ПАРАСАТ ПЕН ҒАРАСАТ

Вячеслав ОГРЫЗКО,
«Литературная Россия»
газетінің Бас редакторы

(Соңы. Басы өткен сандарда)

«Абайды» Сталиндік сыйлыққа ұсынудағы тағы бір талпыныс

1945 жылдың басында ҚазХалком кеңесі кезекті мәрте Әуезовті Сталиндік сыйлыққа ұсынуды қолға алды. Тағы да жазушының жолы болмады. Енді, оның кандидатурасына Александр Фадеев қарсы шықты. 1945 жылғы 20 наурыздағы Сталин сыйлығы бойынша Комитеттің пленумында ол былай деп мәлімдеді:
«Қазақ прозасы үшін бұл шығарма дара және мағыналы, өйткені Қазақстанда проза болған емес және Әуезов ондағы бірден-бір мәдениетті, аса білімді жазушы. Бұл дүние үлкен жүрекпен, талантты жазылған. Қазақстан туралы жазылғандар тым аз. Тайпалар тартысы, әлеуметтік байланыстар, орыстармен қарым-қатынас өте бедерлі, күшті бейнеленген. Мінез-құлықтар қызық, әйтсе де бірінші том сюжет жағынан үзіліп қалған сымдай. Сюжет жүйесі жоғалып кетеді. Абайдың өзі әлі Абай емес, ол небәрі 25 жасқа толып, жазбаған кезі. Әуезов қартайып тұрған жаста емес, еңбек ете берсін. Шығарма шикі» (РГАЛИ, ф.2073, оп.1, д.11, 13 б.).
Сыйлық бойынша Комитет пленумы­ның ресми қатарында «Абайдың» бірін­шіден аударма жұмысының аяқталмағаны, екіншіден кітаптың тек бірінші бөлігі ғана жарияланғандықтан шегерілгендігі айтылады (РГАЛИ, ф.2073, оп.1, д.15, 4 б).
Есесіне, Әуезов кандидатурасын ­Сталин сыйлығы бойынша комитетте бірнеше мәрте ұсыну Мәскеудің «Октябрь» журналы редакциясының тарапынан қазақ жазушысының романына қызығушылық туғызды. Онда да аударма сапасымен қанағаттанбай, қолжазбаны талапқа сай орындауға Әуезовтің өтінішімен жазушының сыралғы досы Леонид ­Соболев кірісті. «Абай» романының бірінші бөлігі 1945 жылғы «Октябрьдің» жетінші, сегізінші кітапшасында шықты. Екі санда да редакторлар Соболевтің редакциялық етуімен мәтінді орыс тіліне А.Никольская мен Т.Нұртазин аударды деп көрсетті (Истрина мен Мүсіреповке ешкім сілтеме жасамайды).
Сол 1945 жылы «Абайдың» бірінші бөлігі «Советский писатель» баспасынан жеке кітап болып шықты. Кітап ішінде романды Соболев басшылығымен аударғандар А.Никольская мен Т.Нұртазин деп нұсқалаған. Уақыт ағымында кейбір басшылықта Әуезовті тағы Сталин сыйлығына ұсыну ойы туды. Ұсынушылар туралы мәселе Кеңес жазушыларының 15 наурыз 1946 жылғы Президиумында қаралды. Әйткенмен, Президиум тек қағаз жүзінде өтті. Шын мәнінде отырысқа күллі орынбасарлар, көмекшілер және түрлі жолбикелер келді. Негізгі айқас ­Федор Панферов, Аркадий Первенцев, Вадим ­Кожевников және басқа да адамдардың кандидатурасы айналасында болды. Әдеби кеңсе шенеуніктері ұлттық әдебиет оларды толғандырмайтынын жасырған жоқ. Пақырлар жасырын ойын ережесін сақтап, тізімге небәрі екі-үш республика өкілдерін қосуға дайын еді.
Мифтік Президиум республика кандидаттарын әбден сілесі қатып шаршап, отырыс шымылдығын жабар кезде талқылады. Қыс­қаша хабарды «Советский писатель» бас­пасының қызметкері С.Бородин ­жасады.
