Анығын айтатын бағдарлама

«Хабар 24» телеарнасында көрерменге жол тартқан «Анығын айтқанда» ақпараттық-сараптамалық бағдарламасының жүргізушісі әрі авторы Олжас Беркінбаевпен әңгімелескен едік… 

– «Анығын айтқанда» бағдарламасының өзге хабарлардан ерекшелігі неде?
– Бағдарламаның алғашқы саны биылғы жылдың маусым айында көрерменге жол тартты. Осындай жүгі ауыр, мүмкіндігі мол бағдарлама тізгінін сеніп тапсырған «Хабар» агенттігі мен телеарна басшылығына алғысым шексіз. Бағдарлама әр сәрсенбі күні кешкі сағат 19:30-да тікелей эфирде беріледі. Оның өзге бағдарламалардан ерекшелігі – өзекті тақырыпты талқылауға бір емес, екі спикер шақырылады. Олар тақырыптың салмағы мен өзектілігіне қарай, түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғамда айтар ойы бар саясаттанушылар және сарапшылар болуы мүмкін.
Екінші ерекшелігі, тікелей эфирді телеар­надан бөлек, әлеуметтік желілерде де көрсе­теміз. Осы арқылы «фейсбук» желісін пайдаланатын қолданушы автоматты түрде «Хабар 24» арнасының көрерменіне айналады. Бұл ұялы телефонды жиі пайдаланатын азаматтарымыз үшін өте ыңғайлы деп ойлаймын. Тағы бір өзгешелік – әрбір бағдарлама тікелей эфирге шығып, телеарнаның ресми сайты мен YouTube желісіне жүктелген соң, мәтін түрінде қағазға түсіріліп, қазнеттегі қол­данушылардың назарына ұсынылады. Оны newsroom.kz ақпарат агенттігінің сайтынан табуға болады. Бұл бұрындары «Хабар» арнасында көрермен тарапынан өз бағасын алған «Тіл» бағдарламасының газет нұсқасын оқығаннан кейін туындаған ой болатын.
– Тағы қандай өзекті тақырыптарды көтердіңіздер? Көрерменнің бұл бағдарла­маға деген қызығушылығы қандай?
– Биыл киберспорт Азия ойындарына еніп, қазақстандық спортшылар Индонезияға барып, бақ сынап қайтты. Содан кейін елімізде ресми спорт түрі ретінде мойындалған спорт тақырыбын «Анығын айтқанда» алғашқылардың бірі болып, көрермен назарына ұсынды. Еліміздің киберспорт федерациясымен және киберспорт альянсымен бірлесе отырып, бір бағдарламаны осы тақырыпқа ар­надық. Нәтижесінде көрермендер тарапынан оң пікірлер айтылды. Біз мұны әлеуметтік желілер мен YouTube парақшамыздан байқадық.
Бүгінде жаһандық мәселеге айналған Арал теңізі тақырыбы да көрермендерді бей-жай қалдырмады. «Байтақ болашақ» экологиялық альянсының төрағасы А.Әміртай мен ха­лықара­лық сарапшы Ә.Марғұлан қатысқан тікелей эфирден соң, әлеуметтік желідегі парақ­шаларыма Арал тақырыбын одан әрмен талқылауды сұраған көптеген ұсыныс хаттар келіп жатты. «Хабар 24» арнасын алыс-жақын шетелдегі қазақтар да үзбей көреді екен. Арал тақырыбынан кейін Өзбекстан мен Қарақалпақстан қазақтарынан келген хаттардан соң, оған көзім анық жетті.
Одан бөлек Парламент Мәжілісінің депутаттары Н.Сабильянов пен З.Аман­жолова­лар қатысқан Парламенттің жаңа маусымы мен халықты емханаға тіркеу кампаниясы тақырыбы да өзекті болды деп ойлаймын.
– Бағдарлама қалай әзірленеді?
– Бағдарлама қазақ және орыс тілдерінде шығады. Орыс тіліндегі нұсқасын танымал экономист және қоғам белсендісі Рахым Ошақбаев жүргізеді. Әр бағдарламаның тақырыбы мұқият талқыланып, продюсер мен бас редактор тарапынан мақұлданған соң, жоба координаторларымен бірлесе отырып, сарапшылармен және түрлі ғылыми-зерттеу орталықтарымен, сондай-ақ Мемлекеттік органдардың баспасөз-хатшыларымен келіссөз жүргіземіз. Келетін қонақ нақтыланған соң, тақырыпты тағы бір пысықтап, режиссерлермен және интернет редакцияның қызметкерлерімен тізе қосып, бағдарламаға қажетті графикаларды әзірлеп, әлеуметтік желілердегі парақшаларға тікелей эфирге шығу мәселесін бір жүйеге келтіреміз. Бағдарлама сәтті өтіп, студиядан шыққан бетте келесі бағдарлама тақырыбы мен келетін қонақтарды іздестіре бастаймыз. Себебі бір апта – тым қысқа уақыт және түрлі маңызды жаңалықтар болып жатады. Соның ішінен өзектісін іліп алып, көрерменге ұсыну – оңай шаруа емес.
– Алға қойған жоспарларыңыз қандай?
– Алға қойып отырған жоспарлар мен тың идеялар баршылық. Әлеуметтік желідегі және интернеттегі белсенділігімізді күшейтсек деген ойымыз бар. Көрермендер мен оқырманға толыққанды ақпарат жетуі үшін конвергентті журналистиканы мүмкіндігінше қолданғымыз келеді. Бәлкім, бағдарламаның бүкіл санын түгел жинап, арнайы интернет парақша ашып қалуымыз да мүмкін.
Аталған бағдарлама атынан Джидда қаласына жол жүргелі отырмыз. Ислам конфе­­рен­циясы ұйымы әлемнің түкпір-түкпі­­рінен келген журналистерге арнап, Халықара­­лық семинар-тренинг өткізбек. «Хабар 24» арнасының атынан қатысып, ол жақтан көргеніміз бен үйренгенімізді жүзеге асырсақ деген жоспарымыз бар. Ең бастысы – «Хабар» агенттігі мен телеарна басшылығы тарапынан түрлі идеяға қолдау бар, тек оны жүзеге асырып, аянбай жұмыс істеу қажет.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Гүлнұр ДОСБОЛ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.