АЛМАТЫНЫҢ БҮГІНІ мен КЕЛЕШЕГІ

Ақбота ҚУАТОВА
«Ана тілі»

Алматы қаласы Қазақстандағы жалпы ішкі өнімнің 20,9 пайызын иеленіп отыр. Соңғы 10 жылда қала көлемі 2 есеге өскен. Жаңадан Алатау және Наурызбай аудандары құрылды. Алдағы уақытта Алматы қала ішіндегі аудандарды дамытуға ден қоймақ. Бұл шаһар тұрақсыз экономикалық жағдайға қарамастан мегаполис бизнес-бастамалар үшін келешегі мол инвестициялық алаң болып қала береді. Бұл туралы Елбасы Н.Назарбаев өз сөзінде: «Алматы – Орталық Азияның інжу-маржаны. Алматыда тұрған немесе оған келіп кеткен адам ғажап таулары мен тамаша климатын ешқашан ұмытпайды. Бұл мегаполис Қазақстан тәуелсіздігінің алтын бесігі – республикамыздың жаңа тарихы басталған жер. Қала еліміздің мәдениет, қаржы және спорт орталығы болып саналады. Ел экономикасының 20 пайызы Алматыға тиесілі. Мен мұнда келген сайын оң өзгерістерді көремін. Қаланың дамуы әрдайым менің жеке назарымда және мемлекеттің басымдығы болып саналады» деген еді.

