Қарапайымдылық – қазақы қасиет

Дала данышпандары болған ата-бабамыз ұрпағының тәлім-тәрбиесіне ерекше мән бергені тарихтан белгілі. Жас ұрпақ дүние есігін ашқаннан-ақ, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы ұлттық құндылықтар мен ұлттық дүние­та­нымды оның бойына дарыта білген. Солардың бірі – сан ғасырлар бойы көздің қарашығындай сақталып келген қазақы қасиет. Ол дәстүрлі мәдениетіміздің, ежелден келе жатқан наным-сеніміміздің, дүние­та­нымымыздың көрінісі, ұлттық руханиятымыздың қайнар бұлағы.

Ғылыми деректерге сүйенбей-ақ, ата-бабамыз салтанатты тірліктің шегіне шықты. Кешегі XX ғасырдан бері қарай бүкіл мәдениетіміз өркениетке қол жеткізген ­Еуропа, Грекия мен Рим Махмұд Қашқаридың еңбегіндей академиялық деңгейдегі сөздікті жасай алды ма? Жасаған жоқ. Еуропада Баласағұнның «Құтты білігіндей» мемлекеттік құрылымды дәл және елді қалай басқаруды көрсететін, бүгінгі ұғыммен астасып жатқан ғылыми негізі бар шығарма жазылды ма? Егер білімі болмаса, осындай туындылар жазылмас еді. Демек, қазіргі таңда басты міндет – қазақы болмысыңа оралу. Бұл тек қана қазаққа тән емес. Өзінің тамырына оралу – бүкіл халықтарға тән.
Қазақ дүниетанымы көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Десек те, ғылыми мұраларда көшпелі өркениет туралы ортақ түйіннің жоқтығынан, еуроцентризм көшпелі мәдениет туралы жағымсыз пікірлер қалыптастырғаны мәлім. Алайда тарихи шындыққа үңілер болсақ, көшпелі өмір салты мәдениетінің өте мықты дамығандығын және оның қазақ дүниетанымын қалыптастыруға зор ықпалын тигізгенін байқаймыз. Көшпелі өмір ерекше мәдениеттің, өнердің, шығармашылық шабыттың шарықтауына негіз болды. Көшіп-қону, ұзақ жол халқымызды шы­дамдылық, өзара түсіністік, қамқорлық, ұйымшылдық сияқты басқа да көптеген адамгершілік қасиеттерге тәрбиеледі. Осы көшпелі өмір салтын негізге ала отырып, қазақ халқы өзінің төл руханилық болмысты қалыптастырды.Тәуелсіз­діктің жастары оқу, тоқу арқылы дүниежүзінде өзін-өзін тануға бетбұрыс жасап жатыр. Енді тек жаһанданудан құтқаратын дүние – өзіңнің тамырыңа оралу, өзіңді-өзің тану. Аузы айтып, жүрегі басқаны қалайтындар емес, шын мәніндегі болмысымен ұлтшыл азаматтар келе жатыр. Ұлтшыл бола білу – қасиет.
Дүниеде пендешілік жаман. Кешегі қос қолымен иіліп сә­лемдесетіндердің бірінің басына табан астынан бақ қонып, үлкен қызметке қолы жетсе, олар ер­тесінде-ақ «осы сені қай жерден көріп ем» деп ежірейе қарайды. Міне, бұл адамдық емес, надандық. Одан қаттырақ айтсақ – екіжүзділік. Қара­пайымдылар қатарында, ұлты­мыздың үлкен тұлғасы Д.Қонаев өзінен үлкендерге ізетті сәлемдесіп, кішілерге жылы сөзін айтып, қатарластарына әдепті әзіл-қалжыңын арнап, адам біткеннің жан дүниесін бір сергітіп тастайтын. Ал бүгінде ол кісі деңгейіндегі емес, онан он есе төменгі билікте жүргендер жанына жер қарауылын алып, адам біткеннен алыс жүретінін қайтерсің. Мұндайларды қазақ өрісі төмен, өркөкірек дейді. Солар ертеңгі күні қызметтен босап қалып жатса, ондайларға бір қазақтың сәлем бермесі айдан анық. Міне, бұл тоғышарлықтың жеткен жері қарапайым болудың ең алғы сатылары – ол көргенділік, тектілік, адалдық, адамдық қасиеттер. Бойында осылардың бірі жоқ адам жүз жерден қарапайым болам дегенмен, оның бәрі жасандылық екені көрініп тұрады. Шынайы қарапайым болудың өзі бақыт.

Балауса БОЛАТБАЙ,
№147 гимназияның ұстазы

АЛМАТЫ

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.