«Біздің баспада, – деп түйді ­Бородин. – Өндірісте үш кітап – М.Әуезовтің «Абайы», Айбектің «Науайы» және Зарьянның «Пап патшасы» жатыр. Бұл үш кітаптың бәрі тізімде бар, олардың бәрі бұл жиналыс үшін мүлде әртүрлі реңк алады. Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы оның шығармасының бірінші бөлігі болып табылады және ол Абайдың жас шағын қамтып, характерлер қалыптасуын қадағалайды. Сөйтіп, еңбектің ең жауапты бөлігі автордың тартпасында жатыр және ешкімге белгісіз. Сондықтан маған еңбектің бірінші негізгі бөлігі аяқталмағандықтан «Абайдың» алғашқы жартысын талқыға ұсынуға болмайтын еді деген ой келді» (РГАЛИ, ф.631, оп. 15, д. 769, 59 б).
Одан соң отырысты басқарып отырған Михаил Добрынин сөз қыстырды. Бұл сыншы белорус әдебиетінің маманы болып саналатын. Белорус қаламгерлері өз шығармашылықтары туралы оның мұрнына иісі де бармайтынын айтатын. Жазушылар одағынан Дмитрий Поликарпов­ты шығарғаннан кейін ОК үгіт-насихат бөлімі Добрынинді шығармашылық ұйым­ның жауапты хатшысы етіп бекітті. Ол бұнда өзін асқақ ұстады. Бірақ аса ас­тамшылық оның болмысына бітпеген еді.
«Әуезов романының («Абай» романы) бас кейіп­кері әлі қалыптасу үстіне екені ақиқат, – деді Добрынин. – Абай әлі ашылған жоқ. Әуезов жағдаяттардың жай-жапсары мен әкесі туралы жазбағанда да бұл бөлім бәрі­бір қызық көрінетінін пайымдап көріңіз. Ол 1945 жылы шыққан еді. Оны қалай 1946 жыл­ға бөлуге болады» (РГАЛИ, ф.631, оп. 15, 769, 60б.).
«Екінші бөлімі жазылып болғанда тапсырамыз» деп жауап қатты Добрынинге Бородин.
Одан кейін тағы бірі эстетика маманы Иван Астахов бес тиынға татымайтын сөзді қойып қалды: «Мен Абай туралы пьесаны білемін, – деп көкіді бұл қайраткер. – Ойы түгел айқын. Оның түп қазығы Абай дарынды ақын болып, халық жүрегіне жол тауып, халықтың тілін бойына сіңіріп, сонымен қатар өз халқының кеңес халқымен терең, дұрыс ілгерірек қарым-қатынас орнатуға саяды. Абай шығармашылығының альфасы мен омегасы, міне, қандай. Бұл кітапта бар идея соған шоғырланған болса да, осы идеяны мінездей алмайды, тіпті оның ишарасы да байқалмайды. Бұл шығарманың талантты жазылғанын лайықты бағалай отырып, біз ұлттар әдебиетіне мән-мағына беруді ескере отырып, идеясының нобай-сызығы да жоқ дүниеге баға беруге қалай дәтіміз баратынына таңғаламын. Қырсық шалмаса Мұхтар Әуезов екінші бөлімін жазып бітіргенде ғана қара қылды қақ жарғандай қазылық еткеніміз ләзім» (РГАЛИ, ф.631, оп. 15, д.769, 62-63 б.).
Осындай бөстекі сөздерден кейін Әуезов Сталиндік сыйлыққа ұсыныл­ған­дардың ішінде болмағаны түсінікті. Бір­неше айдан кейін аспаннан шұға жауғандай болды. Әуезовті жапа-тармағай мақтай бастады. «Литгазетада» В.Жирмунский, К.Зелинс­кий, «Новый мирде» Л.Климович, «Из­вес­тияда» П.Скосыров қолды-аяққа ти­гізбеді. Жазушы даңқ пен абыройға бөленді.