Оң өзгерістер жолында

Орталық Азия өңірінің ірі және барынша дамыған мегаполисі бола отырып, Алматы халықаралық ұйымдар­дың, қаржы институттары мен ірі ком­па­ния өкілдерінің орна­ласқан орталығына айналды. Халықаралық ынтымақтастық үшін Еуразиялық экономи­калық одақ және дүниежүзілік сауда ұйымы шеңберінде халықаралық ынтымақтастық үшін едәуір мүмкіндік беріліп отыр.
Бүгінгі таңда Алматы әлем мега­полис­терінің ғаламдық бәсеке­сіне қатысуда, бұл көптеген бедел­ді ха­лық­аралық рейтингтерде көрініс табуда. Экономикалық ин­ди­катор­ларды бағалайтын индекстерде (макро­эко­номикалық көр­сет­кіштер – ІӨӨ-нің өсуі, инфляция, жұмыссыздық және т.б. капиталды тартуға, бизнесті дамытуға қабі­лет­тілік) Алматының дамуы орташа мега­полистердің деңгейіне сәйкес келеді.
Ғаламдық контексті және дамудың қазіргі заманғы тенденцияларын ескер­сек Алматының негізгі міндеті – қа­лалықтар үшін өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз ете отырып, Қазақстанның экономикалық өсі­мінің негізгі драйверлерінің бірі болып алдағы уақытта да қала беру. Белгіленген мақсаттарға қол жеткізудің құралы – еліміздің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына сәйкес әзірленген «Алматы — 2020» бесжылдық даму Бағдарламасы. Бағдарламаны іске асырудың негізі – Бес институционалдық реформа және Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары.
Статис­тикалық деректерге сүйен­сек, 2018 жылғы қаңтар – қазан айла­рында 1427,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ал 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 17,4%-ға артық. Бөлшек тауар айна­лы­мының көлемі 11,4%-ға өсті және 2348,8 млрд теңгені құраған. Көтерме тауар айналымы 8487,6 млрд теңгені құрады немесе 2017 жылдың сәйкес мерзімімен 101,6%.
Тұтыну бағасының индексі 2018 жылдың қазанында 2017 жылдың желтоқсанына 103,8%-ды құрады, оның ішінде азық-түлік тауарлары бойынша – 102,8%, азық-түлік емес тауарлары бойынша –105%, ақылы қызметтер бойынша –103,8%-ды құрады.
2018 жылдың 1 қазанына қаланың жұмыспен қамту Орталығы арқылы 33123 адам іс-шаралармен қамтылды, оның ішінде 16522 адам жұмысқа тұрды, әлеуметтік жұмыс орындарына 925 адам, жастар тәжірибесіне 1202 адам қатысты, кәсіби оқуға 3047 адам жіберілді. Қоғамдық жұмыстарға 3892 адам қатыстырылды.
Жуырда қалаға жұмыс сапарымен келген Елбасы «Алматы өмір сүруге жайлы, тұрмысқа қолайлы қала ретінде одан әрі дамуы тиіс» деді. Осы орайда қала әкімі Бауыржан Байбектің сөзін келтіре кетсек:
«Біздің міндетіміз Алматыны жайлы, ыңғайлы ету және әр адамның тұрмыстық жағдайын жақсарту. Ол үшін қалада жыл сайынғы эконо­микалық өсім орта есеппен кем дегенде 5% болуы, еңбек өнімділігі 2 есе артуы, 15 жылға жан басына шаққанда ЖӨӨ 1,5, 30 жылға 3 есе өсуі тиіс. Мұның басты шарты экономиканың құрылымын жүйелі өзгерту болып табылады. Сарапшылардың болжамы бойынша 2035 жылы Алматы тұрғындарының саны 3 млн адамнан асады. Демек, қаладағы экономикалық белсенді тұрғындарының қатары 700 мыңға көбейеді, оларды IT секторында, білім беруде, денсаулық сақтауда, инжинирингте, жоғары технологиялы өндірісте, өнерде, туризмде жұмыспен қамту қажет. Ал бұл үшін қолайлы инновациялы экологиялық орта, ОЭСР елдеріндегідей жоғары сапалы білім мен денсаулық сақтау қамтамасыз етілуі тиіс» деді.
Алматының экономикасы мен дамуында өзіндік орны бар «Алатау» инновациялық технологиялар паркі – қаланың басты драйвері. Ғылым мен озық технология барлығы осында тоғысқан. Индустриалды паркте «Tokya Rope Almaty» зауыты мен кабель өткізгіш өнімдер шығаратын ресейлік «KMK Investment» зауыты жұмыс істейді. Оның біріншісі әлемге әйгілі «Токиороуп Мэнуфэкчуринг» корпорациясының еліміздегі бөлімшесі. Алып корпорация ірі жобаларға арнап өнім әзірлейді. Соның бір мысалы – құрлық арасын жалғайтын көпірлер. Зауыт жылына 17 мың тонна түрлі мыс өнімдерін шығарып, экспортқа жөнелтеді. Тау-кен өндірісі мен төтенше жағдайлар қызметінде жоғары сұранысқа ие. Ал екіншісі Қазақстан мен Ресейге ортақ жоба. Өндірістік кабель желілерінің сан алуан түрін шығарады.
Расымен, Алматы қаласы соңғы жарты жылда адам танымастай өзгерген. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар көбейген. Яғни даниялық сәулетші Ян Гейлдің жобасына сәйкес, қаланы тұрғындарға қолайлы ету тұжырымдамасы сатылай жүзеге асырылады. Жалпы мегаполис бойынша ұзындығы 160 шақырым болатын 150-ден астам көше жөнделіпті. Соның ішінде ерекше атап өтері – Абай және Нұрсұлтан Назарбаев даңғылдары. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар кеңейтіліп отыр. Веложолақтар спортпен белсенді айналысатындар үшін өте қолайлы. Осылайша, қаланың тарихи бөлігі саналатын жерлер адам ­танымастай түрленген.
Қала кеңістігін жақсарту аясында мегаполистің тарихи орталығының үштен екісі жаңарды, 524 көше мен 1400 ескі аулалар қайта жасалды. 300 км арық, 800 км астам инженерлік жүйе реконструкцияланды. Қаланың барлық жер асты жолдары күрделі жөндеулерден өтті. Көшедегі барлық жарық көздерінің үштен бірі диодты және энергияны сақтайтын шамдарға ауыстырылды. Тротуарлар мен аулалардағы жарық бағаналары ауыс­тырылуда. Жыл аяғына дейін жаңа қоғамдық көліктің үлесі 80%-ға жетеді.
Қоғамдық көліктерге де қатысты өзгерістер жетерлік. Жүрдек автобустарға арналған дәліз жүйесі – қаладағы қоғамдық көліктердің жүктемесін азайтып, жолаушыларды діттеген жеріне тез жеткізуде таптырмайтын жүйе. Жылдамдығы жоғары автобустарға арналған дәліз әлемдегі ірі мегаполистерде бұрыннан қолданыста бар. Алматыда көлік нөпірін азайтып, экологиялық ахуалды тұрақтандыру өзекті. Қала басшылығы осы бағытта қоршаған ортаға зияны тимейтін қоғамдық көліктерді көбейтіп отыр. «FalkonEurobus» – Қазақстан, Германия және Гонконгтың бірлескен жобасы. Жылына 100 электро-автобус құрастырады. Көліктерді Еуразиялық экономикалық одаққа өткізу тиімді.

