ТУРИЗМНІҢ КЕЛЕШЕГІ КЕМЕЛ

Қазақстанның туристік мүмкіндігі кеңейіп келеді. Биыл елімізге келген саяхатшылар саны рекордтық көрсеткішке жетіп отыр. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, Қазақстанға 2018 жылдың тек бірінші тоқсанында 1 миллион 800 мың саяхатшы келген. 

Туризм – әлемдік экономикадағы аса жылдам дамып жатқан саланың бірі. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы салаға жіті көңіл бөліп келеді. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында: «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар екенін атап өткен еді. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтау туралы ойымен де бөліскен. Сонымен қатар «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкция­лар клубын құрып, соның негізінде Астанада және Қазақстанның өзге де өңірлерінде ежелгі сақтар, ғұндар, ұлы түрік қағандарының дәуірі және басқа да тақырыптар бойынша ­фестивальдар өткізуге болады. Бұған қызығушылық білдірген адамдарды тарта отырып, осы тақырыптар аясындағы жұмыстарды бір мезгілде жүргізуге болады. Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын – үйлері мен көшелерін, қоғамдық орындарын, су құбырларын, қала қама­лының қабырғалары мен тағы да басқа жерлерін ішінара қалпына келтіретін туристік жоба да қызықты болмақ. Осының негізінде білімді дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән берілуі қажет» деп атап өткен болатын.
Осы орайда түрлі шаралар қолға алынды. Мысалы, жуыр­да Қазақстандағы ішкі және келу туризмді дамыту мақсатында жа­салған мемлекеттік бағдарлама мен салалық заң жобасының таныстырылымы өткен еді. Онда туристік сала туралы заңға 27 өзгеріс енгізіліп, 18 баппен толыққаны белгілі болды. Жоба аясында Қазақстанның ішкі және сыртқы туризм саласын дамыту мақсатында негізгі алты бағыт іріктелді. Олар: туристік инфрақұрылымды дамыту, визалық және көші-қон саясатын либералдандыру, туристік нысандар мен дестинациялардың көліктік қолжетімділігін арттыру, туристік брендті ілгерілету, мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру, қызмет көрсету мен кадрлық қамсыздандыруды жетілдіру.
Айта кетейік, Қазақстанда ­ту­ризмді әрі қарай дамытуға қа­жетті барлық мәдени, тарихи, гео­гра­фия­лық және климат­тық жағ­дайлар бар. Осыған байланысты республика Үкіметі өзінің ұзақ мерзімді дамуы жөнін­дегі бағдарламасында туризмді эконо­миканың маңызды салаларының бірі ретінде жариялаған болатын.

