Жаңашылдық жасампаздығы

Шыны керек, қазіргі таңда қазақстандықтардың санасына салмағын батырған басты тақырып – баспана мәселесі. Пәтер жалдап, бірді-бірге жалғап жүрген көптеген отандастарымыз бір бөлмелі болса да тұрғын үйге ие болу үшін күн-түн демей еңбектенуде. Нарық заманында қарапайым халықтың тірнектеп жиғандары баспана құнына жетпей, көптеген азаматтардың салы суға кеткені де белгілі.
Бұл түйткілді мәселенің шешімін Елбасы Н.Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуінде көрсетті. Ол – «7-20-25» бағдарламасы.

Аталмыш жоба жөнінде естіп, біл­гендер аз емес. Бағдарламаның ба­ғытын бағдарласақ баспана алуға берілетін несие өсімінің мөлшерлемесі 14-16 пайыздан 7-ге төмендетіліп, үстеме қаржы көлемі екі есеге азайтылды. Бұл әр қазақстандықтың қалтасына түсер жүктің салмағын кемітті. Сонымен қатар банктер баспана иемденуге бағытталған бастапқы жарнаға үйдің құнының 30-дан 50 пайызын салуды талап етсе, енді осы бағдарлама арқылы алғашқы төлем 20 пайыздан аспайтын болды. Сондай-ақ несие алушының ай сайынғы салым мөлшерін азайту мақсатында қарыз алу мерзімі 10-15-тен 25 жылға дейін ұзартылды.
Ендігі сауал, «Кім, қалай, қандай бағамен пәтер алады?»
Жаңа ипотекалық бағдарламаға Қазақстанның кез келген қаласындағы тұрақты жұмысы немесе бизнесі бар адам қатыса алады. Бірақ олардың атына тіркелген баспанасы болмауы шарт. Және де несие тарихы барынша «таза» болу керек.
Қарыз алуға өтініш берген адамның жеке басының мәліметтері ғана қаралады. Өз атына тіркелген жылжымайтын мүлігі жоқ болса жеткілікті. Ал жақын туыстарының, балаларының, әйелінің немесе күйеуінің, ата-анасының атындағы баспана бағдарламаға қатысуға кедергі бола алмайды.
Жаңа тұрғын үй бағдарламасының операторы ретінде жаңадан ұлттық компания құрылды. Ол Ұлттық банктің еншілес «Баспана» деп аталатын компаниясы. «Баспана» операторы «7-20-25» бағдарламасы арқылы ипотека беретін 7 банкпен келісімшартқа қол қойған.
Олар: Центркредит, Евразия банкі, АТФ банк, RBK, Халық банк, Цесна банк және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі. Енді аталған банктердің бөлімшелеріне барып, жаңа ипотекалық бағдарламаға құжат тапсыра берсеңіз болады. Жыл соңына дейін бұлардың қатарына Сбербанк пен Форте банк қосылады.
Ең басты жаңалық – бастапқыда бағдарлама арқылы тек жаңа үйлердегі пәтерлер ғана сатылады. Екінші деңгейлі пәтерлерді сатып алу бағыты кейін жүзеге асырылмақшы.
Ұлттық банк пен Үкімет құрылысы толық аяқталмаған және құжаты ­дайын емес үйлердегі пәтерлерге ипотека берілмейді дейді. Ипотека алу үшін банкке барғанда үйдің құжаты міндетті анықтама болып есептелген. Сондықтан «7-20-25» бағдарламасы арқылы үй аламын десеңіз, қалаңыздағы жаңа тұрғын үй кешендерінен пәтер іздеу керек.
Үй құжатынан басқа, азаматтың кірісі туралы анықтама, басында басқа ипотека бойынша қарызы жоқ деген мәлімет және жазғанымыздай, баспанасы жоқ екендігін растайтын анықтама әкелу керек.

А. ЕСЕНБЕКОВ
Алматы облысы

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.