Сандық технологиялар – заман талабы

Алматының бас жоспары ­бо­йынша 9 қабатты су жаңа ғимарат жаңа­дан салынған. Мұнда цифрлы геоақпараттық орталық жұмыс істейді. Кез келген адам Алматыдағы сәулет өнері мен қаланың қалыптасу тарихымен 3D форматында таныса алады. Қалада тұрғызылатын ғи­мараттардың сыртқы келбеті жаңаша сандық технологияларымен жабдықталмақ.
Мемлекет басшысы «Қазақстан­дықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты халыққа Жолдауының басты бағыттарының бірі – урбанизация мәселесін ойдағыдай шешу мен қалаларды одан әрі дамыту. Қазіргі кезде әлемдік экономиканың 70%-ы қалаларда қалыптасады, Алматы осындай 600 мегаполистердің қатарына енген.
Алматы әкімі Мемлекет басшы­сы­ның тапсырмасы бойынша ха­лықаралық кеңесшілермен бірге ме­гаполистің ұзақ мерзімді болашаққа болжамы – Қаланың 2050 жылға дейінгі дамуының Шеберлік- жоспарының жасалып жатқандығын айтты.
Қазіргі кезде Алматы экономи­касының 80%-дан астамы – сауда мен қызмет көрсету. Соңғы жылдары Алматы әкімдігі сауда саласын көлеңкеден шығару үшін жүйелі әрі тұрақты шараларды жүзеге асыруда, базарлар модернизациялануда. Тек соңғы 3 жылда сауда саласын дамытуға 240 млрд теңгеден астам жеке қаржы жұмсалды.
«Цифрландыру – экономиканың ашықтығын қамтамасыз етудің, бюрократтықты, азаматтардың және бизнестің кедергілерін жоюдың ең ұтымды механизмі. Қазіргі кезде Алматыда «Smart Almaty» 40-тан астам жобасы жүзеге асуда. Ситуа­циялық орталық пен BigData жұмыс жасай бастады. «Оңай» мен «А-пар­кингтің» төлемді жүйелері іске қосылды. Нәтижесінде 9 ай ішінде салық түсімі өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,7%-ға артып, 1,3 трлн теңгені құрады. Өз кезегінде салықтың көп жиналуы биз­неске қолдау көрсетуге және қала тұрғындарының әлеуметтік шығын­да­рына жұмсалатын қаржыны арттырады» деп атап өтті қала әкімі.
Айта кетерлігі, биылғы жылы «Нұрлы Жер» бағдарламасы бойынша 6 мың отбасы жаңа пәтер алады, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. «7-20-25» бағдарламасы белсенді жүзеге асуда. Ескі үйлерді модернизациялаудың инвестициялық әлеуеті 320 млрд теңгені құрайды. Алдағы бес жылда жеке инвесторларды тарта отырып 23 мың жаңа пәтерді іске қосу жоспарланған.

ТҮЙІН: Қаланың дамуына бағытталған шаралардан байқап отырғанымыздай, Алматы заман талабына сай өркендеп келеді. ­Алматы – барша қазақтың мақтанышы Алатаудың алтын алқасы. Оның көркіне, қайталанбас сұлулығына қызықпайтын, таңғалмайтын ел жоқ. Өсе бер, өне бер, сәулеті мен дәулеті келіскен әсем қала!

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.