысқа түсті. Нәтижесінде 2041 жылы болатын Қазақстан тәуелсіздігінің 50 жылдығына арнап, «Келешекке жолдау!» атты аманат хат мәтінін үш тілде бірлесе жазып, кәсіпорын басшылығына сақтауға тапсырды.
Кәсіпорын қызметкерлерінің өзге тілдермен қатар, қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылығын арттыруда ұлттық мәдениет пен өнерді, салт-дәстүрді ұлықтаудың, оны түрлі шаралар арқылы жеткізудің мәні зор. Мәселен осыдан он жыл бұрын, облыста кенже қалған ақындар айтысын жандандыру мақсатында Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының қолдауымен облыста ақындар айтысын өткізу қолға алынған болатын. Шыны керек, сол тұста облыста айтыс ақындарының қатары тым аз еді, республикалық сайыстарға қатысатындар жоқтың қасы. Осыны байқаған кәсіпорын ұлттық салт-дәстүрді, халқымыздың бай мұрасын жаңғыртуды қолға алып, ақындар айтысын өткізуді ұйғарды. Мұндағы мақсат – ұлттық өнеріміздің аясын кеңейту үшін, талант иелерін іздеп табу, жас өренді ақындық өнерге баулу болатын. Міне, содан бері арада өткен он жылда ел ішінен небір таланттар шығып, ұмыт қалған айтыс өнеріне жан бітірді. Бүгінде олардың бірқатары – республикалық, халықаралық айтыстардың жүлдегерлері.
Өз қызметінде Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан барлық әлемге халқы үш тілді қолданатын жоғары білімді ел ретінде танылуы керек. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға табысты бірігу тілі» деген стратегиялық нұсқауын басшылыққа алған кәсіпорын қызметкерлерінің қазақ, ағылшын, орыс тілдерін үйренуіне жан-жақты қолдау көрсете отырып, Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілінің кәсіпорында кеңінен пайдалануына жол аша берері сөзсіз.

Светлана ҚАЙЫРҒАЛИЕВА,
«Теңізшевройл» ЖШС-нің үкіметпен және жұртшылықпен байланыс
бөлімінің кеңесшісі
Атырау облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.