Қауесет қаупі

1947 жылғы 21 ақпанда жай түскендей күн күркіреді. Бұл күні Қазақстан Компар­тия­сы Орталық Комитеті Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл мен әдебиет инс­ти­ту­тының жұмысындағы сыңаржақ саяси қателер туралы қарар қабылдады. Бұл ­құ­жатта жеке Әуезовтің өз басына көп тиісті.
«Қазіргі Қазақстан жазушыларының көрнектілерінің бірі – өткендегі М.Әуезовтің буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған антикеңестік әдеби қызметіне тікелей мақсатты түрде сипаттама берілмеді» деп атап өтілді қарарда.
Сонан соң, ықпалды шенеуніктердің әл­­­декімі Әуезовке жазушының ешнәр­се­­ден секемденбеуін айтты. Небәрі оны пар­­­­­тия­лық қаулыға қосып жазды, әйтсе де, одан ешқандай қорытынды жасауға болмайды.
Айтқандай, жазушыны екі айдай қоз­ғаған жоқ. Анықталғандай, қарсы қауесетті дабырайтып таратқан білетін адамдардың айтуынша, Әуезовке түк жаманшылық ойламайтын ВКП (б) ОК үгіт-насихат басқармасының бастығы Георгий ­Александров болып шықты. Бірақ 1947 жылдың басында Александровтың өзі тырнағына ілініп тұрды. Бұл жоғарғы лауазымды партия қолғанаты ол кезде балға мен төс арасында болып еді. Бір жағынан ол тікелей ВКП(б) ОК хатшысы Ждановқа тәуелді болса, екінші жағынан – Ждановтың емес, көбісі Маленковтың адамы деп есептейтін. Сұмдық сәт пайда болды: мырзалар қырқысқанда, құл-құтанның төбе шашы тік тұрды.
Кремльдегі күштердің салмағын безбендей келіп, Қазақстан басшылығы Ждановқа арқа сүйеп, 1946 жылдың екінші жартысында Жданов ұдайы сілікпесін шығаратын Ахматова мен Зощенко тарихымен ұштастырып, Әуезов ісін соған жатқызуға тырысты. Мәскеудің ыңғайына жығылып, Алматы атқамінерлері Әуезовті құртуға пәрмен беруге ыңғайланды. Құны­кер міндеті таяудан бастап жазушының сенімді серігі болып саналатын Бәйішевке тапсырылды. 1947 жылғы 14 наурызда бұл қайраткер суреткерді жергілікті баспасөзде масқаралық бағанына жапсырды. Әуезов күйініп, Сталиннің өзіне жазуға бекінді.
«Қазақ Республикалық «Социалистік Қазақстанның» осы жылғы 14 наурыздағы жолдас Бәйішевтің мақаласында маған ауыр кінә тағып, 30 жылдық бүкіл жазушылық, ғылыми-зерттеушілік және Қазақстан жоғары оқу орындарындағы 15 жылдық қызметіме күйе жағып, жүйелі түрде табанды антикеңестік әрекетке балайды.
Бұл мақаланың негізі нақты, қатал талапшыл, большевиктік шынайы сын емес, беделді республикалық басылымның беттерінде адал кеңес жазушысы, мәдениет майданы қайраткері, шынайы кеңес азаматын анайы айыптау тұрғысына құрылған – бұл жарияланым тапсырыспен және қорлайтын мақсатта туып отыр. Менің қызметімді және жеке басымды қатыгез мұқатуға келіспей, қайсыбір ресми тәсіл­дер­мен әрекет ете алмағандықтан, өмірдің бұндай төзгісіз жағдайында, мен сияқты бүкіл партиядағы, партиясыз қызмет­кер­лердей сіздің құзырыңызға жүгініп отырмын.
Кеңес жазушылары, ғалымдарының әкесі әрі досы ретінде өзімнің кеңестік ­Отаныма ың-шыңсыз қызмет ете беру үшін менің қызметімді, мәдениет майданының қарапайым еңбеккерінің есімін ақтап алуға көмектеседі деген өтінішпен Сіздің әділ және жоғарғы қазылығыңызға салып жүгініп отырмын».