Қазақстан Республикасының индус­триал­ды-инновациялық үдемелі дамуы бағдарламасында еліміздегі туризмді дамытуға бөлек тармақ арналған. Бағдар­ламаның мақсаттарына сәйкес, мемлекет өзінің іскер серіктестерімен бір­лесіп мемлекеттің барлық облыстарында ту­ристік инфрақұрылымды жетілдіру және құрылысын жүргізуді жүзеге асырады. Ең алдымен, Маңғыстау облысындағы «Кендірлі», Ақмола облысында «Бурабай» және Алматы облысында Қапшағай су қоймасының жағалауындағы «Жаңа Іле» сияқты халықаралық туристік орталықтарын, курорттары мен демалыс аймақтарын құру жөніндегі үш ірі жобаны атап кетуге болады. Келешек өңірлік жобаларға Ақкөлдегі «Шаржұм» демалыс аймағын, «Қатон-Қарағай» емдеу-сауықтыру кешенін, «Шеберлер ауылы» этнографиялық кешенін, сондай-ақ Алматы облысындағы Талхиз қаласын жатқызуға болады.
Сонымен қатар «Батыс Еуропа – ­Батыс Қытай» көліктік дәліз бойындағы туристік кластерлердің де маңызы жоғары. Тұтастай алғанда халықаралық стандарттарға сай келетін 48 нысан құру көзделген. Жаңа туристік бағыттар пысықталуда, соның ішінде қала туризмі, белсенді және санаторлық демалыс, тарихи-мәдени туризм, экотуризмді ерекше атап өтуге болады. Себебі Қазақстанда археологиялық және тарихи ескерткіштер, ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер көп орналасқан. Экотуризмді тарату үшін «Іле-Балқаш кемелер жарысы» және «Ертіс меридианы» сияқты іс-шаралары ұдайы ұйымдастырылып отырылады. Елімізде тау шаңғысымен айналысуға да қажетті жағдай жасалған. Мысалы Алматыдағы «Шымбұлақ» және «Медеу» жоғары тау кешені, сондай-ақ Ақмола облысындағы Щуческ-Бурабай демалыс аймағы.
Осы ретте ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті Қазақстанның туристік аймақтарына қатынайтын әуе бағыттарын субсидиялауға конкурс жариялады. Конкурсқа жіберілген әуе бағыттарының 10-ы Алакөл, Балқаш, Бұқтырма су қоймасы және Бурабай курортының туристік аймақтарының қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Сондай-ақ ­Баянауыл әуежайын іске қосқаннан кейін Астана – Баянауыл, Алматы – ­Баянауыл және Павлодар – Баянауыл әуе бағыттарын субсидиялау бағдарламасына қосу жоспарланып отыр. Бұл еліміздің ішкі туризмін дамытуға оң серпін берері анық.
Сондай-ақ таяуда өткен Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының ХV форумы да туризмді дамытуға жасалған үлкен қадам болды. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин қатысып, шара аясында туризмнің түрлі салаларын қамтитын 17 меморандумға қол қойды. Қазақстан мен Ресей туристік көрмесі өтті. Шетелдік қонақтарға 2000 жылдық тарихы бар Тараз қаласы таныстырылып, Жамбыл облысы көпшілік назарына археологиялық туризм жобаларын ұсынды.
Әлем саяхатшыларына әйгілі елдермен тәжірибе алмасу шаралары да белсенді жүргізіліп жатыр. Мәселен, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясының басқарма басшысы Рашид Күзембаевтың айтуынша, компания өкілдері жуырда Швейцария Конфедерациясында болып қайтқан. «Мемлекет басшысының елімізде ­туризм университетін ашуға қатысты берген тапсырмасына сай біздің делегация «Ecole Hotelier Geneve» мектебінде болып қайтты. Онда арнайы мамандар және туризм саласында желілік қызмет ұсынатын қызметкерлер дайындалады. Білім ордасы өз кезегінде Қазақстанда университет ашуға ықпал етуге және біз үшін арнайы оқыту бағдарламасын әзірлеуге қызығушылық білдірді» дейді басқарма басшысы. ­Сапар барысында Швейцария мемлекеттік хатшылығының экономикалық мәселелері жөніндегі басшылығы (SECO), Swiss Tourism, Swiss Health, Swiss Education Group және бірқатар өзге де компаниялармен іскерлік кездесулер ұйымдастырған. Кездесу нәтижесінде Kazakh Tourism мен Swiss Tourism арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Соған сәйкес, Швейцария тарапы Қазақстанның ұлттық саябақтары мен таулы аймақтарында жыл бойғы туризмді дамытуға атсалысып, тау гидтері мен шаңғы нұсқаушыларын дайындау бойынша стандарттарды бейімдеу мен енгізуге көмектеседі.
Туризм мәселесіне арналған шаралар легі мұнымен тәмамдалған жоқ. 7 желтоқсан күні Астана Travel Media Talks форумы өтеді. Онда Қазақстанның туристік брендінің тұжырымдамасы алғаш рет қоғамға ұсынылады. Сондай-ақ аталған шарада Travel Media Talks, яғни отандық туризм индустриясын дамыту тетіктері қарастырылады. Онда қазақстандық және Үндістан, Ресей, Украина, Беларусь, Қырғызстаннан келген сарапшылар мен қонақтар туризм, медиа саласындағы өз идеяларымен бөліседі. Шара барысында тұңғыш рет еліміздің туристік брендінің тұжырымдамасы таныстырылады. Сонымен қатар бұл құжатты медиа-индустрия және маркетинг саласында пайдалану мүмкіндіктері сөз болады.

Майя МҰРАТБЕК

Оқи отырыңыз... Авторлық мақалалар

1 Пікір

  1. Еңлік

    Туризмді Қазақстанда қарқынды дамытсақ, біз де ел қатарлы дамыған елу елдің қатарына енетініміз сөзсіз. Өйткені, бізде көрсететін керемет табиғат бар, тек жақсы жағдай, мықты сервис болуы қажет.

Пікір қалдыру

Сіздің E-mail-ңыз жарияланбайды.