«Кішкентай домалақ»

Бізде химиядан сабақты Нина Петровна береді. Құрамында отыз қазақ бар, екі бірдей кафедрадан қазақша лекция оқи алатын мұғалім табылмай, осы Нина Петровнаны тауып әкелді. Университеттің бізге деген ол қамқор­лығына үлкен рақмет. Нина Петровна сөйлеп жатқанда аудиторияның сыртында тұрып тыңдасаң, ауылдағы сиыршы Сабырдың бұзаушы Балқиясы ма деп қаласың. Қазақшаға ағып тұр ғой, жазғаның. 

Ал орыс тілінен кім береді дейсіз ғой? Орыс тілінен ҚазПТИ-дің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін жаңа ғана бітірген Анар деген жас апай береді. Көркемдігі ғажап. Жүзінен көз айыра алмайсың. Орыс тілі боларда сегіз жігіт Анардың қарсы алдындағы партаға таласамыз. Қыздар болса ең артқы парта үшін жұлқыса жаздайды. Қазақ тілінен беретін мұғалім де табылмай, мұғалім болмаған соң кафедрасы да құрыла алмай жүр.
Осылардың бәрінің ішінен маған қатты әсер еткені математика оқыту­шысы. Мен аудиториядан тыс жерде жүрсем де, ол кісінің бейнесі көз алдымнан кетпей тұрып алады. Міне, қазір де тұр алдымда. Басынан бастап айтайыншы.
Сабақ басталғанда факультетте бір мамандыққа тапсырған 350-дей студенттен деканымыз Пірімбек Дәубаевич ат төбеліндей етіп тоғызымызды бөліп алды да, «Сендер қазақша оқисыңдар» деп, көмекшісінің хатшысы Наташа қыздың алдына салып берді. Көнтек болған тоқтыларды жайлаудан ойға қарай күпке айдаған кездегі Жекен көкемнің сұсындай кейіппен Наташа бізді іші атшаптырым аудиторияға әкеліп қамады. Жаңағы аудиторияның үлкендігі сондай, жаңғырып, үрейіңді алады. Адасып, шатқал ішінде қалған жолаушыдай үрпиіп отырғанымызда есік шиқ ете қалды. Бәріміз түгел үрке қарадық.
Атамның шыбындаған жирен керісіндей басын изеп біреу кірді. Орнымыздан ұшып тұрып амандастық. Бетіне қарасам, ауылдағы комбайншы Көкен ағамнан айныса неғыл дейсің? Жылы ұшырай кетті. Дәл сондай таңқымұрын қара қазақ. Көзімді жұдырықпен екі-үш уқалап жіберіп, қайта үңілдім. Мойнында жолақ галстугі, үстінде шет елдік костюмі бар екен. Денесі де Көкен ағама қарағанда тіктеу көрінеді. Бірақ жауырыны өрмек тоқығыш әжемді еске түсіретіндей екен. Ол туфлиін жалт-жұлт еткізіп, ширақ басып, ортаға таяды да:
— Аттың кекіліндей ғана екенсіңдер ғой, — деді. — Танысып қояйық. Мен доцент Джон Инсповичпін. Математикадан қазақша лекция оқимын.
— Сіз өзге ұлттың өкілісіз бе? — деп сұрадым тақ етіп.
— Мен чистокровный казах, — деді ол, маңғаздана қарап. — Маған просто папа мен мама интеллигентный адамдар болған. Америкада атақты Джондар көп қой, например президент Джон Кеннеди, т.б. миллионерлер де бар…
— Ал фамилияңыз неге Инспович? — дедім, тыныш тұра алмай. Ақыры бастаған соң аяғына бірақ шықпақ пейілмен.
— Аа, фамилия, — деп даусын созды ол. — Мен Москвада оқыды.
Түсінікті болды. Содан лекция­ны бастап ала жөнелді. Ілгері қарай кетіп барамыз. Орыс пен қазақ сөздері интернационалдық достықты ту етіп ұстап, араласып-құраласып, құда-жекжаттардай қол ұстасып, құшақтасып, бірінің басы екіншісінің аяғымен бірігіп, сап түзеп өтіп жатыр, өтіп жатыр. Ығы-жығы, шым-шытырықтан ми ашып, кімнің ауылы қайда кеткенін таба алмай біз отырмыз. Бір жерге жеткенде:
— Мынау дробтың асты нольге ұмтылса теңдеу бесконечный, — деді де, тақтадан бетін бізге қарай бұрды. — Ал нольді қазақша не дейді?
Біз ойда жоқ жерден нольдің баламасын іздеп, үнсіз отырып қалдық.
Ол үстем мереймен қулана күлді. Одан соң өзіне өзі риза сезіммен даусын мәнерлей созып:
— Ноль кішкентай ғана домалақ, — деді. — Мен сендерге арнап жазған қазақша оқулығымда солай деп алдым оны.
Ноль дегеніміз мұғалімнің түсінді­руінде «кішкентай домалақ» болды. Құмалақ та кішкентай домалақ. Бұршақ та кішкентай домалақ. Түрі қазақ, тілі бөтен кішкентай домалақ доценттің бізге жаны ашып, нольдің баламасын тауып бергеніне «ризамыз-ау».

Мағрипа ЖЫЛҚЫБАЕВА,
физика-математика
ғылымының кандидаты,
доцент

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еңлік

    Кез келген қазақстандық азамат осы мемлекетте тұрып жатқан соң, қазақ тілінде сөйлеп, жауап беруі тиіс. Біз қазақша білетін өзге өкілі деп таңырқай қарайтын уақыттан өттік. Әркім елімізді құрметтеп, ана тілімізде сөйлеуге міндетті.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.