Мәскеудің  майшелпегі

Кейбір жанама мәліметтер бойынша, 1947 жылы жазда Әуезовтің тағдырын Литваның шығармашылық пен ғылыми ортасында осындай дау-дамайда аздаған тәжірибе жинақтаған ВКП(б) ОК жаңа хатшысы Михаил Суслов шешті деседі. Жаңа жел соғысының лебін сезініп, сол кездегі Қазақстан басшысы Шаяхметов атақты авторды талауды тоқтатуға пәрмен береді. Алматыда жөпелдемеде қазақ тілінде «Абайдың» екінші томын шығарды. 1947 жылға қарсы «Литературный Қазақстан» альманағында, Мәскеудегі «Дружба народов» журналында, Мемәдеббаспасы мен «Советский писательде» төрт мәрте орыс тілінде жарияланып үлгерді. Білетін адамдардың айтуынша, бұл томның аудармасын жасаған Никольская еді. 1948 жылдың тамызында Республика Жазушылар одағы Әуезовті Сталиндік сыйлыққа ұсынуды ұйғарды. Расымен де, Қазақстанның әдеби қаймақтары «Абайдың» авторынан басқа ұсынушылар қатарында С.Мұқанов пен Ғ.Мұстафинді кіргізді. Өз бастамаларын Қазақстан әдебисардарияты ресми түрде 1948 жылғы 11 желтоқсанда толтырып, соған сәйкес құжаттарды Сталиндік комитетке жолдады. Орталық баспасөз Әуезовке қандай мақтаусөз ­айтты? Оны мақтады, нақтылап айтсақ, Зоя ­Кедрина «Правдада», В.С.Иванов «Литгазетада» аяғын жерге тигізбеді. Онан соң ­Шаяхметов те қыбырлай бастады. Оның бастамасымен республиканың ОК шешім қабылдады: «ХІХ ғасырдың ортасындағы қазақ халқының өмірі туралы баяндайтын Мұхтар Әуезовтің «Абай» романы қазақ кеңес әдебиетінің үздік шығармасы болып табылады. Автор социалистік реализм аясында қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған ағартушы-ақын Абай Құнанбаевтың жарқын да шынайы бейнесін сәтті жасаған. Қазақстан БКП(б) ОК жазушы Мұхтар Әуезовтің «Абай» романын 1948 жылғы әдебиет бойынша Сталиндік сыйлыққа ұсынуға қарар қабылдады». Сонымен бірге 1949 жылғы 17 ақпанда Әуезовтің кандидатурасын бұрынғы ОК үгіт-насихатының басшыларының бірі А.Еголин басқарған М.Горький атындағы әлем әдебиеті институты да ұсынды. Сталиндік Комитетке өз өтінішін Кеңес Жазушылар одағы президумы да (қол қойған Анатолий Софронов) жолдады.
Бұнда тағы бір сәтті айта кету орынды сияқты. Сол кездегі ереже бойынша Ста­линдік комитетке басқа әртүрлі құ­жат­­тармен қосып, ұсынылған адамның өмірбаянын тапсыру керек еді. Сөйтіп, міне, Әуезов 1930 жылғы қамау, басқа уақыттағы қатаң бақылауда болған шырға­лаңдар туралы бір ауыз сөз айтыл­маған өз өмірбаянының сол нұсқасын жіберді. Неге өйтті? Бұл үкімет жазушыға бәріне қол сілтеп өткен жылдардағы қа­маудың барлығын кешірді деген сөз бе?

Түйін

Ресей Мемлекеттік академиялық әдебиет институтының директоры табан астында Әуезов туралы мағлұматтардың біраз бөлігін құпия қалдырды. Неге? Бұл өзімбілер мен өркөкіректің қолын кім қағады?
Бұл санның жарыққа шығуына қол қойған кезде РГАЛИ директоры ­Татьяна Горяева бұл автордың қаперіне хат жазып, осыдан бастап 75 жылға дейін барлық зерттеушілерге 2073 қордың, оның ішінде 9 хаттама істің 3 бабы жабылатынын хабарлаған болатын. Бұл қорда ресейліктер мен қазақтар әзір білмеуге тиіс көп мағлұмат сақталып тұр-мыс. Әйткенмен, бұл бумада әлдекімнің жеке бас тіршілігіне қатысты жасырын сыр да, құпия хабар да жоқ. «Бұдан 2073 қордың 3 бабы, 9 хаттама істе көптеген құжаттардың үзіндісі мейлінше мол келтірілген «Қазақстан шенеуніктерінің Мәскеуге шабуылы» атты зерттеуді оқып шыққанның өзінде көзі оңай жетеді. Бәлкім, Горяеваны қайсыбір ашкөздік пен кекшілдік әуендері билеп кеткен шығар. Одан неге Россия мен қазақ оқымыстылары зардап шегуі тиіс? Сауал: қашанға дейін Горяева жігерсіздік танытып, өзімбілермендікке салына береді? Қазақтың ұлы классигі Мұхтар Әуезов туралы оқушы әлем ешнәрсе білмеуіне жанын салатын Горяева, Злобин, Яковлевтей қызметтегі «әулие үштікке» Росмұрағаттың жетекшісі Артизов қалай төзеді?

«Абайдың» негізгі аудармашыларын көрсетуге баспалар неге енжар

1949 жылдың басында Әуезов бірінші дәрежедегі Сталиндік сыйлықты алды. Табанда «Абайдың» екі кітабын қайта бастырудың мәселесі туды. Мәскеудің сауысқаннан сақ редакторлары Әуезов романының орыс тіліне аударған екі ­аудармашы да әдебиетші Никольская мен Нұртазин бұрын қуғынға ұшырап, әлі сотталғаны алынбағанын қазбалады. Сақтануды мақұл санап, «Советский ­писатель» баспасы 1949 жылғы жазда «Абай» романын жарыққа шығаруда сыртына қазақшадан авторлық аударма деп қысқаша хабармен шектеліп, аудармашылардың әкесінің атын көрсетпеуді ұйғарды. «Молодая гвардия» баспасы басқа жолға түсті. Сол 1949 жылы ол «Абайдың» сыртында шын аудармашылардың есімдерін жасырып, аудармасымен қазақшадан Леонид Соболевтың редакторлығымен шықты деп хабар берді.
Бір жорамал былай. 1949 жылы «Абайдың» алғашқы екі кітабының қайта басылымын көргенде Никольская қатты қабарыпты. Ол шағым жазғандай. Кеңес Жазушылар одағы бас хатшысының орынбасары Константин Симонов комиссия құрыпты. Бірақ КЖО (Кеңестік Жазушылар одағы) аппаратының қызметкері С.Евгенов жанжалды өршітпеуге тырысыпты. Жалпы Никольскаяның қолы ешнәрсеге жетпепті. Өзге жорамал бойынша, ешқандай шағым болмағандай. Жай ғана Симонов бір жыл бұрын Никольскаяға Жазушылар одағына кіруге көмектесіпті.

Абай туралы үшінші кітаптан эпопея

1949 жылғы көкекте Алматының бір журналында Абай туралы эпопеяның үшінші кітабы қазақ тілінде «Ақын аға» деген атпен жарияланды. Шамамен сол шақта жаңа романның жолма-жол аудармасы да дайын болған еді. Жеме-жемге келгенде оны кім орындағанын әзірше анықтай алмадым. Тек бір ғана белгілісі жолма-жол аударманы Әуезовтің жасамағаны.
1949 жылдың 9 шілдесінің өзінде Вадим Кожевников қазақ жазушысымен басқа атпен «Абайдың кемел кезі» көлемі 13 баспатабақ жаңа кітабына келісімшартқа отырды (РГАЛИ, ф.618, оп.18, д.2, 5б.). Ол келісімшартта үшінші кітаптың жолма-жол аудармасын кім жасайтыны көрсетілмегені айқын. Жұрт қауесет қылғандай, ­Никольская Абай туралы екі кітапта алғашқы өзінің есімі тұрмаған соң қытығып келесі романға барудан бас тартқан дейді. Тығырыққа тіреліп жазушы тағы да Леонид Соболевке барды.
1950 жылы 7 наурызда Кожевников­тың орынбасары – Людмила Скорина екі шартқа, біреуі Әуезовпен, басқасы Соболевпен қол қойды. 9 шілде 1949 жылы жойылған шарттың есесіне Әуезов «Знамяның» редакциясына ­Леонид Соболевтің аудармасымен көлемі 15 табақ болатын «Ақындар ағасы» деген атпен 1950 жылғы 1 тамызға дейін өткізуге Әуезов келіседі (РГАЛИ, ф.618, оп.18, д. 3, 2б.). Оқиға ушыға бастады. Кейбір жанама жарияланымдардың негізінде Соболев құйтыңдап, аударма мерзімін ұзартып, дер кезінде ұзақ уақыт Соболевке қолжазбаның дайын үзінділерін бермегендіктен Әуезов кінәлі болып шықты.
Осылай сөзбұйдалыққа кімнің кінәлі екенін түсінбей, «Знамя» проза бөлімінің меңгерушісі Василий Катанов 1949 жылғы 14 желтоқсанда жазушыға хат жазды:
«Ғизатлы Мұхтар Омарханұлы!
Ғафу етіп, Л.Соболевке романыңыз­дың үшінші кітабының жаңа тарауларын қашан беретініңізді хабарласаңыз. Журналдың көктемгі сандарында жариялауға үшінші кітаптың аудармасын 1950 жылдың басында алуды есеп­тегенбіз, ал Леонид Сергеевич бізге кейбір тараулардың жоқтығынан аударма жұмысы тоқтап тұрғанын хабарлады. Сіздің қолжазбаңыздың алу мерзімінің анық-қанығына көз жеткізіп, журналдың қай нөмірінде жариялайтынымызды айқын белгілегіміз келеді» (РГАЛИ, ф.618, оп. 13, д.155, 34 б.). Одан соң, ­Соболев жолма-жол аударманың көп тұсы қанағаттандырмайтынына сілтесе, Әуезов аудармашының тұтас тарауларды қайта қарастырудан бас тартқан-мыс. Қысқасы, даудың құлағы қылтия бастады.
1950 жылғы 29 наурыздағы «Знамя» журналында өткен кеңес не көрсетті? 1950 жылы 29 наурызда одан әрі қай бағытта жылжу үшін «Знамяның» бас редакторы Вадим Кожевников арнайы кеңес өткізді. Шынтуайтында, онда бас кейіпкер – кітап авторы Әуезов болған жоқ.
Кеңесті ашарда Кожевников былай деп мәлімдеді: «…біздің бәріміз ол еңбекті оқығанбыз және ең бастысы айтқандарымыздың бәрі В.В. (сол кезде «Знамя» проза бөлімінің меңгерушісі Катинов – В.О.) сабақ болып, нақ соның негізінде ұсыныстармен авторға хат жазады. Әрбір сөйлеушіге көп ауа жайылудың керегі жоқ, мейлінше іскерлік сипатта өрбігені игі, біз авторға жасаған кейбір ескертпелердің төңірегінде туындайды. Бұл көп уақыт алмай, көп пайда келтіреді» (РГАЛИ, ф.618, оп.15, д.7, 1 б.). Басты баян­дамашы болып Александр Чаковский сөз алды. Кезекті редактурадан кейін қол­жазба байдың тұрмысы мен аста-төк тойды қыс­қартудың нәтижесінде ұтты – әйтсе де, бірқатар қадау-қадау кемшіліктер әлі де бар деп мойындады.
Олар (ақаулар – В.О.) төмендегіге саяды:
Біріншіден, Базаралы мен ол тұлға артында тұрғандар, яғни халық және басқалар жүйесі әлі әлсіз таратылғандай. Базаралы кейбір тұстарда бейне бір дарашыл кейіпкер Гец Фон Берлихенгенге ұқсап кетеді (РГАЛИ, ф.618, оп. 15, д.7, 1 б.). «Ары қарай романда Ресей­дің әлеуметтік ықпалының әсері де ­Ча­ковскийді ойға қалдыратыны айтылды. Оның ойынша, Қазақстанның дамып, өркендеу үрдісіне Ресей ойының тигізген шарапатын Әуезов нашар көрсеткендей. Үшіншіден, Чаковскийге ұнамағаны – Әбіш пен Долгов бейнелері – бұлар өмірде болған адамдар (Әбіш – Абайдың баласы, ал Долговты Қазақстанда көп уақыт тұрған халықшыл Долгополовтан көшіріп алған)». Чаковскийдің байқауынша, романдағы Долгов әлеуметтік жүк көтеріп тұрған жоқ.
«Егер Базаралыға келсек, – деп өзеуреді Чаковский. – Оған кешіруге болады, ол тарихи жағдайларға орай тәрбиеленген қазақты төңкеріскер ету қиын, десек те бұл жағынан қазақтар шешуші рөл атқарар болса да, Долговқа байланысты бұл мүлде пайдаланылмай қалған. Келтірілген құр жалпылама сөз саптау. Шын мәнінде нысанаға дөп тиіп жатпайды, сол мақсат үшін көр қазу түсініксіз» (РГАЛИ, ф.618, оп. 15, д.7, 4 б.).
Чаковскийдің таққан басты мінінде Әуезов романында Абай ақын ретінде көрінбей қалады. «Абайда жыр ұшқырлығы жоқ, – деп күйіп-пісті Чаковский. – Бұл ортада ақын бар, ақын болғанда да аруақты ақын, туатын әннің әуезділігі жоқ (…) Бұл істің мән-мағынасы жоқ (…) Бұдан тыс Абай өз қал-қадерінше өмірбаянды дерек пен болмыстың деректі салмақты, енжар (…) Осылардың бәрі қосыла келіп әлдебір буалдыр былжырақ бейнені туғызады» (РГАЛИ, ф.618, оп.15, д.7, 5 б.).
Романның аудармашысы Леонид ­Соболев көп нәрсеге айқындық берер еді. Дегенмен, атақты жазушы Әуезов кітап­тарына суып үлгергенін адал мойындады.
«Менің роман жоқ және оны қайта жазу керек екеніне көзім жетті, – деп мү­ләйімсіді ол. – Бұндағы айтылғандардың бәрі өте-мөте қызық жайлар, егер айтар болса, қызықты болар еді. Алайда роман жазылып бітті, оны не мүлде сызып тастап, қайтадан жазу керек, не қазіргі жағдайға бейімдеп шыңдай түссе болады. Қазіргі айтқандай, романды қайта қарауға болмаса, басқа үшінші жол жоқ» (РГАЛИ, ф.618, оп.15, д.7, 33 б.).
Өкінішке қарай, одан әрі Соболев төте Әуезовті сөгуге дейін барды. Ол сюжет пен композиция мәселесінде Әуезовтен да білгір деп есептеп, қазақ әріптесіне өз көзқарасын таңды. Ал Әуезов көп ретте оған құлық қоймады. Мәскеулік әдеби генералды ашындырып Әуезов жоқта жазушы үстіне шелектеп кір-қоқыс төкті.
«Әуезов айтқанды қабылдамайды, тіпті оған тоңмайын, – деп шағынды ол «Знамя» журналының қызметкерлеріне… Базаралы тарихын еске алдым қанша айтса да, қанша жазсам да ол әлдекімнің Абайдан биік болғанынан қорқады.
Базаралы басынан не өткенін тал­дайық. Мен автордың жолма-жолын­дағы ең алғашқы нұсқасын аламын. Базаралы атқа қонып, Абайдың сегіз жылқысын айдап кетіп, оны түзде сойды да, одан соң Базаралы билер сотына шақырылып, не болғаны туралы сөз қозғалады. Мен авторға айттым: – Білесіз бе, МХА-қа қойылымға кіріскенде: кейіпкер неге оң емес, солдағы есіктен шықты деп сұрайды. Ол МХАТ қой деді. МХАТ па, МХАТ емес пе, арға салып көрсек қайтеді? Бәрі білетін Абайға жүгінеді. Ол халық ақыны, ұят-намысы, оны бәрі біледі. Үш кісі келеді. Бірі – жаманды-жақсылы өмір сүріп жатқан орта шаруа, – оған бие әкеліп сойғанда – сойып ал, ал бір аптадан кейін жылқыны барымташылар алып кетті. Базаралы не істеді? Ол байдың емеурінін таныды. Бұнда қандай жағымды қылық бар? Ол түсіндіре алмайды. Ешкім де түсіндіріп бермейді. Абайға бақуатты өмір сүрген адам аттарды айдап әкеліп, сойып ал дейді, ал соңынан соңғы шалбарын сыпырып алады. Бұны Абайдың өзі түсіндіре алмайды, – себебі, шындықты айтқанда, – ол Қазақстан шекарасынан тыс жерде шиеленіскен күресті білмейтін жұмысшы табы бар екенін білмей, түсіндіріп бере алмайды. Оны Долгов қана түсіндіре алады. Және бұл ықпалдың әсерімен қосымша жасалды, Долгов не болғанын түсіндіреді-міс. Дегенмен, бәрібір ешнәрсе түсіндірілмейді.
Бұның бұл жердегі болып жатқан әңгімелердің бәрін авторға тықпалаудың қандай ауыр екенін сіздер түсінеді деп айтып отырмын. Сондықтан қалай істеу қажет? Бәрінен бұрын оны осында шақыру дұрыс» (РГАЛИ, ф.618, оп.15, д.7, 33-34 б.б.).
Сонша шабылатын не болып еді? Түптің түбінде Соболев Әуезовті аудармау (дәлірек айтқанда, оған берілген жолма-жол аударманы редакцияламау) ниеті болмағанда автор үшін қайта жазып шығу керек пе еді. Ал бұл Мәскеудің атақты әдебиетшісінің жоспарында жоқ болуы табиғи құбылыс. Соболев «Түбегейлі түзеу» романының бұрынғы дақпыртын малданып өз прозасын баяғыда тастап еді, енді біреудің дүниесін жүйелеп, одан жауһар жасауы қалды. Соболев әзіл үшін ызаланбай, «Знамя» редакциясындағы кеңесте Әуезовті ағаш атқа мінгізіп шүйілді. Оның пікірінше, қазақ жазушысы тарихи шындықтан ауытқып, әлеуметтік тартысқа бармай, марксшылдарды елемеген болып шығады.

Аударған Аян НЫСАНАЛИН

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.